Ысқақова
Шырай Қабдрахманқызы
Гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға
оқытушы
Қостанай мемлекеттік педагогикалық
институты
Қазақстан Республикасы
ГОВОРЛАРДАҒЫ СЫҢАРЛАРЫ
КОМПЛЕТИВТІК
ҚАТЫНАСТАҒЫ
КҮРДЕЛІ СӨЗДЕР
Қазақ говорларында сыңарлары бір-біріне бағынышты
сабақтас қаты-настағы күрделі сөздер кең
тараған. Мұндай қатынастағы күрделі сөздер-дің
сыңарлары бірыңғай сипатта емес. Мәселен, күрделі
кеусандық (Шалқ.) «үлкен сандық»
сөзінің сыңарлары атрибутивтік қатынаста, себебі,
бірінші сыңары кеу екінші
сандық сыңарының
қандай екенін анықтап тұр, ешкіемер (Қарақ.) «кесірткенің
бір түрі» сөзінің екінші сыңары бірінші
сыңардың объектісі болып тұр. Түркітануда күрделі
сөз сыңарларының мұндай бір-біріне бағынышты
сипаты атрибутивтік қатынас түрінде танылады [1: 112]. Ал орам болу (Қарм.) «бағыну» деген құрамды
етістікті алсақ, оның құрамы зат есім орам сөзі мен көмекші
етістік қызметіндегі дербес мағыналы болу сөзінің тіркесуінен жасалып тұр.
Мұндай құрамды күрделі сөздердің
өзара байланысы толықтауыштық, пысықтауыштық
қа-тынасты білдіреді де, комплетивтік қатынастағы күрделі
сөздер деп жіктеліп жүр [2: 20-21].
Қазақ тіліндегі күрделі сөздер жайындағы
еңбектерде сабақтастық қа-тынастағы күрделі
сөздерді атрибутивтік, комплетивтік түрде жіктеуді кездестіре
алмадық. Бұл терминдер жалпы тіл білімінде синтаксистік бай-ланыс
түрлеріне байланысты қалыптасқан қолданыстағы
терминдер. Атрибутивті байланыс – зат, процесс мағынасындағы
сөз бен оның әртүрлі белгілерін (сапасын)
көрсететін сөздің тікелей бірігуін, тіркесуін білдіретін
неғұрлым тығыз синтаксистік байланыс түрі. Комплетивті
байланыс – сөйлемде толықтауыш пен пысықтауыштың дербес
синтаксистік бірліктер ретінде қызмет етуін білдіретін синтаксистік
байланыстың неғұрлым еркін түрі [3: 398]. Оның
үстіне бұл терминдер сабақтастық қатынас
түрлерін талауда қолайлы көрінді.
Мақаламызда говорлардағы сабақтастық
қатынастағы күрделі сөздердің бір түрі – сыңарлары комплетивтік
қатынастағы күрделі сөздерге тоқталмақпыз.
Говорлардағы комплетивтік күрделі сөздерге негізінен
сыңарлары толықтауыштық, пысықтауыштық
қатынасты білдіретін күрделі етістіктер және күрделі
етістіктер тобына жатқызылып жүрген есім сөздер мен
етістіктерден (көмекші етістік қызметіндегі) жасалған
құранды етістіктер жатады.
Говорлардағы күрделі етістіктердің жасалуы
Сөзжасамдық құбылыс ретінде күрделі
сөздердің жасалуындағы жал-пы заңдылық
күрделі етістіктерге де тән. Күрделі сөздерге
ортақ заңды-лықтар негізінде күрделі
етістіктердің өзіндік белгілері, нақты жасалу үлгілері
қалыптасқан. «Қазақ грамматикасында» күрделі
етістіктердің мынадай өзіндік белгілері атап көрсетіледі:
1) Күрделі етістік біртұтас лексикалық
мағынаға ие. Күрделі етістік білдіретін күрделі
қимыл ұғымы оның құрамындағы
сыңарларының жеке мағыналарына тең емес, солардың
мағыналық қосындысынан туады, сы-ңарларының
мағынасы тұтас мағынаға кіреді. Бұл жағынан
күрделі етістік туынды түбір етістік сияқты, оның
сыңарлары туынды түбір етістіктің морфемалары іспеттес.
