Балмаханова Сандугаш
Зиядиновна 1 курс магистранты
Ғылыми жетекшісі: Кдырбаева
Азаткуль Ахметовна – физика-математика ғылымының кандидаты,
профессор
Абай
атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық
университеті
«6М010200-Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі»
мамандығы
Қатысымдық дағдыларды дамытудың
педагогикалық-психологиялық негіздері
Аңдатпа: Қазіргі
таңда кез келген адамның жылдам өзгеріп жатқан
өмірде өз орнын дұрыс тауып, бәсекеге қабілетті
болуы, өзін қоршаған ортада басқа адамдармен,
ұжыммен, топпен қарым-қатынас орнатуы, жалпы нәтижеге
қол жеткізуде өзіндік пікірін білдіруі үшін аталған
қатысымдық дағдылардың маңызы зор. Бүгінде осы әдіс
оқыту үрдісінде жиі қолданылғандықтан
өзекті мәселеге айналып отыр. Соны негізге ала отырып,
мақаламызда қатысымдық дағды туралы сөз
қозғап, оның педагогикалық-психологиялық
мәнін ашып көрсеттік.
Тірек сөздер: Қатысым, дағды,
қатысымдық дағды, оқушы
Ключевые слова: Коммуникация, навык,
коммуникативные навыки, ученик
Key words: communication, skill,
communication skills, student
Тіл – адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін,
сөйлесуін қамтамасыз ете келіп, тілдік қарым-қатынасты
іс-жүзіне асырады. Ғалымдар осы қарым-қатынас,
сөйлеу құралы болып табылатын тілді әр түрлі
ерекшеліктеріне қарай жан-жақты зерттеп келеді.
Қазіргі
таңда халықаралық байланысы күшті барлық елдерде
қатысым мәселесіне ерекше мән беріліп отыр.
Қатысымның
бүкіләлемдік маңызы ел мен елдің, ұлт пен
ұлттың саяси байланысына жан-жақты жол етуден көрінеді.
Сондықтан қатысымдық дағды бүгінгі
күннің ең өзекті мәселесі ретінде танылып отыр.
Қазақстан
Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Бастауыш білім
берудің мақсаты – оқу, жазу, есептеу дағдыларын
меңгерген, оқу-танымдық, еңбек,
қарым-қатынас әрекеттеріне ынта-ықыласы
қалыптасқан, рухани- адамгершілік, ұлттық-мәдени
құндылықтарды бойына сіңірген
тұлғаның қалыптасуы мен дамуына мүмкіндік жасау»
[1], – деп анықталған болатын.
Оқушыны білім,
білік, дағдылармен қаруландырып қана қоймай, оны
тұлға етіп қалыптастыратын алғашқы
баспалдақ – бастауыш мектеп. Олай болса, интеллектуалдық,
біліктілік, қатысымдық жағынан баланы әлеуметтік
ортамен (табиғатпен, басқа адамдармен, өзімен-өзі,
т.б.) белсенді қарым- қатынасқа түсуге, сол
ортаға барынша тез бейімделе алуға дайындау, осы бастауыш
оқыту кезеңінің негізгі қызметі болып табылады.
Яғни, бастауыш сыныптарда оқушы кез келген адамның
өмірінде басты орын алатын оқу, ойын, еңбек, т.б.
сияқты әрекет түрлерін қажетті деңгейде
меңгеруі тиіс. Бұл әрекеттердің барлығы да,
сөйлеу әрекеті арқылы ғана жүзеге асады. Сол
себепті жеке тұлғаның ақыл-ойы, санасының
жетіліп-толуының, мәдениеттілік, зиялылық сияқты
қасиеттерінің қалыптасуының басты көрсеткіші бала
тілінің жеткілікті деңгейде дамуына, қатысымдық
дағдыларының (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым)
дұрыс қалыптасуына тікелей байланысты болады.
Қазіргі
таңда кез келген адамның
өзін қоршаған ортада басқа адамдармен,
ұжыммен, топпен қарым-қатынас орнатуы, жалпы өзіндік
пікірін білдіруі үшін қатысымдық дағдылардың
маңызы зор. Сол себепті де мемлекеттік құжаттарда
қатысымдық дағдыларды
дамытуға аса назар аударылып отыр.
Отандық
және шет елдік ғалымдардың «қатысымдық
дағды» ұғымына жүргізген зерттеулерінде бірізділік
байқалмайды.
Себебі бір еңбектерде «тілдік дағды» деп қолданылса,
екіншісінде «коммуникативтік
дағды», үшіншілерінде
«коммуникативтік құзыреттіліктер» деп аталып жүр.
