«Қырымның
қырық батыры» эпосындағы
хандар тұлғасы
БОРАШ Баян Тәліпұлы,
Қ.Жұбанов атындағы АқӨМУ профессоры
“Қарадөң батыр
және оның ұрпақтары” Мұрын жырау жырлаған
“Қырымның қырық батыры” жырлар тізбегінің екінші
тобына кіретін эпостардың басын біріктіреді. Тоғыз жырдан
тұратын сол цикл “Қарадөң” жырымен басталады. Бұл
тізбектегі жырлар эпостағы тарихи тұтастанудың екінші түрі
– ежелгі оқиғалар мен жаулардың Қазақ
хандығы тұсына ауыстырылуы. Бұл – мемлекет кезінде болатын тарихи
тұтастанудың үлгісі. Бұл жырда “Алпамыстағымен”
салыстырғанда бас кейіпкердің елінде мемлекеттілік, хандық билік біршама орныққан
кезі бейнеленген. Эпостың басында жетімдіктің қасіретін өте ерте тартқан
Қарадөңге хан үйі қол созады. Үйдің
йесі тоқсан баулы ноғайлының ханы. Аты
аталмайтын бұл ханның парасатты бейнесі үлкен
жылылықпен суреттелген. Хан
қиын жағдайға түскен міскінге тек
қайырымдылық жасаумен шектелмей
“хас патшадай қамданған, Лашын құстай
қомданған, Дұшпанды көрсе сайланған” деп
баланың негізінде бірдеңе барын, тегінің мықты екенін
аңғарып, адамды сынағыштық қасиетін де
байқатып, жасы он беске келгенде алтын тәжі мен тағын беріп,
кеңпейілділіктің, адамгершіліктің ең биік үлгісін
көрсетеді [1, 180]. Ханның бұл жауапты
қадамға жай жалпақшешейліктен барған жоқ,
елінің болашағын ойлаудан туындаған іс еді. Әйтпесе,
ханның өзінен туған жігіт болған баласы болатын. Бірақ баласы Шалкиіз толғауында айтылатындай
“Жақсыдан туған жаман бар Күндердің күні
болғанда Бір аяқ асқа алғысыз” әке ойынан
шықпайды. Оны көп ұзамай хан баласы Бердіхан билердің
азғырғанына еріп, іс
жүзінде көрсетеді де. Сондықтан қырық ру
көшпелі қоғамда “дала билеушісі өзіне лайықты
мұрагер қалдыруды аса маңызды іс санаған…
қартайғанда тағы мен тәжін әйтеуір балама
қалдырамын деп тырыспаған”. Бұндай қадамға
жырдағы сияқты ақылды, парасатты хандар ғана бара
алған (Қазақ тарихындағы Жәнібек ханның
үлгісі). Ал бара алмаған жағдайда ол істі хан
айналасындағы білікті, данагөй адмдар істеген (Тоныкөктің
өнегесі). Бұлай ету өмірдің, “дала
демократиясының” қатал заңдылығы болатын.
“Қарадөң” эпосындағы ноғайлы ханының
бейнесінің әділдікпен ел
билеудегі халықтық, демократиялық
көзқарасының тағы бір үлгісі – оның
өзіне мұрагер қалдыру сияқты өте
маңызды істе батырлары мен билерінің (олар халық арасынан
шыққандар) кеңесіне салады. Кеңесте көптің
атынан бір бектің “Мен бес жылдай оның әкесінің
қасында жүріп едім. Әкесі ел билеген хан еді, ақылы
көп жан еді”, [1, 181] – деп хан таңдауын қостайды. Бұл талқылау да аз
көрініп, хан өз сөзінің дұрыстығына
әбден көз жеткізу үшін көпшілікке “Осы
Қарадөңді сынап көрейік, шамасын байқап
көріңіз” [Бұл да сонда], – деп ұсыныс айтады. Жас батыр халықтың жауы
болған Қараменде деген қалмақ ханы еліне аттанып, жауды
жеңіп, хан сенімін, ел сенімін ақтағаннан кейін ғана
хан шешімі қабылданып,
“Қарадөңді мадихаттап хан көтереді” [1, 190]. Ел тағдырына орасан
әсері бар хан, мұрагер таңдау және басқа
маңызды мәселелерді “айттым – бітті, кестім – үзілді” деп
тізеге салмай көпшілік арқылы шешу сияқты дала
демократиясының
заңдылықтарын жиі бұзу Алтын Орда, кейінгі түркі
хандықтарының түбіне жеткені белгілі.
