Билял Б.Қ., Келмағамбетова Ш.С.
Қазтұтынуодағы
Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан
КӘСІБИ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ
КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазіргі уақытта
қазақ тілін мамандықпен байланыстыра үйрету аса
өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Жоғары
оқу орындарының өзгетілді дәрісханаларына
қазақ тілін мамандыққа қатысты үйрету,
негізінен, қарым-қатынастық (коммуникативті)
тұрғыда меңгерілуде. Кәсіби қазақ тілін
мамандыққа қатысты оқытудың басты мақсаты –
студенттерді қазақша сөйлеуге үйретіп қана
қоймай, ұлттық техникалық ғылымның дамуына
тікелей үлестерін қосып, кәсіби бағытта жұмыс
жасауларына және болашақ мамандардың жеке тұлға
ретінде жетілуіне, ішкі- жан дүниелерінің дамуына ықпал
жасау, сондай-ақ тікелей мамандыққа қатысты лексиканы
игеру бағытында терминдермен жұмыс істеуі болып табылады.
Кәсіби қазақ
тілі оқытудағы талаптар төмендегідей ерекшеленеді: а)
лексикалық минимумды анықтау; ә) кәсіби терминологияны
қамту; б) кәсіби мазмұндағы мәтіндерді жинақтау,
жасау, құрастыру; в) берілген мәтіндер мен
тапсырма-жаттығулар, лексикалық минимум арқылы жоғары
коммуникативтік уәждемені қалыптастыру; г) мамандыққа
қатысты оқыту түрлері мен әдістеріне және
ғылыми стильге үлкен талап қою; д) аударма сөздіктерімен
қатар, түсіндірме сөздіктерді, қазақша-орысша терминологиялық
сөздіктерді қолдану және орфографиялық
сөздіктерді пайдалану е) мамандық тілін терең және
жан-жақты игеру; д) оқу материалдарын практикалық
бағытта негіздеу.
Сондықтан да жоғары
оқу орындарында, яғни біздің арқау етіп отырған экономикалық
оқу орындарында кәсіби қазақ тілін оқыту
барысында студенттерді болашақ өз мамандықтарына сай,
яғни болашақта қазақша кәсіби сөйлеуге
үйретуде ғылымилық, жүйелілік пен
сабақтастық, бірізділікті қалыптастырудың маңызы
ерекше деуге болады.
Әрине,
мамандыққа қатысты тілді меңгеру арнайы алынған
бір мәтінді оқыту және аудартумен ғана шектеліп
қалмай, мәтіндегі тақырыптық сәйкестіктің
алынып отырған мамандыққа сай мазмұн
түсініктілігін қалыптастырып, мәтінге лексикалық
және грамматикалық материалдардың сәйкестілігін
басшылыққа алу керек.
Кәсіби тілді меңгертуде сөз тіркестерімен оңтайландырып алынған мамандыққа қатысты мәтіндермен, кәсіби терминдермен, сөздіктермен жұмыс түрлері жүргізіледі. Мамандықтарына байланысты шағын мәтіндер, сұхбаттар құрастыруға болады. Әр тақырыпқа сай сөздік және лексикалық минимум, сұрақтар беріледі. Әр сабақтан соң мазмұнына сай сұрақтар мен тапсырмалар беріліп, қорытындылау мақсатында түрлі рөлдік ойындар мен жағдаяттық тапсырмалар беріледі.
Жалпы қазақ тілін сөйлесім әрекеттері арқылы оқыту мәселесі профессор Ф.Ш.Оразбаеваның «Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі» атты еңбегінен бастау алады. Ғалым еңбегінде: «Тілдік қатынас жүзеге асу үшін, айтылған не жазылған хабардың қабылданып, оған жауап қайтарылуы, яғни істің ортақ атқарылуы басты шарт. «Сөйлесім» осы шартты және ортақ тілдік әрекетті аңғартатын сөз» дей келіп, «Адам не туралы сөйлейтінін, тіл арқылы нені жеткізетіндігін білгенмен, тілді, сол сияқты сөйлеуді өзіне бағындыра алмайды, яғни сөйлесім әрекеті, адамның сөйлеу тілі өзіне тәуелді емес, ол – табиғат берген, жаратылыстан туған күрделі процесс. Адам сөйлеуді жетілдіреді, дамытады, соның заңдылықтарын қарастырады, бірақ сөйлеу тілін өзі жасай алмайды. Осыдан сөйлеудің, тілдің қоғамдық-әлеуметтік сипаты аңғарылады. Хабардың қай түрі болса да шындыққа құралу керек, сонда ғана тілдік қатысым өз бетінше дамиды және сөйлеу (информацияны қабылдау, оған жауап қайтару, қайта жауап алу) қатысымдық құбылыстың мәнін ашады, адамдар арасындғы әлеуметтік көпір бола алады»,- деп ой қорытады да, сөйлесім әрекетінің бес түрін (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім) көрсетеді [1, 52].
