ӘОЖ 330.1

АТҚАРУШЫ БИЛІК  - МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ                 ОРЫНДАЛУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУШІ ОРГАН

 

 

Тұрғанбаев М., э.ғ.к., доцент, Қожаева Ж., Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ магистранты

Аннотация

В статье рассматриваются вопросы развития деятельности государственных органов управления.

 

Annotation

The article discusses the development of the activities of state authorities.

 

         Негізгі сөздер: нарық, реформа, мемлекеттік органдар, мемлекеттік билік, құқық тәртібі, мемлекеттік механизм, атқарушы билік, заң шығарушы орган, мемлекеттік қызмет, қайта даярлау, біліктілігін арттыру.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында : «Мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет. Мемлекеттің үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдері керек. Заң алдындағы теңдік құқық тәртібінің шынайы негізі болуға тиіс», - деп мемлекеттік билік органдарының қызметін жетілдіру қажеттігі аталып өтілген болатын [1].

Мемлекет дегеніміз - өз аумағындағы халықты құқықтық жүйесі арқылы ұйымдастыратын, басқаратын күрделі саяси ұйым. Мемлекет  – арнайы басқару және мәжбүрлеу аппараты бар, қоғамның өкілі бола тұра, оны басқаратын және оның дамуын қамтамасыз ететін, бұқаралық биліктің егеменді, саяси ұйымы. Мемлекет қоғамды басқаруды жүзеге асыратын, өзінің барлық мүшелерінің мүдделері үшін тәртіпті қамтамасыз ететін, әрі үстем таптардың немесе билік жүргізуші топтың немесе халық топтарының мүддесін артықшылықтан қорғайтын биліктің ерекше ұйымы болып табылады.

Мемлекеттік механизм - мемлекеттік органдардың  мемлекеттік билікті жүзеге асыру әдістері мен құралдарының жүйесі. Яғни, мемлекеттік механизм ұғымына – мемлекеттік билік, мемлекеттік аппарат, мемлекеттік билікті жүзеге асыру құралдары мен әдістері ұғымдары кіреді. Мемлекеттік орган -  мемлекеттік аппараттың бір буыны. Ол – мемлекет атынан белгілі бір мемлекеттік функцияны жүзеге асыруға бағытталады. Мемлекет механизмі түсінігімен қатар, теория және практика жүзінде мемлекеттік аппарат түсінігі де кеңінен пайдаланылып келеді. Биліктің бірден-бір  бастауы – халық болғандықтан мемлекеттік органдар халықтың еркін, мүддесін ескеруі қажет. Халық еркі сайлаулар, референдум, мемлекеттік қызметке орналасу теңдігі, т.б. жолдармен ескеріледі. Сондықтан мемлекеттік органдар өз қызметінде демократиялық қағидаларды басшылыққа алуы тиіс. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының жоғарылығы, демократизм, биліктің бөлінуі, заңдылық, жариялылық, кәсібилік, сайланбалылық және тағайындамалық жүйенің бірлігі, т.б. қағидалар.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік органдарды құру және олардың қызмет етуін айқындаущы негізгі қағидат билікті бөлу теориясы болып табылады, ол билікті органдар және лауазымды адамдар, әлеуметтік топтар, мекемелер немесе жекелеген адамдар тарапынан қиянат болмауы үшін амалдар жасайды. Бұл орайда олардың әрқайсысы дербес әрі бірін-бірі тежеуші әрі тепе-теңдік жүйесі бола отырып, өз қызметтерін органдардың айрықша жүйесі және ерекшелікті нысандар арқылы жүзеге асырады.