Жырда қартайған үлкен ханмен қатар бейнеленетін,
оның орнына келген екінші хан Қарадөң
бар. Ол хан тағына мұрагерлік жолмен емес, өзгеше жолмен,
қазіргі саясат терминін қолдансақ альтернативті,
демократиялық жолмен келген адам. Хан тағына үміткерлер
арасында үлкен ханның өз баласы да болды. Осындай
жағдайда оны ел билігіне жеткізген ең алдымен, тіпті ханзадада
жоқ, оның жеке басының қасиеттері. Сол
қасиеттердің ішінде біз ерекше атап өткіміз келетіні –
бұрын-соңды хандыққа сайланғандар арасында
тарихта да, әдебиетте де ұшыраспаған ерекше мінез – ол болашақ
ханның орасан жауапкершілікті сезініп, хан болудан қашуы. Мансап
үшін, билік тұтқасын ұстау үшін ең
жақын деген адамдарына, қоғамға, халыққа
қиянаттың неше түрі жасалып жатқан жағдайда
бұндай қылық адалдықтың,
қарапайым-дылықтың биік шыңы деуге болады. Қарт
хан “…бірігіп кеңес құрайын, бір-екі жыл қасыңда
өзім жолдас болайын” [1, 181] дегеннен кейін ғана Қарадөң “мақұлдап
қабыл алады”. Соның өзінде таққа отырғаннан
кейін үлкен ханның, халықтың сенімін ақтау
мақсатымен ежелгі жауға қарсы аттанып, асқан
батырлық, ерлік жасап, жаңа қырынан танылады.
Қарадөңнің және бір ерекшелігі – ол үнемі
ой, толғаныс, күман үстінде көрінеді: оны жетімдігі,
жалғыздығы, хандыққа таласқан Бердіханның
сөзі күйіндіреді, атасының ұсынысы тынышын кетіреді, таққа
отырғаннан кейін де “ойға қалады”. Жас ханның
бұндай сезімталдығы, “жеті рет ойлап, бір рет пішуі”, шешім
қабылдағаннан кейін (жауға екі рет аттануы), істі тындырып
орындауы “болады елдің панасы” [1, 190] деген халық сенімінен шығатындығының кепілі.
Сонымен жырдағы суреттелген ноғайлының екі ханының өн бойына ел билеуші
ханның ең ізгі қасиеттері жинақталған.
Үлкен ханның жырда есімі, тегі айтылмағандықтан тарихта
тап тікелей осындай тұлғаның болғанын, не
болмағанын айту қиын. Дегенмен бұл ханның бейнесі
кейбір әсірелеудің ізі байқалғанына қарамастан нанымды
шыққан. Ноғайлы ханы немесе үлкен хан түркі,
қазақ тарихындағы Тоныкөк, Қорқыт
сиқты данагөй қарт жырауларды немесе Абылай мен Бұқардың бір
адам кейпіндегі ел билеушісін еске түсіре-ді. Ал
Қарадөң болса сезімталдық пен жауапкершілік, тектілік
пен қарапай-ымдылық, ақылдылық пен батырлық бір
басынан табылатын көне түркі (Білге қаған,
Күнтуды, Жүсіп), қазақ әдебитінде (“Көшпенділердегі”
Жәнібек хан) кездесетін мінсіз, идеалды кейіпкерлер санатына қосуға болады.
“Қарадөң” жырында қарсы жақтың,
қалмақтардың ханы Қараменде және Қаразым
туралы айтылады. Бірақ олардың бейнесі жай қара
күштің йесі жау ханы бейнесін суреттеу деңгейінде қалған.
Жалпы батырлар жырында қазақ ауыз әдебиетінің біз
қарастырып өткен басқа салаларындағы сияқты
хандық, оның белгілері, жүйесі, елбасы-ханның
халық арманынан туған бейнесі эпос жанры ерекшеліктеріне
сәйкес едәуір көрініс берген. Мысалы, хандардың
көркемдік бейнесі ертегілерге қарағанда әлдеқайда
айқынырақ көрсетіледі, олардың көпшілігінің
суреттелуі шынайы өмірге өте жақын, ал біразы тарихта
болған адамдар. Олардың батырлық жырлардағы
бейнесінің көне тарихымызды танып білуге көмегі тиері
сөзсіз, ал тағылымдық маңызы мол. Соған
қарамастан кеңес кезіндегі идеологияның, таптық
көзқарастың осы рухани мұраны зерттеп білуге зияны аз
болған жоқ: хан және хан айналасындағылардың
бәрі зиянды, реакцияшыл болып танылды. Ондай эпостар әдейі тізімге
алынып,зерттелуден, басылым көруден шеттетілді. Соңғы кезде
жағдай біршама өзгергенімен, біз әңгімелеп
отырған мәселенің осы уақытқа шейін назардан тыс
қалуы сол кеңес уақытындағы саясат
салқынының зардабы деп түсіну керек.
«Нәрік» және «Шора батыр» жырларыyдағы, хандардың
кескінделуі.