2) Күрделі етістіктер тек мағыналы етістіктерден жасалады,
құрамын-дағы сыңарлары мағына жағынан
тең болады. Мысалы, шығып кетті деген күрделі етістік
сыңарларының мағыналары тең. Олардың
әрқайсысы бір-тұтас күрделі қимылдың бір
бөлігін білдіреді.
3) Күрделі етістік күрделі бір қимыл ретінде танылуы
керек, оның мә-ні бөлшектеуге келмейді.
4) Күрделі етістіктер дербес сөздер болғандықтан,
сөйлемнің бір мү-шесінің қызметін атқарады,
оның сыңарлары жеке-жеке сөйлем мүшесі бо-ла алмайды.
5) Күрделі етістік сыңарларының арасына басқа
сөз кіре алмайды. Мысалы, қайтып беру деген сөзжасам бойынша
бір сөздің қызметін атқара-тындықтын, оның
арасын жарып басқа сөз қосылмайды.
6) Күрделі етістіктің құрамы тұрақты,
қашанда бір құрамда қолда-нылады, себебі
сыңардың орнын ауыстыруға болмайды.
7) Күрделі етістік
бір-ақ екпінге ие болады [4: 394-397].
Күрделі етістіктің осындай белгілерін татар тілі деректері негізінде Ф.А.Ганиев те көрсетеді. Ол
тек да-та (де-те) демеулік шылауы күшейту мәнінде, гына-гена
(кына-кена) демеулігі шек қою мәнінде күрделі етістік
арасында қолданылуы мүмкіндігін айтады: Наташа сахнәге менеп
та житте (Наташа сахнаға мініп те жетті». Китапны укып кына чыктым
«Кітапты оқып қана шықтым» [2: 99-101].
Ф.А.Ганиевтің пікірінше, бұл айтылған белгілердің
бірде-бірін абсо-люттік (даусыз, сөзсіз) деуге болмайды, тілдік деректер
көрсеткендей, олардың бәрінің жиынтығы ғана
күрделі етістікті, яғни лексикалық бірлікті жасап алады.
Ф.А.Ганиев күрделі етістіктің ерекшелігін көрсету үшін,
еркін тіркесті етістіктердің төмендегідей белгілерін атап
өтеді: 1) еркін тіркесті етістіктердің құрамы дербес
лексикалық бірліктерден
тұрады да, сөйлемде дербес синтаксистік қызмет
атқарады, 2) еркін тіркесті етістік-тердің сыңарлары арасына
дербес мағыналы үшінші сөз енуі мүмкін, 3) еркін тіркесті
етістіктің алғашқы сыңары сөйлемде түсіп
қалуы мүмкін, одан сөйлемнің тұтастығы
бұзылмайды, себебі еркін тіркестің сыңарлары арасында өзара шарттық,
өзара сіңісу жоқ [2: 101].
Қазақ тіліндегі күрделі етістікті жасауға тірек
болатын отыз шақты, солардың ішінде өнімді жиырма шақты
етістік анықталған. Олар: кет, кел, ал, бер, әкет,
әкел, қайт, шық, таста, жібер, өт, қой,
қал, көр, кір, жөнел, қара, біт, түс т.б. [4:
398]. Қазақ тіліндегі күрделі етістік жасаудың негізгі
үлгісі (типі) –«көсемшелі етістік + етістік» (көмекші етістік
қызметінде): алып кел, барып кел, көріп кел, алып шық, барып
шық, тартып ал, жарып таста, айтып бер, айта бар, ала бар т.б. Осы
үлгі бойынша туған
күрделі етістіктер жалпыхалықтық тілге де, говорларға да ортақ. Және бұлар
күр-делі етістіктердің басым көпшілігін құрайды.
Біз мақаламызда бұл сияқты белгілі күрделі етістіктерге
тоқтамаймыз. Күрделі етістіктерге байланысты зерттейтін нысанымыз –
говорлардағы тұрақты түрде қалыптасқан,
жаса-луында, мағынасында, қолданылуында ерекшелігі бар
күрделі етістік тұл-ғалар. Бірақ бұлардың
қай-қайсысын болсын жаппай, жиі айтылатын өнім-ді тіл
бірліктері деуге болмайды. Олар жекелеген аудандарда қолданы-лады.
