Биологические науки/8. Физиология человека и животных. 

Дурмекбаева Ш.Н.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Қазақстан

Абишева А., Жакенова Ж.Ж.

Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Қазақстан

 

Оқушылардың физикалық жаттығуларға байланысты гемодинамикалық көрсеткіштері

 

  Жүректің негізгі қызметі - қанды қозғалтып, оның тамырлармен айналуын қамтамасыз ету. Бұл жұмысты ол еттерінің жиырылу (систола) және босаңсуы (диастола) арқылы атқарады.

Систолалық артериалдық қысым (САҚ) –жоғарғы көрсеткіш - ол жүректің соғуы кезінде тамыр арқылы өтетін қанның мөлшерін жəне оның тамыр қабырғаларына тигізетін қысымын көрсетеді. Диастолалық артериялық қысым (ДАҚ) – төменгі көрсеткіш – бұл жүректің соғу арасындағы тынығу кезіндегі қалдық қысым деңгейін көрсетеді [1].

 Дені сау ересек адамның қанының систолалық қысымы 110-120 мм сынап бағанасымен, ал диастолалық қысымы 70-80 мм сынап бағанасымен өлшенеді.  Мұны қысқаша - 110/70 немесе 120/80 мм сынап бағанасымен деп жазады. Бұл көрсеткіштен жоғары болса, онда - гипертония, ал төмен болса, онда гипотония дейді[1].

Жүрек қантамыры жүйесінің жұмысына көптеген факторлар əсер етеді жəне ол жасына, жынысына сай өзгереді. Қан айналым жүйесінің көрсеткіштері – динамикалық көрсеткіш болып табылады. Сол себептен оқу үрдісі, сыртқы орта, психо-эмоциональдық күйі, дене жаттығулары және т.б жүрек –қантамыры жүйесінің жұмысына əсерін туғызады.

Физиологиялық зерттеулер Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 15-16 жастағы оқушылары арасында жүргізілді. Топтағы оқушылардың  барлығының жастары бірдей (15–16 жас), сонымен қоса антропометриялық мəліметтерді де ескердік (бойының орташа ұзындығы 162 см, салмағы 48 кг құрады).

Зерттеу барысында артериялық систолалық жəне диастолалық қысымды өлшеу, жүректің жиырылу  жиілігін мөлшерленген жүктеме алдында жəне кейін өлшеу жүргізілді [2].  Қолданылған əдістер: артериалдық қысым (АҚ) Коротков əдісімен өлшенді. Алынған көрсеткіштерге статистикалық өңдеу арнайы статистика бағдарламалары бойынша жасалынды.

Систолалық және диастолалық қан қысымының орташа көрсеткіші зерттелген оқушыларда қалыпты жағдайда нормаға сəйкес екендігі анықталды. Сонымен қатар систолалық жəне диастолалық қысымның айырмасы болып табылатын пульстық қысым (ПҚ) барлық оқушыларда қалыпты деңгейде болды (1-сурет). Қалыпты жағдайда жүректің жиырылу жиілігінің орташа мәні 76 соғ/ мин, систолалық қысым-118 мм с.б., диастолалық қысым-75 мм.с.б., пульстық қысымы- 40 болды.

Жүректің жиырылу жиілігі (ЖЖЖ)- жүрек жұмысы кезінде (систола мен диастолада) қан тамырларының қанға толуының өзгеруіне байланысты олардың кабырғаларының оқтын-оқтын тербелуін көрсетеді. Бұл көрсеткіш зерттелген топтарда қалыпты жағдайға сай, яғни соғу жиілігі минутына 75 -78 аралығында тербелді.

Қанның систолалық көлемі (ҚСК) -  бұл əр жиырылу кезінде сəйкес тамырларға жүректің ығыстырып шығаратын  қанының мөлшерін көрсетеді. Зерттеліп отырған оқушыларда қалыпты жағдайда қанның систолалық көлемі қалыпты жағдайының нормасына сай келеді. 

 

1-сурет. Оқушылардың физикалық жаттығуларға байланысты гемодинамикалық көрсеткіштерінің өзгеруі 

 

Оқушылардың физикалық жаттығуларға байланысты гемодинамикалық көрсеткіштерінің өзгеруі байқалды. Оқушылар 10 рет және 20 рет отырып тұрудан  соң жүректің жиырылу жиілігі, систолалық қысым, диастолық қысым, пульстық қысым көрсеткіштерінің артуы байқалды (1-сурет). 

Сонымен зерттелген оқушыларда қан айналым жүйесінің жағдайы қанағаттанарлық деп есептеуге болады.

 

 

Әдебиеттер:

1.     Сәтпаева Х.Қ.,Нілдібаева Ж.Б., Өтепбергенов Ө.А., Адам физиологиясы.- Алматы,1995.-192 б.

2.     Гуминский А.А., Леонтьева Н.Н., Маринова К.В. Руководство к лабораторным занятиям по общей и возрастной физиологии. – М.: Просвещение, 1990.-240с.