Бұл екі жырды қатар алып қарауымыздың біздің
зерттеу тақырыбымызға орай екі себебі бар. Біріншісі,
бұл жырлардың басты кейіпкерлері ортақ, мазмұны, басты
оқиғалары ұқсас және Мұрын жырау
жырлауындағы Қарадөңнен басталатын батыр, хан
әулетінің ұрпақтан ұрпаққа
жалғасқан поэтикалық шежіресінің соңғы
буындары болып табылады. Екіншісі, осы жырлардағы ортақ
кейіпкер болып табылатын Шора мен Нәріктің Мұрын жыраудың
«Қырымның қырық батыры» жырлар тізбегіндегі
нұсқада көрсетілетіндей бірі – хан, екіншісі – ханзада
ретінде ұлық биліктің адамдары. Үшіншісі,
сондықтан Мұрын жырау нұсқасы Шора туралы басқа
жыр нұсқаларында көрсетілетіндей оның жай ғана
батыр, әкесінің жай ауқатты адам ғана емес, сонымен
қатар хандық билікке де тікелей қатыстығы бар,
мемлекеттігін (Қазан хандығын) орыс басқыншыларынан
қорғаушылар екендігін ашуға көмектеседі, басқа
жырлар қатарында бірін бірі толықтырады. Және зерттеушілерді
түрлі жорамалдарға, әрәдік пікірлерге итермелеген
«Қазанды кәпір алар деп,.. Әкем отырған алтын тақ
Жау қолында қалар деп, Шықтым жолға мен» [1, 332] сияқты жау шапқыншылығы төнген жолдарды, бас
кейіпкерлердің, әсіресе басқа нұсқалардағы
аты аталып түсі түстелмеген жау, «кәпір» алған
Қазанға жорығын дұрыс түсіндіруге
көмектеседі.
Мұрын жыраудан жеткен «Нәрік» пен «Шора» жырларының
және cоңғысының жарық көрген басқа
нұсқаларының жақындығы, тығыз
байланыстылығы жөнінде біршама кіріспе сөз айтылды. Енді
Нәрік хан мен оның ұлы Ер Шораның әулетті
ұлық биліктен шыққан тұлғалар ретінде
бейнеленуіне, елдік, мемлекеттік істерге араласуы, әсіресе ғалымдар
арасында пікірталас туғызған Қазан хандығының
тәуелсіздігі үшін күреске қатыстығы
мәселесі төңірегінде өз пікірімізді ортаға сала
отырып, әңгіме өрбітіп көрейік.
«Нәрік» атты жыр
құрылысы жағынан айқын байқалатын екі
бөлімнен тұрады. Біріншісінде Нәрік ханның
өмір жолы суреттеледі, екіншісі Ер Шораның өмірге
келуінен Қазанды жаудан құтқарып, Меңдіхан
билеген қалмақ елін бағындырған жорығымен
аяқталады. Жырда бас кейіпкер «Қазан шәрінің жасы
сексенге толып егде тартқан ханы» [1, 306] қазақтың көне дәуір эпостары мен
ертегілеріндегідей бір перзентке зар болып, ай даладағы шал мен
кемпірдің ақылды Меңді деген сұлу қызына
үйленеді. Жырда ноғайлының түбіне жеткен елдегі билік
басындағылар арасындағы алауыздықтан хабар беріледі. Хан
жанындағы ноғайлының
«Қырық биінің кеңесі» ел бірлігіне, ханның
игілікті істерге бастауына ықпал жасаудың орнына
Әлібидің түрткілеуімен ел берекесін кетіретін
ұсақтықтарға жол береді. Меңді сұлуды
қартаң Нәрікке қимай, қызғаныштан
«Бұлардың діні бұзылып», ниеттері бұзылып деген
мағынада болуы керек, «Билер кеңес құрады». Кеңес
шешімімен ханды қашаңғы жауы сау жібермейтін
«Қалмақ салған қалаға» жібермекші болады.
Бұл жерде «Қырық би кеңесінің» қазіргі
замандағы кейбір елдердегі, біріншіден, саны көп, берекеті
аз парламентті, мысалы Ресей думасын, еске түсіреді. Жырдағы
«қырық» көп деген мағынада қолданылып
тұрғаны байқалады. Екіншіден, билер
кеңесінің шешімі Украина президенті Ющенконы сүріндіру
үшін, тым жақсы жұмыс істеп жатқан Ехануров
үкіметіне президентке оппозиция Тимошенконың түрткілеуімен
сенімсіздік білдіріп, жұмысын тоқтатып, бүкіл елге
қырсығын тигізген Украина радасының шешіміне
ұқсайды.