Тежемелік және тепе-теңдік жүйесі (аса маңызды қағидаттың бірі) – онда әлдебір билікті, басқа органның әрекетін белгілі бір жәрежеде шектеуге мүмкіндік берілуі, мемлекеттің әлдебір тұтқасының билікті өз қолына шоғырландыруын болдырмауы көзделінген. Билікті бөлу қағидаты Конституциясының Президент (III бөлім), Парламент (IV), Үкімет (V бөлім) және соттар (VI бөлім) мәртебелерін белгілейтін нормаларда іске асырылып нақтыланған. Бұл қағидаттардың мазмұны олардың өзара іс-қимыл жасау қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылуы білдіреді. Мысалы, Парламентке берілген заң қабылдау айрықша қызметі Президенттің заңдарды қайтару құқығымен үйлестірілген. Президентке заңдарға қайшы келмейтін жарлықтар шығару құқығы берілген. Ал, Үкіметке Конституция, заңдар және Президенттің нормативтік жарлықтары негізінде және соларды орындау үшін қаулылар шығару құқығы берілген. Сонымен бірге Президентке Конституцияға сәйкес халықаралық шарттар жасау құқығы берілген (44-баптың 11-тармағы), алайда оларды Парламент бекітуі ( 55-баптың, 7-тармағы) тиіс [2]. Сот билігінің де құқықты шектеуші амалдары бар, ол Конституцияда, заңдарда кінәсіздік, қорғану құқығы, азаматтардың заң, сот алдында теңдігі, жариялық, судьядан бас тарту және т.б. қағидаттарға негізделген. Сөйтіп, биліктің бірде-бір тармағы бүкіл мемлекеттік билікті тұтастай өзі иемденіп кете алмайды.

Атқарушы билік бұл - әмбебап, ұйымдастырушылық сипатқа ие, заңдардың және заң шығарушы биліктің өзге де актілерінің орындалуының қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік биліктің заңға бағынышты органы.

Атқарушы билік «Әкімшілік» түсінігінің этимологиясынан шыққан («administrare» - біреу үшін қызмет ету, «ministrare» жалғауы «қызмет етуші» дегенді білдіреді). Атқарушы билік кеңістікте болады, яғни адамдар ұжымды қымет еткен жердің жузеге асырылады [3].

Атқарушы биліктің бірден бір белгісі болып мыналар шығады: құқықтық, ақпараттық, экономикалық, техникалық, идеологиялық, ұйымдастырушылық ресурстар. Бұларда дәйекті мемлекеттік күш шоғырланған. Мемлекеттік биліктің бұл тармағы заңдық сипатқа ие. Оның іс-әрекеттері мен актілері заңға негізделеді және өзге де заңдық актілердің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы, мемлекеттік қызметке келудің ашық та жетілген түрін енгізу, «А» басқарушылық корпусына тек қана кадр резервінен алу, деңгейі төмен, біліктілігі жеткіліксіз және мемлекеттік қызметке дайын емес адамдарды жұмысқа қабылдауға үлкен тосқауылы болары айқын. Кадрларды қайта даярлау мен біліктілігін арттыру негізінен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және Ұлттық мемлекеттік саясат мекетебінде шетелдік мамандарды шақыра отырып өткізілетін болады. Бұл, біріншіден тындаушылардың санын бірнеше есе көбейтуге, екіншіден, бюджет қаражатын үнемдеп, тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мақсатында ұсынылып отырған жаңа модельде қызметшілердің еңбегін ынталандырудың тиімді жүйесін қалыптастыру көзделіп, оның ішінде еңбекақы төлеу, әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері басты рөл атқарады. Сонымен қатар, мемлекеттік органда жеке сыйақы қоры құрылып, оны бөлу қызметшінің жұмыс сапасымен тікелей байланысты болады. Мемлекеттік қызмет персоналын басқаруда «Е-қызмет» жүйесінің озық мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылады және барлық мәліметтер, статистикалық деректер автоматтандырылады. Оның ішінде, айта кететін бір жаңалық – ол мемлекеттік қызметкерлердің өмірбаянымен қатар, оның әкімшілік, тәртіптік жазалануы, құқық бұзушылықтары туралы мәліметтерді мемлекеттік органның кадр қызметі дер кезінде алып отыруына мүмкіндік туады.

