Сафаргалиева Г.Н., Қабжекен А.Д.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

МЕКТЕПТЕГІ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ САБАҒЫН ДАМЫТУ ЖӘНЕ ТАНЫМДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Мектеп оқушыларының қимылдық ойындар арқылы дене мәдениетін дамытуда олардың ақыл-ой және қимыл-қозғалысына және біліктілігіне ғана емес,  психологиялық аспектілеріне де үлкен мән беру қажеттігі туындап отыр.

Іс-әрекеттің рефлекторлық принциптері өзінің экспериментальдық негіздемесі И.П. Павлов және оның шәкірттерінің еңбектерінде сипатталған. И.П. Павлов, И.М. Сеченовтың психикалық іс-әрекет мидың рефлекторлық қызметі екендігі туралы тағылымының дұрыстығын дәлелдеді, психикалық құбылыстың негізгі физиологиялық заңдарын ашты, ғылымның жаңа саласы – жоғары жүйке қызметінің физиологиясы, шартты рефлекстер жөніндегі білімнің негізін қалады [1].

Организмге әсер етуші тітіркендіргіштер мен оларға жауап реакциялар арасында уақытша байланыстар түзіледі. Осы байланыстарды пайда ету бас ми қыртыстарының ең маңызды қызметі. Уақытша жүйке байланысы ми қызметі ретінде психикалық іс-әрекеттің қай бірінің болмасын негізгі физиологиялық механизмі болып табылады. Миға қандай да бір тітіркендіргіш әсер етпей, ешбір психикалық құбылыс өздігінен туындамайды. Әрқандай психикалық процесс пен қалаған уақытша байланыстың соңғы нәтижесі тыс әсерлерге жауап сипатындағы сырттай көрініс берген әрекет. Психикалық қызмет осыдан объективтік дүние заттары мен құбылыстарының әсерінен туындайтын мидың рефлекторлық бейнелеу жұмысы.

Уақытша жүйке байланысын әрқандай психикалық іс-әрекетін физиологиялық механизмі деп танудың маңыздылығынан психологиялық құбылыстың физиологиялық құбылыстармен бірдейлігі келіп шықпайтынын есте сақтаған жөн. Психикалық іс-әрекет тек қана физиологиялық механизм сипатымен шектеліп қалмай, мидағы бейнеленген нақты дүние, яғни психикалық құбылыстың мазмұнымен байланысты [2].

Сонымен психика дегеніміз – мидың қасиеті. Ағзаның психикалық әрекеті барлық дене мүшелерінің қызметі арқасында жүзеге асады. Олардың бірі сыртқы әсерлерді қабылдайды, екіншілері олардың барлығын сигналдарға айналдырып, іс-әрекетті жоспарлап, қадағалап отырады, ал келесісі – бұлшық еттерді әрекетке келтіреді. Осы күрделі жұмыстардың бәрі қосылып, адамның психо-физиологиялық қалыптасуының белсенді құралы болады.

Мұндай психо-физиологиялық ерекшеліктер табиғатын зерделеу зерттеліп отырған мәселенің түйінді шешімдерін табуда маңызды деп есептейміз.

Оқушылардың психо-физиологиялық ерекшеліктері мен адамдарға қатынасының орнығуы немесе өзгеруіне себепші – бұл оқушылардың жас деңгейі. Мұны зерттейтін  болсақ 12-15 жас бұл адамгершілік және өнер талғамы, эстетикалық сезімдердің белсенді даму кезеңі, психологиялық тұрақталу және мінездің қалыптасу және орнығу кезеңі және ең негізгісі, мақсатты және жүйелі түрде білім алуға азаматтық, кәсіби машықтануға, ынталы түрде ой және дене еңбегімен айналысатын т.б. әлеуметтік рөлдердің нақты қалыптасатын кезеңі болып табылады.

Оқушылар дене тәрбиесі сабақтарында тұлғалық дәрежесі жөнінде біз олардың дене құрылымы, психологиялық жағынан, биологиялық жағы және қылық әрекетін белгілері бойынша топшылаймыз. Ғылым ежелденақ мінезі мен дене құрылысының өзара байланысты екенін дәлелдеген (Э. Кречмер, У. Шелдон т.б.) [4] Дене құрылымы ерекше бітіске ие болған адамдар, мінез жағынан да өзара ұқсас. Осы тұрғыдан барша адамдар үш типке жатады: астеник, пикник, атлетик. Астеник адамдар – көбінесе тұйық, оңашаланғанды ұнатады, ұдайы ойға шомып жүреді, пикник типтес адамдар – көңілді, үйіршең, әңгімешіл, әрқандай қиыншылыққа жасымайды, ал атлетиктер – ұстамсыз, дүлей келеді. Сондай-ақ адамды дене бітісіне қарай жануармен салыстырылады да, сол жануарға тән мінез ерекшеліктері оған танылады. Мысалы, Аристотель пікірінше, адамның танауы өгіздікіндей жуан да қалың болса, ол еріншектік белгісі, шошқадай кең танау, жалпақ мұрын – ақымақтық; қой, ешкі жүніне ұқсас шашты адам қорқақ; доңыз, арыстан қылшықтарындай тіке, қатты шашты адам – ержүрек, батыл т.б. [5].

