Едігенова
А.Ж.
Семей қаласының Шәкәрім
атындағы мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы,
Семей қаласы
ҚАЗАҚТЫҢ
ТӘРБИЕДЕГІ ТАҒЫЛЫМДАРЫ
Қазақ
халқының өте ертеден бүгінге дейін
жалғастығын тауып келе жатқан бай қазынасының ірі
– халықтық педагогикасы. Халықтық педагогика –
тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің бастауы, халықтың
рухани мұрасы. Қазақ халқының халықтық педагогикасы – бала тәрбиесінің негізгі
құралы екені бүгінде дәлелденген, себебі онда халықтың
ұлттық тәрбиесіндегі ерекшеліктері және сол ұлттық
тәрбиені өмірде қолдану тәжірибесі
айқындалған.
Халықтың тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары халық
ауызекі шығармашылығында, әдет-ғұрыптарында,
салт-дәстүрлерінде, ырым-тиымдарында көрініс тапқан.
Мұндағы тәрбиенің негізгі түйіні –
адамгершілік-имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетикалық,
отбасы, дене және т.б. тәрбиелерге бағытталады. Ежелгі
ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйімен,
сыбызғы-сырнай үнімен, асқақтата салған
әсем әнімен, ғашықтық жырымен,
мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерімен сан ғасыр
бойы өз ұрпағын «сегіз қырлы, бір сырлы», өнегелі
де, өнерлі, адамгершілік ар-ожданы жоғары, намысқой азамат
етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық.
Салт-дәстүр
– бұл халықтың кәсібіне, сеніміне, нанымына,
тіршілігіне байланысты қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа
ауысып отыратын қоғамдық құбылыс. Ол
отбасылық тәрбиеде қалыптасады. Халық
«Дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен
тозығы бар», «Әдет - әдет емес, жөн - әдет» деп
заман талабына сай дәстүрлерді дәріптеп,
тәлім-тәрбиенің негізгі құралдарының бірі
ретінде аса ұтымды пайдаланған. Жалпы салт-дәстүр
халықтың белгілі бір әдет-ғұрыптарымен байланысты
туындаған. Мысалы, бала тәрбиесімен байланысты: шілдехана, бесікке
салу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу т.б.
Тұрмыс-салтқа байланысты туған
әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің
барлығында халықтың арман-тілегі, ой-пікірі, келешек
ұрпаққа айтар өсиеті көрініс берген [1].
Қазақтың
тәрбиедегі тағылымдары шаңырақтан
бастау алады десек артық емес. Қазақ жұртшылығы
ата шаңырақты әруақты орын деп қарағаны белгілі. Шаңырақ
- заттық болмысы жағынан
қазақ киіз үйінің бар «сүйегін» біріктіріп
ұстап тұрар ағаш төбешік. Ал, екіншіден,
ұлттық сана-сезім, дүниетаным, тәлім жағынан
келгенде, шаңырақ – «үй», «отбасы», «әулет» одан
жоғары халық ұғымын беретін, қазақ
жұртының өсіп-өну ұйытқысын,
дәстүр, тәрбиесін, біртұтас бірлік-тірлігін білдіретін
рухани-философиялық көркем балама. Қасиетті, кең
ұғым. Халқымыздың тарихы, өсіп-өну
шежіресі, яғни, қазақ шаңырағы –
қазақ елі деген мағынаны береді. Отбасындағы көптеген шаруаларға тәлімдік
мән беріліп, бір-біріне ынтымақ көрсетіп, мәмілеге
келіп отыруға ата шаңырақ үлкен ықпал етіп
отырған. Сөйтіп, бұрынғы өнегелі
қазақ отбасыларынан ел-жұрттың берекесі
құрылған.
Қазақ
отбасы – бір үйлі жаннан
құралған. Ата әулетіне қанша отбасы таралса да,
әр отбасының қамы, қарекеті бөлек болған.
«Оты басқаның уайымы, қазаны басқаның
қайғысы басқа» деп тегін айтпаса керек. Отбасындағы
жетекші тұлға әкені – отағасы,
ал шешені – от анасы деп
атаған. Қалғандары бала-шағалары. Отағасы мен
отанасы сол отбасының бар шаруасын үйлестіріп отырған.
Сонымен бірге өз бала-шағаларының алдында үлгілі,
өнегелі, тәрбиелі болуға тырысып баққан.