Нәрік хан да Меңдідей әйеліне билердің
жасаған қиянаттарын біліп, олардың опасыздығына
қарсы әрекетке барады. Осының бәріне ұйтқы
болып жүрген Әлібидің басын алып, «Ноғайлы көзін
салар деп, Меңдіні тартып алар деп» Қазанды тастап көшіп
кетеді. Бұл арада марксизм идеологиясы бойынша халықты шешуші
күш деп танып, рөлін тым асқақтатып фетишке
айналдырғанмен, оның кейде Абай айтқандай тобырға
айналатын кездеріне көз жұмуға болмайды. Кеңес кезіндегі
халықтың тобырлық күйі туралы мүлде айтылмайтын,
қазірдің өзінде халықтың
қоғамдағы рөлі туралы бұрынғы
көзқарастан толық айыға қойғанымыз
жоқ. Әліби би ықпалына ерген қырық би мен
ноғайлы жұрты жақында Украина мен Қырғызыстан
халқы көбік ауыз оппозиция лидерлеріне еріп кетіп,
төңкерістерге, бүліншілікке барып, елін біраз күйзеліске,
ал көршімізде тіпті дағдарысқа ұшыратқаны
белгілі. Осындай жағдай «Нәрік» жырында да бар. Нәрік
ханның елден кетуіне тек қана билер қысымы ғана емес,
оларды жазалап, қалпына түсіруге оның шамасы келді. Ең
сорақысы билерге қосылып жай халықтың да еліне тек
жақсылық әкелген ханының Меңді арудай қызын
«Суға барса тартқылап», былай өтсе, олай өтсе де
«шымшып ақ етінің сауы жоқ» күйге түсірген
«Қолына тисе қойшылар Малшылар да алғандай» [1, 312] жағдай еді. Бұл енді кінәсі жоқ ханын сыйламай
тобырға айналған халықтың сиқы. Оған
парасатты хан ештеңе істей алмай діңкесі құрып, елден
кетуден басқа амалын таппаған түрі бар.
Ноғайлыдан қашам деп жүріп Нәрік хан өзімен
әуелден өш Өгізхан би-леген қалмақ елінің
шетіне тап болады. Меңдінің ақылымен кім екендігін айтпай
«Ноғайдан қашқан қашқынмын» деп,
қалмақ ханына жолығып, ел ше-тіндегі тоғайдан орын
алып, сол жерге мекендеп қалады. Бірақ қалмақтың
малшылары аса қымбат дүниеге толы, сәнді безендірілген
үйдегі әйелдің сұлулығына таңданысып, оны
қасындағы «жаман шалдан» гөрі өз хандарына лайық
көріп, Өгізханға хабар береді. Қалмақ ханы да
«шалдан» құтылып әйе-лін алмаққа Нәрікті
қасына алты мың әскер қосып, «Тоғыз айда жететін»
өзі-нің бір қас жауын шабуға жұмсайды.
Нәрік кетісімен-ақ Өгізхан Меңді аруды өз сарайына
алдырып, қалмаққа бас қосса хан сарайының бар
байлығы мен қызығына кенелетіндігін айтады. Меңді
сұлу оған еш қызықпай, өзінің арғы
атасы Қарадөңнен басталатын «Нәріктейін ханының»
жары, оның «Қашаннан келе жатқан тұқымды, – Шынжырлы
туған хан екенін» жеткізіп, «Саған көңіл бермеймін,
Онан жақсы өлгенім» [1, 321] деп, кесіп айтады. Осы кезде Нәрік хан қалмақтан айласын
асырып, «әскерді қоя беріп, өзі кейін қайтып,
Өгізхан Меңдіге не айтар екен деп үйдің сыртынан келіп
тұр екен». Әйелінің жауабына риза болған Нәрік
хан үйге кіріп келіп, қалмақ ханынының «алмас-пен басын
шауып тастайды». Жиналып елге қарай шыққан жолда Меңді
толғатып, дүниеге Шора деген ұл әкеледі. Нәрік
хан туған жеріне жақындап барып, екі көлдің арасына
қоныс теуіп, сол арада үш жыл тұрады.
Жырдың екінші жартысы негізінен Шораның ерлік
істеріне арналады. Үш жасқа келгенінде әкесінің
қара тұлпарына мініп қой қайырып жүріп,
болашақ жорықтарының серігі болатын Ер
Құлыншаққа кездесіп, сауғаға батырдың
астындағы кер тұлпардың құлынын алады. Нәрік
болса батырға алтын тон сыйлап, баласы мен батырдың қияметтік
дос болып өтуіне батасын береді. Жасы алтыға толғанда ешкі
бағып жүрген Шораны өкіл ағасы ханның
құлы Телшора «Лақ бағып жүргенше... Мұнан
да жақсы өлгенің» деп, намысын қайрап, «Атаң
Нәрік кеткенде Қазанның еді қаласы, Қазаннан
мұны қаңғыртқан Ноғайлының баласы» [1, 327] деп, әкесінің тарихын айтып береді. Шора үндемей
тыңдап үйіне келіп әкесінің қаруын асынып, «сосын
тұлпарға мініп алып Қазанға жөнеледі» [бұл
да сонда].
