А.Әбдіқалықова, магистрант

М.І.Әбдуов, ф.ғ.д.,професор; М.Р.Әмірбекова, п.ғ.к., доцент;

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Сәрінжіп өлеңдеріндегі дәуір келбеті

 

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқын ойсыратып кеткен зардапты кезең болды. Ширек ғасырға жетпейтін уақыттың ішінде ел жақсыларынан жампоздарынан айырылды. Және оған себеп оқыстан келген төтенше жағдайлар емес, жоспарлы түрде қолдан жасалған зобадан әрекеттен. Сондай сұмдық істерді халыққа өзгеше түрде түсіндіргісі келгенімен, әр кез, әртүрлі жағдайларды тез аңғарғыш, сезімтал ақындар ақиқаттың айтып ашына жырлады. Соның салдарынан олардың да басым бөлігі қатал заман, қатыгез қоғамның құрбаны болды, шамалы тобы түрлі айла-шарық арқылы жансақтау қамымен аман қалды.

     Тұманданған тарихтың тұңғиығына жол тартса, қай дәуірде болмасын заман ағымын бүге-шүгесіне дейін суреттейтін өнер адамдары, оның ішінде ақындар болғандығын аңғарамыз. Олардың шығармаларындағы осы бір үйлесім тапқан үндестік үздіксіз сабақтасып оытрған. Ал, ақиқатында қандай туынды болмасын оның негізгі түйіні тәрбиелік мәнінде жататыны белгілі. Мәселен, Зейнеп ақынның өлеңінде:

Өнер – көл, ақыл – дария шын зерекке,

Нұр жауар талапты елге қалмас текке.

Бәрі дос жай жүргенде жамиғаттың

Табылар қысылғанда кім көмекке [1, 83],

деп жастарды өнерлі болуға, білім алуға үндейді. Үндесе,  Сәрінжіп ақынның:

Сарыарқа қалды-ау кейін жайлаулары,

Еті бал, шөбі шүйгін, суы дәрі.

Қарақат қымыздығын қызыға жеп,

Тойынған бүлдіргенге балалары [2, 69],

деген өлең жолдарында туған жерге деген ақынның ыстық ықыласы айқын аңғарылады. Яғни, жастардың елін, жерін сүюге деген ықыласын арттыруға айрықша үлес қосары сөзсіз.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жазба әдебиеті ерекше қарқынмен дамығандығы белгілі. Оның кең қанат жайып өріс алуына айрықша назар аударылды. Зерттеу барысында төкпе ақындардың творчествосына да, жазба әдебиетке де көңіл бөлінді. Дегенмен, кейбір халық ақындарының шығармашылығына жан-жақты мән берілмей үстірт айтылған болса, енді бірі тасада ескерусіз қалды. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында ақындық құрған өнер иелерінің көпшілігінің сауатты болғандығы мәлім. Солай бола тұрса да олар өз өлеңдерінің басым көпшілігін ауызша шығарған. Оның өзіндік мәні бар. Ол кезде жаңадан құлашын жазған жазба әдебиеттен гөрі, қалыпқа түсіп, елге етене жақын болып кеткен, халықпен сан ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан суырып салмалық дәстүр көптің көңіліне қонымды, жүрегіне жылы болатын. Сондықтан, жазба шығармаларға қарағанда, ауызша шыққан туындылар ел ішіне тез тарайтын және халық ақындары да осы жағына баса назар аударған болса керек.

