П.ғ.к., доцент Белгібаева
Г.Қ., фс.ғ.к., профессор
Иманбеков М.М., магистрант Аятхан С., студент Манабай Г.Ү.
Қазахстан, Академик
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Тәрбие
басы - тал бесік
Халқымыздың сан ғасырлық тыныс-тіршілігіне тән
болмысы мен дербес ерекшеліктерінен туындаған, ұлттық
тәлім-тәрбие беруге қатысты салт-дәстүр,
әдет-ғұрыптары жетерлік. Қазақ мемлекетінің
саяси, экономикалық дамуымен қатар, ұлттық болмысымызды
нығайту үшін ұлттық мәдениетіміз бен руханиатымызды
жаңа сатыға көтеру – ел болашағын ойлайтын әрбір
азаматтың қасиетті борышы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты
мақаласында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз
ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып
отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық
жаңғыруларды толықтырып қана қоймай,
олардың өзегіне айналады», – деп тура біз айтып отырған
мәселеге ерекше ден қойды. Бұл
мақсатқа қол жеткізудің алғы шарты – болашақ
иесі өскелең ұрпақтың тәрбиесін
ұлттық мүдде деңгейде жүргізу ісін қолға
алу, олардың бойына ұлттық қасиетіміздің ең
үздік нұсқаларын қалыптастыру. Ол үшін
аталған үдерісті жүзеге асыратын педагогтардың
біліктілігін заманауи сұраныс деңгейіне жеткізу керек.
Тектілігі тереңге тамырлаған қазақ халқы бала
тәрбиесіне баса назар аударғаны белгілі. Ұлтымыз
қашанда баласының рухани жағынан бай болуына
көңіл бөлген. Сәби дүниеге келгеннен бастап,
оның ақыл-ойы, дене бітімі дұрыс қалыптасуына
ғана ден қоюмен шектермей, рухани тұрғыдан жетілуіне де
назар аударған. Кішкентайынан бала бойына адалдық, әділдік,
мейірімділік, адамгершілік сияқты бар ізгі қасиеттерді
сіңіреді. Қазақтар – балаңды отбасыңның
дәстүрімен тәрбиелеме, ұлтыңның салт-санасымен
тәрбиеле деген ұстанымға ден қойып,
халқымыздың бойына сіңген, атадан балаға жалғасып
келе жатқан мәдениетке баулуға тырысты. Алаш жұртын өзге
халықтардан ерекшелендіріп, тек қазаққа ғана тән
болмысымен көрсетіп тұратын да осы екенін ұмытпауымыз керек.
Қазақ жұрты тәуелсіздік тізгінін қолына алып,
әлемдік өркениет айдынына құлаш ұрғаннан
бері қоғамдық тәрбие ұйымдарындағы
тәрбие мәселесі де жаңаша жүргізіле бастады. Бүгінгі таңда адамгершілігі
мол, сапалы да салауатты ұрпақ қалыптастыруда халықтық
тәрбиеге қатты көңіл бөлінеді. Әсіресе,
қазір мектептерде, жас мамандар даярлайтын арнайы және жоғары
оқу орындарында ұлттық тәрбиеге айрықша мән
берілуде. «Жастар – біздің
болашағымыз» дейтін болсақ, сол жастарымыз ұлты үшін
қызмет ететін ұлтжанды, Отанын сүйетін патриот, жоғары
адамгершілік иесі, рухы мықты, парасаты биік азамат етіп тәрбиелеу
үшін оларға жаңа мазмұнмен байыған ұлттық
тәрбие қажет екенін өмірдің өзі-ақ
көрсетіп отыр. Сабақ үрдісінде оқушыларға
тұрмыстық өмір тәжірибесінде кездесетін әдет-ғұрыптарды,
бала дүниеге келгеннен бастап өскенге дейінгі аралықта
қолданылатын салт-сананы, инабаттылық дәстүрлерін,
сөйлеу әдебін, киім кию мәдениетін үйретіп,
ұлттық тәрбиедегі еңбек тәрбиесінің орнын
анықтау дәстүрге енді. Қазақ халқының
озық қолөнер һәм өнер үлгілерін
және олардың тәрбиелік мәнін көрсету, басқа
да ұлттық құндылықтарымызды оқыту
құптарлық іс.
