PhD докторант - М.М.Дуйсенова

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университет, Қазақстан, (Түркістан)

Бастауыш сыныпта қазақ тілін қатысым әдісі арқылы оқыту тұжырымдамасы

 

Бастауыш мектеп «Қазақ тілі» сабағында оқушылардың катысымдық құзіреттілігін қалыптастыру мәселесі – тілдің қатысымдық және когнитивтік салаларының өзара ортақ бағыттары мен ұстанымдарынан туындаған жаңа бағыт. Бұл бағыт бойынша оқушылардың тілді оқуда сөз мағынасын қабылдауда, пайымдауда, түсінуде танымдық ерекшеліктерін ескеру, олардың түрлі өмірлік жағдаяттарда, сабақта өз ойын, пікірін жеткізу, қатысымдық міндеттерді шешу, қатысымдық мақсатты іске асыруда тілдің заңдылықтары мен нормаларын орынды пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру мәселелері алдыңғы орынға шығады.

Оқыту үдерісінде оқушылардың қатысымдық құзіреттілігін қалыптастыру амал-тәсілдері мен ұстанымдары жөнінде пікірлер мен құнды тұжырымдар Ф.Ш.Оразбаева,  Е.И.Пассов, Т.А.Печенцова, Д.И.Изаренков, Л.В.Фарисенкова, М.Н.Вятютнев,   Н.И.Формановская,  А.А.Чингизова,   Г.К.Селевко, М.М.Биназарова    және т.б. ғалымдардың еңбектерінде кездеседі.

Әдістеме ғылымында бүгінгі күнге дейін бір ізге түспей жүрген мәселе: оқушылардың қатысымдық құзіреттілігіне не жатады, оның қандай өзіндік ерекшеліктері бар дегенде ғалымдардың пікірлерінде қайшылықтар кездеседі.

Э.Г.Азимов және А.Н.Щукиннің «Словарь методических терминов» атты еңбегінде «қатысымдық құзіреттілік - оқушылар және қоғам үшін күнделікті оқуда, өндірістік және мәдени өмірде қатысымдық міндеттердің шет тілі арқылы шеше білу қабілеттілігі, қатысымдық мақсатты іске асыруда оқушылардың тіл және сөз құралдарын пайдалана алуы», - дей келе, оқушының сол тілде сөйлеушілермен тікелей немесе реалдық қарым-қатынас барысында сол тілдің нормалары мен мәдени дәстүріне сәйкес өзара түсінісе алса, оның қатысымдық құзіреттілігі қалыптасқан деп тұжырымдайды (1: 109 б).

«Коммуникативная компетенция – способность средствами изучаемого языка осуществлять речевую деятельность в соответствии с целями и ситуацией обшения в рамках той или иной сферы деятельности» (2:185).

Т.А.Печенцова қатысымдық құзіреттіліктің мынадай ерекшеліктеріне баса назар аударады:

·        Оқушының өзінің қатысымдық әрекетін өзі бағалай алуы;

·        әр түрлі қатысымдық жағдаяаттарға жауап бере алуы;

·        өзара қатысымдық қатынасты ұйымдастыра алуы (3:12-16).

Осындай қарама–қайшылықтар болғанымен, көптеген ғалымдар қатысымдық құзіреттілікке оқушылардың түрлі жағдаяттарға өз ойын екінші адамға жеткізу, екінші адаммен немесе қоршаған ортамен еркін тілдік қатынасқа түсу, қатысымдық қажеттіліктері мен міндеттерді орындау секілді қабілеттерді жатқызады.

Бүгінгі күні құзіреттіліктерді біліммен қатар санау тұжырымдамаларда, әдістемелік әдебиеттерде жиі кездесіп жүр. Қазақстан Республикасы 12 жылдық жалпы орта білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының жобасында «Құзіреттілік – әрекеттің әмбебаб тәсілдерін оқушы игеруі арқылы көрінетін білім беру нәтижесі» деп көрсетілген (4). Біздің пікірімізше, құзіреттілік – тек білім ғана емес, оқушының оқыту үдерісінде меңгерген білімдерін практикада қолдануы, дағдылары мен біліктерін орынды пайдалануы. Қатысымдық құзіреттілікке бастауыш мектеп оқушыларының ана тілінде тілдік қатынас жасауы, ұғынысуы, түсінісуі, күнделікті өмірдегі түрлі жағдаяттарда тілдесім әрекеті арқылы өз ойын жеткізуі жатқызылады.