Ол кезде Қазанды Әділше хан билеп тұрған екен.
Оның Ханжан деген сұлу қызы барын естіп,
қалмақтың ханы Меңдіхан үш мың кісімен
келіп, «Жатқан екен Қазанды қамап, Ханжан қызды
бұл алмақ». Сонда Әділше хан: «Осы жауды кім қашырса,
Қызымды соған беремін» деп, «Ноғайға хабар салады».
Бірақ ноғайлының «Қырық батыры жиналса да» ешкім
«жауға қарсы бармады».
Сол кезде Қазанның күншығыс жағынан «Таудан
біреу құлады... Ақырғанда аузынан Бейне жалын шарпиды. Астында мінген
қара ат бар, Ұшқан құстан кем емес» [бұл
да сонда]. Бұл келе жатырған Ер Шораның екпінінен
«Қалмақ жаман сасады. Ұрысуға шара жоқ,
Жалбаңдап қалмақ қашады». Қашқан жауды
көріп, «Қазанның қырық батыры Бұ да
шыға шабады» [1, 331]. Қалмақ қуылғаннан кейін қырық
батырдың әрқайсысы келіп, «Жау қашырдым мен» – деп, төске ұрып, хан қызын сұрайды. Әділше
хан қайсысының жауды қашырғанын көрмеген
соң ештеңе дей алмай қызынан сұрайды. Болған
ұрысты биік бір төбенің басынан бақылап
тұрған Ханжан «Көп кісінің шетінде Ақ
найзаға сүйеніп, Жапанда жалғыз тұрған Сол кісі
келіп қашырды» [бұл да сонда] – деп, әкесіне Ер Шораны көрсетеді. Бұл эпизодтардан
елінің қорқау, даңғой,
атаққұмар қырық батырына қарама қарсы
нағыз ерлігіне қарапайымдылығы сай келетін Ер Шора
қасиеттерін қарсы қою арқылы нағыз ел
қорғайтын батыр бейнесі сомдалған.
Әділше ханның жөн сұрасына жас батырдың:
«Нәріктің ұлы мен Шора. Қазанды кәпір алар деп,
Айдап жолға салар деп, Әкем отырған алтын тақ Жау
қолында қалар деп» [1, 332], жолға шыққаны туралы жауабы батырдың
басқыншыларға деген жеккөрініші мен отансүйгіштік
қасиетінен хабар бере-ді.
Ерлігіне сүйсінген Ханжан сұлу тағатсызданып,
әкесінен бұрын: «Атам-ның тұрған алтын тақ
Мекен қылып тұрыңыз,.. Өлгенше сізге мені Жұпты
қылып алсаңыз» – деп, тақты да, өз
қолын да батырға ұсынған әкесінен бұр-ын
әдепсіздеу айтылған сөзіне Шора: «Ақылсыз болма сен, – деді, Ықтияр-сыз атамнан Алмаймын жолдас мен, – деді» – деп, парасатты жауап береді.
Іштарлықтан Шораны өлтіріп, қызды өздері
алмақшы болған қырық батырдың сәтсіз
ұрысынан кейін, Шора Қазаннан жүрер алдында Ханжанға
қалмақ еліне баратынын, жауын жеңген соң еліне барып,
атасынан қыз айт-қан ұсыныстарға оңды жауап болса
ғана «Хан боламын Қазанға... Алармын, Ханжан, сені де» – деп ұстамдылықпен жауап беріп, қайтар жолға
шығады.
Қазаннан Шора шыққанда жолда оған
Құлыншақ батыр кездесіп, «Шо-ра Қазанға кетті
дегесін, Мен де артынан барайын, Қалмаққа соғыс
салайын» – деп шыққанын айтқанда Шора шаруаның біткенін,
қалмақтың да қырық батырдың да
қашқанын баяндайды. Енді олар Меңдіхан еліне бірге аттанады.
Қалмақтар да қарап қалмапты: «Ноғай келеді
дегесін, Бекіткен екен қаласын». Екі батыр аллаға сыйынып,
«Мың кісімен соғысты, Неше күндей ұрысып,
Қалмақтың алды қаласын» [1, 336]. Шора елге келіп, ата-анасымен қауышады. Нәрік хан
баласының Қазанда болғанына, оны жаудан азат етіп, Өгізхан
баласы Меңдіханды шапқанына ризашылығын білдіреді.
