Айтманбетова Рауа Каратаевна
жасыл экономика ЖӘНЕ
ТАБИҒИ РЕСУРСТАРДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ
Табиғи капитал
теориясы мынаны болжайды, яғни табиғи жүйелер
қызметінің жоғалуы негізгі өнеркәсіптік
капиталдың өсімінен әрқашанда өтеліп отырады.
Алайда, табиғи капиталды өндірістік капиталмен үздіксіз
алмастыруға болмайды, олай болса, табиғи капиталды капиталдың
басқа түрімен технологиялық алмастырудың
әрқашанда шегі болады. «Табиғи ресурстар» түсінігі
экономикалық теорияда аз зерттелген деп саналады. Соңғы
уақытқа дейін жалпы экономикалық ғылымда, тіпті
жаңа пайда болған «экологиялық экономика» теориясында да
«табиғи ресурстардың» негізгі жүйе құраушы
белгілері толық анықталмаған, сонымен қатар,
табиғи құбылыстарды «ресурстар» және «ресурс еместер»
деп бөлудің критерийлері, «табиғи
құбылыстардың» (табиғи объектілердің)
«экономикалық құбылыстарға» (экономикалық
объектілерге) өту үдерісінің сипаты, осы үдерістердегі
ғылыми зерттеулердің рөлі, жаңартылатын және
жаңартылмайтын «табиғи құбылыстар» мен «табиғи
ресурстар» және жаңартылатын және жаңартылмайтын
«табиғи капитал» арасындағы айырмашылықтарды
көрсетудің критерийлері толық анықталмаған.
Осыған байланысты, өндірістік материалдық ресурстардың
құнын анықтау үшін қолданылатын әдістемелер
бойынша «табиғи ресурстардың» құнын
анықтауға талпыныстар жасағанда үлкен
қиыншылықтар туындайды.
«Табиғи» капиталдың негізгі үш қызметін
бөліп көрсетуге болады:
1. Ресурстық қызметі
– тауарлар мен қызметтердің өндірісін табиғи
ресурстармен қамтамасыз ету;
2.
Экожүйелік/экологиялық қызметі – табиғаттың
әртүрлі сипаттағы реттеушілік қызметін атқаруы:
зиянды қалдықтарды ассимиляциялау, климатты және су
жүйесін, озон қабатын реттеу және т.б.
3. Эстетикалық,
этикалық, адамгершіліктік, мәдени, тарихи аспектілерімен байланысты
табиғат қызметтері. Бұлар бір сөзбен айтқанда,
«рухани» экологиялық қызметтер деп аталады.
Сарапшылардың
пікірінше, қазіргі уақытта, әлемдік қауымдастық
жоғарыда аталған дағдарыстардың, әсіресе,
экономикалық, экологиялық және азық-түліктік
дағдарыстарды еңсерумен байланысты аса өткір
мәселелерді шешуге бел буа кірісті. Бұған дер кезінде
мемлекет басшысы да өркениеттің бірігуі мен әріптестік
танытуы жолымен жаһандық дағдарысты еңсерудің
жаңа бағыттарын атап көрсеткен болатын. Оның бір тетігі
ретінде Астана қаласының «Жасыл көпір» бастамасын
атауға болады. Бұл бастаманы алғаш рет Нұрсұлтан
Назарбаев ІІІ Астана экономикалық форумында көтерді. Осыған
байланысты, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.
Назарбаев: «Әлем жаңа экологиялық қауіпсіз
технологияларға, олармен тез алмасуға және жаңартылатын
қуат көздеріне зәру. Осыған орай, былтыр өткен
Біріккен Ұлттар Ұйымының саммитінде Қазақстан
Еуропа мен Азия арасындағы «Жасыл көпір» атанған жаңа
экологиялық декларация құру туралы бастамашылығын жариялады.
Бұл экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге
және «жасыл экономика» құру үдерісін
жақындатуға және тездетуге мүмкіндік береді» деп атап
өтті.
