Хусаин Райса, магистр,аға оқытушы
САЯСИ ӘЛЕУМЕТТІК
ТЕРМИНДЕРДІҢ АУДАРЫЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Саяси әлеуметтік терминдердің аударылу
ерекшеліктері бүгінгі таңда шетелдік және отандық
лингвистер үшін өте өзекті. Себебі белгілі бір
терминнің дұрыс аударылуына өте көп мәселе
тәуелді.
Саяси терминдердің шығуы және
қалыптасуы туралы сөз етсек, англо- саксонның заң
жүйесі архаикалық сипатымен және шектеулілігімен белгілі,
бұл тілдегі көптеген терминдер 400-500 жыл бойы қолданылып
келуде.
Жалпы, термин-
латынның «terminus»,қазақша «шек», «шекара» деген
мағынаны білдіретін сөзінен шыққан. Яғни
бұлар жалпы сөздерден қызметі жағынан ажыратылып
ерекшеленетін сөздер болып табылады. Ал, түсіндірме
сөздіктегі анықтамасы ғылым, техника мен өнерде бір
ұғымды білдіретін атау сөз.
«Бүгінгі таңда термин жасау ісіне
ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қарау
немесе кезіндегі А. Байтұрсынұлы бастаған ұлтжанды
қазақ зиялыларының терминжасам тәжірибесін
жалғастыру қайта жанданды». Ә. Қайдар сөзімен
айтсақ: «Кез- келген термин- сөз, ал кез- келген сөз- термин
емес».
Алайда, кейде терминдердің аударылуы аудармашы
қауымға көптеген түрлі қиындықтар
туғызатыны кездесіп жатады. Сондықтан, бұл істі
жеңілдету үшін біз В.В. Алимовтың ұсынып отырған
классификациясын қолдануымызға болады:
1. Жалпы, ағылшын,
орыс және қазақ тілдеріне ортақ терминдер.
Бұларды аудару үшін тек екінші тілдегі баламасын табу керек.
2. Шетелдік саяси
жүйеге тән, біздің саяси жүйемізде
қолданылмайтын, алайда, орыс және қазақ тілінде
баламалары бар терминдер. Оларды аудару
үшін екі елдің саяси жүйесін зерттеу лазым және
сәйкес баламаларды табуға тырысу керек. Мысалы: jail-уақытша қамау
изоляторы, marshal-қызметкер.
3. Тек шетел саяси
жүйесіне ғана тән терминдер. Олардың эквиваленттері
табылмаған жағдайда, аудармашы тек аударма теориясын ғана
емес, екі тілдің саяси жүйесін де білу керек. Олар түрліше
топтастырылады және аудару әдістері де әртүрлі.
Саяси- әлеуметтік компоненті бар терминдерді аудару
(синонимдер, терминдер полисемиясы, эквиваленттің болмауы)
төмендегі әдістер арқылы жүзеге асырылуы тиіс:
а) шетел терминдері мен
терминонимдерін өз тілімізге енгізу (кірме сөздер);
ә) шетелдік терминдер мен
терминонимдерді семантикалық калькалау;
б) терминологиялық сөз
тіркестерін сөзбе- сөз аудару;
в) суреттеме құрылымдар
көмегімен аудару [1, 46б].
Бұл мысалда
калькалу тәсілі қолданылған.
Түпнұсқадағы undeniable
proofs сөзінің лексикалық балама көмегімен ақталмайтын айғақтарын деп
аударылады. Бұл терминдерді аударудың бір жолы болып табылады,
алайда басқа тәсілдер де жоқ емес. Оларға тоқтала
кетсек:
1)
Басқа тілдерден жаңа сөздер енгізу
немесе калька;
2)
Дескриптивтіэквивалент;
3)
Неологизм
1)
Басқа тілдерден
кірме сөздер енгізу немесе калька.
Шарчевич мұнай жағдайда, кең
тараған тілдерден сөздер енгізу ойға қонымды және
дұрыс деп пайымдайды [2,259б]. Алайда, екі жағдайда да артынан
түсіндірме немесе анықтама берілуі орынды болып саналады. Ол
түсініксіздерді болдырмауға көмектеседі. Мысалы: small business-шағын бизнес, formal charge-ресми айыптау, absolute liability-абсолютті
жауапкершілік (абсолютная ответственность) термині шетелдік азаматтың
құқықтық ұғымы болып
табылатындықтан, қазақ тілді оқырманға
мүлдем түсініксіз келеді, сол себепті арнайы түсіндірмені
талап етеді.
2)
Дескриптивті эквивалент
немесе суреттеме аударма.
Суреттемелік тәсіл
терминологиялық сәйкессіздіктерден құтылудың
ең сенімді жолы болып табылады [2,243б]. Алайда, оның үлкен
бір кемшілігі – түсіндірмелердің тым ұзын болуы [3,209б].
3)
Неологизм
Неологизмдер деп, Де Гроот түпнұсқа
тіліндегі құқықтық жүйеде қолданыстан
шыққан немесе пайдаланылмайтын [3,209б] сөзді, не тіркесті
атайды. Де Гроот неологизм жасау алдында алдын-ала белгіленетін сөз
атауының бос екендігіне және оны қолданатын саясаткер
сөз беретін түсініктің мағынасын елестете
алатындығына көз жеткізу маңызды. Сондықтан
нологизмдерді аударма тілінің саяси- әлеуметтік жүйесіндегі
терминологияға сүйене отырып жасау керек. Нақтырақ айта
келсек, неологизм түсінігі жоғарыда айтылған тәсілдерді
де қамтиды. Алайда, бір айта кетерлігі, Де Грооттың айтуынша,
неологизмдер- ұлттық құқықтың немесе
римдік құқықтың архаикалық сөздігін
қайта қалпына келтіру болып табылады.