Қазіргі таңда жаңа буын мектептерде білім берудің мақсаты өзгерді. Сондай өзгерістердің бірі – бастауыш сыныптарда қазақ тілін қатысым әдісі арқылы оқыту. Қатысым әдісімен оқытудағы мақсат жеке тұлғаны дамыту; баланың тиімді психикалық даму мен кіші мектеп жасындағы оқушының сөздік қорын, тілін дамыту және өзін-өзі тәрбиелеу; баланы әлеуметтендіру; оның әлеуметтік ортада өмір сүру заңдарын қабылдауы; өзіндік әрекет түр-лерін дамыту; сөз байлығын арттыру; сөздік қорын молайту нәтижесінде эрудициясын қалыптастыру арқылы баланың одан әрі білім алуын қамтамасыз ету. Бұл тұжырымдама жасаудың негізгі ұстанымдарын жасауға мүмкіндік береді:

– қатысымдық жүйенің барлық құрылымы (мазмұн, әдіс, құрал, оқытуды ұйымдастыру формасы) мақсатқа тәуелді өзгертуді талап етеді;

әр сыныптың психикалық ерекшелігін есепке алу қажет (ойыннан оқуға көшу); ойлау түрі маңызының өзгеруімен елестетуден теориялыққа бірте-бірте көшу және ересектермен тілдік қарым - қатынас амалдарын реттеу;

оқу пәнін тілдік қатысымның жүзеге асырудағы өз орнын іздестіруге бағдарлау, оқып үйрену мен ынта қалыптастыруда оқушының оқылым, жазылым, айтылым және тыңдалым міндеттерін шешудің жалпы тәсілдерін меңгеруі, өз әрекетін өзі бақылауы және оның нәтижесін салыстыра білуі баланың психикалық дамуын, қажеттілігін қанағаттандырады және тілдік қатысымның тиімді қалыптасуын қамтамасыз етеді. Тілдік қатысымның қалыптасуының алғашқы кезеңі бірінші ,екінші сыныптарға сәйкес келеді, бірақ оның барлық құрылымдарының дамуы өмір бойы тоқталмайды;

тілдік қатысымды қалыптастыру проблемасын теориялық білімдердің ролін қарастырудан бөлек алып қалыптастыруға болмайды.

Себебі тілдік қатысым арқылы оқытудың әдістемелік жүйесін жасауда дұрыс түсінік берілмесе теориялық білім ақыл-ой әрекеті мен әр түрлі оқу міндеттерін шешу тәсілдерінің негізі ретінде қарастырылмай, тек ережелер мен анықтамалардың жиынтығын береді және оқушыдан оны механикалық есте сақтау талап етіледі. Сондықтан интеллектуалдық білім оқушыны дамы-тудың бірден-бір құралы емес. Бұл туралы Л.С.Выготский былай деп жазды «Баланы сауаттылыққа үйреткеннен оның ақыл-ой дамуында ешқандай жаңа-лық болған жоқ. Бұл сол бала тек сауатты бала (5:111). Сол себепті оқыту өзінің ақыл-ойды дамытудағы жетекші ролін бәрінен бұрын білім мазмұны арқылы жүзеге асырады. Онда бұл үдеріс әрбір оқу пәнінде теориялық білімнің ара салмағы жоғары болатын мазмұнға орын табылған жағдайда ғана мүмкін болады. Сондықтан Д.Б.Эльконин мәселені шешу үшін әрбір нақты жағдайда және жас ерекшелігіне қарай білім берудің сәйкес келетін формасын табу керек. Оларды ойлап табуға және жасауға болады. Ал формалардың өзінің даму логикасы обьективтік логика болып табылады деген болатын (6:50). Сонымен, келесі маңызды ұстаным тілдік қатысымды үйрету мазмұнын теорияландыру. Оны жүзеге асыруда яғни тілдік қатынасты қалыптастыруда, баланы қоршаған ортаға байланыстарды, тәуелділіктерді, заңдылықтарды өз бетімен танып білуде, мәнісін түсінуде, талдауда, дәлелдеуде сөйлесім, айтылым, тыңдалым және жазылым сияқты т.б. біліктерін дамыту айрықша роль атқарады.

тілдік қатысым барысында баланың жасына байланысты логикалық ойлауға бірте-бірте көшу ерекшелігінің мәні мынада: баланың ойлау әрекеті-нің барлық түрін дамытуға және жетілдіруге мүмкіндік беру.

 

Әдебиеттер

1.          АЗИМОВ Э.Г., ЩУКИН А.Н. Словарь методических терминов.- Санкт-Петербург: Златауст, 1999: 109 с.

2.     ФОРМАНОВСКАЯ Н.И. Коммуникативно – прагматические аспекты единиц общения. М.: 1998:185 с.

3.     ПЕЧЕНЦОВА Т.А. Коммуникативная сртатегия обучения русскому языку// Педагогика. 2003:12-16 с. №4.

4.           Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие   тұжырымдамасы ҚР Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 16 қарашадағы № 521 бұйрығымен бекітілген.// Егемен Қазақстан, 16.11.2009

5.     Выготский Л.С. Проблемы развития психики. –М.:Педагогика,1983. – 111с.

6.     Эльконин Д.Б. Избранные педагогические труды. – М.: Международная педагогическая академия, 1995: 50 с.