П.ғ.к., доцент Белгібаева Г.Қ., магистрант Мадешова А.А.,

студент Сейталы А.

Қазахстан, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Білімді ұрпақ - ұлт болашағы

Қай кезде болмасын қоғам дамуындағы ең маңызды мәселе-білім беру. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, төрткүл түниедегі дамыған елдермен терезесі тең болуының ең басты ошағы-білім болып табылады. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келетін кез келген мемлекет, ең алдымен білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді.

Бүгінгі таңда білім беру жүйесіндегі жаңа реформалар Қазақстандық білім беру жүйесін түбегейлі жаңартуды көздеп отыр. Негізгі мақсаты ұлттық білім беру жүйесін құру,сапалы білімге және адами капиталдың сапалық өсуіне қол жеткізу.

Бүгінгі өскелең ұрпақ-еліміздің ертеңгі болашағы. «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман». Біз кешегі бабамыз бен ғана емес, бүгінгі бағымызбен, ертеңгі шамамызбен де мақтана алатын ұлт болуды ойластыруымыз керек»,-дейді елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Бұл біздің болашағымыздың жарқын болуы үшін, жан-жақты терең білім алып, өткеннен үлгі ала отырып, өзіміз ертеңгіге үлгі болуымыз керек деген сөз. [1]

Болашақ - бүгінгі жас. Ол білімді де саналы болса, алыңғы қатарлы дамыған елдің  жастарымен бәсекелестікке түсе алатын қабілетті болса, жан-жақты дамыған құзіретті тұлға болса, мемлекетіміздің іргетасы мықты, болашағы жарқын болары сөзссіз.

Қазіргі кезде еліміздің білім беру ісінде түбірлі өзгерістер болып жатқаны мәлім. Ал бүгінгі таңда мектептің, мұғалімнің ең қасиетті міндеттерінің бірі болып - рухани бай, жан-жақты дамыған, дарынды бойында ұлттық құндылықтар бар, жеке  тұлғаны қалыптастыру. Сол себепті барша ұстаздардың, ата-ананың, қоғамның міндеті әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді жандандырып, ұлттық сана-сезімі жоғары тәрбиелі ұрпақты өсіріп шығару болып табылады.

Қазақ халқының  ағартушысы  М.Жұмабаев былай деген :«...Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»,- деген. Бұл үлкен міндетті орындауда ұстаздардың ролі жоғары болу керек. Ол ең алдымен мұғалімнің даярлығына, оның іс-тәжірибесінің қалыптасып шыңдалуына байланысты.

Мұғалім-баланың маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын болашағын қалыптастырушысы, бала қиялын самғатып,арманын көкке ұсындырушы басты тұлға. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік –саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім-тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі. Ендеше қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып,биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу - мұғалімнің басты міндеті. Мұғалім өзінің мамандығын оқытуды жетік меңгерген, шығармашылық еңбек ететін, халықтық дәстүр, әдет-ғұрып пен салт-сана   ерекшеліктерін  әлеуметтік  қарым-қатынастар түрлерін кәсіби түрде меңгеруі, педагогикалық шеберлігін үнемі жетілдіріп отыру тиіс. Әсіресе осы педагогикалық шеберлігін үнемі жаңартып отыруы,шыңдауы оның ұстаздық тәжірибе жинақтауының ең басты алғы шарты болып табылады.[2]

