ӘОЖ (УДК) ОК 911.2

Байискакова Карлыгаш Алимбековна

Ш.Есенов атындағы Каспий Мелекеттік Технологиялар және Инжиниринг университеті, аға оқытушы, география мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі

МАҢҒЫСТАУДЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ

            Маңғыстау ежелгі өркениеттің өлкесі, 11 мың тарихи ескерткіштер, мемлекеттің қорғауына алынған археологиялық қорық,  аспан астындағы мұражай, Қазақстанның тарихи-сәулет мұраларының 75 пайызы, оның ішінде Бекет-ата, Шопан-Ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе сияқты жерасты мешіттері біздің өңірімізде орналасқан.

Маңғыстау өлкесінің туристік индустриясының қарқынды дамуына әсер ететін тарихи – мәдени, діни туристік нысандарына эксклюзивті сипаттама беру барысында осы өңірдің болашақ туристік мүмкіндігін анықтауға болады. Маңғыстау түбегінің құрлықаралық көш – керуен қозғалыстарына, әлемдік қан айналым процесіне ілігу мезгілі өте ерте замандарға саяды. Өйткені, бір жағында – Орталық Азия, Шығыс Түркістан, Қытай, Үнді, Иран өркениеттері мен Азиядағы үнді- еуропалық мәдениеттің ежелгі орталығы Тарим алабы, екінші жағында – ежелгі грек мемлекеттері заманынан ірі сауда орталықтары саналатын Қара теңіз, Кавказ және қаулап өсіп келе жатқан Еділ бойы мемлекеттерінің арасындағы ұрымтал тұста жатқан Маңғыстау мен Үстірт ежелгі дүниенің экономикалық қан айналысынан тысқары қала алмады [1].

            Маңғыстау облысында тарихи-мәдени мұраның 13000 астам нысаны зерттелген және паспортталған, олардың ішінде 449 ескерткіш мемлекеттің қорғауына алынған. 21 ескерткішке республикалық деңгейде маңызы бар деген статус берілді. 249 археология ескерткіштері бар, олардың ішінде Ұлы Жібек жолының бойында жатқан тас дәуірінің соңындағы тұрғын кешендері, қола мен ерте темір дәуірінің ғұрыптық – жерлеу ғимараттары, орта ғасыр қалашықтары, қамалдар, керуен – сарайлар бар. 140 кешенді ансамбльдер бар, оларға үлкен жне кіші формадағы сәулет нысандары, сондай-ақ 60 сәулет және қала салушылық ескерткіштері жатады. Мемлекеттік есепте тұрған ескерткіштерге алдын - ала  есепке алу тізіміне енгізілген шамамен 700 тарихи – мәдени ескерткіштерді қосуға болады [2].

Маңғыстау мен Үстірт тарихи ескерткіштерінің үлкен бір тобын жер асты ғимараттары құрайды. Мұндай орындардың ізін қазіргі уақытта Испания, Түркия, Иордания елдері мен Қырым түбегінен кездестіруге болады. Ал Орталық Азияда мұндай ғажайып құндылықтар тек Қазақстанның батыс өңірінде сақталған. Бұлар, негізінен тау шатқалдары мен жартастарды, төбелерді үңгіп салған мешіт – медреселер.

Шопан ата жер асты мешіті. Жер асты мешіті Қызылсай (Ескіөзен) ауылының солтүстік- шығыс жағынан 42 км жердегі ескі керуен жолының бойында орналасқан. Шопан ата жер асты мешітіне М.Меңдіқұловтың басқаруындағы (1951-52) және Қазақ ҚСР-і Мәдениет министрінің (1977-1978) экспедициялары зерттеулер жүргізді.

