Хасенова А.А., Қасқатаева Ж.А., Ахметова Б.Б.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы

Шет тілін оқытуда ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолданудың маңыздылығы

 

Бүгінде жаһандану заманында жас ұрпаққа әлемдік стандартқа сәйкес білім беру басты мәселе болып отыр. Жеке тұлғаны қалыптастырып, оның шығармашылық даралығын дамыту, баланың мүмкіншілігін ашып, оны жүзеге асыру – бүгінгі білім жүйесінің басты мақсаты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттық бәсекелестік білімділік деңгейінен айқындалады. Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүделі жаңа білім беру өте қажет», - деп, білім беру салаларына оқытудың жаңа технологияларын енгізумен қатар білім беруді ақпараттандыру әлемдік коммуникациялық желілерге қосылу мақсатын айтып өтті.

Мемлекеттік бағдарламада: «оқу үдерісіне ақпараттық-коммуникативтік технологияларды кеңінен пайдалану - жалпы білім беруді дамыту бағыттарының бірі», - деп атап көрсетілген.

Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесін ақпараттандырудың басты мақсаты - ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану негізінде қазақстандықтардың білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік беретін ортақ ақпараттық білім беру ортасын құру, азаматтардың білім алуын тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету, коммуникативтік технологиялармен жұмыс істей білуге үйрету, кез келген проблеманы шығармашалық тұрғыдан шешуге бейімдеу.

Сабақта ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланудың тиімділігі:

• оқушының өз бетімен жұмысы;

• аз уақытта көп білім алып, уақытты үнемдеу;

• білім-білік дағдыларын тест тапсырмалары арқылы тексеру;

• шығармашылық жұмыстармен айналысу;

• қашықтықтан білім алу мүмкіндігінің туындауы;

• қажетті ақпаратты жедел түрде алу мүмкіндігі;

• іс-әрекет, қимылды қажет ететін пәндер мен тапсырмаларды оқып үйрену;

• қарапайым көзбен көріп, қолмен ұстап сезіну немесе құлақ пен есту мүмкіндіктері болмайтын табиғаттың таңғажайып процестерімен әр түрлі тәжірибе нәтижелерін көріп, сезіну мүмкіндігі;

• оқушының ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтуге де ықпалы зор.

Жаңа оқыту технологиялар жүйесін қалыптастырған еңбектер мен зерттеулерде қазақстандық оқу орындарының болашағына игі ықпалын тигізер жолдар мен бағыттар да айқын танылады. Білім алушыны білім беру үрдісінің объектісі емес, сол үрдіске қатысушы маңызды субъект деп санап, сол субъектінің ойлау қабілеті мен сөйлеу тілін дамытып, оқу барысында қалыптастырылған машық дағдыларын, алған білімін өмірде қолдана алатын дәрежеге жеткізетін білім берудің жаңа технологияларын жасаушылар уақыт талабымен санаса отырып, келер заманның талабын айқын да нақты болжап отыруы тиіс.

Білім беру саласында түрлі технологиялар енгізілуде, бірақ олардың ішінен керектісін таңдап, сабақтың әр кезеңінде тиімді қолдана білу қажет. Мәселе технологияны кеңінен пайдалану емес, білім алушыны нәтижеге бағыттай білім беру.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалану білім сапасын көтеру мен тәрбие үдерісін оңтайландыруда ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже беретіндігінде еш күмән жоқ.

Шет тілінің оқытушысы көптеген электрондық ресурстарды жиі қолдануда: мультимедиялық бағдарламалар, интернетте табылған материалдар, интерактивті тестілер, онлайн тест-тапсырмалар. Олар сабақты түрлендіреді және қызықты етеді. Оқушыларды әр түрлі жаңа технологияларды пайдалануға үйретеді. Ақпараттық компьютерлік технологиялар қолдану арқылы оқушылардың өз бетінше оқу дағдыларын да дамытады. Мысалы, оқушылардың презентацияларды дайындауда материалдарды таңдап алу, мәтінмен бірге суреттер, графиктер, кестелер, бейнекөрініс және музыкалық сүйемелдеулерді кірістіре, оларды бір-бірімен үйлестіре алуы - оқушылар зейінін белсендіреді, білім алушылардың сабақтағы және сабақтан тыс жұмыстарын байланыстырады, оқу уақытын үнемдейді және де оқушының іздену қабілетін арттырады.

Сонымен қатар, электронды оқулықтар, интерактивті тақтаны пайдалану сабақтың қызықты да, мазмұнды, мағыналы өтетіндігін көрсетіп отыр. Компьютер адам өмірінің барлық саласына толық енгізілді. Заман талабына сай күнделікті сабаққа бейнетаспа, үнтаспа, слайдтар қолдануда компьютер білім алушылардың қызығушылығын арттыруда.

Электронды оқулықтар оқушылардың - бiлiм деңгейiн тереңдетуге; - ауызекi тiлде сөйлей бiлу дағдыларын қалыптастыруға; - өз бетiнше iздену қабiлетiн қалыптастыруға; - ойларын дамытуға; - білім алушылардың сөздiк қорының молаюына; - тiлдi үйренуге деген ынтасы мен қызығушылығының артуына; - сабақта өзiн еркiн ұстап, өз мүмкiншiлiгiн кеңiнен пайдалана алуына; - өз iсiне талдау жасай алуға көптен-көп көмегiн тигiзедi.

