ӘӨЖ: 821.
512. 122-3: 39
Таңжарықова А.В.
ҚР, Алматы қаласы, Абай атындағы
ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, филология
ғылымдарының докторы
Д.Исабеков
шығармаларындағы ұлттық таным
Қазақтың
көрнекті қаламгер Д.Исабеков шығармашылығындағы
түрлі көркемдік компоненттер шеберлікпен жымдасып, шығарма
құндылығын арттыруға қызмет етеді.
Жазушының шығарма
бойында қаһарман характерін сомдауда, тіршілік
құбылыстарын суреттеуде психологизм әдістерін еркін
меңгергенін байқауға болады.
Кейіпкер психологиясын ашуда
портреттің атқаратын қызметі көп зерттелгені белгілі.
Әдеби туындының тұтастық жүйесін
құрауға елеулі
үлес қосатын, тұрақты өлшемге айналған
ежелгі көркемдік межелердің бірі де – портрет.
Портрет – кейіпкердің тек
сырт пішін тұлғасы сияқты боп көрінгенмен, ол
мінез-құлықты, іс-әрекетті де қамтиды.
Кейіпкердің жүріс-тұрысынан, әдетінен,
бет-пішінінің құбылысынан да адамның ішкі сарайы, жан
дүниесі сезіліп тұрады. Яғни, портрет – қатып
қалған тас мүсін емес, адам пішінінің,
тұлғасының, мінез-құлқының жанды
көрінісі.
В.Г.Белинский портрет жайында:
«Изобразились во всей полноте своей и целости, со своими родовыми приметами, от
цвета волос до родимого пятнышка на лице, от звука голоса до покроя платья» [1,
495], – деп жазып, бұл құралдың образ жасау үшін
аса қажеттілігін айрықша сипаттаған.
«Портрет әр адамның
өзіндік сыр-сипатын, өзара бітімін танытуға да елеулі
қызмет етеді. Сонымен қатар, портрет – адам характерінің
негізгі өзгешелігін де білдіріп отыратын шығармадағы көркемдік
компонент. Жазушы ойының түпкі қазығы, кейіпкерге деген
оның негізгі көзқарасы, суреткерлік позициясы осы портрет
арқылы да жобаланып жатады» [2, 259].
Кейіпкердің
кескін-келбетін әр жазушы өзінше әр түрлі жолмен
бейнелейді. Образ жасаудың басқа да жолдары секілді мұнда да
суреткер шеберлігі танылмақ. Жанрда портретке үлкен жүк
артылады.
«Красота человеческого лица,
его искрящаяся индивидуальность, разнообразие проявление его
выразительной игры являлись источником вдохновения во все времена и у всех
народов... Существуют замечательные памятники скульптуры, увековечившие лицо
человека во всем его разнобразии. Анологичное можно сказать и про
творчество художников и писателей», - деп атап көрсетеді П.А.Анохин [3, 128]. Адам
өзінің сезімі мен ойын қаншалықты жасырғанымен, оның психологиялық
іс-әрекеті әйтеуір сыртқы түрінде із қалдырып
отыратыны белгілі. Психологиялық
үдерістер кезінде адамның барлық бұлшық
еттері, сондай-ақ ішкі сезімі қозғалысқа түседі.
Бұның бәрі сыртқы түрде, ым-ишаратта,
көзқараста, адамның дауыс интонацияларында байқалады.
Адамның эмоциялық күйі беттің бір ғана зонасында
байқалуы мүмкін емес. Бұны атақты суретші Леонардо да
Винчидің «Джаконда» портретінен аңғарамыз. Джаконданың
жұмбақ күлкісі көп ғалымдардың таласын тудырып келеді.
Эмоциялық сезімді
оқырманға ұсынатын мүшенің бірі – көз.