Қазақ елінде халық ақындарының қалыптасқан ақындық мектебі, үрдісі бар. Айталық, Сыр бойы, Жетісу ақындарының мектебі, сондай-ақ Сарыарқа ақындарының да ерекшелігі жоқ емес. Мұнда да айтыс, дастаншылдық, жыр-толғау жанрлары жақсы дамыған. Олардың творчествосы тақырып, мазмұн, стиль жағынан алуан түрлі болып келеді. Сарыарқа өңірінде Қарағанды, Балқаш, Жезқазған сияқты ірі өндіріс орталықтарының бар екендігі белгілі. Осыған орай төкпе ақындар өз шығармаларына өңдіріс тақырыбын да арқау ете білген. Сол арқылы олар дастандарында қазақ жұмысшыларының бейнесін жасаған. Сондай-ақ соғыс жылдарындағы туындыларда ерлік тақырыбы да айрықша көрініс береді. 1943 жылы ұйымдастырылған айтысқа қарағандылық ақындардың қосқан үлесі де ауқымды әрі жан-жақты.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында ақындық құрған, Сарыарқа өңірінде өмір сүрген Шашубай Қошқарбайұлы, Доскей Әлімбаев, Қайып Айнабеков, Жолдыкей Нұрмағанбетов, Сәрінжіп Әзбергенұлы, Мұхаммедия Ахметұлы, Тәшен Исаұлы, Жуасбай Тасболатұлы, Маясар Жапақов, тағы басқа өнер иелерінің шығармашылығының жастарды тәрбиелеудегі маңызының орасан зор екендігін атап айтқан орынды. Сонымен қатар олардың творчестволық ерекшелігін ашу, фольклормен байланысын, одан алған үлгі-өнегесін тілге тиек ету басты міндеттердің бірі болмақ. Жоғарыдағы аталған халық ақындарының шығармашылығы, өмірі жайында біраз ғалымдарымыздың ғылыми еңбектерінде айтылған. Сондай-ақ, кейбір ақындардың жинақтары да шыққан болатын.

Қазақстанда болған зұлмат оқиғалар 1925 жылы өлкелік партия комитетінің хатшысы болып келген, кезінде ІІ Николай патшаны бала-шағасымен атуға қатысқан, Ташкендегі түрік комиссиясында жұмыс жасаған Ф.И.Голошекиннің есіміімен тығыз байланысты. Ол келген бетінде қарапайым халыққа көзқарастары түзі С.Садуақасов, Н.Нұрмақов, Ә.Әлібеков, Ж.Мыңбаев және тағы басқа саналы азаматтарды басшылық жұмыстан аластатып, елден ығыстырады. Сонымен қатар, Қазақстан Қазақ төңкерісін көрген жоқ деп «Кіші қазан» аталған бағдарламалы жасанды әрекетті жүзеге асыруға кіріседі [3, 161]. Жерді қайта бөлу мәселесі алдымен жолға қойылып, шұрайлы өлкелерді қоныс аударғандарға бергізеді. Осының алдында ғана халық комиссиялары советі бүкілодақты орталық атқару комитетінің «1924-1925 жылдары жоспарлы қоныс аудару туралы» декреті негізінде РСФСР-дың жер кодексіне көшіп келгендерді жермен қамтамасыз ету жөніндегі 46 бап енгізілді. Ондағы мақсат патшалы Ресейдің отарлау саясатын одан әрі жалғастыру еді. Осының артынша байлардың мал-мүлкін тәркілеу барысында кейбір орта шаруаның да, шаруалардың да, тіпті кедейдің де қолда бары алынып, байлардың арасында кетті. Осы әрекеттерді іске асыру барысында қарсылық көрсеткендерді жазалау жұмысыда жүргізілді. Мәселен тарихи дерек бойынша, 1916 жылы қазақ жерінде 4 млн 423 мың қазақ болса, 1926 жылы 3 млн 968 мың адам қалған. Яғни, 500 мыңдай адам азайып кеткен. Сондай-ақ 1926 жылы мал басы 28 млн болса, үш жылдан кейін 7 млн-дай ғана мал қалған. Қиналған халық жан-жаққа көшіп босқындық белең ала бастайды. Әсіресе, Қытайға Алатау асып көшкендер тізбегі көбейеді. Оларды тоқтату мақсатында ГПУ-дан милиция жасақтары шығып, қолға түскендерді аяусыз жазалады. Ал, өтіп кеткендердің бір парасы 50-60 жылдары елге қайтып оралды. Осындай сұмдықтың соңы 1932 жылы алапат аштыққа әкелді. Халық аштан кетіп жатқанда: «Социолизм жеңісі жақындаған сайын тап күресі күшейе түседі. Тап жауларына қарсы аямай соққы беру керек.» деп ұрандаған Голощекинге қарсы келер адам болмады, тек қана елім деп еңіреген бір топ зиялылар мен ақындар ғана ашық айтты және айтқаны үшін қуғынға түсті, жазаланды.