Олардың тәлім-тәрбиесі ұл-қыздарына ықпал
еткен. Соның нәтижесінен болар қазақ отбасында
анау-мынау ерсі, берекесіз істер кездеспеген. Қазақ отбасы баланы
еңбекке ерте баулыған. Баланы 6-7 жасқа келген
соң-ақ өзіне лайықты еңбек түрлеріне
(төл тәрбиелеу, бау-бақша күту т.б.) әдейі ыңғайлай
білген. Мысалы, балаға төл еншілеу арқылы оның
малға деген ынтасын арттырумен шебер айналысқан.
Қазақтар жастардың жақсы, жағымды істерін
ешқашан тежемеген, қайта мақұл көріп,
қолдап баққан. Тәрбиеде ауыл өнегесі
жастарға мықты әсер етіп отырған. Әрбір
отбасындағы әке-шеше ұлы мен қызын тәрбиелеуде,
ылғида жақсы тәрбие ортасы болуын қалап, «ұлың
өссе ұлы жақсымен, қызың өссе қызы
жасымен ауылдас бол» дегенге сүйеніп, жақсы ауылмен
ыңғайласа жүруді көздеген.
Қазақта
«ауыл болсаң – қауым бол»
деген нақыл сөз бар. Бұл кім болсаңда, осы
ауылдың өмір-тіршілігіндегі ішкі ереже-тәртібіне
бағынасың, жоғын жоқтасасың, барың болса
бөлісесің, қиындығы болса бірге көрісесің,
ешқандай ресі қылық көрсетуге қақың
жоқ дегенді меңзейді. Қазақ ауылы
туысқандық немесе мекендестіктен құрала берген. Осы
ауылдың ішкі мүддесін әр ауылдас өз мүддесінен
жоғары ұстаған. Оны «ағайынның аты озғанша,
ауылдастың тайы озсын» деген нақыл сөзден айқын
түсінуге болады. Ағайын татулығын қастерлеген.
«Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп
тегін айтпаған. Ауыл татулығы ешкімді аттан да, астан да кемтар
етпеген. Біреуде бірдеме жетпей жатса, екіншісі көмектесіп отырған.
Әрбір ауыл тыныс-тіршілігіндегі барлық жағдайларға,
әсіресе жастар тәрбиесіне ауыл болып араласқан.
Сондықтан да, «ұлға отыз үйден, қызға
қырық үйден тыйым» деп теріс қылық, ұнамсыз
іспен айналысып қалатын жастар болса, әрбір шаңырақ
адамы өз тарапынан тыйым жасап отырған. Қазақ
ауылының негізінен қос мекені – қыстауы мен жайлауы
болған. Жазғы тұры – жайлауға, қысқа
қарай – қыстауға көшіп, орналасу кезеңі
өзінің сән-салтанат, қызық думаны мен мереке болып
саналған [2].
Халықтық әдеппен қазақ ауылына
ешқашан жолаушы атымен баса көктеп кірмеген, ауыл шетіне атынан түсіп, түсер
үйінің ту сыртынан «Үйде кім бар, сыртқа шықсын!» деп дауыс береді. Егер бейтаныс болса, онда
атынан түскен бойда ауылға бетін беріп, жерге жүрелеп
отырады. «Алыстан іздеп алты жасар бала келсе,алпыстағы
ақсақал алдынан шығып сәлем беретін» әдетіміз
бойынша, оны ауылдың үлкені шығып қарсы алады. «Қонақпен еріп,
құт келеді» деген сеніммен, қонағын қарсы
алған отағасы есікті өзі ашып, алдымен үйге
қонағын кіргізеді. Ал шығарып саларда, үй есігін
қонаққа ашқызады, себебі, үй иесі есігін ашса,
онда қонағын қуғанмен бірдей болып саналады.
Еліміздің қонақты қалай қарсы алып,
қалай құрметтейтіні мына бір өлең жолдарынан
көрінеді:
Сырттан келген мейманға,
Сәлем беріп қол алсаң,
Бірінші еткен құрметің.
«Түсіңіз» деп түс беріп
Шылбырына оралсаң –
Екінші еткен құрметің.
Есік ашып енгізіп,
Көрпе төсеп, құп
алсаң –
Үшінші еткен құрметің («Шешендік
сөздер»).
