Филологические науки

 

 

Филология магистрі, аға оқытушы Э.Н.Ажарбекова

Филология магистрі, аға оқытушы Б.С.Сатиева

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

БЕЛГІЛІЛІК/БЕЛГІСІЗДІК КАТЕГОРИЯСЫНЫҢ КОНТЕКСКЕ ҚАТЫСЫ

 

Контекст – тіл білімінде қарастырылып жүрген ауқымды мәселелердің бірі. Бұл мәселе қазақ тіл білімінде арнайы зерттелген жоқ. Лингвистикалық сөздіктер мен ғылыми еңбектерде түркітанушы ғалымдар мен орыс тіл білімін зерттеушілердің берген түсіндірмелері мен анықтамалары бар. Қазақ тілі синтаксисінің маманы Ж.А.Жақыповтың 1998 жылы жарық көрген “Сөйлеу синтаксисінің сипаттары” атты еңбегінде тілтанушы ғалымдардың контекст жайындағы ойлары қарастырылады. Мәселен, лингвистикалық терминдер сөздігінде бұл тілдік құбылыс жөнінде: “Сөздің түрлі мәнін анық беретін, сақталмаған тиянақты ойды білдіретін сөйлемдегі сөздер тобы” [1, 83], - деген ой айтылады. В.И.Сергеевтің анықтамасы төмендегідей негізде: “Языковой контекст... – это внутрилингвистические условия употребления данной языковой единицы, образуемые окружением из других языковых единиц” [2, 12]. Д.Э.Розенталь мен М.А.Теленкова контекске: “Зоконченный в смысловом отношении отрезок письменной речи (текста), дающий возможность точно установить значение отдельного входящего в него слова или предложения данной языковой единицы в речи (Языковое окружение а в широком смысле также ситуация речевого общения)” [3, 153], - деген анықтама береді. О.С.Ахманова контексті былайша сипаттайды: “1. Лингвистическое окружение данной языковой единицы; условия, особенности употребления данного элемента в речи. 2. Законченный в смысловом отношении отрезок письменной речи, позволяющий установить значение входящего в него слова или фразы” [4, 206].

Жоғарыда берілген анықтамаларды қарастыра келе, Ж.А.Жақыпов бірінші анықтаманың “олқылығы – контекст сөйлем ішінідегі сөздер тобы болып шығатындығы” екендігін, екінші анықтамада “контекстің сипаты нақтыланғанмен, оны тек тілдің өз ішіне ғана тән құбылыс ретінде шектеп, контексте экстралингвистикалық та сипат болатыны ескерілмегендігін, үшінші анықтаманың олқылығы – контекстің жазба тілмен шектелетіндігі”, ал В.И.Сергеевтің анықтамасынан “артықшылығы – сөйлеуді және экстралингвистикалық факторларды (сөйлеу ситуациясы) есепке алуы екендігін айтады.

О.С.Ахманова орыс тіл білімінде контекстің бес түрін айқындап көрсеткен: “Тұрмыстық (бытовой) контекст – қарым-қатынас жасаудың ауызша сөйлеудегі сөздер мен құрылымдық модельдерді таңдауды белгілейтін ситуациясы, сөйлеудің сөйлеу сигналының қысқаруына мүмкіндік беретін осының нәтижесінде күнделікті ауызекі эллипсистік стиль жасалатын ситуациясы. Метафоралық контекст – троптардың қос мәндік қатардың жарыса қызмет етуіне негізделген бір ізбен өрістейтін жиынтығы. Ситуация  контексі - сөйлеу актісінің жүзеге асуының, осының мазмұнына ықпал ететін, белгілі бір мәдени орта арқылы белгіленетін шарттары. Театрлық контекст – театрлық орындау жағдайын туғызатын және пьеса текстінде сахналық ремаркалар арқылы түсінілетін ситуациялық контекст. Топонимикалық контекст – осы аймаққа тән топонимдердің жиынтығы” [4, 207] (Аударған: Ж.А.Жақыпов).

Ж.А.Жақыпов контекстің тіл мен сөйлеуге қатысты жайттардың бәріне араласып отыратындығын айта келіп, контекске мынадай сипаттама береді: “Контекст (латын сөзі, “тығыз байланыс”, “бірігу” деген мағынаны білдіреді) дегеніміз – текстің мағыналық жағынан аяқталған бөлігі, бөлігі болғанда, оның құрамына кіретін сөздің, я сөйлемнің мағынасын айқындауға мүмкіндік беретін бөлігі, бір тілдік единицаны сөйлеуде қолданудың шарты, тілдік орта, ситуация. Контекстің екі деңгейі болады: 1. Тар көлемдегі контекст (сөз мағынасын айқындайтын белгілі бір сөйлем); 2. Кең көлемдегі контекст (синтаксистік күрделі бірліктер, тарау, абзац – бұлар сөйлем семантикасын айқындайды)” [5, 34].

