БЕЙСЕНБАЙ ҚАСҚЫРБАЙҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ЕРЛІК, ЕЛДІК ТАҚЫРЫБЫ

 

Төлебаева Айдынгүл Тойбазарқызы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 

Сағынған Назерке

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Фил-15-1 оқу тобының студенті

 

Бейсенбай Қасқырбайұлы өз шығармаларында ерлік пен елдікті, әділдікті, адамгершілік асыл мұраттарды жырларының өзекті тақырыбына айналдырды.

Ақын ел ісіне араласып, енді қызмет жасай бастағанда Ұлы Отанымызға тұтқиылдан неміс басқыншылары шабуыл жасап, ел  азаматтарының сыналар шағы басталды.

Елді жаудың қанды шеңгелінен босату әрбір азаматтың абыройлы ісі, адал тілегіне айналды. Қан майданда жауға қарсы соғысқан жас солдат ел басына түскен ауыртпалықты көзбен көрді. Бейбіт елдің шеккен зардабы жауынгердің намысын қоздырып, жігерін жаныды.

Ақын жырларындағы ең  басты орын алып отырғаны – халық тағдыры. Халықтың елдік бірлігін, ерлік дәстүріне адалдығын даралай жырлауының әлеуметтік мәні зор. Мысалы, «Он төртінші жыл», «Қош болып тұр, туған жер!», «Майданнан хат», «Ардақты сәлем еліме», «Ескерткіш», «Ақымаққа тас атыңдар, адал өзің» атты өлеңдерінде азаматтық биіктік, туған ел, халық үшін қызмет ету туралы аппақ көңілдің саф алтындай жырлары жарқылдай төгіледі. Күнделікті күйбең тірлікке малданбай, ағайын-туыстарының, жалпақ елдің бірлігін, татулығын ойлаған ақынның парасатты тұлғасы сомдалады.

Б.Қасқырбаев – шын мәніндегі патриот ақын. 1941-1945 жылдары ол өзінің қара  басының жеке өміріменде, жүрегінен жарып шыққан буырқанған отты, жігерлі өлеңдерімен де Отан сүйгіштігін көрсетті. Ел басына күн туып, соғыс өрті бұрқ ете қалған алғашқы мезгілде-ақ «Қош болып тұр, туған жер!» өлеңінде:

... Қайтейін тұтылып күн, түнеріп көк,

Сарнатты адамзаттың қасіретін.

Батыстан өрт қаулап тұман басып,

Қан етті қызыл ала елдің шетін

Сондықтан «жауға-жауша қимылда!»,- деп

Ерекше бұйрық берді үкіметім.

Мақсат сол – ел жұмылып, жауды құру.

Тәуекел ақ жолына байладым бел, - деп ол майданға аттануға бірден тілек білдіреді. Бойды буған ыза-кек оның сөзіне салмақ, өзіне батылдық әкелді.

Ол елге жазған хатында қамыққан халқына қанатты сөзімен қорған болып, ел еңсесін көтеруді мақсат тұтты. Өз жайын баяндай отырып, өзге солдат тағдырынан да хабар беріп,  ел азаматтарының жігерін жаныды. «Ардақты сәлем еліме» деген өлеңінде:

Күресіп жатыр фашиспен,

Ойрандап тиіп шебіне.

Әлі – ақ жауды талқандап,

Оралар балаң еліне - дейді.

Бұл сөздің майданнан хат күткен әрбір үйге қуаныш әкелері сөзсіз. Жауды жеңіп елге абыроймен оралғалы тұрған азаматтың оптимистік бейнесін танытқандай еді. Бейсенбай жазған хатында майдан суретін,  кеңес жауынгерлерінің ерлік бейнесін көз алдына әкелді: 

«Кеткенде түнеріп күн, тұтылып көк,

-Жауыңа салып ойран, қимылда тек.

Дегенде бұйрық беріп өкіметім,

Мақсат сол жауды қыру жауынгерлік.

Септіріп ажал оғын пулеметім,

«Катюша» ұзақ ұрар зеңбірекпен.

Күш жұмсап, қайырмаққа дұшпан бетін.

Ерлер ісін ел көргендей.

Бейсенбай Қасқырбаев жауына қарсы  оқ атып, өз борышын орындаған жауынгер ғана емес. Ол – нағыз қас батыр. Оң қолынан оқ тиіп, топшысынан қайырылған құстай болып қалған кезде де, жауына деген өшпенділігін танытады, кегін алуды ойлайды, жігеріне мінеді.

Қапысын тауып зұлым жау,

Оң қолым сенен айырды.

Ең сенімді тірегім,

Дүрілдеп барып жығылдым.

Иекке тимей иегім,

Бірақ, фашист масайрап,

«Мұқаттым» деме Советтің,

Жауынгер туған бір ерін?

Он екі мүшесінің бірінен айырылған жауынгердің тілегі - өз басы, өмірі ғана болмақ емес. Ол уақытша қиыншылықты жеңіп шықса, жау төбесіне жасын ойнатуға бар.

Қош бол, қолым саламат,

Ұмытпан сені әрдайым.

Жалғанның бассам жиегін,

Алмасам да автомат.

Қолыммен жауды мен соғып,

Алармын қолдың бір кегін.

Бірақ, Бейсенбай жаудан кегін алуды одан әрі жалғастыра алмады. Неміс фашист басқыншыларына қарсы 3 жыл ұдайы соғысқан азамат Югославия астанасы – Белградты азат ету кезінде осылай ауыр жарақат алды. Жалынды жауынгер – «Қызыл Жұлдыз» орденінің кавалері, бірнеше жауынгерлік медальдарының иесі – Бейсенбайдың елге амалсыз оралуына тура келді.

Елге оралған соң көпті көрген, отты майданда шыныққан азаматтың елге айтары да, үйретері де көп еді. Соғыс жылдарындағы ақын өлеңдерінің барлығы дерлік халықты жауынгерлік рухта тәрбиелеуге бағытталды. Ақын өлеңдері бастан-аяқ кеңес халқының басқыншы фашистерді талқандап жеңетініне сенімі толы болды. Онда фашизмнің зұлымдық, қарақшылық, қан-қилы әрекеттері де әшкереленді.

... Қан қаптап жердің бетін қырылды құл,

Ақ ару, ажарлы қыз жетім қалып,

Қажырлы жұрт көңілінде қалдырды зіл.

Қаһарман халық қабақ шытып,

Қас қиып қанға қарап, қаптады тіл.

Ол кезде баудың гүлін жалын шалып,

Үн қатпай қайғыланды талай бұлбұл.

Мезгілсіз, мейірімсіз ажал шарпып,

Солқылдып не жас қыршын, үзілді гүл.

Тар жол, тайғақ кешу өткенін біл.

Оттан қорқып, өлімнен қаш демеймін

Бағамдап таразылар, өзіндік діл.

Осы өлең жолдарындағы туған елдің аспанын бұлт торлаған қаралы күндерді, аязды түндерді, тіпті, бұлбұл да үн қатпай қайғыланған сәтін бейнелеудегі Бейсенбай өлеңінің бейнелілік тілінің биікте тұрғанын көреміз.

 

 

         Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Қасқырбайұлы Б. Ел деп соққан жүрегім. Өлеңдері мен айтыстары. Алматы, 2007.

2.     Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, 1992.

3.     Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. –Алматы: Мектеп, 1973. -212бет