Мешіт құрылысы бір-бірімен қосылған 12 шағын бөлмеден тұрады. Бөлмелерінің әрқайсысы белгілі бір діни рәсімдер өткізуге, балаларлы оқытуға, тұрмыстық- шаруашылық қажеттілікке арналған. Аңыз бойынша осы қабірханаға Шопан атаның қызы жерленген. Мешіт үсті тастақ жүлге, ал жүлге бойынан суағарлар жасалып, олардың тоғысқан жерінен сыйымдылығы 10-15 м3-лік су қоймалары қазылған. Су қоймалары кезінде мешіт тұрғындарын жыл бойы сумен қамтамасыз етіп тұрған. Мешіттің төменгі жағында құдық бар; кіреберісінің сол жақ қапталында жар бетінен төрт бұрышты етіп қашалған бөлмелер орналасқан. Олардың алдында тұт ағашы отырғызылған. Мешіттің батыс және солтүстік – батыс жағын үлкен қорым алып жатыр. Зерттеу жүргізу нәтижесінде қорымнан 1700-ге жуық ескерткіштер есепке алынған. Бұлар негізінен ортағасырлық түрікмен көне қоршаулары, сандықтастар, қойтастар, т.б. тас белгілер болып келеді; сонымен бірге қорымның шығыс жағында қазақтардың (адайлардың) ескерткіштері – сағанатамдар, күмбезді тамдар, құлпытастар, қойтастар, үштас тәрізді тас белгілер де көптеп кездеседі. Жер асты мешіті 1982 жылы республикалық дәрежеде мемлекеттік қорғауға алынған. Бұл Х-ХІІІ ғ.ғ. озық үлгіде салынған ғимараттар қатарына жатады [1, 611 бет].

Маңғыстауда киелі орын көп. Әсіресе халықтың пір тұтатыны – Бекет ата. Еліміз­дің батыс өңірінде Бекет атаның өзі салып кеткен төрт мешіті бар. Біреуі Құлсарыда болса, үшеуі Маңғыстау жерінде орналас­қан. Өзі осында Оғланды жеріндегі меші­тін­де жерленген. Алыс-жақыннан, тіпті ше­телден осы жерасты мешітіне келіп, тәу етіп жатады. 2010 жылы исламтанушы Ва­ле­рия Порохова Бекет ата мешітіне зиярат­тауға келгенде, «киелі орында рухани қуат барын, мұнда тек саяхат үшін емес, адам жүрегіне иман, нұр жинап қайту үшін көп келу керегін» айтқан болатын. Америкалық зерттеуші Девин Ди Уис те: «Бекет ата ту­ралы кітаптан оқып біліп едім, Маңғыстауға бір саяхаттап барамын деп жүргенмін. Қазір жерасты мешітін көріп, ерекше әсерленіп кетіп барамын», – деген еді. [3].

Бекет ата жер асты мешіті. (Оғландыдағы) Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жаңаөзен қаласынан оңтүстік – шығыс жағынан 150 км, Сенек аулының солтүстік- шығыс жағынан 95 км жерде орналасқан. Мешіт табиғаты көркем Оғыланды жеріндегі ақ-бор тасты тау шатқалының тереңірек орта қабатынан ойып жасалған. Бекет ата жер асты мешіті төрт бөлмеден тұрады; төргі бөлмесінде қасиетті сырық ағашы бар. 63 жасында қайтыс болған Бекет атаның мүрдесі осы мешітте жерленген. Мешіттің түндікті бөлмесінде Бекет атаның шөбересі Құлмәмбетұлы Мұрын, осы бөлменің сол жақ қанатындағы «қыздар бөлмесінде» қарындасы Әнуаш жерленген. Михрабы бар бөлменің іргесі мен күнбатыс жағында белгісіз үш адамның және шілдеханада төрт адамның мүрделері бар. Бұл мешіт Бекет атаның дарынды сәулеткерлігін, биік талғамының куәсі; ол халық құрмет тұтатын, әулие орын деп саналады. Мешіт маңында кезінде Бекет ата пайдаланған бұлақтар мен құдықтар бар. Көк аса түскен жерден шыққан бұлақ сулары әлі күнге тартылмаған. Су көздерінен 150 м жерде Бекет атаның киік, арқар сауған жерлері бар,  қазіргі уақытта ол жерге ескерткіш белгі ретінде лақты киіктің мүсіні қойылған. Қыр басынан мешіт ғимаратына қиялап түсетін жалғыз аяқ жол сақталған. 1999-2000ж. «Маңғыстауреставрация» ЖШС мешітке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бекет атаның 250-жылдық мерекесіне орай бір мезгілде 500 адам келіп тынығып демалатын түнеухана, жеті күмбезді мешіт салынды. Ескерткіш 1982 жылы жергілікті мемлекеттік қорғауға, ал 2000 жылдан республикалық дәрежедегі мемлекеттік қорғауға алынған.

Маңғыстау тарихи-мәдени ескерткіштерінің арасында Форт-Шевченко мұражай қаласы ерекше орын алады. Бұл жерде орта ғасырларда Еуропа мен Орталық Азияны байланыстырған сауда базасы Кетік қаласы орналасқан.