Осы
«қатысымдық дағды» ұғымының
мән-мағынасын ашу
үшін, ең алдымен «коммуникация» ұғымын
қарастырайық.
Қатысым ұғымының
пайда болуы, қалыптасуы, тарихи кезеңдері болды.
Қатысымның теориялық үлгілері: психоаналитикалық
З. Фрейд және К. Юнгтың, экзистенциалистік М. Бубер және К.
Ясперстың, көзқарастық М.Вебер, сонымен қатар
футурологиялық А. Тоффлердің еңбектерінде талданып,
ғылыми қолданысқа енді.
Қазақстан ықшам
энциклопедиялық сөздігінде «коммуникация (латынша communication –
ортақ етемін, байланыстырамын, сөйлесіп пікірлесемін) – 1)
қатысым жолы, бір орынның екінші жақпен байланысы; 2)
сөйлесу, ақпарат беру. Коммуникация, негізінен , танымдық
қызмет атқарып, тілдің көмегімен жүзеге асырылады» [2].
Ал,
философиялық сөздікте: «Коммуникация – әлеуметтік өзара
әрекеттің мәндік және
идеялық-мазмұндық аспектісі. Оның мағыналық
қабылдауына саналы бағдарлануы
коммуникативтік әрекет болып табылады». Тілдің
коммуникативтік құралы – қарым-қатынас, ой алмасу құралы делінген [3].
Сонымен қатар,
отандық ғалым Ф.Ш.Оразбаева
өз еңбегінде «коммуникация» терминіне былайша сипаттама
берді: «коммуникация» сөзінің негізгі мазмұны «жалпы
қарым-қатынас», «араласу», «хабарласу», «байланыс» деген
мағыналарды білдіре келіп, адамдардың тіл арқылы
сөйлесу үрдісін, тілдесу ерекшеліктерін , тілдің
әлеуеттік мәні мен қоғамдық қызметін,
адамдар арасындағы қарым-қатынасты, өзара
түсінушілікті көрсетеді [4]. Демек, ғалымның «коммуникация» ұғымын
«қатысым» деп танығанын айта кетуге болады.
«Қатысымдық» терминіне
қатысты зерттеу еңбектердің қай-қайсысында да
оның қарым-қатынас құралы, сөйлесуге
байланысты қасиеті баса айтылады. Мұның өзі ең
алдымен, тілдік қарым-қатынасқа , екіншіден адамдардың
өзара ұғынысуына, бірін-бірі
түсінуге негізделетінін дәлелдейді. Қатысым
арқылы адамдар бір-біріне ойын жеткізіп, белгілі бір нәрсені
хабарлап қана қоймайды, сонымен қатар олар өзара
түсініседі, пікір алмасып, бір адамның ойын екінші адам
ұғады. Екі адамның бірінің жанын бірі
ұғуы бір топтың
түсінуіне, ал топтың пікір алмасуы
қоғамның жетілуне әкеледі. Осыдан барып, адамзат
тілінің әрі қоғамдық, әрі әлеуметтік
функциясы көрінеді. «Қатысымдық» ұғымының
әлеуметтік сипаты осыдан келіп туады.
«Қатысымдық»
терминінің тілдік қызметіне байланысты білдіретін мағынасы
С.Кеңесбаев пен
Т.Жанұзақовтың «Лингвистикалық терминдердің
орысша-қазақша сөздігінде» анық айтылған [5].
Ал енді
мақаламыздың өзегі болған «дағды»
ұғымына талдау
жасайық. Ең алдымен дағды дегеніміз не деген
сұраққа жауап іздейміз.
Атақты
психолог С.Л. Рубинштейн: «Дағды – саналы түрде автоматталған
қимыл-әрекет түрінде көрінеді, ал сонан соң
әрекеттің автоматталған тәсілі ретінде қызмет
атқарады», – деп түсіндіреді [6].
Қ.Жарықбаевтың анықтамасы бойынша : «Дағды
–алғашқыда саналы орындауды қажет ететін іс-әркет
бөліктерінің қайталап жаттығудың нәтижесінде
автоматтандырылуы» [7].
Ғалымдардың
пікірлерінен ортақ мағына – дағдының бірнеше рет қайталаулардың
нәтижесінде пайда болатын, яғни көп рет қайталау
арқылы автоматты түрде орындалуға бейімделетін
іс-әрекет екендігі анық.
Дағды адам
әрекетінің қай-қайсысында да ерекше орын алады.
