ӘӨЖ: 821. 512. 122-3: 39
Таңжарықова
А.В.
ҚР,
Алматы қаласы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға
оқытушысы, филология ғылымдарының докторы
Д.Исабеков шығармаларындағы адам
образын ашудағы мимиканың орны
Адамның ішкі жан иірімдерінен көбірек әсерленетін
бұлшық еттің бірі – бет. Адамның дамуы кезеңінде
сезімдердің бет арқылы аңғарылуы ақпараттық
мәнге ие. Міне, сондықтан да «ым-ишарат – сезім тілі» деген
қағиданың қалыптасуы
кездейсоқтық емес.
«...Сондықтан біз мимиканы ым, беттің ымы, ымдау деп
әдеби тілде, өмірде қалыптасқан қалпында
қолданғанда мимикаға мынадай кескін-келбеттегі
қимыл-қозғалыстар жатады: көздің
қозғалысы (көзін алақтату, көзін қысу т.б.),
еріннің қозғалысына (ернін сылп еткізу, ернін шүйіру)
секілді мәнді қимылдар жатады. Қас-қабақтың
қимылында да мән бар (қабағын шыту,
қас-қабағымен нұсқау, қабағынан
қар жауып т.б.), тілге қатысты (тілін шығару т.б.)
өзіндік мағынаға ие қимыл-қозғалыстар бар.
Бұлардың бәрі де – тек мимика маңындағы
мәнді (выразительные) бейвербалды ишараттар» [1, 180]
М.Жұмабаев: «Адамның жан сыры дене арқылы, мимика
арқылы сыртқа білінеді, ...дене де жанға байлаулы, жан
көріністері денеге қатты әсер береді. Адамның
көзқарасы, дауысы, аяқ басуынан жанның қандай
күйде екені көрініп-ақ тұрады», - [2, 512] десе,
Ж.Аймауытов: «Психология» атты еңбегінде: кісінің
қылығын қимылына қарап сыйлаймыз, көзге өте
көп көрінетін қимыл беттікі» [3, 318], – дейді.
Орыс жазушысы Л.Н.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік»
романындғы княжня
Болконскаяның Ростов әулетіне келу эпизоды, яғни, Наташа
Ростованың жаралы князь Андрейді көруге келгені былай баяндалады: «В дверях послышались легкие,
стремительные, как будто веселые шаги. Княжна огляделась и увидела почти
вбегающую Наташу, ту Наташу, которая в
то давнишнее свидание в Москве так не понравилась ей.
Но не успела княжна взглянуть в лицо этой Наташи, как она поняла, что это
ее искрений товарищ по горю и потому друг...
На взволнованном лице ее, когда она вбежала, было только одно выражение –
выражение любви, беспредельной любви к
нему, к ней, ко всему тому, что было близко любимому человеку, выражение
жалости, страдание за других и
странного желания отдать себя всю для того, чтобы помочь им... Чуткая княжна
Марья с первого взгляда на лицо Наташи
поняла все это и с горестным наслаждением плакала на ее плече» [4, 73].
Адамның бет-әлпетінен тек бір ғана эмоциялық
күйді ғана емес, әр түрлі оқиғаларды ой
елегінен өткізу процесіндегі толғаныстар ағымын сезінуге
болады.
Суреткер таланты кейіпкер портретін жасау кезінде де дараланады.
Шығармалардағы портрет кейіпкердің тек сырт пішін
тұлғасы сияқты болып көрінгенімен, ол
мінез-құлықты, іс-әрекетті де қамтиды.
Кейіпкердің жүріс-тұрысынан, әдетінен,
бет-пішінінің құбылысынан да адамның ішкі сарайы,
жан-күйі сезіліп тұрады.