Қарым-қатынас кезіндегі көз қимылы маңызды
мәнге ие. Психолог С.Р.Янкелевич Л.Толстойдың «Соғыс
және бейбітшілік» романында көз қимылының 85
өзгерісін санап
шыққан. Көне замандарда дәрігерлер көз
қарашығының көлеміне байланысты адам денсаулығын
анықтаған: егер көз жанары анық болса, ол адамның
өмірлік қуатының молдығын білдіреді, керісінше,
сығырайған нұрсыз, кішкене көздер көбінесе
қарттарда, ауру адамдарда болады. Көз қимылының тамаша
бейнесін біз М.Лермонтовтың
«Герой нашего времени» атты шығармасындағы Печорин
характерін ашудағы суреттеулерден байқаймыз: «Они не смеялись,
когда он смеялся... Это признак или злого нрава, или глубокой постоянной
грусти. Из-за полуопущенных ресниц они сияли каким-то фосфорическим блеском,
если можно так выражаться. То не было отражение жара душевного или играющего
воображения; то был блеск, подобный блеску гладкой стали, ослепительный, но
холодный; взгляд его – непродолжительный, но проницательный и тяжелый оставлял
по себе неприятное впечатление нескромного вопроса и мог казаться дерзким, если
б не был равнодушно спокоен» [4, 37]. Печорин
мінез-құлқының күрделілігі оның
жұмбақтығы скептицизм және меланхолия
үйлесімділігінен туындайды. Тамаша педагог А. С. Макаренко
өзінің көп жылғы тәжірибесі негізінде былай деп
жазды: «Жай ғана көру қабілетінің өзін дамыту
өте қажетті әрі керекті. Бұл тәрбие үшін
керек. Адам баласының бетіндегі, бала жүзіндегі өзгерістерді
тануды арнайы курстарда оқыту керек. Адам жан түкпіріндегі
түрлі өзгерістерді бет-жүзі арқылы танып білудің
ешқандай да ешқандай да айыбы жоқ» [5, 112].
Д.Исабековтің «Мазасыз
күндер» повесіндегі: «Әйел кеткен соң есімде елес болып
қалған нәрсе –
оның оттай жанған шырайлы жүзі мен жалт еткен жанары ғана
болды.
Ол жанар аптабы
қайтпаған өмірді жырлап тұрды. Ол жанар қазаны
төңкеріліп, қасығы сынған ішкі бір
дүниенің шама-шарқын баян етіп тұрды», - деген жолдар
[6, 50] кейіпкердің бір
қарағанына осынша терең мәнді сыйдыра білген қаламгердің әйел психологиясын
өте жақсы білетінін тағы бір рет аңғартса керек.
Осы ретте орыстың атақты жазушысы Ф.М.Достоевскийдің: «Не в
предмете дело, а в глазе; есть глаз – и предмет найдется, нет у вас глаза;
слепы вы – и ни в каком предмете ничего не отыщите.О! Глаз дело важное: что на
иной глаз поэма, то на другой куча», - деген пікірі [7, 57] адамның ішкі
жан-иірімдерін сезінуде көздің алатын орны ерекше екенін
дәлелдейді. Д.Исабековтің «Пері мен періште» повесіндегі:
«Құлахмет ағай теңселіп тұрды. Ол ешқайсысымызға
қараған жоқ. Өкпе-бауырын әлдекім білдірместен
суырып алып жатқандай көзін жұмып үнсіз қалыпты.
Тыныс алғаны да сезілмейді. Оның жүзінде әбіржу
де, қайғыру да, опыну да
жоқ. Сүйікті Сафурасына, қатыгез Сафурасына деген реніші мен
күйініші де жоқ, бәріне көнген, бәріне разы.
Лапылдаған қайғысы мен күйініші,
бұрқанған намыс мен ызасы, ешқашан орны толмай
өтетін азабы мен өксігі – бәрі-бәрі де мейірім мен
ізгілік үшін ғана жаралған кеудесінде қамалып,
тұншығып жатыр» [6, 122] деген үзіндідегі
Құлахметтің өзегін өртеген өкінішті
көрсеткісі келмеген сәтте көзін жұмып алуы да тегін
емес.
Көз жанарының
түрлі сипаты арқылы адамның ішкі дүниесінде болып
жатқан түрліше психологиялық хал-күйді таныта отырып,
жазушы кейіпкерлерінің образдарын тереңдете ашып көрсетеді.
Өйткені, адам жанының эмоциялық сезімдік иірімдері,
ашылмаған тылсым жұмбақтары көп. Ішкі жан
дүниедегі жинақталған ой, сезім, көбінесе адамның
сыртқы мінез-құлқынан, сөйлеу мәнерінен,
көз жанарынан білініп жататыны сондықтан. Сыртқы күй ішкі
ойға тәуелді. Жүректің алдын-ала білген,
түйсінген, сезінген, қорытқан, шешім
қабылдағанын кейін
көз жанары сыртқа шығарып
жататыны мәлім. Бұл жерде адам ең алдымен көзбен
емес жүрекпен көретіні сол жүрекпен қабылдайтынын психологиялық тұрғыдан айта
кеткеніміз абзал болар.