            Жерімді алды, малды алды,

Енді халқым нең қалды? –

деген өлең жолдары осы кезде туған еді.

Біз бұл жинаққа осындай апатты кезеңді көзімен көріп, өздерінің шығармаларына арқау еткен, басым бөлігі сол жолда көз жұмған өнерпаздардың бүгінгі күнге тамтұмдап жеткен туындыларын енгізуге талап жасады. Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, кезінде тоқтау салған дүниелерімізді жарыққа шығаруды қолға алдық. Осы жолда республикалық « Егемен Қазақстан»,  Қарағанды облысының «Орталық Қазақстан» және аудандық газеттері оның ішінде Шет аудандық «Заман» газеттері 90-жылдардың басында-ақ талай тамаша, әрі құнды мұраларды көпшілікке тарту етті. Әсіресе, Сәрінжіп, Дия, Тәшен, Күмісбек, Түсетай, Жуасбай, Оқа, Бабас, Ғаббас тәрізді ақындардың шығармалары бүгінгі күнге толық жетпесе де бар мұрасының өзі сол заманның тыныс-тіршілігін қаз қалпында көз алдыңа әкелетіндігі рас. Солардың ізбасары халық ақыны Рысқұл Жақанов:

Бодықов кешегі өткен ақын Қасен

Жырлаған сөз маржанын нақты әсем.

Жуасбай, Дияменен сөз зергері,

Өтті ғой Жәкенменен ақын Тәшен.

 

Сәрінжіп Исабекпен жыр дүлдүлі,

Ақбалақ тұтас сары бір бұлбұлы.

Бұлдай ақын апамыз тағы да өткен

Ұмыт боп бара жатыр осы күні.

Кім озған ғалым ақын Күмісбектен

Атағы шартарапқа тарап кеткен.

Алғашқы автономия тойын тойлап,

Арқадан арнайы жыр шашу еткен [4, 79], - деп ақиқатты жырлаған аға буын ақындарды өзінің өлеңіне арқау етеді. Сондай-ақ елбасына түскен ауыр нәубәттың бірі 1916 жылғы оқиға болса, келесі бірі 1932 жылғы аштық. Бұл туралы да талай өнерпаздар толғау-жырлар туғызған. Аталмыш оқиғалар қуғын-сүргін кезеңін қамтыған мерзімге енетін болғандықтан осы оқиғаларға орай қолдағы бар дүниелерді де ұсынғанды жөн көрдік. Ақындар шығармалары мен өмір деректері көненің көзі Бабажан, Сағымбай, Ілияс, Ескей, Қасым, Рысқұл, Көкбай, Қияс қариялардан және «Заман» газетінің беттерінен алынды. Аталған қарттардың басым көпшілігі осы өнерпаздарды көзімен көрген.

Сәрінжіп ақын Қарқаралы уезіне қарасты Мойынты болысында 1862 жылы дүниеге келген. Шыққан тегі Қаракесек, Кәрсон – Аралбай. Әкесі Әзберген деген кісі әлеуетті, дәулетті адам болыпты. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда үш әйел алған. Көпке дейін ұлы болмай алты қыздан кейін жетінші болып Сәрінжіп өмірге келген көрінеді. Жалғыз ұл болғандықтан көз тіл тимесін деген ырыммен бес жасқа дейін ел көзінен жасырып өсіріпті. Алғашқы ауыл молласынан оқып, хат таныған ол, жас кейінен-ақ өнерге әуес болып, өз жанынан өлең шығарумен айналыса бастайды. Шығармаларын ауызша да, жазып та шығарған.

Ақынның алғашқы жырлары жеңіл әзілге, қалжыңға құрылған. Мұндай туындылар көптің көңілін көтеруге, езілген елдің еңсесін жазуға айрықша ықпал жасаған.

Елтірден бөрік киіпсің,

Жаныңа жігіт жиыпсың.

Бос мақтауға мәз болып,

Теріңе зорға сыйыпсың [2, 91].

Немесе,

Сөзіңнің дәмі жоқ,

Ойыңның мәні жоқ.