Дулат Исабеков шығармаларында кездесетін портреттердің қай-қайсысын алсақ та, сол
кейіпкердің ішкі жан-сарайымен үйлесім тауып, астарласып
жатады. Әдетте кейіпкер
портреті шығарманың бір ғана тұсында, яғни
кейіпкердің туындыда алғаш
көрінуімен тұспа-тұс келеді. Бұндай экспозициялық
портреттер Д.Исабеков туындыларында жиі кездеседі. «Ескерткіш»
әңгімесіндегі ескерткішті сомдауға қаладан келген екі мүсінші негізгі кейіпкер
болмағанымен, олардың портретін уытты тілмен оқырманға
таныстыру нәтижесінде өнер адамдарының ауыл
тұрғындарына ерсі көрінетін бар бітім-болмысын көз
алдыңызға әкеледі: «Кабинетке көздері
шөлдің құдығындай шүңірейген,
сақалдарының ар жағында не нәрсе жатқаны
белгісіз, бірі шашын өріп тастаған, екіншісінің шашы
иығын жапқан екі жігіт кіріп келгенде Жанайдаров селк ете
қалды» [5, 458]. Шынында да
портреттің сондай шынайы шыққандығы соншалық:
бұл жолдар тек Жанайдаровты ғана емес, оқырманның өзін селт еткізері хақ.
Сондай-ақ жазушының «Ескі үйдегі жаңа қоныс»
әңгімесінің: «Есіркеп
түскі тамағын ішіп болған соң бет-аузын
тыжырайтып, көзін жұмып, рақаттана құлағын
шұқып отырған кезде жер сілкініп, дабыл жарғағын
жарып ала жаздады да, столды қимылдатқан сол екен деп, қарсы
бетте отырған төрт жасар жазықсыз баласын жақтан тартып
жіберді. Әлгіде ғана келесі жексенбіде әкесімен бірге
қалаға барып ойыншыққа кенелетін боп отырған бала
шырқырап коя берді», - [5, 394] деп оқиғаның
қызықты бастауы бас кейіпкер Есіркептің шағын деталь
арқылы ерекше мінез-құлық иесі екенінен хабар береді.
Өзінің аңқаулығы, аңғалдығы,
мақтаншақтығы салдарынан құрдастарының
келекесіне көп ұшырайтын Есіркепке ренжи де алмайсыз, оны жек
көре де алмайсыз. Өйткені барлық қазақы мінезді
бойына жинаған Есіркептің экпозициялық портреті арқылы
әңгіменің барлық оқиғасы өрбиді.
Экспозициялық портреттің әдемі үлгісі «Жолда»
әңгімесінен байқалады: «– Ағай, мұнда да бір трос
жатыр ғой, – деп саңқ еткен нәзік дауысқа жалт
қарағанда, біздің жігіттің көзі қолында дөңгелек
етіп оралған жіңішкелеу трос ұстап тұрған, жасы
он жетілер шамасындағы ақ құба қызға түсті» [5, 17].
«Жаңа келген жігіттен ұялғандай бетіне қаны лып
етіп ойнап шыға келіп, жанарын
жас жігітке бір тастады да,
«Сәлеметсіз бе?» дегендей басын жай ғана изеп, тросты табыс етті. ...Оның уылжыған ажары мен
қара бұлтты қақ жарып, найзағайдай жарқ
еткен жанары жас жігіттің жүрегін дір еткізіп, сол жүрек
түбіндегі бозбалалық сезімін желпіп өткендей болды» [5, 17].
Өзінің
әңгімелеріне осындай қысқа да нұсқа
экспозициялық портреттерді енгізу арқылы Д.Исабеков кейіпкерлер психологиясын ашудың
ұтымды тәсілін ұсынады.
Мысалы «Қарғын» романындағы: «Бағиланың
мінсіз ақ жүзіне жарасымды сарғыш реңк қосып
тұр. Табиғат бар өнерін сарқа жұмсап, осы бейнені
жасап біткен соң, бұл сұлулықты
азырқанғандай қою түннің жасамықтай бір түйірін ойып
алып, мәрмәр беттің сол жақ етегіне мең етіп
жабыстыра қойыпты. Қарсы көрінген қара
шағаланың қанатындай
шашаусыз біткен имек қас ширек шеңбер
тәрізді біркелкі
жұмылған кірпіктермен ерекше үйлесім тауып,
табиғаттың шебер суреткер екенін осы үйлесімдік
арқылы маңайға паш етіп тұрған секілді.