Бабаларымыз өмірлік тәрбие негізінде «Тәрбие
басы - тал бесік» деп тұжырым
жасаса, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар
Әуезов, «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деп пәлсапалық
ой түйеді. Қазақ көркем сөзінің кереметі
Мағжан Жұмабаев «Қазақ баласының тәрбиесі
қазақ тұрмысына қабысуы мақұл» – деп, ұлттық
тәрбиенің маңыздылығына артықшылық береді.
Адам ата –
Хауа ана заманынан бері ұрпақ тәрбиесіне
қай кезеңде да, қай ел, қай
ұлт болмасын үлкен мән берілген. Өйткені, кез-келген халықтың өсіп-өнуі,
өркендеуі балаларына, олардың қалай тәрбиеленіп,
қалыптасуына байланысты. Ұрпақ – ұлт
болашағы. Ұлт ірі болуы үшін балаларды жаман, жақсы деп
бөлмей, олар қоғамның бір бөлшегі, азамат
атануына, аяғынан нық тұруына көмектесу керек. Нашар
бала болмайды. Бау-бақшаны баптап, күтіп, суарсаң ғана
жемісіне кенелесің. Сол сияқты, баланың теріс мінездерін
үнемі қадағалап, түзету – қоршаған
ортаның, яғни ата-ана мен мектептің міндеті. Өмір шындығына жүгінсек,
тәрбие бастауы, оның қайнар көзі, ананың
сүтінен нәр алып өскен ортасына тікелей байланысты.
Қазақтың «Ұяда не
көрсең, ұшқанда соны ілерсің!» деген астарлы
сөзінде үлкен мағына бар. Алайда, қызмет барысында
байқап жүргеніміздей, бірсыпыра ата-аналардың бала
тәрбиесі жайлы көзқарастарында елеулі қателіктер де
көрініс береді. Кейбір ата-аналар: «Баламды киіммен, тамақпен
қамтамасыз етсем болды, білім, тәрбие беру – мектептің ісі»
деп, мәселенің материалдық жағын ғана өз мойнына алып,
ұрпаққа адамгершілік, рухани нәр беруді, яғни
ең басты да ауыр парызды өзгелерге ысыра салады. Бала
тәрбиесін мектепке аудара салумен шектелмей, ата-ана, мектеп,
қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып жұмыс жасауына
қол жеткізу, ұстаз үшін де, ата-ана үшін де,
түптің түбінде мемлекет үшін де тиімді. Бала
тәрбиесінде негізгі де маңызды рольді
ата-ана атқарады. Ата-ана отбасында
өздерінің күнделікті жұмысы,
тындырған ісі туралы бала-шағасының
алдында айтып, әңгіме-дүкен құрады. Бірте – бірте балалары да өз
жаңалықтарын ортаға салып, айта бастайды.
Осылайша отбасы мүшелерінің
өзара сенімі, сүйіспеншілігі, достық
қатынастары нығая түседі. «Ата-ана қарап бала өседі, қарағайға қарап
тал өседі» деп тегін айтылмаған
болса керек. Ата-ана баламен тілдесуде, пікірлесуде
бейауыз сөздерді қолданбай, жеке басының
мүддесін дөрекілікпен қорғамай, мейірімді,
табиғи, жылы, ақылды сөздер айтып, баласына
өнеге бола білсе, тәрбиеде табысқа
жетеді. Өйткені «Жақсы сөз жан семіртеді». Кейбір
ата-ана баласына айтқанын орындатамын денген принциппен өзін
өте қатал ұстайды. Әрине, бала
қорыққанынан ата-анасын
тыңдауға мәжбүр болады. Бірақ, бұл –
уақытша жеңіс.
