Қытай қазақтары сөз қолданысындағы тілдік ерекшеліктер

 

Алмауытова Әсия Базарбайқызы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

Асылбекқызы Ақнұр – КЯЛ-14-1 оқу тобының студенті

 

 Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктерді зерттеу жұмысы соңғы жылдары Республика көлемінен шығып, алыс шетелдерде тұратын қазақ диаспорасы тілін де қамти бастады. Қазақстаннан тыс елдерде тұратын және жалпы қазақ  халқының үштен бір бөлігін құрайтын қазақ диаспорасының тілін зерттеуді қазақ диалектологиясының маңызды бір тармағы деп қарасақ, соның ішінде Қытайдағы қазақтардың тілін зерттеу соңғы жылдары ғана жалғасын тапты. Елбасымыз Н.Ə. Назарбаев айтқандай  «Ұлттың рухани өмірі, оның мəдениетіне байланысты əлі де болса көпшілік қауымға жетпей жатқан тарихи, əдеби асыл мұраларымызды игеру жолында еңбектену, бұрын мəн бермей келген халықтану, шығыстану, түркітану ілімдерін барынша дамытуға көңіл қою, ұлттық мəдени ерекшеліктерімізді сақтау, жинау, зерттеу ісін жетілдіре түсу – бүгінгі маңызды міндеттеріміздің қатарына кіреді» Демек, шеттегі қандастарымыздың тарихы – бұл біздің ұлтымыздың ақтаңдақ беті.

Қазақ диалектологиясындағы зерттеулер диаспорология және лексикография салаларымен де байланысты жүргізілді. Осы күнге дейін қазақ диалектологиясындағы зерттеулер, ғылыми еңбектер, сөздіктерде жарияланған материалдардың басын қосып, толықтырудың нәтижесінде академик Ш.Ш.Сарыбаевтың редакторлығымен «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі»[1] құрастырылғанын ерекше атап өтуге болады. Себебі сөздіктің негізгі материалы ретінде Қазақстан территориясынан тысқары, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей федерациясындағы, сонымен қатар алыс шет елдер Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Иран елдеріндегі қазақ диаспорасының тілінен лексикалық, фонетикалық және грамматикалық та ерекшеліктер пайдаланылды. Жинақталып сараланған мұндай тілдік ерекшеліктер осы кезге дейін шешілмей келген даулы мәселелердің басын айқындап беруге, сондай-ақ туыстас түркі тілдері мен өзге де тілдердің тарихына қатысты кейбір мәселелерді шешуге бай материал бола алады.   

         Жалпы Қытайдағы қазақтар Шыңжаң ұйғұр автономиялы районының Іле қазақ автономиялы облысында, Мори қазақ автономиялы ауданында, Баркөл қазақ автономиялы ауданында тұрады. Бір бөлімі Үрімжі, Шыхызы, Қарамайлы қалаларында жəне Санжы хұйзу (дүңген) автономиялы облысына қарасты Санжы, Құтыби, Манас, Жемсары, Шонжы, Фукаң, Мишуан, Фукаң аудандарында тұрады. Бұдан басқа Шыңжаңмен шекаралас Чиңхай өлкесінің Хайши моңғол-тибет қазақ автономиялы облысында, Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында тұрады. Ал тілінің  зерттелуіне келсек, ол өте күрделі деуге де болады. Себебі, сы уақыттар аралығында Ауған, Иран, Моңғол, Ресей қазақтарының тілі зерттеліп  көптеген монографиялар жарық көрді. Ал Қытайда тұратын қазақтардың тілі тек мақала төңірегінде ғана көрініп келеді. Оған дәлел  Ш.Сарыбаевтың, Ж.Болатовтың және Б.А.Бафиннің бірқатар мақалалары.

       Б. Хасановтың зерттеуі бойынша бір жарым миллионға жуық Қытайдағы қазақтардың тіл ерекшеліктері ондағы аймақтық ерекшеліктердің молдығымен әрі күрделілігімен көзге түседі. Шетелдерде шоғырланған қазақтардың тілін, өмірін зерттеу қазақ тіл білімі үшін ғана емес, дүниежүзі әлеуметтік лингвистикасы үшін мені зор екенін атай келе, былай дейді: «Жер жаһанның 40 елінде қоныс тепкен қазақтың «қазақ» болып қалуынын бірден-бір куәсі - оның сақталған тілі. Бұған дәлел сол — оның ана тілінің көптеген елдерде қазақ өмірінің төрт негізгі саласында, атап айтқанда, тұрмыста, қоғамдық өмір мен көркем шығармашылық, ауыз әдебиеті саласында тиянақты қолданылуында жатыр.