Ішіңе сыртың сай

Киіміңнің сәні жоқ [2, 91].

Мұндай шағын қайырымнан тұратын туындылар арнайы жазып шығарылмаған табан астында тауып айтылған, яғни, ауызша шығарылған. Мұнан туындайтын ой, ақын өз өлеңдерін жазып қана шығармаған, ауызша да туғызған, суырыпсалмалық дәстүрді жалғастырушы болған.

Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде ел ішінде аласапыран заман туған еді. Бала-шаға қалын ойлап, әркім өз басымен әлек болып ауыртпалық түскен шақта жансауғалап Арқа өңірінен көптеген отбасы Жамбылға, Шуға, Қаратау өлкесіне қарай қоныс аударады. Елінен аттанып бара жатқан ақын өзінің «Сарыарқамен қоштасу» толғауын шығарады. Газеттерде, жинақтарда жарияланып жүргені ақынның осы туындысы. Оның өзі бір жарияланымда «Қоштасу», келесі бірінде «Сарыарқа» деген атпен берілген. Көнекөз қариялар бұл толғау туралы айтқанда: «Сәрінжіптің Сарыарқамен қоштасуын айтшы!» деп отыратын. Осыны негізге ала отырып ақынның бұл шығармасын біз «Сарыарқамен қоштасу» деп атадық.

     Толғаудың алғашқы жолдарынан-ақ біз туған жерге деген қимастық сезімді байқаймыз.

Қолыма Биссіміллә деп алдым қалам,

Жаныма жәрдем берсін хақ Тағалам.

Көргенше қайта айналып, кім бар, кім жоқ, 

Кетейін амандасып Арқа саған [2, 97].

Осыдан кейін барып Сарыарқаның әрбір түп жусанына дейін суреттей отырып оны өзінің ыстық ықыласымен сабақтастыра жырлайды. Тілдің шеберлігі сондай, әдемі әлемді естіген адамның көз алдына әкеледі.

Сарыарқа қалды-ау кейін жайлаулары,

Еті бал, суы шүйгін, суы дәрі.

Қарақат қымыздығын қызыға жеп,

Тойынған бүлдіргенге балалары [2, 98].

Толғаудың тағы бір маңызды жері ақынның маңайымен қай өңірге барып қоныстанғадығынан хабар береді.

Арқаның қош, аман бол, бұлақтары,

Жайқалған жағасында құрақтары.

Сәлемде бізді іздеген азаматқа,

Ел алды Шуға барып тұрақтады [2, 99].

Оңтүстік өңірге қоныс аудару мәселесі 19 ғасырда да болған. Мұның барлығы елді аман алып қалудың амалдары. Сол тәсілге сай 1919-20 жылдары да мекен ауыстыру әдісін қолданған. Оның себебін толғаудың түйінінде ақынның өзі ашып береді.

Сарыарқа кейін қалдың кербетеге,

Бұл жақта бала туып, ер жете ме?

Төрт бұрышын төңіректің орыс алды,

Болмаса мекенінен ел кете ме? [2, 87]

Ақын бұл толғауын жазып шығарған тәрізді. Себебі, тілі, стилі, ұйқас мәнері, ырғағы жазба әдебиетке тән жүйелілікті, бірізділікті танытып тұр. Ауыз әдебиетіне тән өрнектер мен иірімдер аз.

     Сәрінжіптің әзіл өлеңдер шығарғандығын жерге, елге деген ықыласын айқындайтын толғаулар туғызғандығын жоғарыда айттық. Халық ақындарына тән тағы да бір ерекшелік өмір, заман, дүние туралы философиялық мәні бар шығармалар шығаруы.  Осындай ой туғызар туындылар Сәрінжіпте де бар.

Бұл күнде ғалымдардан пасық озды,

Жағалы жақсылардан жасық озды.

Шашасына шаң жұқпас жүйріктерді

Жарыста шабан бесті басып озды [2, 89].

Бұл ақынның көзқарасымен алынған сол кездегі заман келбеті. Мұндай мағынадағы өлең жолдары XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақында да бар.

Бұрынғы семіз арықтап,

Кенелі болған замана.

Бұрынғы арық семіріп,

Денелі болған замана [5, 67].

