Садвокасова А.А., Жусупбекова З.Д., Кударинова А.С.,
Ашимханова Г.С.
Академик Е.А. Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті
Мектеп жасына дейінгі балалардың
байланыстырып сөйлеу тілін
дамыту әдістері
Байланыстырып сөйлеу тілі – өз
алдына жалпы сөйлеу тілінің күрделі түрі болып
табылады. Байланыстырып сөйлеу – тек қана сөйлемдердің
тізбегі емес, ол сөйлемдердің бір – бірімен тиянақты, белгілі
бір ретпен, кезектілікпен, мазмұны жинақы
құрастырылған сөйлемдердің жүйесі.
Бірақ, өз ана тілін білген адам, тек сөйлеп қана
қоймайды, ол өз ойын байланыстырып сөйлеу тілі арқылы
жеткізе біледі.
Балалардың
сөйлеу тілін қалыптастыру үшін, ересек адамдармен эмоционалды
қарым-қатынас жасауға, заттық және әр
түрлі ойын әрекеттерінде, ойлау әрекетінің көрнекі-заттық
түріне, естуіне, көруіне, иіс сезуіне, қоршаған ортаны
бағдарлауына үлкен назар аудару қажет. Осымен бірге ересек
адамның сөйлеу тілі баланың фонематикалық есту
қабілетінің, белсенді сөз қорының,
сөздің мағынасын түсінуінің дамуына өз
үлесін қосады.
Сөздік
қор мен грамматикалық қатардың дамуы қайталау
арқылы меңгеріледі. Баланың грамматикалық
қатардағы тілді меңгеру процесі күрделі және
көпқырлы екенін сипаттай келе А.И. Гвоздев ең алдымен
баланың нақты және оңай категорияны тез
меңгеретіндігін жазды.
Басты
назарды баланың сөйлеу тілінің негізгі түрі –
қарым-қатынас түріне аудару керек. Себебі, ол баланың
байланыстырып сөйлеу тілінің қалыптасуының бірден-бір
тәсілі.
Балалар
заттың атын атап айта білуімен қатар, оны сипаттай білулері
қажет. Т.А.Фотекованың айтуынша, байланыстырып сөйлеу
тілінің қалыптасуында, сөйлеу тілі мен ақыл ойдың
дамуын анық көрсететін тығыз байланыс болады. Әрбір
жеке адамның сөйлеу тілі, ойлау әрекетінің
ерекшелігіне, темпераментіне, жан-жақтылығы мен басқа да
психикалық даму жақтарына байланысты ерекшеленеді. Сөйлеу
әрекетін әр түрлі танымдық әркеттерімен,
әсіресе ойлауымен байланысты қарастыру жөн. Сондықтан
да сөйлеу тілі ойлаудың негізгі құралы болып табылады.
Ойды
байланыстырып сөйлеу арқылы жеткізе білудің бір түрі,
үнсіз іштен сөйлеу болып табылады. Ол да байланыстырып сөйлеу
тілінің бір түріне жатады. Бұл механизм психологияда – іштен
сөйлеу деп аталады. Осы әрекетті жүзеге асырып барып,
дұрыстылығына көз жеткізгеннен кейін ғана, өз
ойын ауызша байланыстырып сөйлеу тілі арқылы жеткізуге болады.
Л.С.Выготский
диалогтың, сөйлеудің, әңгімелесудің
жаңа түрткісінің әрбір сәті ауызекі
сөйлеуді құрады деп жазды. Әңгімелесуді
ұйымдастыру кезінде баланың сөйлемдерді толық айтуына,
сондай-ақ сөйлеу байланысын оқуға даярлаудың жолының
бірі диалогқа талаптану керек. Ауызша сөйлеу тілінің
байланыстылығы лексикалық, грамматикалық, интонациялық
әдістерді дұрыс қолдану арқылы жүзеге асады.
Оларға есімдік, есімдікпен үстеу тіркесі, шылау, көмекші
сөздер, етістіктің шырайлары, кірме сөздер, толық емес
сөйлемдер, лексикалық бірлікті жеке-жеке қайталау, фразалы
синонимдер, әртүрлі интонациялар жатады. Грамматикалық
сабақтарда байланыстырып сөйлеу тілін дамытудың негізгі
ағымына мәтіннің грамматикалық, синтаксистік және
орфографиялық талдаулары жатады. Байланыстырып сөйлеу тілін
дамытуға бағытталған жұмыс түрлері
балабақшаларда тіл дамыту сабақтарында диалогты
ұйымдастырудан басталады [1].
5
жаста балалар тек қана тыңдаған шығарманың
мазмұнын түсініп қоймай, ондағы кейіпкерлердің
ерекшеліктерін жағымды, жағымсыз әрекеттерін талдауға,
шығарма тіліндегі бейнелі сөздерді меңгеруге жаттығады.
