Айтманбетова Р.К.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 

ЛИЗИНГТІК ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қазақстанның әлемнің 30 бәсекелестік елдерінің қатарына кіруі Стратегиясы туралы  ҚР Президентінің жолдауындағы негізгі міндеттердің бірі – Қазақстан экономикасын әрі қарай жаңарту және диверсификациялаудың тұрақты экономикалық өсудің негізгі ірге тасы ретінде көзделуі де жай емес. Бұл стратегия Қазақстан экономикасының тек шикізат бағытында дамуының жеткіліксіздігін, яғни шикізат емес сектордың дамуына көңіл бөлу қажеттігін айқындады.

Қазақстан экономикасының шикізаттық бағытта дамып отырғандығын ескеріп, ҚР Үкіметі оның бағытын өзгерту жолында  республикамыздың 2010-2015 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық стратегиясында еліміздің өндірістік секторындағы қызмет ететін негізгі құралдарды жаңарту міндетін белгілеген болатын. 

Өндірістік сектордағы құрал-жабдықтарды жаңартудың негізгі қаржыландыру түрі лизинг екендігін әлемдік тәжірибе дәлелдеп берді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ұлттық экономиканы көтерудің басымды шаралардың біріне инвестицияларды пайдалану жатады және бұл орайда экономиканы  құрылымды өзгертуде  сонымен қатар көп жылдық дағдарыстан шығуда лизинг алдыңғы қатарлы және тиімді қаржыландыру түріне  айналады деген болатын.

Осы жерде кәсіпорындарды орта және ұзақ мерзімді  қаржыландырудың қазіргідей тиімді формасы лизинг бола алады. Лизинг қазіргі кезде қызмет жасайтын және жаңадан құрылатын лизинг алушылардың активтерін ұлғайтудың ең тиімді құралы болып саналады.

Әлемдік тәжірибеде бұл құрал шағын және орта бизнестің қолжетімді қаржыландыру көзіне айналған. Бастапқы кезде лизингтің дамуы үшін мемлекеттің қолдауы қажет екендігі белгілі. Мемлекет лизингтің дамуы үшін жасайтын қадамдарына салықтық жеңілдіктер және кеден бажынан босату сияқты шаралары бәсекеге қабілетті өндірісті дамытуға ықпал етері сөзсіз.

Лизингтің дамуы үшін қолайлы макроэкономикалық және нормативтік ахуалдың болуы қажет. Экономикалық қатынастар тұрғысынан алғанда лизинг бұл өндіріске капитал инвестициялауға байланысты банктің қаржылық қызметтерінің біріне жатады.

Қазақстандағы лизингтік қызметтер нарығы 2000 жылдан бастап қана белсенді дами бастады. Бұл жерде лизингтік мәмілелердің басым бөлігі Қазақстандағы ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған агроазық-түлік бағдарламасы төңірегінде үкіметтің бастамасымен 100 пайыз мемлекеттің қатысуымен құрылған лизингтік компанияларға тиесілі. Қазіргі кезде Қазақстанда қаржылық лизинг сияқты қаржы нарығының бір секторы қалыптасып дамып отыр десе болады.

Қазақстан мемлекеті бүгінгі күні лизингтің дамуына үлкен көңіл бөлуде. Ең бастысы лизингтік қатынастардың дамуына қажетті заңдылықтар базасы жетілдіріліп, салық салуға байланысты жеңілдіктер жасалды.

Коммерциялық банктерде бүгінгі күні өздерінің лизингтік компанияларын құру арқылы және лизингтік операцияларды жүзеге асыру арқылы мұндай үрдістің дамуына біршама өз үлестерін қосуда. Қазіргі кездегі Қазақстандағы жұмыс жасайтын 20-дан астам лизингтік компаниялардың 8-і отандық коммерциялық банктердің еншілес компаниялары болып саналады.

Лизинг бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында маңызы бар инвестициялық саясаттың құралы болып табылады. Лизингті дамытудың өзектілігі қазіргі кезде отандық кәсіпорындарды қаржыландырудың балама көзіне айналуымен сипатталады. Сондықтан да бұл қызмет түрі өзінің экономикалық табиғаты жағынан ұлттық экономикамыздың сауығуына және әрі қарай өркендеуіне үлкен үлес қосатын, ал екінші жағынан халықаралық деңгейде отандық өндірушілердің шетелдік серіктестермен жаңа байланыстар орнатуға, оны нығайтуға ықпал ететін қаржылық қызмет түріне жатады.

