БЕЙСЕНБАЙ ҚАСҚЫРБАЙҰЛЫ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ
КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Төлебаева Айдынгүл Тойбазарқызы
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университеті
Алдабергенова Аружан
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің Фил-15-1 оқу тобының студенті
Ақын шығармашылығы, өмірлік
ұстанымы өзі өмір сүрген қоғаммен, ортамен
тығыз байланысты. Бейсенбай Қасқырбайұлы да өзі
өмір сүрген Сыр бойындағы ақындық орта
дәстүрінде толғаулар мен арнау өлеңдер,
ғибрат, насихат өлеңдерін, саяси-әлеуметтік лирикалар,
мысалдар, дастан жазған.
Қашанда еңбекқор, ізденімпаз Бейсенбай
өзі сүйген ұстаздық қызметіндегі білімін
өздігінше даралай, көп оқып жетілдірді. Соның
нәтижесінде білімдар болғандығы оның
шығармаларынан айқын көрініп тұрады. Сондықтан
болар, Бейсенбайдың поэзиясы алуан-алуан тақырыпты: адамгершілікті,
еңбекті, ерлікті, әділдікті паш ететін «Ардақты сәлем
еліме», «Сенбесең, өлмей қалған жанды сана», «Қош
бол, қолым!», «Таңырқаттың, Жаратқан!», «Отырмын
ойға қалып, осы маңда», «Он төртінші жыл», «Кімді
көрсем, мен де содан түңілдім», т.б. өлеңдерімен
қатар, табиғат лирикасына арналған «Көктем»,
«Бұлбұл», «Бүркіт»; ана мен бала тақырыбына «Ардақтау жөн», «Перзент»,
«Сақыпжамал», «Анаға құрмет», «Анашым»,
«Қожанға», «К-Д-ға», «Игембайға»,
«Күлбарамға», «Боданға»,
«Мамырайға» эпиграммалары, еңбек тақырыбына
арналған «Чапаевшыларға», «Чкаловшыларға» т.б. сонымен бірге,
«Осыны ұғын», «Сақыпжамал» дидактикалық сарында
жазылған туындылары жетерлік.
Бейсенбай Қасқырбаев та аз уақыт
өмір сүрсе де, құнарлы өнер топырағында,
туған жері Қармақшы өңірінде, тарихи Сырдың
бойындағы ақындық өнерге өзінің өшпес
қолтаңбасын қалдырып, өлең-жырларын мұра
етіп қалдырған аяулы азаматтың бірі. Ақынның
шәкірті белгілі журналист, жерлес ақынымыз Қ.Шыңғысов
«Сүлейлердің жалғасы» арнауында:
Сырдың сарбаз саңлағы сүлейлері,
Өнерлерің тамсантар кілең мені.
Өткір тіл, өрен жүйрік
болмасаңдар,
Атыңды айдай әлем білер ме еді?
Тұтпаса әруағыңды асыл санап,
Басыңа арнайы кеп түнер ме еді?
Тізілтіп сөз маржанын төккеніңде,
Лепесті лебізіңе кім ермеді?
Солардың жалғасындай Бейсекең де,
Тәмәм қып оқу орнын
түгендеді.
Ғанидың таңдап алған
шәкірті-ол,
Ертерек көзге түскен бұл елдегі.
Бесаспап шайыр еді, білікті де,
Ақын боп арғымағын жүгендеді.
Айтысса, алып ұрды қарсыласын,
Есесін ешбір жанға жібермеді.
Қамығып Бейсекеңнен кететін – ді,
Келгенмен әр жердің-ақ, дүр -
өрлері.
Әзілқой, сұлу мұртты, қызыл
шырай,
Сықақ қып жақпағанға
күлер де де.
Ол кезде тансық болған орыс тілін,
Бейсекең жас кезінде-ақ бүгерледі.
Еңші етті ұстаздықты өміріне,
Кәсібі өзі сүйген – бұл ермегі.