«Көсемше+етістік жүру» үлгісінен күрделі етістік
жасалған: ерісіп жүру «еріп жүру». Олар бізге ерісіп
жүрді (Қарм.), қасынысып жүру «тату жүру». Біз
айтыс-тартысты қойып, қасынысып жүрейік (Шұб.).
Бұл мысалдарда негізгі етістік –ыс/-іс жұрнағын
қабылдап, сырттай ортақ етіс тұлғасында көрінеді, бірақ онда ортақ
етіс мағынасы жоқ,
тек көсемше-нің –ып/-іп
жұрнағын қабылдаған түбір етістік
қимылдың мөлшерін біл-діріп тұр.
«Көсемше+етістік жіберу»
үлгісімен күрделі етістік жасалған: күсіп жіберу
«құйып (салып) жіберу». Ұнды ауызға күсіп
жібергені қалай? (Больш.), жымпитып жіберу «ұрлап қою».
Әлгі адам егеуімді жымпитып жіберді-ау (Моңғ.). Бұл
мысалдарда күсіп, жымпитып сөздері ауыс мағынада
қолданылып, қимылдың кенет, шапшаң болғанын
білдіреді.
«Көсемше+етістік қалу» үлгісімен жасалған күрделі
етістіктер: сыймай қалу «жетпей қалу». Олардың біреуіне
таңба сыймай қалыпты (Қош.), ауалап қалу
«күңсіп қалу». Күн ұзаққа қой
соңында жүріп, ауалап қалдым (Маң.). Бұл
мысалдарда сыймай, ауалап сөздері ауыс мағынада қолданылып,
олар қатысқан күрделі етістіктер қимылдың
нәтижесін, аяқ-талғанын білдіреді.
«Көсемше (-іп) + етістік келу» үлгісімен жасалған
күрделі етістік-тер: айылдап келу «қыдырып, ауылшылап келу»
(Қош.), тіркестің бірінші сыңары жергілікті халық
тіліне алтай тілінен енген, алтай тілінде айыл, моңғол тілінде айл
«ауыл», тіркес қимылдың нәтижесін білдіреді. «Көсемше
(-а) + етістік келу» үлгісімен: жинала келді «жиналды». Үш
қысқа азық болғандай пішен жинала келді (Жымп.).
Мұнда қимылдың белгілі мөлшерде жүйелі іске
асқаны білдіріліп тұр.
«Көсемше + етістік болмау» үлгісімен жасалған күрделі
етістіктер: күліп болмау «күлкісін тыя алмау». Ол
әңгімені естігенде, сен күліп болмайсың (Шұб.)
қимылдың қалпын білдіреді, татып алмау «білмеу, хабарсыз
болу». Бұл қыз түрікмен тілін татып алмайды (Түрікм.).
Бұл мысалдарда күрделі етістіктер қимылдың болымсыз
нәтижесін білдіріп тұр.
«Көсемше + етістік қою» үлгісімен жасалған
күрделі етістіктер: үйтіп қою «талан-таражға салу».
Басы кірсе болды, үйдің мүлкін үйтіп қояды
(Түрікм.), келіп қою «келу, келіп қалу». Олар күтпеген
кезде келіп қойды (Қош.). Бұл мысалдар бір мәрте
қимылдың кенеттен іске асуын білдіреді.
«Көсемше + етістік тұру» үлгісімен жасалған
күрделі етістіктер: тоқталып тұру «әзір, дайын
тұру». Қазір мәшине келеді, балам, тоқталып тұр
(Жал.), болып тұру «болды». 1993 жыл болып тұр. Қызылтас
аудан болып тұр (Аяг.). Бұл мысалдарда күрделі етістіктер
заттың қалыпты, үйреншікті жайын білдіріп тұр.
«Көсемше + етістік білмеу» үлгісімен жасалған күрделі
етістіктер: оқып білмеу «оқи алмау». 5 класты оқысаң
да, кітапты дұрыстап оқып білмейсің (Түрікм.) Мысал
қимылдың болымсыз нәтижесін білдіреді.