Екі қастың ентелеп кеп қосыла алмай тұсынан басталатын
әдемі қыр мұрны ұстасаң үгітіліп кетердей
бір-бірімен болар-болмас
қиюласып жатқан балғын еріндерге бағыт сілтеп
тұр», - [5, 2т, 48] деп басталатын балғын қыз Бағиланың
портреті бүкіл романның өне бойына арқау
болғандай. Романның
бұдан арғы желісін оқығанда, көз алдыңызда
Бағиланың алғашқы суреті осы қалпында
қалатыны анық. Немесе «Пері мен періште» повесіндегі
Смағұл портреті оның ішкі жан дүниесінен хабар береді:
«Ішке енген соң ғана бейтаныс еркектің жүзіне көз
тоқтаттым. Жасы қырық-қырық екілер шамасында.
Соған қарамастан, өзін жас жігіттей сылап-сипайтындығы
байқалып тұр. Жирен шашын жылтырата майлап, тілмен
жалағандай жоғары қайырып қойыпты. Ат жақты
ашаң жүзіне шам сәулесімен шағылысқан
көзілдірігі суықтық пен қаталдық сеуіп тұр.
Неге екені белгісіз, айналасына таңдана қарап, тамсанып
қояды» [5,113].
Автордың уытты тілімен жазылған портрет
Смағұлдың барлық болмысын ашып отыр.
Өйткені, портрет әр адамның өзіндік сыр-сипатын,
өзара бітімін танытуға да елеулі қызмет етеді. Сонымен
қатар, портрет – адам характерінің негізгі өзгешелігін де
білдіріп отыратын шығармадағы көркемдік компонент. Жазушы
ойының түпкі қазығы, кейіпкерге деген оның
негізгі көзқарасы, суреткерлік позициясы осы портрет арқылы
да жобаланып жатады
Кейде портреттік суреттемелер шығармаларда күлкілі, комедиялы-
фарсылы мінез көріністерін бейнелеуге ерекше көмегін тигізеді.
М.М.Бахтиннің пікірінше, назар кейіпкердің рухани жағына
емес, керісінше «адамның материалдық бастауына» аударылады.
Кейіпкер психологиясын портрет арқылы ерекшелендіруде жазушы нық
негізгі арқа сүйер тәсілі – адамның дене
мүшелерінің гротескілік сипатта бейнеленеді. Мәселен,
автордың шағын
жанрдағы кейіпкері –
Шойынқұлақтың портреттік сипаттамасы:
«...Жүнін жұлған құстың денесіндей,
бүршік-бүршік бетіне үсіген картоптай емін-еркін мұрын
жайласыпты. О баста оны әлдекім
лақтырып жібере салғандай, бір жағына қисая
жабысқан екен. Бір көрген адам оны әні-міне құлап
кетеді екен деп минут сайын күткендей еді» [5,300]. Сонымен бірге «Дермене» повесінде Тоқсанбай
шалдың да, оның немересі Ергешбайдың да портретін айқын
бермеген. Шығарманың өн бойына тек қана гротескімен
сипатталған Омаштың портреті өзек болады: «Олар далаға
шыққанда түйенің жарты етіндей науша біреудің
шайдан қалған суды төбесінен төмен қарай
сарылдата құйып тұрғанын көріп, әрі
сасқаннан, әрі қорыққаннан жүректері көмейлеріне
кептеліп, үн шығара алмай қалды. Бейтаныстың
қаперіне дәнеме де кіріп шығатын емес. Киім атаулыдан үстінде әбүйірін жасырып
тұрған бір жапырақ қана көк шүберегі бар.
Суды асықпай құйып болып, басын рақаттана шайқады
да, күнге күйген қара қайыстай денесін алақанымен
шапаттап қойды. Осы шайлада
біреу-міреу бар-ау, иесі көрсе ыңғайсыз болмас па деп
ойлау жоқ, теріс қарап
тұрған бойы шелекті иілместен жерге тастай салды да,
құлқайырға іліп қойған дағарадай ши
қалпағын алып, басына киді. Екі иығына екі кісі малдас
құрып отырардай арбиған неме екен, осы бетімен ішке кірер
болса, шайланы мойнына іліп кететін түрі
бар» [5, 280]. Автор Омаштың бет-әлпетін емес,
тек сыртқы тұлғасын бейнелейді. Оның
іс-әрекетінің өзі де (суды басына төңкере салуы,
иілместен шелекті лақтыруы) портретімен астасып, ішкі жан-дүниесін
айқындап тұр. Автор Омаштың нақты бет-әлпетін суреттеуді
мұрат тұтпаған, оның сыртқы тұлғасы мен іс-әрекетін
жымдастыра беру арқылы
кейіпкердің мінез-құлқын ашуға жеткізген.