Бұл жастағы балалар өзі қайталап жүрген
шығарманы суреттеп байланыстырып сөйлеуге, картинаның
мазмұнын айтуға дағдыланады.
Ал
6 жасқа келгенде өзі тыңдаған ертегі немесе
қызықты әңгімелердің оқиғаларын
өз қиялымен одан әрі дамытып айтуға жаттықтырады.
Мектеп жасына дейінгі балаларды байланыстырып сөйлеуге үйретудің
екі түрі бар:
1. Екі немесе одан да көп
адамдардың арасындағы әңгімелесуді-диалог деп атайды. Мұндай
әңгімелесудің мақсаты бір нәрсе жайында
сұрап, соған жауап алу. Байланыстырып сөйлеу- дің
бұл түрін үйретуде алдын ала әзірленген
әңгімелесу әдісі қолданады. Алдын ала әзірленген
әңгімелесудің міндеті балаларды өз ойын жеткізе білуге
тәрбиелеу және әңгіме айтушыны тыңдай білуге
үйрету. Алдын ала әзірленген әңгімелесу бірнеше
күн бұрынғы дайындық арқылы іске асырылады.
Яғни тәрбиеші топтағы балаларға әңгімеге тақырып
боларлық нәрсе жайында қысқаша түсінік беріп
таныстырады. Тәрбиешінің мұндай әңгімесі
кіріспеден, әңгіме тақырыбын одан әрі дамытудан
және әңгімелердің аяқталуынан, қорытындыдан
тұрады. Мұндағы кіріс- пе сөздердің мақсаты
әңгіме болып отырған тақырыпқа балалар- дың
назарын аудару. Ал әңгіме тақырыптың өрістеуі
белгілі бір мақсатқа негізделіп, сол оқиғаны немесе
нәрсені балаларға то- лық таныстыруды көздейді.
Әңгімені жұмбақ айту, өлеңдер оқу
немесе картиналар көрсету арқылы жүзеге асыруға болады.
Байланыстырып сөйлеудің екінші
түрі монологты, яғни бір адамдардың байланыстыра
сөйлеген сөзі. Байланыстырып сөйлеудің бұл
түріне үйрету екі жастан басталады. Зерттеулердің
көрсетуінше бес жасқа келгенде бала көргенін, байқағанын,
тыңдағанын өз сөзімен айтып бере алады. Монологты
сөзге үйретуде қолданылатын негізгі әдістер
қайталап айту және ойдан шығарып айту. Қайталап айту
кезінде бала тәрбиеші тү- сіндірген әңгіме, ертегі,
тақпақтардың мазмұнын өзінің
ұғынуы бойынша баяндайды [2].
Ал ойдан шығарып айтқанда бала тәрбиеші оқып берген ертегілердің оқиғасын өз қиялымен одан әрі жалғастырады және балабақшаға дейін өзі кездестірген оқиғалар жайында ойдан құ
рап жеткізеді.
Mектепке
дейінгі жастағы баланың ең басты іс-әрекетінің
ойын болғандықтан, ойын арқылы баланы оқыту
қажет. Сол себепті логопедиялық сабақтарда
дидактикалық, рөлдік ойындар өте қажет. Олардың мақсаты – ережені
сақтап білуді, сөйлеу тілін, ойлау қабілетін,
кеңістіктік және уақыттық ұғымдарды,
қабылдауды, есте сақтау қабілетін дамыту.
Ойын
түрі сабақты қызықты етіп, жалпы логопедиялық
сабақтың тиімділігін біршама жоғарылатады [3].
Қорытындылай келе, байланыстырып
сөйлеуге үйретуде сөздік-тапсырмалар орындату, белгілі
тақырып бойынша әңгіме құрастыру, өз
қиялынан әңгіме, ертегі құрау, сурет бойынша
әңгіме құрастыру керек. Баланың сөйлеу
тілін жетілдіруде ойын-жаттығулар мен дидактикалық материалдар,
сюжетті рольдік ойындардың маңызы зор. Жалпы сөйлеу тілі бұзылған
балалардың ауызша сөйлеу тілін дамыту кезінде лексикалық,
грамматикалық жағын дамытуға арналған арнайы
ұйымдастырылған жұмыс жүргізілуі тиіс. Себебі,
сөздік қоры мен сөйлеу тілінің грамматикалық
жағының жеткіліксіз дамуы, ауызша байланыстырып сөйлеу
тілінің қалыптасуы бір-бірімен өте тығыз байланыста
жүзеге әсер етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
https://bilimgylym.wordpress.com – ««Балалардың байланыстырып сөйлеу тілін
дамыту негіздері»;
2.
Метербаева
К.М. - «Мектеп жасына дейінгі балаларды байланыстырып сөйлеуге
қалыптастыру әдістемесі (5-7 жас)», оқу құралы
«Қыздар университеті» баспасы ,Алматы, 2013;
3.
http://goo.kz/content/view/126/5156 - «Байланыстырып сөйлеу тілін дамытуға
арналған ойындар».