Оқушыларға дене тәрбиесін беруде адамның психологиялық табиғатына сай, халықтық педагогика элементтерін пайдалануда көрсетілген типтердің ерекшеліктері бойынша жұмыс түрін таңдау қажеттігі маңызды.

Оқушының биологиялық жағдайына мән берсек, мұнда жоғарғы жүйке қызметінің типін, физикалық күшін, дене құрылысының, бет әлпеті ым-ишарасынан сондай-ақ тұқым қуалаушылық, туа біткен нышандарын т.б. ерекшеліктерді білу қажет. Адамның саналы іс-әрекеті биологиялық себеп-салдармен байланыс жоқ. Дене тәрбиесі сабағында талап дұрыс қойылса, жас маман биологиялық қажеттікке бойұсынбай, қандай да бір кедергілерді жеңуге талпынады. Алғашқыда күрделі болып көрінген дене жаттығуларын саналы әрекетпен жоғары деңгейде жасауға бағыттайды және терең заңдылықтарын тануға ұмтылып, соларға орай өз әрекет-қылығына бағыт таңдайды. Дене тәрбие сабағында оқушының психологиялық жағдайы мен физиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, олардың тәжірибені игеруі жаттығуларды үйренуі, әрекет-қылық тәсілдерінің нәтижесі – оқушылардың өз тәжірибелерінің өнімі емес, өткен әулеттерінің, яғни гендік ерекшеліктердің берілетіндігін де естен шығармау керек.

Бір жағынан құндылық бағыттары жүйесін, себеп-салдардың өзгеруі мен кәсіби-мүмкіндіктерінің өсуіне байланысты жас мамандардың – спортта рекорд көрсететін көркем өнер, техникалық сондай-ақ ғылыми жетістіктерге олар жете алатын кезеңде екендігін де ескеру қажеттігі туындайды.

Егер дене шынықтыру жаттығулары қалыпты жағдайда жүріп жатса, соңғы нәтиже мен темперамент арасында ешқандай да тәуелді байланыс болмайды. Сонымен тұлғаның қалыпты жағдайдағы әрекет нәтижесі оның шапшаң не енжар екендігіне қарамай, бірдей өлшемде болады, себебі соңғы өнім нәтижесі басқа факторларға, әсіресе, түрткілер мен қабілет деңгейіне байланысты келеді. Темперамент ерекшеліктері осы жаттығулар мен әрекетті орындау тәсілдерін өзгертуге ықпал жасауы мүмкін.

Оқушылар темпераменттеріне қарай нәтиже емес, сол нәтижеге жету жолдарын таңдауымен ажыратылады. Темпераменттің тума ерекшеліктері тәжірибе, әлеуметтік ортаға және өз басын билей алуға байланысты психикалық процестерде көрініс береді. Жағдайға орай жауап-әрекет, бір жағынан жүйке жүйесінің сипатына, екінші тараптан -  білім алуы, тәрбие, дене мәдениеті кәсіби тәжірибеге тәуелді болмақ. Мысалы, тәжірибелі маманның әрекет  шапшаңдығы тума берілген қасиет емес, ол жаттығу мен үйренудің нәтижесі екендігі хақ. Ал сол әрекеттердің іске асу шегі жүйке жүйесінің мүмкіндіктерімен анықталады.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Выготский Л.С. Собр. соч. : в 6 т. / Под. ред. А.В.Запорожец. – М.: Педагогика, 1985. Т.

2. Жарықбаев Қ.Б. , Қалиев С. Қазақ тәлім – тәрбиесі. - Алматы: Санат, 1995.

3. Лесгафт П.Ф. Собранные педагогические сочинения. Т.2 - М., 1962

4. Уаңбаев Е. Дене тәрбиесінің негіздері. – Алматы: Санат, 2000.

5. Тайжанов С.Дене мүмкіндіктерін тәрбиелеу. – Алматы: Мектеп, 2004.