Ж.А.Жақыпов контекстің тілдік құбылыстарға қатысы жайын да қарастырады. Мәселен, ғалымның: “Контекстің белгілі бір тілдік единицаның қолдану шарты екенін мойындасақ, дыбыстардың бір-біріне ықпалын да контекст аясында қарауға болады. Бұны фонетикалық контекст дейміз” [6, 32]. “...Әр сөз, әр сөйлем, түпнұсқада да, аудармада да мәтіннің көптеген басқа элементтерімен байланысқа түсіп тұрады, сондықтан әрқашан, тіпті жеке сөз жайында, аудару процесінде контексті назардан тыс ұстауға болмайды.

Бір ғана тілдің семасиологиялық аясында алғанда да контекстің шешуші қызметін айқын көруге болады. Контекст полисемия, синоним, антоним, омоним, метафора, метанимия, синекдоха, жалқы және жалпы есімдер, фразеологиялық тіркестерде де мағына айқындау қызметін атқарады” [6, 34], - деген пікірлері контекстің ассимиляцияға, яғни дыбыстардың үндесуіне байланысты сөйлеу барысында бірдей естілетін фонемалардың мағынасын айқындауда және лексикалық құбылыстарға, аудармаға ықпалының зор екендігін аңғартады.

Контекстің белгілілік/белгісіздік мәнді айқындауда  да ықпалы орасан. Орыс тіл білімінде белгілілік/белгісіздікті контекспен қатысты қарастырады. Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте мынадай ой айтылған: “Самым сильным средством выражения категории определенности является контекст: в высказывании “Женщина купила книгу” если оно находится в абсолютном инпродуктивном начале, оба имени могут быть неопределенными, но если это же высказывание находится в середине текста оба имени могут быть определенными” [7,349]. Байқап қарасақ, орыс тіліндегі белгілілік/белгісіздік мәннің  бұл берілу жолы қазақ тіліне де тән. Мәселен, Медет – жан серігі – домбырасын қатты сағынған. Қолына тиісімен, шерте жөнелмей, ең әуелі сағынған көңілмен сылап-сипап, саспай айналдыра қарап шықты. Өне бойында титтей де кіршік жоқ. Өзі бардағыдай қалпында. Асыл күн сайын бір сүртіп, шаң-тозаң қондырмай күтіп жүретін (Е.Мырзахметов) деген абзацтағы соңғы сөйлемді абзацтың алғашқы сөйлемі етсек, мұндағы Асылдың шаң-тозаңнан күтетін заты белгісіз мәнге ие болады. Бұл сөйлем абзацтың соңында тұрғандықтан белгілілік мәнге ие. Яғни, абзацтағы алдыңғы сөйлемдерден байқағанымыздай Асылдың күн сайын сүртіп шаң-тозаң қондырмай күтіп жүретін заты – Медеттің домбырасы.

Төмендегі мысалдарды қарастырып көрейік.

Таңбаға қол жеткізу қандай қиын болса, оны мүлтіксіз сақтаудың қиындығы да әсте кем соқпайды. Таңбамен қоса үш талон беріледі. Жасалған детальдан алда-жолда ақау шыға қалса, талонның біреуі жылтырады. Егер үшеуі де түгел жыртылса, онда таңба қайтып алынады. Одан кейін оған тағы да ие болу мүлдем қиындайды (Е.Мырзахметов).

- Қос балапанын қанаттанып кеткенше талғажау етерліктей де бірдеңенің қалын ойламаппын. Ажал шіркіннің қай жағыңнан аңдып, қай қалпымды тапқанын білмей де қалдым ғой. Саған артыма қалдырған бар байлығым – Медетім мен Зейнебім. Аманатым да сол екеуі. Жылатпа, жарай ма? Сабыр ет, сөзімді бөлме. Екеуіне әкесі жасаған бар жақсылығы – сендей ана тауып бергені. Ақырғы жақсылығы саған тапсырған... осы аманаты болсын! (Е.Мырзахметов).

Алғашқы мысалдағы Егер үшеуі де жыртылса, онда таңба тартып алынады деген сөйлем абзацтың орта тұсында берілген. Егер осы сөйлем абзацтың басында орналасса, мұндағы үшеуі деп отырған сөз сөйлемге белгісіздік мән үстейді. Ал абзацтың ортасында орналасқандықтан бұл сөйлемдегі белгісіздік мән алдыңғы сөйлем арқылы белгілілікке ие болады. Сонда мұндағы жыртылатын заттың үш талон екені белгілі. Ал екінші мысалда Ақырғы жақсылығы саған тапсырған... осы аманаты болсын деген сөйлем абзацтың соңғы сөйлемі. Егер осы сөйлем абзацтың алғашқы сөйлемі болса, мұндағы “аманат” сөзінің бойында белгісіздік мән болар еді. Алайда сөйлемдегі аманаттың қандай аманат екендігі ондағы сөйлемдер арқылы белгілі. Яғни, аманаты – балалары Медет пен Зейнеп.