Ой жағынан үйлесіп тұр. Бірақ әр ақынның суреттеу мәнері, иірімі, көңіліндегісін тұспалдап жеткізуі әртүрлі, яғни, қайталау емес үндестік. Сондай-ақ, ел басына төніп келе жатқан ауыртпалықты да шебер тілмен жеткізе білген.1928 жылғы кәмпескені, 1932 жылғы аштықты, 1937 жылғы сұрапылды, 1941-45 жылдардағы соғысты алдын ала айрықша бір сезімталдықпен аңғарып, халықты содан сақтануға шақырады.

Келеді күн жауғалы, бұлт сайланып,

Шешеннен озды сақау тіл байланып,

Тұлпардан мәстек озып бәйге алғаны,

Дүниенің кеткені ғой теріс айналып [2, 90].

Аумалы төкпелі заманның айқын көрнісі. Ақынды алаңдататын заман ағымы ғана емес, халықтың бір-біріне дұшпанкөз болуы, сенімсіздіктің белең алуы, қайрымсыздықтың қанат жаюы.

Ақкөңіл адам едім арқам жауыр,

Ішімде бір өкпе жоқ бәрі бауыр.

Дұшпанның найзаменен шанышқанынан,

Досымның инеменен түркені ауыр [2, 90].

Толғаудың түйіні – жақсы көрсең қалма, жамандарға барма. Ақымаққа қанша айтсаң да ақыл қонбайды.

Сәрінжіп фольклордағы айтыстың ерекше түрін атап айтқанда, қайым айтыстың дамуына да үлес қосқан. Әрине, айтыстарының барлығы бірдей, бүгінгі таңға жеткен жоқ. Десек те, замандас ақындардың арасындағы сөз сайыстарының болатындығы көнеден келе жатқан дәстүр. Мәселен, Нарманбеттің, Әбіштің, Түсетайдың, Жуасбайдың бір-бірімен алмакезек немесе Дия мен Бабастың қайым айтысуы соның дәлелі.

Мұның өзі Түйте ме ?

Түйте болса бүйте ме ? –

деген Бабасқа Дияқажы да орғытып өлеңмен түйрей тиіскен. Осы Бабас Сәрінжіпті де айтысқа шақырған. Өзі дәулетті, жасы алпысты алқымдаса да жас келіншекке үйленген Бабас:

Сәрінжіп саған өлең жараса ма?

Ақындар айтыс көрсе таласа ма? –

дегенде Сәрінжіп іліп әкетіп:

Қалың тоғай ішінде бәйтерек ең,

Биіктен неге түстің аласаға, - [2, 40]

дейді. Яғни, Бабасты өзгелерден озық ақынға балай отырып, неліктен ағайындарға соқтығасың дегенді меңзейді. Бабас болса айтысқысы келетіндігін:

Қадірлі қатар жүрген замандас ең,

Айтысып бір батайық тамашаға, -

деп сездіреді. Айтыстан бас тарту ақынға мін, айтысу сын. Сондықтан :

Атың шыққан ақылды аға едің,

Жүйрік ат шабысыннан адаса ма? [2, 40]

деп іле жауап қайтарады.

Дәл осы тектес айтыс Бабас пен Дияның арасында да бар. Соған қарағанда үш ақынның сөз сайысы бір мезгілде өткен тәрізді. Айтыстарынан байқайтынымыз Сәрінжіптің әрі тапқыр, әрі өткір, шебер тілді ақын болғандығы.

            Қазақ халқы орынды сөзге тоқтаған оған жоғары баға берген. Ал, сол сөзді туғызған өнерпазды мәртебелеп құрметтеген, тіпті үйіне келген қонағын да сөзбен байқап, жауабына қарай бағалайтын болған. Сондықтан, ащы айтылған сөздің сипатына қарай соған сәйкес жауап күтетін болған. Ондай қағытпаларды көңілге алуға, немесе, қажетсіз деп сырып тастауға болмайды. Себебі, мұндай жауаптасулар ақындардың бірін-бірі байқауы, сынауы болып табылады.