Білім беру жүйесінде электронды оқулықтарды пайдаланып, үлкен табыстарға жетуге болады. Электронды оқулықтарды пайдалану барысында оқушы екі жақты білім алады: біріншісі -пәндік білім, екіншісі - компьютерлік білім. Электронды оқулықтарды пайдалану оқушының өз бетінше шығармашылық жұмыс жасауына, теориялық білімін практикамен ұштастыруына мүмкіндік береді. Электронды оқулық арқылы оқушы көптеген қосымша материал ала алады, осы алған мәліметтерін компьютерден көргендіктен есінде жақсы сақтайды, өз бетінше жұмыс жасау қабілеті қалыптасады. Осылайша жас ұрпақты ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалана отырып оқытуда көптеген жетістіктерге қол жеткізуге болады.

Интерактивтік оқыту – бұл, ең алдымен, білім алушы мен оқытушының қарым-қатынасы тікелей жүзеге асатын сұхбаттасып оқыту болып табылады. Сабақтағы интерактивтік әрекет өзара түсіністікке, өзара әрекетке, қатысушының әрқайсысына қажет тапсырманы бірлесіп шешуге алып келетін - ұйымдастыру және сұхбаттасып қарым-қатынас жасауды дамытуды ұсынады. Интерактив бір көзқарастың немесе бір ғана сөйлеушінің басым болуы жағдайын болдырмайды. Сұхбаттасып оқыту барысында оқушылар сыни тұрғыдан ойлауды, тиісті ақпарат пен белгілі жағдайды талдау негізінде күрделі мәселелерді шешуді, балама көзқарастарды салыстыруды, ақылды шешімдер қабылдауды, дискуссияға қатысуды, басқа адамдармен тиімді қарым-қатынас жасауды үйренеді. Ол үшін сабақта жекелей, жұптық және топтық жұмыс ұйымдастырылады, зерттеу жұмыстары, рөлдік ойындар қолданылады, құжаттармен және түрлі ақпарат көздерімен жұмыс жасайды.

Интерактивті тақта - топтағы оқушылардың барлығын оқыту үшін құнды құрал. Бұл оқытушы жаңа материалды өте қызықты және қарқынды етіп түсіндіруге көмектесетін көзге көрінетін құрал. Оның ақпаратты түрлі мультимедиялық ресурстар көмегі арқылы танысуға мүмкіндігі зор. Ол сызбаларды түсіндірудіжеңілдетіп, қиын мәселелерді шешуге көмектесе алады. Оқытушылар өздерінің жаңа ойларын, идеяларын әсерлі, тартымды етіп көрсету үшін осы тақтаны қолданса мақсаттарына жетеді. Бұл тақтада оқытушылармен жаңа материалдарды бірігіп талдауға мүмкіндігі зор. Зерттеулер көрсеткендей, түрлі ресурстарды, қызықтыруларды ұлғайта отырып қолданса, оқытушылар үшін де, оқушылар үшін де интерактивті тақта сабақты қызықты ететіні анықталды. Интерактивті тақтамен дұрыс жұмыс жасаса, оқушылардың білімдерін тексере де алады. Интерактивті тақта топтағы барлық оқушылардың басты назарына айналады. Ал егер де керекті материалдардың барлығы алдын-ала дайындалып, түсінуге оңай болса, сабақтың жақсы қарқынды өтуін қамтамасыз етеді. Интерактивті тақта арқылы түрлі ақпараттарды пайдалануға зор мүмкіндіктер бар. Ол арқылы білім алушылар пайдаланылған оқу материалдарын тыңдап, көзбен көріп, түсінбей қалған жерлерін қайталап көруге мүмкіндіктері бар.

Жаңа технологияларды меңгеру мұғалімнің зияткерлік, кәсіптік, адамгершілік, рухани басқа да адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.

Білім беру саласында түрлі технологиялар енгізілуде, бірақ олардың ішінен қажеттісін таңдап, сабақтың әр кезеңінде тиімді қолдану - басты талап. Мәселе технологияларды кеңінен пайдалану емес, мәселе - тұлғаны нәтижеге бағыттай білім беруде. Қазіргі таңда айтар болсақ, көрнекілік әдісі мен техникалық құралдарды қолдану әдісін ақпараттық-коммуникативтік технологияның бір өзі атқара алады.

Қорыта келгенде, ақпараттықкоммуникативтік технологияны пайдалануда күтілетін нәтиже - жаңа заманға сай ақпараттық мәдениеті мен құзіреттілігі қалыптасқан, теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана алатын, шет тілі пәнін басқа пәндермен байланыстыра алатын жеке тұлға қалыптастыру. Шет тілі пәнін оқытуда жаңа ақпараттық технологияларды қолданудың маңызы өте зор.

 

Әдебиет:

1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2030». Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. — Алматы. «Білім баспасы»

2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, 2010 жыл

3. Ержанова А. Білім беруде ақпараттық технологияларды қолдану. –Алматы. 2005.

4. «Қазақ тілі: мектепте, колледжде және ЖОО-да оқыту» журналы, №4-5 (53), 2012жыл, №3 (52), 2013ж.

5. Білім технологиялары, №4, 2013ж.