«Нәрік» жыры қазақ арасында, алдында айтылғандай,
негізінен Мұрын жырау қалдырған нұсқасы
арқылы белгілі. Ол жырдай емес Шора батырға арналған
қазақ арасындағы жырлардың әлденеше
нұсқалары бар. Солардың ішінен бізге белгілі кең
тарағаны бұл Мұрын жырау жырлаған жыр, ақын
Мұсабек Байзақов нұсқасы, жас жырау Болатбек
Ердәулетұлынан жазып алынған нұсқа. Шора туралы
эпостық жыр түрінде де, аңыз әңгіме түрінде
де варианттары басқа туысқан халықтарда, мысалы,
ноғайларда, татарларда, башқұрттарда кездеседі.
Бұлардың барлығы да қазір жарияланып баспа бетін
көрген нұсқалар. Белгілі фольклортанушы ғалым
Р.Бердібайдың пайымдауынша олардың барлығына ортақ
мәселе ол – «Шораның және оның әкесі
Нәріктің күштілердің өктемдігіне қарсы
күресіп, асқан ерлік көрсетуі, өздерінің
ғана емес, ру-елінің азаттығы мен бақыты үшін
айқасқа шығатындығы» [66, 174].
Зерттеу тақырыбы етіп алған ел билігі, хандардың
іс-әрекеті, мінез-құлқы мәселелерінің
қамтылуы жағынан бізге ең жақыны Мұрын жырау
толғаған нұсқа. Сондықтан «Ер Шораның»
барлық нұсқаларын түгелдей салыстыруды міндетке
алмай-ақ біз негізінен әлгі айтылған Мұрын
жырлаған жырды қарастырамыз, әрине, қажеттігіне
қарай кейбір басқа жырларға да соғып кететін кезіміз
болады.
Мұрын жыраудан жазылып алынған «Шора» деп
аталатын жырдың алдындағы «Нәрік» жырының тікелей
жалғасы дедік. Бұнда
оқиға қалмақтың Ақташ ханының
Шораның Таспакер деген атын билерін жіберіп, тартып алдыруынан басталады.
Әкесі Нәріктің Шораға қалмақтың алпыс
биінен тұлпарды қайтарып өздерінің бастарын кесуді
тапсырады. Батыр билерді аттарынан түсіріп шылбырларына байлап алдына
салып дедектетіп айдап келеді. Нәрік хан билерге жүрегінің
жұмсақтығын әдейі танытып, баласынан сауға
сұрап оларды босаттырып: «Ақташ ханға сәлем
айтыңдар, кеткен кегімді Ер Шора барып алады»– деп, елдеріне қайтарады. Қорыққанға
қос көрінер дегендей зәресі ұшқан билер Шора
батырдың сегіз күннен кейін келетінін «Сенсеңіз егер біздерге
Өлімнен басқа нәрсе жоқ» [1, 342] – деп, Ақташ ханды қатты састырады.
Билерді босаттырып еліне жіберттіріп, олардың
қорыққанынан ханын, елін дүрліктіретінін білген
«Нәрік ханның жасаған Бұл қалмаққа
айласы» [бұл да сонда] еді. Нәрік хан бұл жерде, біріншіден, баласының
билерге бүйідей тиіп, үрей туғызып, сағын сындырғанын,
екіншіден, билерді сауғаға алып, өлімнен
құтқаруының өтемі ретінде олардың
оқиғаны өз ханына жеткізгенде ноғайлы
жағының ыңғайына қарай баяндайтын психологиясын
дәл есепке алғанын, шебер психолог, талантты тактик екенін
көрсетеді. Нәрік ханның есебі дәл келіп, тіпті
ойлағанынан да асып түседі. «Сонда Ақташтай ханыңыз
Билердің тілін алуға, Оңтайланды қашуға». Ол
қазынаның жақсыларын ғана алып, қалған
барлық мал-мүлкін тастап, «Бес күнде асып жоғалады» [бұл
да сонда]. Бұлай жауын қашыру Нәрік жоспарының бір
жағы ғана болатын. Екінші жағы, асығыс
қашқан жаудан көп дүние қалатынын болжаған
ол, сол мол олжаға халқының аш-арығын кенелту еді.
Нәрік ханның ұзақ ғұмырындағы мол
тәжірибесі, ақыл-парасаты қаш-қан Ақташ ханды
қуып елін шабуға аттанардағы Ер Шора мен
Құлыншаққа айтқан сөздерінен де
байқалады. Жолы алыс жорыққа, біріншіден, «Сауыты мен шарайна (оқ өтпейтін cауыт)
Тастамай оны киіңіз»– деп кеңес береді.