Студенттер мәтінмен әртүрлі жұмыстар істегенде (мәтінді оқу, мәтінге ат қою, мәтін бойынша сұрақтар дайындау, диалог құрастыру т.б.) байланыстырып сөйлей білуге үйренеді. Мәтін – қашан да тілдік әрекеттің нәтижесі болып табылады. Мәтінде тілдік тұлғалардың бәрі орын алады.
Кәсіби қазақ
тілін оқыту бағдарламасы ЖОО-да мемлекеттік тілді заман
сұранысы мен тапсырысқа сай, білім сапасын көтеріп, студенттердің
кәсіптік бағдарлы дағдыларын қалыптастыруға
бағытталған жаңа технологиларды қолдана
оқытуға негізделеді. Экономика бағытындағы
мамандықтарды меңгеруге қажетті лексикалық қорды тілдік қатынаста қатысымдық тұрғыдан жаңа жаңа технология арқылы іске асырудың амал-тәсілдерін іздестіру. Мамандыққа байланысты мәтіндерді оқытқан кезде тілдік қатынастың барлық түрлері қолданылады. Студенттердің мәтінді талдау әрекетімен бірге әңгімелесу арқылы сөйлеу әрекетіне, сұрақ-жауап арқылы тілдесім әрекетіне, мазмұндама жазғызу арқылы жазу әрекетіне үйрету көзделеді.
Мамандыққа байланысты мәтіндерді меңгерту арқылы студентті болашақ мамандығымен толығырақ таныстыруға мүмкіндік туады. Мысалы, "Есеп және аудит"
мамандығының студенттеріне төмендегідей тапсырмалар берілуі мүмкін:
1. Мәтінмен жұмыс
Бухгалтерлік
есеп
Бухгалтерлік есеп ұйымның қаржылық
ақпаратын белгілі бір әдістері мен тәсілдері бойынша
есептейтін, өлшейтін және оны өңдейтін жүйе. Ол
кәсіпорынның жұмысын толығымен бақылап, оны
басқару үшін бағыт-бағдар беріп, алдағы
уақытта істелінетін жұмысын жоспарлап және ол
ұйымның болашақта
атқарылатын жұмысына экономикалық талдау жасауға
өте қажетті ғылым болып табылады. Сондықтан бухгалтерлік есеп
бүтіндей халық шаруашылығы есебінің ең басты
негізгісі болып саналады. Бухгалтерлік есеп көптеген
жүзжылдықтар бұрын пайда болып, бүгінгі күнге
дейін дамып келеді. Сондықтан да
болар көрнекті ғалым Б. Де Солозаноның «Бухгалтерлік есеп
болмаса әлемді басқару мүмкін емес және онсыз адамдар
бірін-бірі түсінбес еді» — деген. Қазақстан
Республикасының «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп
беру» туралы заңы еліміздеің бухгалтерлік есепті жүргізу
жүйесін анықтайды.
Қаржылық есеп беру мен оның пайдаланылуын және
есепке алудың негізгі принциптері мен жалпы тәртібін, ішкі
бақылау және сыртқы аудит жөніндегі талаптарды, сондай-ақ
ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін
белгілейді. Қазақстан Республикасының аумағыңда
жұмыс істейтін барлық кәсіпорын бухгалтерлік есептеу мен
қаржылық есеп беруді осы заңға сәйкес
жүргізуге міндетті.
Сөздік:
Бухгалтерлік
есеп-бухгалтерский учет
Әдістер -
методы
Тәсілдер –
прием, способ
бағыт-бағдар
- направление
өңдеу -
обрабатывать
атқару –
выполнять, исполнять
экономикалық
талдау - экономический анализ
өте
қажетті - самое необходимое
бүтіндей – в
целом, целиком
саналады -
считается
көптеген -
многое
бүгінгі
күнге дейін - до сегоднящнего времени
көрнекті
ғалым - известный ученый
қаржылық
есеп беру - финансовый отчет
есепке алудың
негізгі принциптері-основные принципы учета
талаптар -
требования
міндеттер -
обязанности
белгілейді –
обозначает, определяет
аумағында - в
территории
заңға
сәйкес - по закону
міндетті - обязаны
ТАПСЫРМАЛАР
1. Сұрақтарға жауап беріңіздер.
а) Бухгалтерлік есеп дегеніміз
не?
ә) Бухгалтерлік есеп
қашан пайда болды?
б) Ғалым Б.де Солозано
бухгалтерлік есеп туралы не деп айтқан?
2. Берілген сөздерді аударыңыздар.
Көтерме сауда
бағасы, жылдық баланс, тоқсандық баланс, айлық
баланс, депозиттік салым, есеп, есеп айырысу, баланстық есеп,
қаржылық есеп, банк жұмысының есебі.
3. Берілген сөздер мен сөз тіркестерін пайдаланып,
сөйлем құраңыздар.