Бұдан бұрын сөз етілген белгісіздік есімдіктер, сілтеу есімдіктер, болжал мәнді модаль сөздер, белгісіз жақ, белгісіз мүше арқылы берілетін белгісіздік мәндердегі сөйлемдер контекстен тыс алынғанда белгісіздік мәнге ие. Ал контексте бұл сөйлемдер белгілілік мәнде болады. Себебі, контекстегі өзге сөйлемдер белгісіздік мәнді толықтырып, белгілі етеді. Мысалы: Алтауы бірдей қосыла сарнайды, қосылып шыңғырады: кісендерін сылдыратып, төбелерін төмпештейді. Күркені күзетіп тұрған қарулы жігіттер жекіген, рет жасап әлденені міңгірлейді. Оларын демдерін ішіне тартып төңірекке құлақ түріп жатқан жым-жырт ауыл естігенімен, арпалысып жүрген тұтқындар естір емес (Ә.Кекілбаев).

Берілген мысалдың соңғы сөйлемінде белгісіздік мән басым. Ол белгісіздікті үстеп тұрған ол сілтеу есімдігі. Соңғы сөйлемді контекстен тыс алып қарасақ, ауылдың нені естіп, тұтқындардың нені естімейтіндігін аңғару қиын. Ал контексте ол - белгілі. Алдыңғы сөйлем соңғы сөйлемдегі белгісіздікті толықтырады. Яғни, жігіттердің жекіген рет жасап әлденені міңгірлегендерін ауыл естіп, тұтқындар естімейді.

Сондай-ақ, Медет жүрегі аттай тулап, кеудесіне сыймай кетті! Ғайыптан біреу сиқырлы шипа суын бүркіп жібергендей тұла бойы жеңілейіп кетті. Көңілін нешеден қажаған қатқыл ой бір-ақ сәтте ғайып болды деген мысалдың соңғы екі сөйлемінде белгісіздік мән бар. Ол белгісіздік контекстен тыс алынғанда аңғарылады. Контекстен тыс қарасақ, кімнің тұла бойы, кімнің көңілі екендігі белгісіз. Белгісіздік мән толымсыз сөйлемдегі анықтауыш мүшенің қатыспауынан туындаған. Ал осы сөйлемді контекст құрамында қарасақ, Медеттің көңілі, Медеттің тұла бойы екені белгілі. Соңғы сөйлемдердегі белгісіздікті алғашқы сөйлем белгілі етеді.

Қара торғайларды Медет алғаш келген күні-ақ көрген. Содан бері ертемен тұрып, күн шығар алдындағы сиқырлы сұлу әндерін бар жанымен тебірене, жүрегі лүпілдей соғып, тыңдаумен келеді. Ақан сері атасының “Қара торғайын” ыңылдай айтып, көбіне көп қосыла отырады... Ол бүгін де шығар  күнді ақ тілеуі көңілмен, қара торғайдың шырылдап шырқаған әнімен қарсы алып отырды. Берілген мысалдың тағы екінші, үшінші сөйлемдері абзацтан тыс тұрғанда белгісіздік мәнге ие болады. Сөйлемдерде іс-әрекеттің, қимылдың субъектісі жасырын тұр. Жақ белгісіздігі бар. Яғни, сұлу әндерді тыңдаушы кім?, «Қараторғай» әнін айтушы кім? – белгісіз. Ал контекст құрамында бұл белгісіздік белгілі болады. Сұлу әндер тыңдаушы да, “Қара торғай” әнін айтушы да – Медет.

Сонымен, контекст – белгілілік/белгісіздік мәнді айқындаудың бір жолы. Мысалдар көрсеткендей, белгісіздік ұғымдағы сөз қатысқан сөйлем контекстен тыс тұрғанда ол сөйлемде белгісіздік мән болады. Егер ол сөйлем контекст құрамында болса, белгілілікке ие болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                 Кеңесбаев І., Жанұзақов Т. Тіл білімі терминдерінің орысша-қазақша сөздігі.    Алматы: Ғылым, 1966.

2.                  Сергеев В.И. Многозначность слова и контекстная семантика (проблемы лексикографической разработки полисемов) // Советская тюркология, 1988, №1.

3.                  Розенталь Д.Э., Теленкова М.А. Словарь-справочник лингвистических терминов. – М.: Просвещение, 1976.

4.                  Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. – М., 1966.

5.                  Жақыпов Ж.А. Аударматануды аңдату. Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1993. – 75 б.

6.                  Жақыпов Ж.А. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1998. – 159 б.

7.                 Лингвистический энциклопедический словарь. – М.: Советская энциклопедия, 1990.