Мәселен «Тіршілік» атты
повесінде қателігін кеш сезінген әкенің хал-күйін: «Ол
кесел – қызының екінші рет көзін жұмғаны.
Қыжымкүл мұның тұрғанын көрді, сөз
жоқ сол себепті де кірпігін қайта жұмды. Демек, бала
көңлі біржолата суыған, ол әкесін көргенде
жақынды да емес, Әзірейлді көргендей шошыған.
Қызының қайта ашқан жанарына төне
қарағанда Дәулетбай сөнген нұрды, сөнген
мейірімді, қатқан көңілді көрді. Оған тап
қазір кесел боп жабысқан нәрсе – осы еді», – деп суреттеу
әке мен баланың аз ғана уақыт қана жүздесу
кезіндегі жан құбылыстарының өзгерісіне сездірген. Сол
уақытқа дейін әкесінен жүрегі шайлыққан
ішкі жан дүниесіндегі
қатқан мұз ерімей, сыртқа көз жанары
арқылы ішкі ойы білінген. Осы әңгімеде адам
тіршілігінің, тынысының тоқтаған сәтін де
көздің көрінісі арқылы шебер бейнелей білген:
«Оның шаңыраққа қарап аларып қатып
қалған жанарын көріп, бойы мұздап сала берді». Дүние
есігін дәулетті,
шалқыған байдың қызы болып ашса да, тағдыр
тәлкегіне ұшырап, өзім дегендері өзегінен тепкеннен
кейін, ешкімнен қорған күтпей көнбіс халде
өмірден тыныш кетті.
Немесе «Сүйекші»
повесінде: «Азынаған
ақыреттей суық үйде екеуі ұзақ отырып,
өткен өмірлерін әңгіме етті. Көп сөйлеген –
Өмекей, көп тыңдаған – сүйекші. Ол аманат
тұсауын сыпырып, қараңғы түнде бет алды
құла түз қашып шыққан сонау кезден
күні бүгінге дейінгі аралықта «диуана болдым, ендігі
кәсібім – сүйекшілік» деп, бір-екі ауыз сөзбен айтып тындырды
да, тіктеп қарасаң, кісі сескенердей сұп-суық,
өлі жанарын Өмекейден айырмай отыра берді», - [6, 266] деген жолдар
арқылы жазушы сүйекшінің барлық ауыр тұрмысын бір
сәттік көзқарасынан аңғарта білген. Адам
қарым-қатынас, әңгімелесу үстінде өзгенің
бет-әлпетінен тек сол сәттегі эмоциялық сезімді,
көңіл-күйді ғана емес, оның бүкіл
ғұмырынан сыр шертер нәзік нюанстарды байқай алатынын
жазушы жіті сездірген. Осы ретте атақты психолог З. Фрейдтің:
«Человек, у которого есть глаза, чтобы видеть и слышать, может убедиться, что
ни один смертный не может сохранить тайну. Если молчат его губы, он выбалтывает
тайну кончиками пальцев: он выдает себя каждой порой. Таким образом, задача
сделать осознанным самые скрытые закоулки ума вполне выполнима» , - [8, 216] деуі адам көзінің қызмет
ерекшелігін аңғартады. Д.Исабековтің «Огонек»
журналының 17-саны» атты әңгімесінде бас кейіпкер –
Перизаттың ішкі жан-дүниесінен хабар беретін көз
жанарының, көзқарасының көптеген реңктерін
байқай аласыз. Сөзге сараң
келіншектің бар болмысын қаламгер көбінесе көзқарас арқылы шебер
бейнелей алған. Әңгімеде Перизаттың сұлулығын
аңғартатын портрет те жоқтың қасы. Бірақ
«екі көзі жуған қарақаттай әдемі келіншек» деген
бір ғана жол-ақ кейіпкердің сұлулығынан хабардар
етеді.
«... Сәлден соң
мойнымды бұрмаған бойы жайбарақат, бейтарап үнмен:
– Сіздер Алматыға шейін барасыздар ма? – дедім.
– Иә, – деді ол, суретке түсетін адамдай бойын
сәл түзеп. Дауысы ақырын
ғана естілді, соған қарап, кітаптан көзін алмай
отырып-ақ ол менің алысқа ұзамағанымды
байқағанын білдім.