Қазақстан егеменді, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан алғашқы жылдардың өзінде-ақ мемлекеттік қызметтің кәсіби даярлығын арттыру және даярлау жөніндегі арнайы оқу орындарын ашу қажеттілігі туындады. 1991 жылы Республика Үкіметі жанынан Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және кәсіби деңгейлерін арттыру институты құрылды, 1994 жылы – ел Президенті жанынан мемлкеттік басқарудың Ұлттық жоғары мектебі ашылды. 1998 жылы – оларды біріктіру базасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті жанынан Мемлекеттік қызмет академиясы құрылды. Бұның бәрі бір орталықта мемлекеттік қызметшілерді кәсіби даярлау және мамандығын көтеруді оқу-әдістемелік және ғылыми қамтамасыз ету сұрақтарын шешуге, осы мақсаттарға мемлекеттік қаражаттарды ұтымды қолдануға мүмкіндік берді.

Мемлекеттік қызметшілердің кадрларын оқытуды жүзеге асыру, жетілдірудің бағдарламалық құжаты болып Қазақстан Республикасының Үкімет қаулысымен 2000 жылғы 13 қарашада қабылданған Мемлекеттік қызметшілерді оқыту тұжырымдамасы табылады. Бұл Тұжырымдама мемлекеттік қызмет кадрларының мамандығын көтеру және қайта даярлауды ұйымдастыру кезінде орталық және жергілікті мемлкеттік органдар үшін негізгі бағыттаушы құжат болып табылады. Бұл Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының қызметін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік қызмет кадрларын басқаруды білдіреді.

Мемлекеттік қызметшілерді оқыту – бұл мемлекеттік органдардың қажеттіліктеріне және мемлекеттік қызметшілердің мүдделеріне сәйкес жүзеге асырылған, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу үшін өз білімін, жұмыс істей алуын және үйренуін билей алудың мақсатты бағыттарын жүйелендірілген және жоспарлап ұйымдастырған процесі.

Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың негізгі түрлері болып мыналар табылады: даярлау, қайта даярлау, мамандығын арттыру, жұмыс орнында оқыту және өзін-өзі даярлау. Осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтейік.

Мамандығын арттыру – бұл мемлекеттік қызметшілерді, өз лауазымдық міндеттерін тиімді орындау үшін және кәсіби шеберлігін жетілдіру үшін ұсынылып отырған талаптарға сәйкес, олардың қызметі аумағында білім бағдарламалары бойынша теориялық білімдерін және тәжірибелік ынталарын жаңарту мақсатымен қысқа мерзімді оқытуды білдіреді.

Жұмыс орнында оқыту – жұмыс барысында туындаған, өз лауазымдық функцияларын және өкілеттіктерін немесе жаңа міндеттер мен функцияларды мамандыққа сәйкес орындау мақсатымен кәсіби білімдерін, ынтасын және істей алуын дамыту процесі болып табылады.

Өз-өзін даярлау – мемлекеттік қызметшілердің өз мамандығын және кәсіби деңгейін арттыруды олардың қажеттіліктері мен мүдделеріне сай, білімді, бағытты және істей алуды өзінің дербес игеру процесін білдіреді.

Мемлекеттік қызметтің маңыздылығы, мемлекеттің шешетін барлық мәселелерінің ішінде кадрлар, ең алдымен басшылар туралы мәселе негізгі болып табылатындығымен айқындалады. Тек мемлекеттік аппарат реформаларды, жаңа идеялар мен заңдық ережелерді жүзеге асыруға міндетті, бірақ басқару қызметінде болатын кемшіліктердің көпшілігі аппаратшылардың кейбір бөлігінің қабілетсіздігімен, кей кезде, тіпті, реформалық бағдарламаларды қабыл алмауымен, одан бетер, олардың сыбайлас жемқорлығымен байланысты екендігі белгілі. Мемлекеттің мықты кадр әлеуетін тиімді етіп пайдалану – алғы шепте тұратын жалпыұлттық міндет болып табылады. Әр түрлі саясаткерлер келеді, кетеді, ал мемлекеттік қызмет машинасы барлық жағдайларда да қалтқысыз жұмыс істеуге тиіс.

 

Әдебиет:

1.          «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  Қазақстан халқына Жолдауы // «Егемен Қазақстан, 18 қаңтар, 2014 жыл.

2.          Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995ж. 30 тамыз.

3.          «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жыл 21 мамырдағы № 254 ҚР Заңы.

4.          Ашитов З.О. «Қазақстан Республикасының құқықтық негіздері». Алматы «Жеті Жарғы» 2003 жыл.