Екіншіден, бұрынғы жорықтар тәжірибесінен «Ындыс пенен
қалмақтан Қызылбас оңай қарашы», өйткені
«Қызылбастың жерлері Белгілі жазық жер екен». Олармен
салыстырғанда «Қалмақ жерін қарасаң, Бір
жағы су, бір жағы тау», сондықтан ол жақта «Сондай
мықты жаман жау» [1, 345] – деп ескертеді. Сондықтан талай қол бастаған қарт
жауынгер бұндай
жорыққа шыққанда, әрине, «Ерлік те керек
жігітке», бірақ қай істе де
айла-тәсіл және оны орынды қолдану керектігін баса айтады,
өйткені «Әрбір айла түрімен», әйтпесе «Айласыз ер тез
өлед». Соңында осы айтылған «Қарт адамның
сөзінде Деп жүрмеңіз мақұл жоқ» дей отырып,
«Үлкеннің тілін алмаған Жастарда тіпті ақыл жоқ» [бұл
да сонда] – деп түйеді.
Екі ай жүріп қалмақтың жеріне келген Шора мен
қарулас досы әкесі айтқан әскери айла-тәсілді
қолданып, алдымен білдіртпей қалмақтың шамасын
байқап, сосын оларға өздерінің келгенін хабарлап,
жиналған кезде үш мың әскері барын анықтайды.
Оның үстіне Нәрік хан айтуымен олар мұздай
қаруланған әрі «Үстіндегі кигені Оқ
өтпейтін шарайна», ал «Ішінен киген сауыты, Қалмақтан
артық зауыты». Осындай дайындықпен келген ноғай ерлері мол
әскер күшіне сеніп бұларға тартынбай
жақындаған Ақташ ханның бір күн бір түн
соғыста әскерінің жартысын жайратады. Сол ұрыста
«Ақташтай хандардың Құлыншақ алды басын-ай». Тірі
қалғандарын олар «Алдына салып айдады» [1, 349].
Ата-ананың ақылы тек ұрыс-соғыс жағдайына
ғана емес қарулас жолдасына, сөз байласқан
қалыңдығына байланысты, олармен арада қыл өтпес
достықтың, айнымас уәделі сөздің
қажеттігіне де арналады. Баласының еліне жауды жеңіп аман
келгеніне риза болып қуанған қарт әкесі
Құлыншақ досының амандығын сұрауды
ұмытпайды және «Досың деген қиын сөз Пайда болмас
жиғаннан. Айрылсаңыз досыңнан Айрыласыз иманнан»– деп, сенімді достық туралы ұлағатты сөздерін
айтады. Тек сөз айтып қоймай, сол достықтың шынайы
болуын қадағалап отырады. Тойдан кейін Құлыншақ
досын шығарып салған Шораға әкесі: «Қияметтік
досыңа Нәрсе бермей жіберіп, Дос болғаның осы ма» деген
кейісіне «Берсе малды алмады», бірақ «Көрінім жерге шығарып,
Қош айтысып келгенін», бір айдан кейін келетінін айтады. Нәрік хан
баласының жасы үлкен ағасын шақырып салғаннан
гөрі, өзінің сәлем беріп барғанын жөн
көреді. Шешесі Меңді Әділше ханның қызы Ханжаннан
«Келем деген ер еді,.. Хан баласы болғасын, Басқаны көзім
көрмеген. Тірі болса көрініп, Бір кетер-ау енді деп. Ер тана ма
сөзінен, Жауабыңды бер» [1, 351-352] – деген хат келгенін айтады. «Алам деген сөзін ұмытқан»
баласын «Ер жігітке екі сөз жарамайды, Шоражан» деп, әдемі назбен
ұялтып, Құлыншақ досы келген соң, оны
қатарына алып, «Қазан жақын жер – деді. Барамыз ғой
қарт ана» – деген уәдесін алады.
Ұрпағына деген ыстық ықылас, айтылған
ұлағатты сөз, берілген тәлім құнарлы жерге
түсіп, өз жемісін берген мысалдар жырдың өн бойынан жиі
кездеседі. Шора батыр Қазанға келгенде «Жалғыз қызы Ханжанға Әділше хан той
қылды», сән-салтанатымен «жөнелтер шағы болғанда»
Шораны шақырып алып, «Қазанда атаң хан еді, Ақылы
кәміл дана еді,.. Берейін мінген атымды, басыма киген тәжімді. Ие
болсаң нағылады Осы атаң тұрған
қалаға» [1, 354-355] – деп, ұсыныс жасайды. Бірақ Шора мансапқа
қызықпайтынын, Қазанның
түркі-ноғайлардың «Ертеден салған қаласы»
екендігін, оның тарихи орнын дұрыс бағалап, сол орынның
өзіне құт болуын тілеп «Аударып сізден алуға
Лайық емес біздерге» [1, 355] деп, ізеттілік білдіреді. Бірақ бұндай
қасиетті қалаға «көзін салып тұруға»
уәдесін береді.