Омаштың қаншалықты алып күш, ұр да жық
мінез, пасық та арам пиғыл иесі
екенін көрсете отырып, шығарманың соңында
оның бар ойын ашып көрсетеді: «...Жағы қарысып,
көзі маңдайға шыққан қалпы үнсіз
қала берді. Ызалансаң, екі бүктеп қалтаға салып
кете беретін мына қушиған
шалдың өзінен мың есе
мықты екеніне, жүрсе, сықыры естілетін сүйегінің
өзінен мың есе таза екеніне қазір ғана көзі жеткендей болды. Және мына
шал ақшаның ұрланбағанын, бұл байбалам
жігіттің дүниеқоңыз пасықтығынан
туғанын сезіп бара жатқанын бұл да байқап, әрі
шошына, әрі таңдана тосылып қалған-ды. Онымен
тұрмай, «үйге жүр» деп қонаққа
шақыруы мұны мына бөлмеге тірі көміп кеткенмен бара-бар
көрінді» [5, 312]. Повесте жазушы оқырманды қарттың
ерлігіне тәнті қылады. Өйткені өзін алдап кеткен
Омаштың қылығын кешірудің өзі ерлік емес пе?
Қаламгер туындыларының идеялық ерекшелігі де сонда:
оның кейіпкерлері әлеуетік не дене жағынан кіші,
дәрменсіз болса да, рухани жағынан өзіне зорлық
жасағандарды жеңіп, олардан басым түсіп отырады. Сонымен
бірге автордың бұл повесінен
ұлттық мүддеден ауытқып кеткен кейінгі
ұрпақ өкілдерінің мінез-құлқын
байқаймыз. Себебі, адамгершіліктен кенде емес қазақ
халқы бағзы заманнан бері үлкенді сыйлаған, жетімді
аяған. Ал, Омаштың қазақ топырағында
дүниеге келгеніне сенгің
келмейді. Ол бар болмысымен, мінезімен, іс-қимылымен өз ортасынан
жерінген адамның бейнесінде көрінеді. Тоқсанбай мен Омаштың
ойлау, саралау, түйсіну қасиеттерін бір-біріне қарама-қарсы қою арқылы
ұлттық рухтан, мінезден, өнеге мен имандылықтан алыстап
бара жатқан кейінгі ұрпаққа ой салу мәселесін
өзіндік нысана ретінде алған.
«Ақыры қу мүйіз Омаштың жетпістегі панасыз шал мен
қаршадай жетім баланың еңбегін пайдаланып кетуі адамның
зығырданын қайнатады. Өзің алданғандай, ауыр
күйде қаласың. Шығарма әсер етсе, ойлантса,
қайғыртса, әйтеуір оқырманды бей-жай қалдырмаса
жазушы мұратының орындалғаны емес пе» [6, 209].
Әдебиеттану ғылымында мәтінге портреттік
сипаттаманың енуінің басқаша тәсілі белгілі.
Әдеби портреттерде автор
кейіпкердің дене бітімі мен бет-әлпеті оның қандай сезім мен жан толғанысын
аңғартатына аса мән береді.