Қытай қазақтары тіліндегі жергілікті ерекшсліктер жайында экспедициялық зерттеулер жасап, ол жайында ой-пікір айтқан ғалымдар қатарына Шынжаң тіл-жазу комитетінің профессоры Ли Сынды, Пекиндегі ұлттар университетінің профессоры Гың Шыминді, Батыс ұлттар институтының ғалымы Уаң Лизыңды, Пекин ұлттар университетінің доценті Чын Янянды, Шыңжандагы тілші ғалымдардан Оқабай Тойынбайұлын, Омарқан Асылұлын, Шынжаң университетінің профессоры Мерқан Кемелқанұлын және Шынжаң қоғамдық ғылым академиясының аға зерттеушісі Жақып Мырзақанұлын, Шынжаң тіл-жазу комитетінің доценті Нұрғабыл Солташарұлын, зерттеуші Тұрсын Мұқашұлын атауға болады. Бірақ, тағы бір айта кететін жайт жинақталған мәліметтер шашыраңқы. Зерттеп отырған ғалымдардың барлығы да сол өлкенің тілдік өкілдері. Қалай дегенмен де, осындай азды-көпті кемшіліктеріне қарамастан, бұл зерттеулер Қытай қазақтары тілін зерттеу саласында өте құнды болып табылады.

Мысал ретінде бірқатар сөз тізбегін келтіретін болсам қалпақ кию «қылмысты деп танылу», дазыбау жазу «қылмысты әшкерелеу», жала аудару «ақталу», куреске алу «ел алдында әшкерелеу», өзін-өзі боршалау «өз кінәсін мойындап, өзіне өзі баға беру», жасырын жебе ату «жасырын қастасу», найза ушын қарату «соқтығу». Запқының тасындай зырқырау «тез, асығыс жүру» деген тіркестегі запқы - көне қару аты т.б. Қытайдағы қазақтар тіліне әсер етіп отырған тілдің ең көлемдісі — әрине, қытай тілі екені даусыз. Оның кейбірі дыбыстық жағынан қазақ тіліне бейімделіп, бүгінде өз тіліміздің құндылығына айналғандары да жоқ емес. Мысалы: бедел табу «абыройлы, сыйлы болу», ауыз бузу «жаман сөз айту». Кейбір тіркестерде ұйғыр сөздері өзгермей алынады. Мысалы: қыжалат болу «қынжылу», диқәт қылу «назар аудару» т.б. [2].

Қытай қазақтары тіліндегі диалектілік фразелогизмдерді зерттеуші  Мұстафаұлы Серік әдеби тілден мынадай белгілермен ерекшеленетіндігін көрсетеді.

·        Құрамында этимологиялық жағынан терең талдауды  қажет ететін   түсініксіз   сөздер   көп   кездеседі:   марқадам таппау "пайда көрмеу", итпелеуінде отыру "біреудің дегеніне көну" т.б.

·        Әдеби тілдегі жай тіркестер бұл өлкеде белгілі бір себептерге байланысты бейнелі сипат алып, тұрақты тіркеске айналған. Мысалы: қалпақ қию  "кінәлі  болу",   есік  ашу  "достасу",   шегара  ажырату «өштесу» т.б.

Әдеби тілдегі жай тіркестер бұл өлкеде белгілі бір себептерге байланысты бейнелі сипат алып, тұрақты тіркеске айналған. Мысалы: қалпақ қию  «кінәлі  болу»,   есік  ашу  «достасу»,   шегара  ажырату «өштесу» т.б.

Қытай қазақтары тіліндегі қолданылып жүрген фразеологизмдердің табиғатын түсіну үшін оның лексикалық құрылымына көңіл бөлуіміз керек. Қытай қазақтары тіліндегі жалпы халықтық лексикадан жасалған диалектілік фразеологизмдердің бірқатары әдеби тілде де кездеседі. Алайда, бұл аймақта ол тіркестердің құрамы түрлі лексика-семантикалық өзгеріске ұшыраған. Мұндай фразеологизмдердің көбі сол тұрғылықты халықтың жергілікті әлеуметтік, экономикалық ерекшеліктеріне сай жасалғандығы байқалады.

Отардағының орны суу дегеннің әдеби тілдегі беретін мағынасы — «бірдеңенің орны толмай тұрғандай болуы». Мысалы: Жапсарлас көрші ауылдар да адам жіберіп, хал-жағдайын ұғып, қабағына қарайды. Сонда да отардағының орны суып дегендей, мұңға бата береді; сәулетін ат тарта алмау «тәкаппарлану, ешкімді менсінбеу», арқар жалақ күн көру «амалдап күн көру». Мысалы: «Сәулетін ат тарта алмайтын еді, жасаған той, ұстаған үйін қара десе өлгеніміз сол емес пе?»; арқар жалақ күн көріспен ғана қалтылдап келіп, азаттықтан соң ауызы асқа, ауы атқа толған . Сол сияқты ит бас, сиыр аяқты «жексұрын, сұмпайы адам», дөнен итше керігу «ешкімді менсінбеу»т.б. [3].