– Алматыда көптен тұрасыздар ма?
– Иә.
– Ана кісі жолдасыңыз ғой?
– И-ә!
Мен бәрін
бүлдірдім. – Оның дауысы қатқыл шықты. Басын
оқыс көтеріп, сабау-сабау кірпіктердің арасынан
қарақат көздер ұшқын шаша қарады» [6, 101]. Немесе осы шығармадағы:
«Есіктегі ұзын айнадан оның суретін мен, менің суретімді ол
ап-айқын көре аламыз. Мен де қарадым. Ол тағы
қызарып кетті. Осыдан соң ол мен жатқан кезде есіктегі
айнаға қарауды мүлдем қойды. Жалпы, адамның
адамға қарауында тұрған не бар, оның үстіне
бір купеде келе жатқан соң маңдайдағы
көзіңді дәкемен байлап алмағаннан кейін
бір-біріңе еріксіз көзің түседі ғой. Бірақ
екеуіміздің
көзқарасымыз ұшырасқан сайын Перизат
қызарып кетеді, соған қарағанда, оның әуелі
күнгі көзқарасы шын мәнінде ұрлық
болғаны, ол сол үшін қысылатын сияқты» [6, 103].
Әңгіменің өне бойында бір-бірімен іштей арбасып,
тек көзқарас арқылы
ұғысып келе жатқан кейіпкерлер мінезі Шиеліге
жақындаған сайын өзгеріске түседі. Себебі, Шиелі
станциясында әлгі келіншектің шешесі пойызға мінбекші.
«Таңданғанда екі көзі атыздай болған» Перизаттың
«аласы аз тұп-тұнық жанарына уайым мен мұң
үймелеп үлгергенін» байқаған кейіпкер жігіт келіншек
үшін маңызды сәттің осы Шиеліде болатынын сезеді.
Шиеліде пойызға отырған
шешесімен қауышқан келіншектің барлық ішкі-жан
сезімін тек жанары жасқа толып, мөлтілдегенінен» аңғарасыз.
Әңгіме шебері –
Д.Исабеков бір шығарма бойында Перизаттың мінез-
құлқын, жан сұлулығын, тазалығын,
ибалылығын көбінесе көзқарасы арқылы
көрсетеді. Әңгіме бойында ашылып сөйлемесе де,
оның бар-болмысын сол тұп- тұнық жанары арқылы
сезінесіз. «Жалғыз шешесі мен
жалғыз інісіне қамқор болу үшін Перизат барлық
жастығы мен нәзіктігін осылай құрбандыққа
шалған шығар», - [6, 109] деп, өзінен жасы үлкен,
өркөкірек мінезді кісіге тұрмысқа шыққан
Перизаттың әрекетін
өзіңіз-ақ ақтап аласыз. «Көкірегінде шері шемен
болып қатса да, онысы ешкімге айтылмайтын, ешкім көңіл
бөлмейтін елеусіз жандардың» бірі – Перизаттың (атына заты
сай) ішкі мұңы кейіпкер жігіттің «жанын аш мысықтай
тырмалап, бауырына мұз басқандай екен». Адам көзінің
ерекше қимылын көрсететін осындай эпизодтар жазушы
шығармаларынан жиі ұшырасады. Жалпы, Д.Исабеков
туындыларындағы қолданылған көркемдік
компоненттердің барлығы дерлік ұлттық
танымға қызмет етіп
тұратындығын бағамдауға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Белинский В.Г.
Сочинение в трех томах. Т.2. С. 17-18.
2. Сқақбаев
М.Көрікті әлемдегі көркемдік ізденістер // Уақыт
және қаламгер. 11 кітап. -Алматы: Жазушы, 1985. -272-б.
3. Анохин П. За творческое
сотрудничество философов с физиологами // Ленинская теория отражения и современная наука, Москва, 1966.
С.113.
4. Лермонтов М. Герой нашего времени. Москва,
1986. С.230.
5. Макаренко А.С. Полн.собр. соч. Москва., 1982. С.341.
6. Исабеков Д.
2-томдық шығармалар жинағы. –Алматы, «Жазушы», 1993.
7. Достаевский
Ф.М. Полн. Собр. соч. Л., 1979. Т.19. с.153-154.
8. Фрейд З. Введение в
психоанализ.Сновидение.М.,Наука, 1989.-456, стр.