Я.А.Коменский балаларға тәлім-тәрбие беретін  мұғалімді өте жоғары бағалады: «Мұғалім мәңгі нұрдың қызметшісі. Ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі. Оларға тамаша қызмет тапсырылған,күн астында одан жоғары ешнәрсе болмақ емес», - деді. Балалардың санасы мен мінез - құлқының қалыптасуына тәрбиешінің жеке басының, оның моральдық бейнесінің атқаратын рөлі орасан зор. Бұл әсерді өзінің күші жағынан ешнәрсемен салыстыруға болмайды. Бұл - ерекше құдіретті күш.  Орыстың ұлы педагогі Д.К.Ушинский «Тәрбие де барлығы да тәрбиешінің жеке басына негізделуге тиіс. Ешқандай жарғы және бағдарлама, ешқандай оқу орнының жасанды орталығы қаншалықты жетілдірілгенімен тәрбие ісінде жеке адамды алмастыра алмақ емес. Тәрбиешінің тәрбиеленушіге тікелей әсерінсіз мінез-құлыққа сіңерліктей шын тәрбие беру мүмкін емес»деп жазды. Сондықтан даұстаздардың  жеке басына ерекше талаптар жүктеледі. Қазіргі заман талабында өмір сүре алатындай мінезге бай, білімді, көзі ашық-көкірегі ояз жасөспірімдерді қалыптастыру үшін мұғалімнің өзінің жеке басы сол талаптарға сай болу керек. Мұғалімнің жеке басында сөз бен істің арасында алшақтық болмау керек.[3]

Әрине балаларға білім берместен бұрын олардың тәрбиесіне де ерекше мән беріледі. Барлық тәрбие отбасынан басталады. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, отбасында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Тәрбие жайындағы белгілі мәліметтер адам баласының тәрбиесіне сүйенеді. С.А. Назарбаеваның  «Ұстаздан ұлағат» атты кітабында: «Тәрбие дегеніміздің өзі, ең алдымен,баланың сезімін оятып, әсершілдігін дамыту сезімді тәрбиелеу - баланы қоғамдық мәні бар,адамдарға жақсылық әкелетін қылық - қасиеттерден рахат, қуаныш табуға баулу деген сөз. Парасаттылық дегеніміз - адамзатқа қызмет ету»,- деп жазылған.

Қазақстан Республикасының баянды да тәуелсіз мемлекет болу үшін ұлттық құндылықтар, тәрбие,жоғарғы білім арқылы халық педагогикасынан нәр алып, адами құндылықтардың барлық саласын бойына сіңірген, таза ұлтжанды азамат керек. Қазақ мемлекеті үшін бар білімі мен қабілетін сарп ететін, елін, туып-өскен жерін, тілін, дінін, халқының тарихын, мәдениетін біліп, құрметтейтін жеке тұлға тәрбиелеу мен білім беру мекемелерінің басты міндеті. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз және оны қалыптастыру басты міндетіміздің бірі» деген сөзін басшылыққа ала отырып, «Менің Отаным - Қазақстан» деп ойлайтын әрбір азамат ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіретін тәрбие жұмысын жүргізуіміндетті. Ұстаз қолында адам тағдыры, болашақ ел тағдыры тұрады. Сол себепті заман талабына сай шығармашылықпен жаңашылдықпен  сан қилы тәрбие жұмыстарын жүргізу - мұғалімнің басты міндеті екенін ұмытпауымыз керек.[4]

ҚР «Білім туралы» заңында білім берудегі міндеттерінің ішінде ең маңыздылығы баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру және дамыту туралы айтылады. Мемілекетіміз бәсекеге қабілеті 50 елдің қатарына қосылуымыз үшін балаларымыз дүниежүзілік білім кеңістігінде өз білімі, қабілеті, еңбекқорлығымен өз орнын табу керек.[5]

Өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелесе,ол қоғамның болашақ иесі бола алады. Ұлы Абайдың «Артыңызға іс қалдырғыңыз келсе, ұрпаққа адамгершілік нұрыг сеуіп, білімге тәрбиелеу керек»- деген сөзі білім мен тәрбиенің қажеттілігі мен маңыздылығын айқындай түскендей. Өйткені, білім-өркениетке жеткізетін құрал.

ХХІ-ғасыр білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі дамыған, зерделі, жан-жақты, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.  Әділбекова Ж.З. Білім беру үрдісіндегі жаңа технологияларды енгізу.-Алматы 2002.-235 б.

2.  Тұрғынбаева Б . А. Дамыта оқыту технологиялары.- Алматы 2000. 55-64 Б.

3.  Ушинский К.Д. Человек как предмет воспитания.Пд.соч.Т.5.-М.:Педагогика. 1990.-527 б.

4.  Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030»Жолдауы.

5.  Білім туралы.-Об образовании. ҚР-ның заңы.-Алматы:Литера,2000.-304 б.