Енді бір тіркестер бір істі» оңай, үйреншікті орындалуын сипаттай көрсетеді. Мысалы: қолының ұшында жасау «оп-оңай, тез жасау», шырапасын шыр айналдыру «қолынан еркін келу, баптап орындау». Қимыл сын үстеу мәндес фразеологизмдердің ендігі бір түрлері мағыналық жағынан түрліше болып келеді. Мысалы; суықтың масағы қалғандай «үсік әкетіп бара жатқандай», күшігін аузымен тасығандай «мейірімді қарау», күрік болған тауықтай «бұғып қалу, бой көрсетпеу»; қаңбақ қағып бірге өсу «жастайынан бірге ержету, тұрмыстың тауқыметін бірге көріп өскен». Қытайдағы қазақтар   тілінде қолданылатын «жалаңаяқ дәрігер» яғни, «ауыл аймақты аралап     жүріп емшілікпен айналысатын дәрігер мағынасына тоқталайық. Осы тіркес бүгінгі таңда   дәрігер   атауына   айналып кеткенімен, ондағы образдылық солғындағанымен, бейнелігін мүлдем жоймаған. Сол секілді ұзатылған қызға қатысты "ат байлар" тіркесі қолданылады. Әдетте, жалпыхалықтық тілде «ат байлар» деп ұлды атайды. Ал, бұл өңірде ұзатылған қыз жұрты келешек сенің барар үйің, ат, байлар қазығың деген мағынада бейнелі айтылса керек.

Диаспора қазақтарының тіліндегі тағы бір өзгешелік - е,о,ө дауыстыларының сөз басыңда ие, уо, уө дифтонг түрінде айтылуы. Мысалы: иегде<егде, иегеу<егеу, иет<ет, иер<ер, иес<ес; уой<ой, уол<ол, уор<ор, уот<от; уөз<өз, уөкпе<өкпе, уөлең<өлең, уөмір<өмір, уөң<өң т.б. НА.Баскаков е дауысты дыбысының дифтонг түрінде айтылуы қарақалпақ тілін басқа түркі тілдерінен бөліп тұратын басты ерекшеліктің бірі деп санайды.

Ш-Ч: Әдеби тілдегі ызың ш дыбысымен айтылатын сөздердің диаспора тілінде аффрикат ч-арқылы қолданылуы . Бұл құбылыс, әсіресе, сөздің басыңда жиі кездеседі. Сөз ортасында да, аяғында да айтылады. Мысалы: чаре<шара, чәугім<шәугім, чөнчу<шаншу, чин<шын, чық<шық, чепчен<шапшаң, онча<онша, қанчі<қанша, қиынчылық<қиыншылық, чайші<шайшы, һич<еш т.б. Аффрикат ч дыбысының пайда болуы, оның сапасы және қазақ говорларында таралу шегі жайында Н.Сауранбаев, (Аманжолов, Ж.Досқараев, Ш.Сарыбаев, С.Омарбеков, О.Нақысбеков, О.Нұрмағанбетов еңбектерінде жеткілікті түрде айтылған құбылыстың бірі болса керек.

С-Ш: Бір топ сөздерде с айтылатын жерлерде ш дыбысы колданылады: ашхана<асқана, ешек<есек, кеуіш<кебіс, паше<маса, пашехана<масахана, пышық<мысық, шағыр<сағыр, шамал<самал, шорва<сорпа

Б-П: Сөз басыңда әдеби тілде ұяң б дыбысы айтылатын сөздерде диаспора тілінде қатаң я қолданылады. Мысалы: пазарлық<базарлық, пәкі<бәкі, песік<бесік, пейшенбі<бейсенбі, полат<болат, пөстек<бөстек, пұқара<бұқара, пұтақ<бұтақ, палуан<балуан, тапа<таба. Бұл құбылыс бірен- саран сөздердің ортасыңда да кездеседі. Тапа<таба, чүперек<шүберек т.б. Аталған ерекшелік өзбек, түрікмен, қарақалпақ тәрізді Орта Азия халықтарымен шектес жерлеріндегі қазақтар тіліңде жиірек ұшырайды. Бұл келтірілген мысалдардың айтылуы жағынан олар жоғарыда аталған тілдермен ұқсас келіп отырады. Әдеби тілдегі б дыбысының орнына диаспора тілінде л-ның қолданылып, сөздің қатаңданып айтылуын жоғарыдағы тілдердің әсері деп тануымызға болады.