Есеп шығару, есептесу, есепке алу, есеп беру, есебін табу,
қате есеп, есепшот.
ОЙЫН ТҮРЛЕРІ
1.
"Шын немесе
жалған" ойыны. Мәтінді пайдалана отырып, «шын» не
«жалған» деп белгілеңіздер.
|
Бухгалтерлік есеп-істемейтін іс пайдамен шығу үшін оны
алдын-ала жоспарлайды, сол сала бойынша басқалар не істеп жатқаны
жөнінде мәлімет-ақпарат жинайды. |
|
|
Бухгалтерлік есеп ұйымының болашақта
атқарылатын жұмысына экономикалық талдау жасауға
өте қажетті ғылым болып табылады. |
|
|
Бухгалтерлік есеп - кейіннен пайда болған ғылым. |
|
|
ҚР-сының аумағында жұмыс істейтін барлық
кәсіпорын бухгалтерлік есептеу мен қаржылық есеп беруді осы
заңға сәйкес жүргізуге міндетті. |
|
2. Интегративті тапсырма
а) "Бухгалтерлік есеп" тіркесіндегі дауысты дыбыстар санына
мамыр айының реттік нөмерін қосып, шыққан
нәтижені қазақ тіліндегі септік жалғауларының
санына көбейтіңіз.
б) "Жылдық есеп" тіркесіндегі
сын есім тудыратын жұрнақ санына "баланс" сөзіндегі
дауысты әріптер санын қосыңыз. Шыққан
нәтижені Тәуелсіздік алған жылдың соңғы екі
санына көбейтіңіз.
3. Қатардағы
артық сөзді табыңыздар.
Есеп, тоқсандық есеп, домбыра,
қор
Жарнама, қызыл тіл, экономика, бланк
Дивиденд, бәсеке, тауар,
көктем
Биржа, баға, банк, бассейн
Акция, кітап, баланс, өндіріс,
Бағалы қағаз, сауда,
салым, орындық
Капитал, терезе, несие, нарық
Дәптер, салық, құн,
пайда. [2, 67].
Бұл тапсырмалардың
барлығы студенттердің кәсіби бағдарлы
қазақша сөйлеуге ықпалын жасары сөзсіз.
Сонымен, «Қазақстан
Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында»
тұлғаның қалыптасуына жағдай жасау арқылы
еліміздің ертеңіне жауапты мамандарды тәрбиелеу
жолдарының бірі ретінде «… дүниеге жауапкершілікпен қарайтын,
инновациялық, шығармашылық ойлауға
дағдыланған, дүниетанымдық мәдениеті жетілген,
адамгершілігі мол және білікті мамандардың жаңа
ұрпағын қалыптастыру» міндеті қойылған [3]. Бұл үштұғырлы тіл саясатын ұстанып отырған егемен
елдің болашақ мамандарының мемлекеттік
тілде еркін сөйлеп,
оны өзі қызмет ететін салада
қолдана алуы олардың кәсіби
әлеуетін арттырумен қатар
елжандылық қасиеттерін де қалыптастырудың басты шарты болып
табылатынын танытады.
Экономика саласында қазақ тілінде
атаулық және әрекеттік мәндегі терминдер
де, сөз тіркестері де, фразеологизмдер
де, мақал-мәтелдер де қалыптасып орныққаны белгілі. Бүгінде барлық жоғары оқу орындарында оқытылып отырған
пәндердің жаңа заман талабына лайық меңгертілуі
Қазақстан Республикасы өз алдына егеменді ел болуымен байланысты оның
әлеуметтік экономикасының қайта құрылуы,
мәдени байлығының күннен-күнге алға басуы нәтижесінде мемлекеттік
тілдің кең өркендеуіне жаңа
мүмкіндіктердің кеңеюімен тығыз ұштасып жатыр. Сол себепті
жоғары білім жүйесінде мемлекеттік тілді әрбір
мамандықтың ерекшеліктері мен тілдік жүйесін ескере отырып үйрету күн тәртібіне өткір
қойылып отыр. Бұл өзекті
мәселе «Қазақстан Республикасының Конституциясында», ҚР «Білім
туралы» Заңында, «Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасында»
және Елбасының «Қазақстан халқына Жолдауларында» және т.б. мемлекеттік
деңгейдегі маңызды құжаттарда қазақ
тілінің өрісін кеңейту елдік
тұрғыда көтеріліп отырған жаңа кезеңде мемлекеттік тілді
әлеуметтік тұрғыда қоғамның барлық саласында қолдану мақсатына сай
меңгертудің басым бағыттарын
айқындаумен байланысты шешілері
сөзсіз.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Ф.Ш. Оразбаева.
Тілдік қатынас. – Алматы:
Сөздік, 2005.
2.
К.Т.Қабатаева,
Ә.Е.Баербекова. Кәсіби қазақ тілі. -
Қарағанды, 2017.