Оң қолын елі үшін садақа етті,
Жауға да есе бермес, жігерлі еді [1, 146б] - деп
сыр сүлейлері атанған бір шоғыр таланттардың
қатарына Қармақшылық жауынгер ақын, ұстазы
Б.Қасқырбаевты да қосқан еді. Осы өлең
жолдары Бейсенбай ғұмырының саналы да, мағыналы
өмір кешкен азамат екендігін көрсетеді. Оқуда алғыр
шәкірт атанып, білімге құмарта бастаған Бейсенбай
Қасқырбайұлының 12 жасында әкесі қайтыс
болады да оқуын тастап, күнкөріс үшін жалшылық
ғұмыр кешеді. Кейін «Сылдыр – сылдыр, сылдыр өмір» атты
өлеңінде:
Өмір-өзен, тұрмыс – темір.
Осы темір кезінде өстім.
Майлы күйе қара көмір
Жас кезімнен езіп жебір,
Айдап салып дөңге кебір,
Айта берсем - әйгілі жыр дей келіп, өткен
өмірінің қиындығына шолу жасап, өлең
соңын:
-
Соның
үшін жазып тақпақ,
Жыр жазуға көңілді бұр.
Ел – халқыңның мұңын ойлап,
Шырт ұйқыңда ызыңдап тұр»,
[1, 3б] - деп алдына үлкен мақсат қоятындығын
білдірген-ді.
Ал мысал өлеңдері «Есек пен
бұлбұл», «Дәуіт, қол-саусақ, ми мен сияны»
оқи отырып, қазақ әдебиетінің мысалшыл
ақыны Сәбит Дөнентаев пен Бейсенбайды қаз-қатар
елестетесің.
Бейсенбайдың ақындығын сөз
еткенімізде, ең алдымен оның кеңес дәуіріндегі
өміріміздің шындығын өз шығармаларына арқау
етіп, ұзақ жылдар бойы кеңестік дәуірдің заман
тақырыбын жырлағанын атап айтуымыз керек. Халық ішіндегі
оқу-ағарту мәселесі, кедейлердің ұжымдық
шаруашылыққа бірігіп, колхоз өміріне араласып еңбек
етуіне, социалистік шаруашылықтың жетістіктері мен кемшіліктерін
өзекті тақырыптар еткендігін ескеруіміз қажет. Ерлік пен
елдікті, әділдікті, адамгершілік асыл мұраттарды жырларының
өзекті тақырыбына айналдырды.
Ақын шығармашылығы кеңес
дәуірінің салтанат құрған кезіне тап келгендіктен,
әрине осы кеңестік саясат, сол кезеңнің әдебиетке
қойған талабы оның өлеңдерінен де көрініс
берді.
Дегенмен, Б.Қасқырбаев Кеңес
үкіметінің тұсындағы халық басындағы
ауыртпалық пен солақай саясаттың озбырлығын
«Айтқаның шын Тұрмағамбет» өлеңінде:
Рас, елде есек қалды, жоян етіп, дүние малды
Ас-қатықтан ырымға жоқ,
Тіл кезеріп, жүрек талды.
Айтқаның шын Тұрмағамбет
Сөйле, шырын, шекер-балды
Қодыраң шәпкі елді билеп,
Жүн жұрқаны есепке алды,- деп ауыр
кезеңнің көрінісін ашық та, айнытпай, ештеңеден
қаймықпай көрсете білді, көптің көкірек
көзін ашуды мақсат етті.
Елбасымыз Н.Назарбаев: «Мәдени мұра»
бағдарламасында: «... ұлттық мәдениетімізді
ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп,
келер ұрпаққа аманаттау басты мақсат» - деп ерекше атап
көрсеткен болатын.
Қорыта келе, жауынгер ақын, әйгілі
ұстаз Бейсенбай Қасқырбаевтың өлеңдеріне жан-жақты
талдау жасау, қыр-сырын танытып, ғылыми айналымға
түсіру ақынның өлкелік әдебиетіміздегі орнын
анықтау келешектің ісі болмақ.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Қасқырбайұлы
Б. Ел деп соққан жүрегім. Өлеңдері мен айтыстары.
Алматы, 2007.
2.
Қабдолов З. Сөз
өнері. Алматы, 1992.
3.
Ахметов З.
Өлең сөздің теориясы. –Алматы: Мектеп, 1973. -212бет