Қазіргі заман талабына орай, материалдың игілікке қол
жеткіземін деген үміт жетегімен, қазіргі уақытта
көптеген ата-ана жұмысбастылыққа салынып, бала
тәрбиесіне көп көңіл бөлмейді. Ал, бала қашанда
жыллықты отбасынан іздейді. Балаға ата-ана тәрбиесінің
орнын ештеңе толтыра алмайды. Бала отбасындағы
сыйластыққа қарап үлкенге құрмет, кішіге
ізет етуді үйренеді. Баланы есті, саналы етіп тәрбиелеу – ата-ананың
парызы. Әрбір ата-ана жүктелген жауапкершіліктің
маңызды екенін сезінуі керек.
Қоғамның және қоғамдық
қатынастардың өзгеруіне байланысты адам өзгеретіні
анық. Осы түсінік тұрғысынан алып
қарағанда, қазіргі балаларды осыдан бір-екі буын бұрын
жасаған адамдардың сәби шағымен салыстыру мүмкін
емес. Отбасындағы көп баланың бірі болғандардың
ересектерге сый-құрметі ерекше: олар үлкеннің,
педагогтың айтқанын екі етпей орындайды. Жалғыз-жарым
өскен баланың еркелігі де, өзімшілдігі де басынан асады. Осы жағын
ескере отырып, қазіргі балалармен жұмыс істеу әдісін де
мүлде басқа арнада жүргізу керек. Әрбір
сәбидің отбасындағы тәрбиенің һәм
өзіне ғана тән тұлғалық ерекшелігін ескере
отырып жұмыс істеу керек. Оның үстіне, қазіргі
балалардың көбі уақытының көбін ақыл-ойды
дамытатын пайдалы іске, тәрбиелік мәні бар еңбектен
гөрі компьютердің алдында өткізеді. Кейбір ата-ана
балаларының бір сәттік қуанышын, өздерінің
тыныштығын күйттеп, тұлғаның болашағына
орасан зардап келтіретінін ойлай бермейді. Жаңаның бәрі жақсы
емес. Сондықтан, дана бабаларымыз «Жақсыдан үйрен, жаманнан
жирен» деген аталы сөз қалдырды.
Мектеп және оған дейінгі қоғамдық
тәрбие орны – ұрпақ тұлғасын
қалыптастырудағы шешуші буын. Қазіргі таңда педагог
алдын көрмеген, балабақша мен мектеп тәрбиесінен
өтпеген жас адамды көзге елестету мүмкін емес. Мектеп немесе
балабақша, қандай меншік түріне жатпасын, отбасынан,
қоғамнан бөлініп, дербес өмір сүре алмайды. Олар
әрдайым отбасымен, қоғамдық ұйымдармен және
ресми билікпен тығыз араласып жұмыс істейді. Соған орай,
қоғамдық күштерді біріктірушінің, оларды
ортақ мақсатқа бағыттаушының ролін
атқарады. Бір мектеп, яки балабақша шағын
өңірдегі, мөлтек аудандағы тәрбие
жұмыстарын үйлестірсе, елдің қоғамдық
тәрбие жүйесі қандай қуатты күш екенін
пайымдауға болады. Ол жеке тұлға қалыптасуы мен
дамуында алуан түрлі факторлардың дамуын біріктіріп, сол
арқылы бүкіл қоғамның дамуына әсер етеді.
Мектепалды тәрбие орындары мен жоғары мектепке дейінгі
қоғамдық орындарда дүниенің қозғаушы
күші АДАМ және оның болмысы – дүниетанымы,
еңбекке құлшынысы, мінез-құлқы,
эстетикалық талғамы, т.б. ерекшеліктері қалыптасады.