Дағдының арқасында біздің санамыз қызметтің
түпкілікті, шешуші кезеңдеріне жұмылдырылып табысты болуын
қамтамасыз етеді. Дағдылар сенсорлық (тікелей қабылдау)
және зият болып бөлінеді. Дағдының бірнеше түрі
бар: перцептивті, зияткерлік, қозғалыс және
мінез-құлық дағдылары. Қандай да болмасын
дағдыға бала басқалармен қарым-қатынас жасау
барысында үйренеді. Бала үлкендердің істеген
әрекеттерін көріп бақылап, оған еліктейді, кейін оны
өзі істей бастайды.
Оқыту үрдістерінде
қатысымдық дағдыға
бағытталған жалпы теоретикалық зерттеулер ресейлік
және шетелдік ғалымдар Щукина А.Н, Гальский Н.Д, Жинкин Н.И,
Ляховицкий Б.М, Пассов Е.И, Сафонова В.В, Выготский Л.С, Грайс Г, Демирджан Өмер, Демирел
Өзджан еңбектерінде көрініс тапқан.
Отандық
ғалымдардан қатысымдық дағды жайлы Сыздықова Р, Оразбаева Ф.Ш,
Жанпейісова М.М. еңбектерінен
көруге болады.
Қазіргі
таңда ғылыми еңбектерде «қатысымдық дағды»
ұғымына нақты анықтама берілмегендіктен, зерттеу
жүргізе келе біз мынадай тұжырымға келдік:
«Қатысымдық дағды дегеніміз – тұлғаның
қарым-қатынас барысында пікір алмасып, естіген ақпартты
түсіне біліп және өз
ойын ұғынықты жеткізіп, ұстанымын дәлелдеп, шешім
қабылдауы».
Қатысымдық
дағдының басты ерекшеліктерін атай кетсек. Олар:
Біріншіден,
үздіксіз қолданыста болатын – қатынас құралы.
Бұл тұлғаның қатысым барысында тілі мен санасының
бірлігінің арқасында жүзеге асады.
Екіншіден,
қатысым тек бір адамға
ғана емес, жалпы қоғамға қызмет етеді. Ол
қоғамдық-әлеуметтік пікірлесудің дамуына жол
ашады. Осыдан келе, адамдар арасындағы қоғамдық
қатысымның қалыптасуына әсер етеді.
Үшіншіден,
қатысым әлеуметтік идеялардың жүзеге асуына әсер
етіп, бүтіндей қоғамның қалыптасуына ықпалын тигізеді. Ол барлық саяси
топтардың байланыстырушы құралы бола отырып, өзі де
қоғамдық-әлеуметтік құбылысқа жатады.
Қатысымдық
дағды – адамның сөйлеу, тыңдау, түсіну, айту,
пікірлесу және т.б әрекеттеріне тікелей қатысты
құбылыс. Сондықтан қатысымдық дағдыға
байланысты теориялық негіздерін анықтау: айтылған, берілген,
жазылған хабарды қабылдаудың әдіс-тәсілдерін
айқындау, сол сияқты қарым-қатынас
құралдары мен тұлғаларын, олардың қолданылу
жолдарын белгілеу қазіргі кезеңде өзекті мәселелер
қатарына жатады. Осы
мәселелерді жан-жақты оқыту мен үйрету олардың
ғылымда өзіндік анықтамасын беріп, қатысымдық
дағдының теориялық және әдістемелік жағын
арнайы зерттеуді қажет етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қазақстан
Республикасының «Білім туралы» Заңы (2011.24.10. берілген
өзгерістер мен толықтыруларымен). –Астана, 2011.
2.Қазақстан ықшам
энциклопедиялық сөздігі. – Алматы: Қазақ
энциклопедиясы, 2005. – 559 б.
3.Философиялық сөздік /
ред.ұжым: Р.Н.Нұрғалиев, Г.Г Ақмамбетов,
Ж.Ж.Әбділдин. – Алматы: Дәуір, 1995. – 525 б.
4.Оразаева Ф.Ш. Тілдік қатынас.
Оқулық. – Алматы, 2002. – 109б.
5. Кенесбаев С, Жанузаков
Т.Русско-казахский словарь лингвистических терминов, Алматы: Наука, 1966.
6. Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии (в 2-х
томах). Т.1. –Москва: «Педагогика», 1989.
7.Педагогика : Оқулық /
Ш.Құрманалина, Б.Мұқанов, Ә.Ғалымова,
Р.Ильясова. 3-басылым. –Астана: Фолиант, 2014. – 198 б.