Лизинг – шетелден елімізге жоғарғы технологияларға ие құрал-жабдықтардың келуіне жол ашатын және кәсіпорынға қаржылық өтімділігін сақтай отырып,  негізгі капиталға инвестиция жұмсаудың балама көзі.

Біздің ойымызша, отандық банктердің лизингтік компаниялары арқылы лизингті қаржыландырумен қатар банктер өздерінің де лизингтік операцияларын дамытуға көңіл аудару қажет.  

Мұндай мәселелерді шешуде қазақстандық коммерциялық банктердің лизингтік қызметін дамыту және жетілдірудің маңыздылығы теориялық және тәжірибелік тұрғыдан арта түседі.

Лизинг инвестициялық қызметтің бір түрі болып табылатындықтан, негізінен ол республиканың ірі банктері мен өзге қаржылық ұйымдарында дамыды. Мұндай дамудың көлемдері түсінікті, өйткені лизингтің несиеге қарағанда, біршама артықшылықтары бар: бастысы – лизинг шарты бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамассыз етудің жеңілдікті шарты, яғни, лизинг беруші ретіндегі қаржылық ұйымдар міндеттемелердің орындалуын қамтамассыз етуді қабылдау кезінде лизинг заты болып табылатын мүлікке деген өздерінің меншік құқығына бағдарланады.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары келісім-шарт жасаса отырып өзін бір мезгілде бірден ірі қаржылық шығын жұмсаудан босата алады.  Жалға алушы банктің лизингтік қызметін пайдалана отырып, жаңа техника алумен бірге ақпараттық, экономикалық, конъюктуралық, болжамдық қызметтерін де пайдалана алады. Сонымен бірге банк ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына нарықты бағалаумен бірге өнім өндіру, оны өндіруді ұйымдастыру мен өткізу процестерінде басқа дақосымша қызметтер көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында банктің ұзақ мерзімді несиесіне қарағанда лизинг артықшылығы мына жағдайлардан көрінеді. Біріншіден, жалға алған мүлікті пайдаланудан түскен пайда сомасынан есептелетін лизингтік төлем және оған аренда ақысы болғандықтан салық салынбайды. Екіншіден, жалға алушыға жалға алу ақысын төлеу мерзімін таңдауда жеңілдіктер қаралған.

Лизинг бойынша лизингтік компания немесе коммерциялық банк қазіргі заманға сай жабдықтар, машиналар мен механизмдерді сатып ала отырып, оны әр түрлі мерзімге ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына жалға береді. Олар өз кезегінде мүлікті пайдалануына қарай берешегін біртіндеп өтейді.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісінің техникалық жабдықталуында тез шешім қабылдауды қажет ететін мынадай мәселелерді атап көрсетуге болады:

-  машина-трактор паркінің 85 пайызы тозған және олар толық жаңартуды қажет етеді;

-  шағын және орта шаруашылықтар қажетті техниканың жетіспейтіндігінен өз жерлерін өздері өңдей алмайды;

-  ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің төлем қабілетінің төмендігі мен кепілдікке қояр өтімді мүлігінің болмауы жаңа техника сатып алу үшін несие алуда қиыншылық туғызады;

-  сервис-орталықтардың болмауы, техника және жабдықтармен жарақталу деңгейінің төмендігі, МТС көрсететін қызметтердің төменгі деңгейде болуы;

-  запас, қосалқы бөлшектермен жабдықталу олардың бағасының жоғары болуына және де тасымалдау қиындығына байланысты қажетті деңгейде ұйымдастырылмауы.