Говорлардағы құранды етістіктердің жасалуы
Түркітануда құранды етістік терминін күрделі
етістік терминімен байланыстырып
қолдану жиі кездеседі. Күрделі етістік дегенге құрамы
екі етістіктен тұратын тіркестермен бірге «есім + көмекші
етістіктен » тұра-тын тіркестердің бәрі де жатқызылып
келеді. Бірақ «Қазақ грамма-тикасында» күрделі
етістіктің, әсіресе құранды етістіктердің
сөзжасам тұр-ғысынан зерттелуіне байланысты әлі де
болса анықтайтын мәселелері бары көрсетілген. Шешуді
қажет ететін мәселелердің бірі құранды
етістіктердің бірде күрделі етістік, бірде тұрақты сөз тіркестері құрамында
жүргеніне байланысты [4: 400]. Тұрақты сөз
тіркестерінің құранды етістіктерге ұқсас келетін
түрлері негізінен фразалық тіркестер (аузы бармады,
аузы-мұрны қисаймай, жолы болды, жолы түсті , жол тапты ,
қанына тартты т.б.) болса , олардың қалыптасуының
өзіндік белгілері бар. Оның ең бастысы - фразалық
тіркестердің бейнелік сипатта болуы. Мысалы, қолға алдым
тіркесі «кірістім , бастадым » мәнінде тұрақты тіркес, ал кітапты
қолға алдым дегенде құранды етістік екені байқалады.
Ойға түсті дегенді «ой-ланды» мағынасында тұрақты
тіркес, «еске түсті» мағынасында құранды етістік деп
тануға болады.
Сол сияқты құранды етістіктерді күрделі
етістіктерге жақындататын белгілер бар: құранды етістік
күрделі етістіктер сияқты дербес мағыналы нақты
сөздерден (есім сөз + етістік) тұрады. Құранды
етістік құрамындағы етістік көмекші етістік
қызметінде есім сөзге тіркесіп есімнен етістік жасайтын морфеманың
қызметін атқарады. Мысалы , көмек ет – көмек-тес,
табыс ет – тапсыр. Құранды етістіктердің күрделі
етістіктерге жа-қын осындай белгілерін ескеріп, «Қазақ
грамматикасында» оларды "күр-делі етістіктер тобындағы
құранды етістіктер" деп атаған [4: 260].
Күрделі құранды етістіктердің жасалуында
алғашқы тірек сыңары ретінде негізінен зат есімдер мен сын
есімдер, ал екінші сыңары ретінде көмекші етістіктер қызмет
етеді. Есім сөздермен тіркесуде өнімділік танытатын көмекші етістіктер: болу, қылу ,
алу, ету ,салу ,шығу, жасау, ашу , жүру , түсу, келу, кету
т.б. Ф.А. Ганиев бұларды
күрделі құранды етістіктерді жасауда көмекшілік
қызмет атқаратынын ескеріп , оларды функционалды көмекші
етістіктер деп атайды [2: 88].
Говорларда құранды күрделі етістік төмендегідей
үлгілермен жасал-ған:
«Зат есім + етістік болу»
үлгісімен алғашқы сыңарға қатысты әрекеттің
аяқталуын білдіретін өнімді құранды етістіктер
жасалады: парт болу (Арыс) «ісіп -кеуіп кету», сабыс болу
(Зайс.) « әбігерлену , ары -бері
сапырылып жүру», тата болу (Жанг.) « басы қату», пыш болу
(егін дәні туралы , Жымп.. Қараб., Сыр.) «семіп , солып
қалу», мойын болу (Түрікм.) « мәжбүр болу», бет
қара болу (Моңғ.) « қарабет болу т.б.
«Зат есім + етістік қылу » үлгісімен алғашқы
сыңарға байланысты іс-қимылдың орындалуын білдіретін
өнімді құранды етістіктер жасалады: мәтел қылу
(Маң.) « кесел жасау, кедергі келтіру », ұры қылу
(Қош.) «ұрлық істеу, ұрлау », шырық қылу
(Қош.) « басын айналдыру, мазалау », жер төңкеріс
қылу (Кег.) «жер жырту», (Кег.,Сар.) « жер аудару , қоны-сынан
тайдыру », қаза қылу (Ұзын.) « өлтіру », жауыт
қылу (Қ. ту) « ай-тып қою, айту ». Қанжығалы
Райымбек Нұралы мен Баймағамбеттің сөйлескенін
Саққұлаққа
жауыт қылыпты ( Қ. ту) т.б.