Қазақтың
сәлемдесу рәсімдері. Сәлемдесу барлық халықта да,
адамгершілік қарым-қатынасының алғашқы бастауы,
кілті болып табылады. Қалған әңгіменің бәрі
сәлемдесу рәсімінен кейін жалғасып жатады емес пе?
Қазақ
халқындағы сәлемдесу
рәсімдері күрделі болып келеді. Оның еленіп жататын
жүйелері бар. Әсіресе, үлкендерге сәлем беру
жауаптырақ. Соны әркім қатаң сақтауға тиіс.
Барып сәлемдесу. Барып сәлемдесу реті – басқа бір
ауылдағы туыстас немесе бір ауыл арасындағы жасы үлкен туыс
кісіге, иә болмаса ел-жұртқа сыйлы, танымал адамдарға
әдейі уақытын арнап барып сәлем беру болады. Немесе ауыл
адамдарының арасынан біреулер оқудан т.б. іс-сапардан келіп жатса,
сол жас адам үлкендерге сәлем беріп шығу борышын өтеуі
тиіс. Қазақта ешқандай шаруасыз, арнап сәлем беру
рәсімі – ертеден қалыптасқан ізеттілік. Кейде жастар
жағы сәлем беріп шығу ретін білмей жатса, оның
ата-анасы «пәленше атаңдікіне барып, сәлем беріп шық»
деп ескертіп жатады. Бұған үлкен кісі «пәленше балам
келіп, сәлем беріп кетті» деп риза болып қалады екен. Сөйтіп,
халық алған-бергеніне емес, көңіл аулағанға
риза болған. Үлкендермен сәлемдесу. Егер сәлем беретін
адамың ата жасындағы әкеңнен үлкен,
өзіңнен үлкен болса, онда қай жерде кездессең де,
бұрылып, қасына барып, сәлемдесу орынды[2;3].
Халық
тілегі батадан орын алған, онда
жүрек жарды ақ ниеті, көңілі айшықталып
тұрады. Бата түрлері көп. Бірыңғай айтыла салатын
жоралғы емес, ол белгілі бір шараның ретіне қарай ғана
беріледі. Ал, бата тілеуші болғалы жатқан шараның мәнін
айтады. Бата беруші де соған орай бата береді. Батаның негізгі
түрлері:
- Жалпы күнделікті
ас-суға жайылатын дастархан батасы.
- Түрлі өткізілетін
той, кеш т.б. қуанышқа жайылатын дастархан батасы.
- Сапар жүруге, ақжол
тілеуге байланысты жайылатын дастархан батасы.
- Үлкен қарттарды
құрметтеп жайылатын дастархан батасы.
- Қаралы болған
отбасы дастарханында берілетін бата т.б.
Бата
алып, алғыс алып жатсаң, өзіңді рухани қуатты
сезінесің. Мысалы, мына бір балаға арналған бата:
Көтерейік білекті,
Өнер-білімге икемді
болсын,
Нұрға бөлеп жүректі. Бәйтеректей
бойшаңданып,
Бөбекке бата берейік, Өрен,
өршіл, өркенді болсын
Ағынан айтып тілекті. Жақсы жолды
таңдасын Сәбиіміз сүйкімді болсын, Жамандық тәлім
алмасын.
Бата
Жаңбырмен жер көгерер,
Батамен ел көгерер.
Құдай оңда,
Оңға баста!
Абиыр бер!
Аман сақта!
Дастарқандарыңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін.
Астарыңа адалдық берсін
Бастарыңа амандық берсін.
Дендеріңе саулық берсін.
Азамат болып ер жетсін
Ақсақал болып төрлетсін.
Азамат болып көрікті,
Ғұмырлы болсын бөрікті.
Азамат болып ардақты,
Мінезі болсын салмақты.
Өнері болсын жан-жақты
Осы айтқанның бәрі қабыл болып,
Ала берсін зор бақты («Ақ бата» кітабынан).
Жалпы
күнделікті ас-суға жайылатын дастархан батасы. Күнделікті
әр отбасының өз үйінде дастарханында берілетін бата
немесе «ас қайыру» деп атайды. Дастархан басына жиналғандар
тамақтанып болған соң, бата тілемей-ақ, отбасының
үлкені ас қайырып, бата береді. Ас қайырмай дастархан басынан
тұрып кету дұрыс емес.
Түрлі өткізілетін
той, кеш т.б. қуанышқа жайылатын дастархан батасы:
Бастарыңа бақ берсін,
Не берсе де нақ берсін!