Күллі
әлемді мойындатқан ғұлама ұстаз әл-Фараби
бабамыз: «Адамға
ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім –
адамзаттың қас
жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп төндіреді» –
деп бекер айтпаған болса керек. Осы тұрғыдан алғанда,
бабадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы
қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке
баулуды мақсат ететін болсақ, аталарымыз бен
әжелеріміздің отбасы тәрбиесінде қолданған
әдіс-тәсілдерін өмірге кеңінен енгізудің
мәні зор. Мәселенің түйіні сәбиден шыншылдықты,
әділеттілікті, иманды болуды, еңбекшілдікті талап етпестен
бұрын сол талапты әрбір ата-ана өзіне қойғаны
ләзім. Яғни, ата-бабалармыз ұстанған ұлттық
салт-дәстүрді мықты сақтауды әркім өзінен
бастағаны жөн. Әрине, оқу-тәрбие жұмысына
ұлттық ерекшелік пен халықтық тәрбиенің
негіздерін молынан енгізу, өңір тарихы мен мәдениетінің
материалдарын пайдалану кеңінен жүруі керек. Мысалы, өлке
тарихына қатысты сөз болса, Қарағандының
өзінде ғана сәбилер тобымен бірге Қаздауысты
Қазыбектің, Бұқар жырау мен Апақ Байжанов,
Қаныш Сәтбаев пен Қасым Аманжолов, Евней Бөкетов пен
Мартбек Мамыраев сияқты тұлғалардың ескерткіштеріне
саяхат жасап, олардың еңбегі туралы айтып, бірге суретке
түсіп, т.б. іс-шаралар өткізсе, сыныптағы сабақтардан
гөрі әлдеқайда әсерлі де пайдалы болатыны
күмәнсіз. Адамның бойына ұлтының, жерінің
тарихына құрмет, сол арқылы алдыңғы буынға,
олар жасаған мұраға ілтипатты көзқарас
қалыптасады. «Барлық асыл қасиет бізде ғана
болған, басқаларда түк жоқ, немесе, жақсы мен
жаңаның бәрі сырттан келді, бабаларымыз мал
баққаннан басқа ештеңе жасамаған екен» деген
тәрізді үстірт пайымнан аулақ, дербес көзқарасы
бар тұлға тәрбиелеу оқу-тәрбие
жұмысының әрбір сәтін мазмұнды жүргізуді
талап етеді. Қазіргі
қоғам жан-жақты үйлесімді жетілген
жаңа адам тәрбиелеуді талап етеді.
Қоғам талабы – заман талабы. Өйткені, «Әр
адам – өз заманының перзенті». Қай заманда болмасын, адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің
ең бастысы – ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ
тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғамның
тәрбиесі. Келешек қоғамның өкілі рухани
жағынан жетілген, ұқыпты, ұстамды, өнегелі,
мейірімді, сыпайы,білімді, мәдениетті болуы керек.
Елбасы
Н.Назарбаев «Кешегі бабамызбен ғана емес, бүгінгі бағамызбен,
ертеңгі шамамызбен де мақтана алатын ұлт болуды ойлауымыз
керек», – дегенде, ең алдымен
бүгініміз бен ертеңімізді қалыптастыратын ұрпақ
тәрбиесін айтқаны хақ. Сондықтан, болашағымыз
қамсыз болуы үшін ата-бабамыздан қалған
ұлттық тәлім-тәрбиені бүгінгі ғылым
жетістігімен тығыз байланыстыра, теория мен практиканы ұштастыра жүргізгеніміз
жөн.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Алтынсарин Ы. Таңдамалы
шығармалары. Алматы: Ғылым баспасы, 1994. – 289 б.
2. Қ. Жарықбаев,
С.Қалиев. Қазақтың тәлім-тәрбиесі. Алматы,
1995.- 327 б.
3. Гүлзия Якубова. Ата-баба дәстүрі
ұрпаққа өнеге. Алматы,2016.- 51 б.
4. http://bilimdiler.kz/tarbie-sagaty/2467-tarbie-tal-besik.html.
5. https://yvision.kz/post/112411.