            Табиғи рекреациялық ресурстары. Тамшалы – Түпқараған ауданында орналасқан табиғи су көзі. Форт-Шевченко қаласынан солтүстікке қарай 35 км жерде. Тамшалы кәдімгі киіз үйге ұқсас дөңгелек кеуек үңгір. Айырмасы тек шаңырағы, уығының иінінен жоғарғы жағы жоқ. Кереге басы дерлік деңгейден кей жерінде тас қабырға шып-шып терлеп, кей жерлерінде себезгілеп, мұздай әрі мөлдір тамшы бүркіп тұрады. Үңгір табанында шағын көлшік пайда болған. Осыған орай Тамшалы аталып, ол ертеден төңірегіндегі елдің ауыз су көзіне айналған; ал көл арнасынан артылып аққан су бөгеліп, суармалы егіншілікке пайдаланылып келген. Тамшалының ерте заманнан елді мекен болғандығын сай бойында сыңсып өсіп тұрған тұт ағаштары айғақтайды. Соған қарағанда оған бағзы замандарда Ұлы Жібек жолының бір тармағы келіп жатқан секілді. Қыр басында ерте дәуір ескерткіштері (молалар) сақталған. Тамшалы – мәдени демалыс аймағы. Сай аяғында 20 ғасырдың 50 – жылдарының бас кезінде таратылған балықшы ұжымшары үйлерінің қирандысы сақталған [1, 546 б.].

          Самал сайының артықшылығы тау шатқалынан жыл бойы бұлақтың үзілмей ағып тұратындығында. Сай бойымен бұралаңдаған бұлақ суы күн сәулесімен жылтырап, әсем сарқырама сияқты көрінеді.

          Шерқала – Маңғыстау ауданында орналасқан  пирамида пішінді шоқылы тау. Кезінде Бозащы түбегінен Хорезм мен Хиуаға жүретін жол бойындағы осы тауда әскери қамал болған. Пирамида тәрізді таудың солтүстік – шығыс беткейінің түбінен жол тартылған. Шерқаланы үңгіп қазылған тоннель жоғарылаған соң екі тарау болып, шоқылы тау үстіне шығады. Қамалдың ұзындығы 300 метр. Беткейлерінде сыйымдылығы екі – үш адамдық атқыш садақшылар үшін орын бар. 1851 жылғы геологиялық экспедицияның құрамында Маңғыстауда болған поляк  революционері Б.Залесский: «Шерқалаға алыстан қарағанда, Римнің керемет пантеондарын, ежелгі замандардың ескерткіштерін көргендей боласың. Жақындап келгенде, жеке қабырғалардың колонналарын, қираған мүсіндер сияқты ақ таулардың бағандарын көресің», - деп жазып, Шерқаланың суретін салып алған. Бұл сурет Залесскийдің «Қырғыз даласындағы өмір» атты альбомында 1856 жылы Парижде, 1989 жылы Алматыда қазақ тілінде жарық көрді. Қырқа арабша  «жолбарыс қала» деген мағынаны білдіреді [1, 608б.].

          Қарақия ойпаты – әлемнің ең терең ойпаттарының бірі. Оның шұқырының аумағы үлкен, ең терең жері – әлемдік мұхит деңгейінен 132 метр төмен. Бұл жерде ойпаттың түбін Батыр деп аталатын көлемді сор жапқан. Ойпатты өткен дәуірлердегі мұхит өмірінің қалдықтары бар ашылып қалған қабаттар байыта түскен.

          Кендірлі – Каспий теңізінің оңтүстік – шығысындағы шығанақ. 6- суретте көрсетілген. Маңғыстау облысы Қарақия ауданында  орналасқан. Құрлыққа 22 км шамасында еніп жатыр. Батыс бөлігінде Кендірлі құмқайырымен ұштасады.

Шығанақтың теңізге шығар жеріндегі ұзындығы 3 км. Орташа тереңдігі 3,5 м. Солтүстік жағалауға жақын бөліктерінде су асты жартастары су бетіне шығып жатыр. Шығанақтың теңізге шығатын жерінде сүйірлі келген Порсу мүйісі орналасқан. Жағалауында неогеннің құм шөгінділері түзілген. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2014 жылғы 19 мамырдағы № 508 қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытудың 2020  жылға дейінгі Тұжырымдамасына сәйкес, республикада бес  туристік кластер құрылды: Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан.