Қазақстан
соңғы жылдары өзекті экологиялық мәселелерді
шешуде біршама ілгері жылжыды. Ондаған жылдар бойы
жинақталған «тарихи» ластағыштар мен депрессивті
аумақтардың қалпына келтіру салдарлары сәтті
түрде іске асырылуда. Бүгінгі таңда Қазақстан
экономикасының көптеген салаларында жоғары энергиялық
сиымдылық сақталуда. Мұнай-газ секторында парниктік газдар
шығарындыларының үлесі артып келеді. Сондықтанда, осы
үлестерді қысқарту үшін еліміз «Жасыл даму» жолына
түсуі қажет, яғни қоршаған ортаның
бүтіндігін сақтау отырып, экономикалық дамуға қол
жеткізуі қажет.
Қазіргі
тұрақты даму экономикалық, әлеуметтік және
экологиялық компонент сияқты үш құрауыштың
арасындағы кешенді өзара байланыстың орын алуын
болжайды.Соңғы онжылдықта пайда болған «жасыл»
экономика тұжырымдамасы тұрақты дамудың осы компоненті
арасындағы оңтайлы үйлесімділікті қамтамасыз етуге
негізделеді және дамыған, дамушы және өтпелі экономика
жағдайындағы мемлекеттердің барлығы үшін аса
қолайлы жүйе болатындығын дәлелдеуге тырысады.
«Табиғи капитал»
көптеген елдердің экономикасында маңызды рөл ойнайды.
Қазақстан үшін, мысалы, экономикада пайдалы қазбалардың
маңыздылығы өте ерекше болып табылады, яғни
табиғи ресурстардың өте мол қоры экономиканың
дамуында маңызды рөл ойнайды. Көптеген елдер
өзінің бай табиғатының есебінен экологиялық
туризм үшін табиғи капиталдың «рухани» қызметтерін
қамтамасыз етіп мол табыстарға кенеліп отыр.
Қазіргі
уақытта, инвестициялау үшін Қазақстан
экономикасының басымдықты секторларының біріне балама энергетика (альтернативті энергетика) саласы жатады. Балама энергетика
Қазақстан экономикасын дамытудың балама мүмкіндіктері болып
табылады. Экономикалық дамудың осындай балама мүмкіндігі
соңғы 15-20 жылда әлемдік экономикада басым рөлді ойнап
отырған «болашақ экономика» секторларының бірі болып
табылады.
Қазақстанның
экологиялық мәселелерін шешудің және
электроэнергетиканы дамытудың басым бағытының бірі ретінде
өздігінен жаңарып отыратын энергетикалық ресурстарды
кеңінен пайдалану үдерісі қарастырылып келеді.
Қазақстанда өздігінен жаңарып отыратын энергетикалық
ресурстардың әлеуеті өте зор болып табылады. Жаңартпалы
энергетикалық ресурстарға гидроэнергия, жел энергиясы мен күн
энергиясы жатады.
«Жасыл» экономикада
халықтың әл-ауқаттылығын көтеруде
экожүйелердің (экологиялық табиғи капиталдың)
рөліне үлкен көңіл бөлініп отыр. Осыған
байланысты экологиялық қызметтер (адамның экожүйелерден
алатын игіліктері мен пайдалылықтары) қарастырылады және
олар, ереже бойынша, бүгінгі нарықтық экономиканың
қызметіне қатыспайды.
«Жасыл» экономикаға бет
бұру үшін инвестициялаудың келесідей бағыттарын
ұсынуға болады:
1) Ғимараттар мен үйлердің энергиялық
тиімділігін арттыру (яғни, ғимараттардың энергиялық
тиімділігін көтеру мақсатында оларды қайта жөндеуге
инвестиция салу), сонымен қатар, үйлер мен кеңселердің
айналасын көгалдандыру мен жасылдандыру үшін материалдық
ынталандыруды ұйымдастыру. Құрылыстың қазіргі
заманғы озық технологияларын қолдана отырып энергияны
тұтынуды 80%-ға дейін қысқартуға болады.
2) Энергияны үнемдейтін және аз
ластайтын көлік жүйесін енгізу.
3) Энергия таратудың интеллектуалдық
жүйесі бар тұрақты энергетика жүйесін енгізу.
4) Ұлттық саясаттағы игі
бастамалар (экологиялық заңдылықтарды енгізу немесе
жетілдіру, тиімсіз субсидияларды төмендету немесе тоқтату, отын
сияқты пайдалы қазбалардың орнына жаңартылатын
энергияның көздерін кеңінен қолдануды, жеке
автокөліктің орнына қоғамдық көліктің
түрлерін кеңінен қолдануды қолдау үшін
фискалдық шараларды жүргізу және т.б.).