Мысалы «Пері мен періште» повесіндегі Сафураның кескін-келбеті,
оның өз жасынан сұлу көрінетіндігі
шығарманың өне бойында қайталанып беріліп,
оқырман назарын аудартады: «Жұмысқа араласып,
өзін-өзі күткен соң, бұрыннан ажардан кенде емес
Сафура бой жеткен қыз сияқты құлпырып щыға келді»
[5, 101]. Басынан қандай
қиындық өтсе де, Сафураның өзгермейтін сұлулығынан хабар берер
бұндай сурет туындыда жиі кездеседі: «Әлденеге шын ықылас
танытып, беріле күлген кезіндегі
екі алақанын шарт еткізе
соққаны мен екі
бетінің балбұл жайнап
шыға келгеніне қарап, оны отыз жеті жастағы әйел деп
ешкім ойламас еді, әйел атаулының бәрі осы Сафураның
дәл осы күліп тұрған шағындай болса, оларды
өмірге әдемілік ұрығын себу үшін келген екен деп
ойлап қалғандайсың» [5, 104] немесе «...Кексе тартудың
орнына Сафураның жасарып, құлпыра түскеніне
таңдандым» [5, 108]. Сондай-ақ Сафураның күйеуін
тастап кеткеннен кейін ерін көріп кетуге келген кездегі бейнесі
жоғарыдағы портреттік суреттермен сабақтасып жатыр: «Сафура
ұзақ күтуден қалжыраған ба, жастықта
қисайып жатыр екен... Оның осылай жатқан сәті мейлінше
келісті-ақ еді. Көз
алдыңдағы отыздан асқан әйел емес, босағаны бір
жыл бұрын ғана аттаған келіншек сияқты» [5, 132].
Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы қазақ
қызының бейнелі де нәзік қылығы мына жолдармен
беріледі: «Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл жетпейді.
Жүзі айтарлықтай айнадай боп, көзі құралайындай
боп, күлкісі атқан
таңындай боп, бойы құба талындай боп, былқ-сылқ
етіп бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу
тартса есің кетіп, сұңқыл қақса шым-шым
етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қия кезеді»
[7, 83]. «Мамырбайдың
Ақбілегі, Ақбілегі – жас түлегі, айы-күні
жалғыз алтын сырға,
күміс шолпы сылдырлатып, ақ көйлегін көлеңдетіп,
қызыл-жасыл көрпелерін көрпелерін қағып
үйге әкелген еді. Қасындағы қыздарына
қабақ шытып, қаңқыл етіп, даусы
сыңқыл-сыңқыл етіп: – Көзім тартып
тұрғаны несі? – деп, бір бұраңдап қойған
еді» [7, 233]. Қазақ әдебиетінің классигі
М.Әуезовтің «Кім кінәлі?» әңгімесіндегі: «Аз
ғана уақыт өткен соң
есік жаққа көзін салып отырған кезде шолпы даусы
естіліп, біраздан соң үйге Ғазиза кірді. Үстінде
қос етек ақ көйлегі. Сыртынан ұнамды қара кемзел
киген. Басында оқалы тақия.
Сәнді киім киген Ғазиза кіргенде, үйдің ішіне
айрықша көрік, жарастық белгісі бірге кіргендей болды», - [8,
116] деген үзіндіде Ғазизаның сырт сұлулығы
оның жүріс-тұрысымен, қимыл-қозғалысымен
астарласып жатқаны тамаша бейнеленген.
Қазақ әдебиетінен бастау алатын ару қыздардың
кереметтер портреттерінің галереясы қазақ
классиктерінің тамаша туындыларында жалғасын табатын осы
мысалдардан аңғаруға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі:
1. Пірәлиева Г. Көркем
прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері. А., Алаш. 2003.,
Ізденіс өрнектері. Алматы, 2001, -221-б.
2. Жұмабаев
М. Шығармалары. Алматы, «Білім», 1996. 512-б.
3. Аймауытов Ж. Шығармалары. 1989,
-415-бет.
4. Толстой Л.
Война и мир. ІІ том. Москва, Молодая гвардия, 1978, 384 стр.
5.
Исабеков Д. 2-томдық шығармалар жинағы. –Алматы,
«Жазушы», 1993.
6. Нұрғалиев Р. Прозадағы
жаңа өрнектер.Кітапта: уақыт және қаламгер.
5-кітап.Алматы., 1977, 200-б.
7. Аймауытов Ж.
Ақбілек. Алматы, Раритет, 2003, -240 бет.
8. Әуезов М. Кінәмшіл бойжеткен.
Алматы, Жалын, 1994, -368 бет.