Батыс Қазақстан Маңғыстау облысының барлық жерін қамтитын кластер болып табылады. Ақтау қаласы іскер туризмді дамыту орталығы болып табылады. Кендірлі курорты осы Тұжырымдамаға сәйкес, ұлттық  туристік жобалардың тізіміне енгізілген.

Кендірліні дамытудың Жүйелік жоспарын жүзеге асыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі және Маңғыстау облысы әкімдігінің арасында туризм саласында ынтымақтастық туралы Меморандумға (бұдан әрі -  Меморандум)            қол қойылды. Меморандум бойынша облыс әкімдігі курорттың құрылысын салу үшін жер телімдерін беру туралы шаралар алады, Кендірлі курорттық аймағының сыртқы инженерлік-көліктік инфрақұрылымы нысандары құрылысының жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуді қамтамасыз етеді және курорттың сыртқы инфрақұрылымының құрылысын салу бойынша жұмыстарды жүргізеді, министрлік өз тарапынан жобаны жүзеге асыру үшін әлеуетті инвесторларды тарту жөнінде жұмыстарды жүргізеді.

Қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыруға бөлінген 1700 га көлеміндегі жер телімі қандай да бір құрылыстан бос және мемлекеттің меншігінде екендігін атап өту қажет.

Меморандумды жүзеге асыру аясында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын қоры» АҚ жән «RIXOS»  компаниясы тобының арасында 1500  орынды екі қонақ үй (5  және 4 жұлдызды) құрылысы және көңіл көтеру орталығы құрылысын салумен Кендірлі курортын дамыту жөнінде келісімге қол қойылды.

Облыс әкімдігімен Кендірлі курорттық аймағын дамыту  бойынша отандық, сонымен қатар шетелдік инвесторларды тарту жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

Маңғыстау облысында бүгінгі таңда републикалық маңызы бар ерекше қорғалатын 10 табиғи аумақ бар. Сонымен қатар,  жануарлар әлемін және орман қорғау бойынша 2 мемлекеттік мекеме жұмыс істеуде. Соңғысы, аумағы 68,3 мың гектарды алып жатқан «Адамтас» табиғи қорықшасы бір жыл бұрын ашылған.

Кейбір қорықшаларға Қарақия-Қаракөл, Кенділі-Қаясан, Ақтау-Бозашы қорықтарына антропогендік факторлардың әсері болғандықтан 2015 жылы өңірде жалпы көлемі 433 мың 740 гектар болатын үш қорықша «Көлеңкелі», «Есет», «Манашы» қорықшаларын ашу туралы шешім қабылданған[4].

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда экотуризмді дамыту бағытында Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында экологиялық ағарту және туризм бөлімі жұмыс жасап келеді. Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының күзет аймағында «Көкесем» және «Өнере» туристік – экскурсиялық соқпақтарының, Қарақия – Қаракөл мемлекеттік табиғи қаумалында «Қарақия» және «Қаракөл» туристік – экскурсиялық соқпақтарының паспорттары жасалып бекітілді.

«Көкесем» және «Өнере» туристік – экскурсиялық соқпақтары бойынша туристтер келеді. Келген туристерге табиғат тамашаларымен қатар Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының кеңсесіндегі табиғи және этномұражайдағы жануарлар бейнелері мен бұйымдар көрсетіледі.

Осы тарихи, табиғи ескерткіштерді көркейте отырып, оларды туристік нысандарға айналдырып, барынша отандық және шетелдік туристерге жағдай жасап, ел экономикасының көтерілуіне себебін тигізуіне мүмкіндік туғызуымыз керек. Бұл қазақ елін, жерін, тарихын бүкіл әлемге паш ете отырып, елдің мәдени еңсесінің қөтерілуіне де өз үлесін қосады және Қазақстанның шетелдермен байланысын нығайта түседі.

 

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Маңғыстау энциклопедиясы «Қазақ энциклопедиясы» Алматы, 2008 35 б.

        2. Таимова Ф.К. Мангистаускому государственному историко – культурному заповеднику 30 лет // Арал – Каспий өңірінің тарихи – мәдени мұралары. – Ақтау, 2010. -  ш ІІ – бөлім. – 75-79 бет.].

  3.  Алаш айнасы газеті «Маңғыстау туризм орталығы болуға сұранып тұр» Ахмет Кәрім. 6 қазан 2012 жыл

4.  ҚазАқпарат http://www.inform.kz/kaz/