            Тоқтаусыз қудалаудан әбден зәрезеп болған Сәрінжіп ақын жанында атақты Боранқұл бар, ақсақалдар Мұқаш, Жұмақас, Үсен және тағы басқаларымен Шу бойымен барған сапарында сол өңірдің белгілі ақыны Мәдіханның үйіне арнайы келіп түседі. Ондағы мақсат екі ақынның бірімен-бірінің сөз жарыстыруы. Шәй ішіп, сусындағаннан кейін жігіттердің бірі келіп Мәдіханнан:

-          Көке, сорпа-көже дайындайын ба? Әлде, қой тауып сояйық па? – деп сұрайды.

Мәдіхан болса:

-                     Өзім шамалыдан соң хабарын берем, - деп қолына домбыра алып әндетіп қоя береді.

Арқадан Арғын ауып шөлге келдің,

Жас қызды жұдырықтай ұстап бердің,

Етін жеп, сары қымызын ішіп жатпай,

Неліктен Шуда жатқан елге келдің? [2, 93]

Сәрінжіп бұған домбырасын алып, іле жауап қайтарады:

Біз-дағы сөз айталық Мәдіханға,

Сөзіңе сөз қайтарсам көңіліңе алма,

Атаңыз реніштен көшпей қалған.

Енші алып Арғын, Үйсін айрылғанда. [2, 93]

Бұл жердегі мәселе ақындардың бір-бірін мұқату емес, тіл шеберлігі мен тапқырлығын байқастау. Білетін адам тауып айтады, білмейтін адам қауып айтады. Сәрінжіп ретін келтіріп тауып айтқандықтан, оған риза болған Мәдіхан қой алғызып сойғызып, арнайы сыбаға тарту етеді. Міне, сөз сайысы, оған тоқтау деген осы.

20-30 жылдары бас көтергендерді жазалау, қамау, ату кеңінен етек жайды. Талай тамаша дарын иелері жазықсыз жабылған жаланың арқасында өмірден озды. 1931 жылы Найзакескен деген жерде топтап кісі атқанда соңынан арнайы барып, атылғандарды көзімен көрген ақын:

Көрмейін де деп едім,

Шыдамадым келгенім.

Шыққыр көзім не көрдің,

Не сұмдықты көрмедің,

Қайран қазақ баласы,

Ажалыңнан өлмедің [2, 99], - деп жүрегі езіле жыр төгеді.

Ақын алғашқы кезде Кеңес үкіметінде түрлі жұмыстар атқарған. Қаражартас (қазіргі Еркіндік) деген жерде Мойынсерік колхозының ұйымдасуына ат салысқан. Төлеубек Құлтаев, Сары Кенебаев, Шөмек Байғасқин тәрізді ел адамдарымен бірлесе жүріп, еңбек еткен. Бірақ, көзімен көрген қуғын-сүргіннің әрекеттерінен жаңа үкіметке өзінің жырларымен қарсылық білдірген, ақиқатты ашық айтқан. Ақынның:

Кеңес келді ұлықпен,

Билік айтқан құрықпен,

Басшылары сүліктен,

Жаушылары жүліктен [2, 93], - деп жырлауы соның айғағы.

Сонымен қатар, ақын «Аралбай батыр» деген дастан шығарған. Кезінде Адамбеков Көпбай ақсақал айтқан төрт шумағын жазып алып едік, өзгесі есінде қалмапты.

Сәрінжіп Әзбергенұлы 73 жасында көнекөз қариялардың айтуы бойынша 1935 жылдың наурыз айында Қаражартаста қайтыс болған. Өзі кетсе де өлеңі қалды, көзі кетсе де сөзі қалды. Сондықтан шығармашылығын тереңдете зерттеу, басты міндеттердің бірі болмақ.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.      Халық ақындары поэзиясының анталогиясы. – Алматы: Жазушы, 1993. – 347 б.

2.      Сәрінжіп ақын және оның тұстастары: ғылыми-шығармашылық жинақ. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2015. – 184 б.

3.      Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы: Оқулық. – Алматы: Қазақ университеті, 2005. – 302 б.

4.      Жақанов Р. Шығармалары. – Алматы: Санат, 2000. – 123 б.

5.      Шортанбай. Шығармалары. – Алматы: Жалын, 1995. – 109 б.