«Зат есім + етістік алу » үлгісімен бірінші сыңарға
қатысты іс-қимыл, процестің іске асуын білдіретін
өнімді құранды етістіктер жасалады: күн алу
(Қош.) «демалысқа шығу», еңбек алу (Түлк.)
«еңбеккүн алу», құлағын алу (Маң.)
«хабардар болу», наршаны алу (Аман.) «мазалау, мазасын алу», қапталына
алу (Арал) «өз қарауына алу», забыт алу
(Жал.,Торғ) «игеру, меңгеру» т.б.
«Зат есім + етістік салу » үлгісімен алғашқы
сыңарға қатысты әре-кеттің жасалуын білдіретін
құранды етістіктер жасалады: сәуір салу (Маң.)
«түнделетіп жүру», түн қату; зиян салу (Арал)
«зиян келтіру», шот салу (Түрікм.) «аяқтан шалу», аласат
салу (Ырғ.) «бүлдіру, бір-біріне аралас-тыру», үн салу
(Абай) «дауыстау», Суық
хабарды естігенде , атай үн са-лып
жылады (Абай) т.б.
«Зат есім + етістік ету » үлгісімен алғашқы
сыңарға қатысты әрекет-тің жасалуын білдіретін
құранды етістіктер жасалады: жантақыл ету (Жанг.) « тиіп-қашу ,
тайсақтау», мұхлис ету (Арал) « айтқанды қабылдау, қайталау» , Ол
айтқанды 2-3 рет мұхлис етеді (Арал) , тәсіп ету
(Маң.) «бәсекелесу , таласу», (Об.) « мақтау», Тәңір
берген жігітке тәсіп етпе (Арал). Сен оны бізге көп тәсіп етпей-ақ
қой (Об.) т.б.
«Зат есім + етістік жасау » үлгісімен бірінші сыңарға
қатысты әре-кетті аяқтауды білдіретін құранды
етістіктер жасалады: жұмыс жасау (Ақт.,Орал,
Түрікм.) «жұмыс істеу ,
қызмет істеу», уақиға жасау (Абай) . «жағдай жасау, әрекет ету ,
ретін келтіру», машурат жасау (Аман.) «ұй-ғару».
«Зат есім + етістік қою »
үлгісімен бірінші сыңарға қатысты
әрекеттің орындалуын білдіретін құранды етістіктер
жасалады: бәс қою «салып қалу». Мына ауру
аяғыңа бәс қоямын да ойбайлатамын (Ойыл) , шөл
қою (Түрікм.) «суармау», жала қою (Больш.) «жала
салу».
«Зат есім + етістік түсу
» үлгісімен алдыңғы сыңарға қатысты
әрекеттің іске асуын білдіретін құранды етістіктер
жасалады: мойнына түсу (Маң.) «мойындату», тойға
түсу (Түрікм.) «тойға бару», түсел түсу
(МХР.) «(үйден) адам үзілмеу , көп адам келу», шылан
түспеу (Моңғ) «іркітке май түспеу» т.б.
«Зат есім + етістік қалу » үлгісімен бірінші сыңарға
қатысты қимыл-әрекеттің іске асуын білдіретін
күрделі етістіктер жасалады: көзінде қалу (Арал)
«көзге түсу» , әнтенде қалу (Көкп.)
«құр қалу» ,шерет қалу (Абай) «шүй
қалу , жыртылмай қалу».
«Зат есім + етістік шығу » үлгісімен алғашқы
сыңарға қатысты әре-кеттің іске асуын ,
орындалуын білдіретін құранды етістіктер жасалады: үдесінен
шығу (Арыс) «аяқтап бітіру, орындау», чықарға
чығу (Ақс., Көкп.) «тысқа шығу», танасы
шығу (Тарб.) «тас-талқаны шығу», деңгел
шығу (Больш.) «тең шығу, қатар болу», шетіне
шығу « елден ерекше болу». Ол адам баласының шетіне
шыққан кісі (Арал).
«Зат есім + етістік ашу » үлгісімен алғашқы
сыңарға қатысты іс-қимылдың орындалуын білдіретін
құранды етістіктер жасалады: көзалақ ашу
(Көкп.) «көзі алақтау», үстін ашу
(Түрікм.) «әшкерелеу , бетін ашу », күлмәнін ашу
( Торғ.) «сырын ашу т.б.