Бұл тәсілдердің барлығы да
аудармашыдан терең саяси және терминологиялық білім талап
етеді және аударма тілінің саяси- әлеуметтік
жүйесіндегі ескірген терминологиясын білуге де тәуелдендіреді.
Бұл мәселе жүйелі түрде әр
белгілі жағдайда терең зерттеліп, сараптама жасалуы тиіс.
Жоғарыдағы түсіндірмелер бұл мәселеге тек
алғышарттар ретінде ғана десек де болады. Сонымен қатар,
саясат түсініктерінің түрліше талқылануына келетін
болсақ, мұндай терминдерге контексттің мағынасына
қарай тұжырым жасалады. Әлбетте, бұл жағдай
эквиваленттің жоқтығынан туындайды. Қазақ тілі
мен ағылшын тіліндегі терминдердің эквивалентсіздігіне біраз
мысалдар келтірейк.
Мысал 1
Before voting every
citizen must register in accordance with the laws of his state. This gives him
the right of participating in primaries.
Сайлау алдында әр
азамат өз штатының заңдарына сәйкес тіркеуден
өтуі тиіс. Бұл оған алдын-ала
сайлауға қатысуға құқық береді.
Басында айтып
кеткеніміздей бұл біздің еліміздегі заңға сәйкес
келмейді. Бұл орайда екі елдің саяси жүйесін білуді талап
етеді, алайда менің ойымша аудармашы өте ұтқыр
тәсілмен АҚШ- тың әлеуметтік жүйесін бере алады.
Эквивалентсіз құрылған сөйлем орын толтыру
(компенсация) әдісі арқылы аударылды. Түпнұсқа
тіліндегі элементтердің аударма тілінде дәлме-дәл баламасы болмауына
байланысты осы тәсіл қолданылып отыр.
Аудармашыларды
тағы да қателіктерге жетелейтін бір жайт, ол ағылшын
тіліндегі көптеген сөздердің көпмағыналы болып
келуі, яғни жай күнделікті қолданыстағы
сөздердің де саяси терминологиясына келгенде басқаша беріліп,
аудармасы басқаша болып шығуы немесе түпнұсқа
тіліндегі бірліктің аударма тіліндегі сөздікте бірнеше аудармасы
болуы. Мұндай сөздерді «аудармашының жалған достарына»
да жатқызуға болады, себебі олардың сөздіктегі
аудармасына қоса саясаттағы терминологияда да қолданылатыны
барлық аудармашыларға мәлім болмауы мүмкін. Мысалдар келтіретін
болсақ: an offer- жай
сөздіктерде ұсыныс деп аударылса, заң
терминологиясындағы аудармасы-
оферта; condition-сөздікте –
жағдай, шарт; ал терминологияда – шарттың мәнді талаптары;
Терминдердің
аударылуындағы қиындықтарға назар аударатын
болсақ, аудармашылардың жалған достары мен
мәдениетаралық заңдылықтарға тап боламыз.
Көп жағдайда «эмигрант» пен «иммигрант»
сөздердің мағынасы ауыстырылып жатады. Шын мәніндегі
мағыналары қалай, соған тоқтала кетейік. Екі
сөздің мағынасын түсіну үшін, алдымен,
қаралып жатқан адам(дар)ға шекараның қай
жағынан қаралып тұр, сол жағын анықтаған
дұрыс. Бар гәп осында. Миграция- алғашында орнитология
(құстар жайлы ғылым) саласында қолданылған
сөз, түсінік. Кейіннен келе адамдардың мекендерін ауыстыруына
байланысты да қолданысқа кеңінен енді. Мигранттар-
қандай да бір себепке байланысты болсын өздерінің
тұрғылықты мекенін тастап, басқа жаққа
қоныс аударушылар немесе үнемі көшіп- қонудың
үстінде болатын адамдар. Сөздің шығуы латынша
“migrate”етістігінен бастау алады. Ағылшын тіліндегі мағынасы бір
орыннан екінші бір орынға ілгері жылжу дегенге саяды. Етістіктің
алдына жалғанған қосымшалар (приставка) арқылы
«эмиграция» және «иммиграция» деген жаңа сөздер пайда болады.
Қосымша ех- - «сырт, тысқары» emigrate- “сыртқа кету,
шығып кету” дегенді білдірді. Сол себептен, елден сыртқа
тұрақты түрде қоныс аударуға кеткендерді
эмигранттар деп атаймыз. Екінші сөз, яғни, иммигранттар “im”
қосымшасы жалғану арқылы жасалады. іm- - «ішінде, ішке»: immigrate-
«ішке кіру, ішке қарай ену» деген мағынаны береді. Осыдан
келіп, басқа жақтан қоныс аударып келушілерді иммигранттар
деп атаған. Қаншалықты қиын контекстіге аудармашы
кезіксе де, алдында қойылатын ең басты талап, әсіресе саяси мәтіндерде,
ықылас пен мұқияттылық болып табылады. Саяси аудармада
тіпті үтірдің өзі үлкен рөл
атқаратындықтан, әр сөз мағынасы өлшеніп,
ойланып барып қолданылуы керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Латышев Л. К. Курс
перевода: Эквивалентность перевода и способы её достижения. –М.:
Междунородные отношения, 1981.- 248 с.
2. Левицкая Т.Р., Фитерман
А. М. Теория и практика первода с английского языка на русский.- М.: Высшая
школа, 1963-263 с.
3. Лилова А.А. Введение в
общую теорию перевода.- М.: Наука, 1986.- 252 с.