Жалпы, лизингтік саланың дамуы экономикалық дамуға бірнеше бағыттар бойынша әсер етеді. Ол шағын және орта кәсіпорындарда өз өндірісін құру және жетілдіруге мүмкіндік бере отырып, шағын және орта бизнестің одан әрі дамуына көмектеседі. Лизинг ұзақ мерзімді қаржыландырудың қосымша формасы болып табылатындықтан күрделі салымдар көлемін ұлғайтады, сол сияқты қосымша қаржы ресурстарын тарта отырып, негізгі құралдардың жаңартылуын тездетеді. Лизинг қаржылық қызметтер нарығында қосымша бәсекелестік туғызады. Лизинг пайда болысымен қаржыландыру құны төмендеп, қаржылық қызметтер нарығы кеңейеді. Ол кәсіпорындардың банкке қарыздарының жоғарылауына жол бермей, негізгі құралдарды иемденуде банктік несиеге балама болып табылады.

Қазір Қазақстанның ең үлкен қаржылық-лизинг компаниясы «Қазагроқаржы» АҚ-тың лизингтік операциясының қаржы көлемі 180 миллион доллардан асып отыр. Бұл компания мемлекеттік бағдарлама бойынша лизингті тек 4 пайызбен ғана, 7 жылға береді. Мұның өзінде жеке қаржы есебінен және сырттан алған қаржы есебінен беретін басқа да бағдарламалары бар.
Ал қазіргі банктік-коммерциялық лизинг 15-20 пайызды құрап тұр. Одан төмені жоқ. Өйткені қазір инфляция деңгейі жоғары. Сондықтан табыс табу үшін олар өз пайыздық ставкаларын көтеруге мәжбүр. Бәсеке жоқ, лизингтік компаниялар мен құрал-жабдықтың аз кезінде олар монополиялық тенденциялар көрсетіп, өз пайыздық ставкаларын жоғары көтеріп отырды.

Алатын лизингтік төлемдердің де деңгейін жоғары ұстады. Елімізде біртіндеп лизингтік компаниялардың саны көбейіп келеді. Бұлардың арасында да бір-бірімен бәсеке пайда болды. Лизингтік келісімдердің шарттары тұтынушыға қолайлы бола бастады. Демек, лизингтік нарықта бірталай оң өзгерістер болып жатыр дей аламыз.

Әкімшілікті реттеу саланың инвестициялық ортаны қалыптастыратын маңызды құрамдасы болып табылады. Жақында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігі ауыл шаруашылық техникасын мемлекеттік тіркеу ережелерін қайта қарастырды. Аталған нормативті құжат аса өзгерген жоқ. Техникаға меншік құқығын куәландыратын құжаттын нысаны мен атауы өзгертілді. Ауыл шаруашылық министрлігі лизингтік негізде өкілетті ұйымдар арқылы бюджеттік қаржыландыру бойынша бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырады. Бұл 802 «Ауыл шаруашылық өнімін қайта өңдеу кәсіпорындары үшін жабдық лизингі», 716 «Ауыл шаруашылық өнімін қайта өңдеу кәсіпорындары үшін жабдық лизингі бойынша сыйақылау ставкасын өтеу» және т.б. Берілген бағдарламалар көптеген ауылшаруашылық тауар өндірушілерге тиімді болады,әрі көмек көрсетеді.

Қазіргі заңдылық лизингтік қызметті лицензиялау қажеттілін қарастырмайды. Сонымен, көптеген ірі банкілермен құрылған арнайы лизингтік компаниялар аталған бағдарламалардың шегінен тыс қалып қояды және ол бағдарламаларға тек өз банктері арқылы қатыса алады.
Сонымен қатар лизингтік компаниялардың әлсіз жөндеу-қызмет көрсету базасынан техника көптеген жағдайларда дайындықсыз, әрі біршама техникалық бұзулармен келеді. Ауыл шаруашылық машиналараның төмен сапасы, жиі болатын сынулар мен қажетті қосымша бөлшектердің жоқтығы тауар өндірушілер арасында техниканы лизингке алудың аздығына, лизингтік қызметтерден бас тартуларға әкеледі.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1) Міржақыпова С.Т. Банктегі бухгалтерлік есеп. Оқулық. – Алматы: Экономика, 2004. – 710 бет.

2) Бименова А.Ә. Банктегі бухгалтерлік есеп. Оқу құралы. – Астана: Фолиант,т 2010, 192 бет.

3)  А.К.Нурпейсова. ҚР-да банктік жүйенің дамуы. Алматы, «LEM» баспасы, 2011 жыл.