Қатаң т-ның ұянданып д арқалы қолданылуы тек сөз басында ғана емес, сөз ортасында да, қосымшаларда да ұшырасады. Мысалы: айдамын<айтамын, атдар<аттар, жібертді<жібертті, жігітдер<жігіттер, кетдім<кеттім, қалыбды<калыпты, қосдағын<қостағын, ісдеу<істеу т.б. Сөз ортасындағы т-ның ұяндануын үндестік заңы сақталмайтын парсы және басқа да түркі тілдерінің әсерінен екенін аңғаруға болады.

Т-ның сөз басында ұяндануы қазақ тілінің басқа говорларында, әрі кейбір түркі тілдерінде, әсіресе оғыз тобына жататын тілдерде ұшырайтыны зерттеулерден белгілі. Ң-Н: Үнді ң дыбысы айтылатын кейбір сөздерде н дыбысы жұмсалады. Ол өзгешеліктер ілік септік тұлғасындағы -Дың, -дің қосымшаларының -дін болып /өндеу<өндеу, сіздін<сіздің/, жіктік жалғауының екінші жағының -сың, -сің қосымшаларының -сын, -сін /білерсін<білерсің, айтарсын<айтарсың/ болып айтылуынан және кейбір сөздерде /өлен<өлең, денгей<деңгей, ертен<ертең, сергардан<сергелдең, шарлатыныз<шарлатыңыз/ ң айтылатын орындарда н дыбысының қолданылуынан анық байқаймыз. Бұл құбылыс қазақ тілінің оңтүстік говорлар тобына тән құбылыс.

М-П: Зерттеліп отырған говорда әдеби тілде м дыбысы айтылатын бір топ сөздерде п дыбысы /пахта<мақга, паша<маса, пысы<мысы, пышық<мысық/,осының керісінше п дыбысы айтылатын сөздерде м дыбысы           қолданылады: кетмен<кетпен, дұшман<дүшпан, жарамазан<жарапазан, сатымаймын<сатпаймын, айтмай<айтпай т.б. Бұл құбылыс аз сөздер шеңберінде болса да қарақалпақ, түрікмен және оңтүстік қазақтары тілінде кездеседі.

Дауыссыз дыбыстарда кездесетін жергілікті ерекшеліктердің ішінен тек осы өңірде ғана қолданылатын ерекшеліктерден мына дыбыстардың алмасуларын атауға болады. Олар:

а/ Шұғыл қ дыбысы орнына ызың һ,х дыбыстарының қолданылуы: дұзаһ<тұзақ, еһлас<ықылас, тавуһдар<тауықтар, шаһырамыз<шақырамыз, һазне<қазына, һалта<қалта, һұдай<құдай, һораз<қораз, һызмет<қызмет, ахмақ<ақымақ, мұхтаж<мұқтаж, құрах<құрақ, махал<мақал, хону<қону, хизмет<қызмет, хиял<қиял, хаиір<қайыр;

ә/ Ызың ж дыбысы орнына шұғал ч дыбысының қолданылуы: Гулчан<Гүлжан, Чүрт келді<жұрт келді, чекме-же<жекпе-жек, коча<қожа, чай<жай т.б.;

б/ Сөз соңында, кейде ортасында қатаң п орнына ұяң б дыбысының қолданылуы: айтыб /отырмын/<айтып, алыб<алып, ашуланыб /қалды/<ашуланып, жарыб /көрді/<жарып, жиыб /алды/<жиып, жүріб /кетті/<жүріп, тартыб /адды/<тартып, ұшыб /кетті/<ұшып т.б.;

в/ Еріндік б дыбысының орнына тіс пен ерін в дауыссызының қолданылуы: Авай<Абай, авайсызда<абайсызда, вала<бала, вар<бар, васу<басу, ватпяқ<батаақ, ғалвыр<қалбыр, дывыс<дыбыс т.б.;

ғ/ Ауыз жолды ерін у дыбысы орнына тіс пен ерін в дауыссызының қолданылуы:  авлау<аулау,  авнатьш<аунатып,  әвелі<әуелі,  вақыт<уақыт, гавға<қауқа,     дерав<дереу,     қавмалап<қаумалап,     жылавыны<жылауын, палван<палуан, тавуһ<тауық т.б.;

д/ шұғыл н дыбысы орнына ызың ф дауыссызының қолданылуы: атраф<атрап, битараф<битарап, кафір<көпір, кафа<капа /болма/, фарс<парсы, фарман<пәрмен, фікір<пікір. Бұл құбылыс көбіне парсы тілінен енген кірме сөздерде байқалады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.    «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі».Ш.Сарыбаев.редакторлығымен құрастырылған. Алматы, 1980ж. 

2.    Б. Хасанов. // Қытай қазақтарының тілі. Ғаламтор материалдары stud.kz

3.    С. Мұстафаұлы. Қытай қазақтары тілінің тұрақты тіркестеріндегі жергілікті ерекшеліктер. Алматы, 2000ж.

4.    «Қазақ диаспорасының бүгінгі және ертеңі». Алматы, 2004ж.