«Зат есім + етістік келу /келмеу » үлгісімен бірінші сыңарға
қатысты әрекеттің орындалуын білдіретін құранды
етістіктер жасалады: сасы келмеу
(Қарм.) «шамасы келмеу», асқардан келу (Об.) «күтпеген
жерден келу», түйдек келу (Еңб.) «топтанып келу», шоласы
келмеу (Шел.,Кег.) «шамасы келмеу», қатысы келмеу (Талд.) «
түрі , бейнесі кел-меу» , шарқаты келмеу (Түрікм.)
«шамасы , әлі келмеу».
«Сын есім + етістік болу »
үлгісімен бірінші сыңарға қатысты сын-сипатты білдіретін
құранды етістік жасалады: айық болу (Қош.)
«ашылу , ашық болу». Күн ертең айық болса ,
чөп жиямыз (Қош.) , сипыл болу (Қош.) «түк
қалмау , жоқ болу», әшкерелі болу (Арал) «белгілі
болу», албарлы болу (Жанг.Гур.) «әбігер болу», ақиық
болу (Арал, Қаз.) «жария болу, таныс болу», аймандай болу
(Қорд.,Кег.) «әшкере болу».
Бұдан басқа сын есімдер мен етістік түсу, тарту,
жасау, өту, тұру т.б. сөздердің тіркесуі
арқылы аздаған
құранды етістіктер жасалады: қиын түсу
(Түрікм.) «қиын жағдайда болу», тәуір тарту
(Кег.) «сауыға бастау»,күйлі жасау (Түрікм.)
«ауқатты тұру», зор өту (Ұзын.) «зорығу», бодамсыз
тұру (Больш.) «тәуелсіз , еркін болу».
«Үстеу + көмекші етістік» үлгісімен жасалған
құранды етістіктер кездеседі: селкеу қарау (Абай)
«немқұрайды қарау», мұқым болу
(Ырғ.) «мұқият болу», пақас отыру (Жанг.) «берік
, орнықты отыру», салқа жорту (Маң)
«бірқалыпты бүлкілдеп жүру», аяқ үстінде
жүру (Чап.) «бос жүру», (Маң.) «кепілде болу», тақа
біту (Абай) «түк қалмау» т.б.
Еліктеу , одағай сөздер мен көмекші етістіктердің
тіркесуінен бірен-саран құранды етістік жасалады: сәлп ету
(Арал) «жалп ету», тәйт демеу (Арал) «үндемеу , үн
шығармау».
Қорыта келгенде, мақаламызда говорлардағы сыңарлары
комплективтік қатынастағы объективтік , пысықтауыштық ,
байланысты білдіретін күрделі етістіктер мен олардың тобына жататын
құранды етістіктердің өзіндік сипаты, бір-бірінен
айырма-ерекшеліктері көрсетілді. Олардың қай-қайсысы
болсын дербес мағыналы сөздерден жасалып, күрделі қимыл
атауын білдіретіні, сөйлемде бір мүшенің қызметін
атқаратыны сияқты ортақ белгілері талданды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Нұрмағамбетов Ә.
Қос сөздердің құпиясы. Алматы: Жалын
,1991. -95 б.
2. Ганиев Ф.А. Образование сложных слов в татарском языке.
Москва: Наука , 1982, -150 с.
3 Ряшенцев К.Л. Сложные слова и их компоненты в
современном русском языке: Учеб. пособие. – Орджоникидзе, 1976. – 285 с
4. Қазақ грамматикасы. Фонетика,
сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. -783 б.
5. Аманжолов С. Қазақ
тілі диалектологиясы мен мәселелері (орысшадан аударған Ғ. Қалиев ). Алматы ,
сөздік , 2004. 535 б.
6. ҚТДС - Қазақ тілінің диалектологиялық
сөздігі. Алматы: Ғылым, 1969. -426 б.; 1 кітап , Алматы:
Ғылым, 1996. - 196 б., 2 кітап ,
Алматы, Ғылым , 1999. -237 б.
7. ҚТАС - Қазақ тілінің аймақтық
сөздігі. Алматы: Арыс, 2005. - 821 б.