5) Ауыл шаруашылығы және халықты
тұщы сумен қамтамасыз ету.
6) Жер ресурстарын кеңінен қолдану
және кешенді құрылыс саясаты.
7) Тұщы су ресурстарын орталықтан
басқару.
8) Технологияларды әзірлеу және
олармен алмасу.
9)
Халықаралық ынтымақтастық – трансшекаралық,
аймақтық, жаһандық.
Экономиканың барлық субъектілерінің мүдделеріне
сәйкес келетін және қызығушылығын тудыратын
бұл шара экологиялық жүктемені төмендетуге жағдай
жасайды, және де сол уақытта, біздің стратегиялық
жоспарымызда көрсетілген экономикалық өсуді қамтамасыз
ете алады. Ел экономикасы үшін экологиялық салықты енгізудің
негізгі бағыты – бұл салық ауыртпашылығын
әлеуметтік маңызы бар қызметтен (мысалы, халықты
жұмыспен қамту) қоршаған ортаға зиян алып келетін
қызметке аудару. Бұдан басқа, әрекет етудің
экологиялық жағынан қауіпсіз түрлерін (мысалы, жеке көліктерді
пайдалануды төмендету үшін қоғамдық көлік
түрлерін дамыту) дамытуға инвестициялар салуды арттырудың
жолдары арқылы бюджетті қайта құрылымдау үдерісі
де еліміздің салық саясатын реформалаудың маңызды бір
шарасы ретінде қарастырылады. Олай болса, болашақ ұрпақ
үшін қоршаған ортаны қорғау мен табиғи
капиталды сақтап қалу бойынша тиімді және тындырымды
іс-шараларды қабылдау жолымен салық жүктемесін аса
әділетті түрде қайта бөлу мәселесі біз үшін
бүгінгі күні үлкен мақсат ретінде саналады.
Астананың ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік
көрмесіне өз кандидатурасын ұсынуы әрі «Болашақтың
энергиясы» атты жаһандық мүдделерді топтастыратын
тақырыпты таңдауы әлем назарын өзіне аударғаны
хақ. Өйткені, адамзат алдындағы күрмеуі қиын
мәселе – энергияға деген тапшылықты жойып, балама
қуат көздерін кеңінен іске қосатын кез келді. Адамзат
баласына көмірді, мұнайды, газды толығымен игеруге орта
есеппен 40-50 жыл кетті, балама энергетиканы игеруге де шамамен сонша
уақыт керек. Бұл шара – біздің елімізде балама энергетиканың
қарқынды дамуына жол ашары сөзсіз.
Алайда, еліміздің экономикасын балама жолдармен
дамытудағы мемлекет саясатының рөлі мен ерекшелігі қандай болу керек деген
сұрақ туындайды. Қазақстан үшін
алғашқы қадам елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен
30 ел қатысқан қазан айында өткен «ҮІІ
Еуразиялық Kazenergy» форумы, «Expo-2017» бүкіләлемдік
көрмесі, «Астаналық Экономикалық форумдары» болып отыр.
Сонымен қатар елбасының жасыл экономика ұсынысы
да экономиканы дамытуда балама көздерді қарастырады.
Келешекте Астананы өте ірі,
тек Қазақстанның ғана емес әлемнің
дамыған астаналарының қатарына қосуға барша
Қазақстандықтар күш
салады.Қазақстандағы «Жасыл экономиканы» жандандыруға
ЭКСПО көрмесінің пайдасы көп болмақ. Біздің
«Жасыл энергия» деген тақырыбымыз осы күнгі үздік
тақырыптың бірі болып саналады.
Әдебиеттер
тізімі
1.
Б.У. Пухова. «Природный капитал»,
как составная часть природных ресурсов // Фундаментальные исследования. – 2008. - № 2, стр. 130-132.
2.
И.П. Глазырина. Природный капитал
в экономике переходного периода. – М.: НИА. Природа, 2001. – стр. 204.
3.
Р. Перелет. Направления стратегии «зеленого роста» // Евразийский
экономический обзор. – 2011 - № 1, стр.
98-103.
4.
Б. Есекина. Концептуальные основы модели «зеленого роста» // Евразийский
экономический обзор. – 2011 - № 2, стр.
116-118.