Қырда жүрген қызырды,
Үйлеріңе ап келсін!
Қарындарың тоқ болсын,
Қайғыларың жоқ болсын!
Шүпірлеген үйіңде,
Балаларың көп болсын! [2;3].
Қазақта
«Ынтымақ түбі – береке,
береке түбі – мереке» деген нақыл сөз бар. Осы ынтымақ
сөзінің күші, рухы қаншалықты мықты екенін
осыдан-ақ көруге болады. Ынтымақ сөзі бірнеше жікке
бөлініп, бірін-бірі толықтырып, барып, халықтық
ынтымақты құрайды: отбасылық ынтымақ,
әлеуметтік ынтымақ, елдік ынтымақ, ұлттық ынтымақ,
халықтық ынтымақ. Отбасы
ынтымағы: әр отбасы – ерлі-зайыптылар қосағы мен
бала-шағаларынан тұрады, бір-біріне қарым-қатынасы
олардың ынтымағын құрайды. Ерлі-зайыптылар
арасындағы сыйластық қатынас. Осы екі адамның бір-бірін жете түсініп, қолдау
жасап отыруы – отбасы ынтымағының іргесін қалары анық.
Екеуінің ұнамды сыйластығы – отбасының басқа
мүшелеріне де өнегелі әсер етері шындық; әке-мен
бала қарым-қатынасы: әке мен бала арасындағы
қарым-қатынас - әкенің баланы тәрбиелеуінен
басталады. Қазақта «Баланы жастан» деген ұстаным бар.
Қазақ бала тәрбиесін қолға алып, бесіктен бастап,
шыдамдылыққа, төзімділікке,
еңбекқорлыққа тәрбиелеген; ене мен келін
қарым-қатынасы: ене мен келін қарым-қатынасы аса
жауапты болған. Ене өмір көрген, келіндік жайды басынан
өткерген адам болғандықтан, оны шаруаға үйретуге,
білместігі болса кешіруге, өз қызындай көріп өзіне
тарта білгені дұрыс. Міне, мұндай жылулық көру жас
келінге жағымды әсер етеді; әулет
ынтымағы: әулет ауқымына тігінен тарайтын жеті буын
туыстастық жатады. Олардың арасындағы қарым-қатынас
жасына, жолына, шаңырақ иелігіне қарай реттеліп кете береді.
«Ағайын тату болса, ат көп» деп тегін айтпаған.
Сондай-ақ, әулет ынтымақтығы арқылы тәрбие,
тәлімге мән берілген. Нәтижесінде әулет ішінде
тәртіпсіздік, берекесіздік тәрізді әрекеттер болмаған; ел ынтымағы: ел –
ұғымы – кең ұғым. Әр елді мекендегендер бір
туыстастық құрамнан тұрмайды, әр
туыстастықтан құрала береді. Соған қарамастан сол
елдің ынтымақ-бірлігін сақтауға қазақ
жұрты табиғатынан да, тәрбиесінен де өте ынталы келеді.
Қашанда сол отырған елінің тыныштығын, берекесін
тілеген. Ел ынтымағын қазақтар қай уақытта
болмасын береке көріп, одан қанағат алып отырған;
халық ынтымағы: қазақ
халқына көп заманнан бері ондаған халықтармен
дәмдес, тағдырлас болуға жазған. Дәмдес
халықтардың қайсысымен болса да, тату-тәтті тұра
білген халық. Оған басты себеп – оның
қонақжайлылық қасиеті екені сөзсіз[2]. Сонымен,
қазақтың тәрбиедегі тағылымдары –
халықтың өзіндік әдет-ғұрпы,
салт-дәстүрі, ұлттық мінездері, әлеуметтік
сезімдері, көңіл-күйлері, адами қасиеттері, ойлары,
талап-тілектері, халықтың әлеуметтік психологиясы танымы,
қоғамдық өмірдегі жағдайлар т.б., бұлар
ғасырлар бойы қалыптасып, шыңдалған сенімді де
құнды құрал болып қала бермек.
Әдебиеттер:
1. Жарықбаев Қ., Қалиев С.
Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы, 1995.
2. Еламанов Қ. Шаңырақ пен
пырақ. - Алматы: Жеті жарғы,1999.
3.Қазыбеков М. Жаңғырған
салт-дәстүрлер, Алматы: Қазақстан, 1991.