Жырда ұрпақ арасындағы, ата-ана мен бала арасындағы
сыйластықты қатынас, жасы ұлғайған
қарттарға нәзік перзенттік сезім өте тартымды шебер
суреттеледі. Шешесі әкесінің қартайғандығын,
баласын үнемі іздейтіндігін, әкесімен хабаласып кетуін
сұрайды. Ер Шора “Қолын алып бабасының” жаңа ғана
сөйлескенін, анасына “Ақ сүтін кешіруді” өтініп,
қарттарын хаққа тапсырып, қоштасып,
Құлыншақпен бірге жау еліне тағы аттанады.
Осы арада Мұрын жырау нұсқасының оқыс
көрінетін ерекшелігі жөнінде айта кету керек. Батырлық
жырға тән шешімнен кейін Шораның басқа оқиғаларға араласып шабуылдай
беруін және жыр соңының батырдың айдаһар
түріндегі аруағының көрініп, оны жер астына алып кетіп,
қиял-ғажайып сипатқа көшуін академик Р.Бердібай
жырдың “архаикалық, көне дәуір дүниетанымы белгілері”
[4, 105] деп түсіндіреді. Осыған сүйеніп біз Мұрын
нұсқасын Шора туралы жырлар ішіндегі ертегілік, мифтік элементте-рі
бар ең көне нұсқасы деген қорытындыға
келдік. Дегенмен бұл нұсқада да барлық
қаһармандық жырларға тән тарихта, өмірде
анық болған қайсыбір істердің бұлдыр елесін
байқатарлықтай нышандар да жоқ емес, кейбір тарихи
оқиғаларды шынайы танытудың белгілері бар. Жырдың
кейінгі басқа нұсқа-ларында, мысалы, М.Байзақов
нұсқасында бұл көрініс молырақ,
нақтырақ беріледі. Жырдағы оқиғалар Алтын Орданың
әлсіреп, әлемдік аренаға Ноғай ордасының келген
дәуірі. Бұл
ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы Шыңғыс
тұқымынан емес Едігенің және оның
ұрпақтарының ел билігі тізгінін ұстаған кезі.
Біздіңше жырдың барлық нұсқаларына
қатысты басты ерекшелігі,
бір кезде кеңес идеологиясының “көңіліне
жақпаған” қыры – бұл ноғай-түркілік елінің бір айбынды бөлігі
болған Қазан хандығының Нәрік,
Әділше (Мұрын жырау нұсқасы), Әлімхан
(Байзақов нұсқасы) сияқты хандарының тәуелсіз
билігінің суреттелуі, Қазанды Шора сияқты
ханзада-батырлардың қорғауы дер едік. Кезінде мұсылман
мен христиан елдерінің қарым-қатынасы тарихында Қазан
қаласының тәуелсіздігі күрделі, шиеленісті
мәселелердің бірі болған. Қазан түркілердің
солтүстігіндегі тірегі саналған. Сондықтан Орыс
патшалығының түркілердің тірегі болған
Қазанды алу, біріншіден
түркі- мұсылман елдерінің бірлігін, одан әрі оларды
тәуелсіз елдер ретінде жою болса, екіншіден, Еділді өзіне
қарату және Шығысқа жол ашу еді. Бұл ойды орыс
тарихшысы С.М.Соловьевтің: “До тех пор пока существовала Казань
дальнейшее движение русской колонизации на Восток по Волге, наступательное
движение Европы на Азию было невозможно...” [66,
192-193] деген сөздері Р.Бердібев кітабындағы жазғандарды
растайды.
Орыстардың Қазанды жаулауы тағдыры жақын татарлар,
башқұрттар ноғайлар және қазақтар санасында
орны толмас із қалдырып, намысына сызат түсірген болатын.
Қазанның құлауы туысқан халықтардың
түсінігінде орыс
басқыншылығының күш алып, отаршылық
қамытының киілуінің
басы секілденген. Қазақ жырларында батырлардың
алыстағы Қазанды “дұшпаннан азат ету” үшін жолға
шығатыны осындай сананың, жараланған намыстың
жаңғырығы болар. “Қобыланды батыр” жырында Тайбурылды
мініп, қырық күншілік жердегі Қазанға
бір-ақ күнде жететін Қобыландының бейнесін еске
түсірсек те жеткілікті.
Жырда Қазан еліне жорық жасаушыларды
кеңестік саясат талабымен үйреншікті қалмақ
түрінде беріп бүркемелегенімен, жырды оқыған жұрт
оның орыс басқыншылары екендігін жазбай таниды. Жырдың
кеңес үкіметі-нің шымбайына тиетіні де осы 6ұсы болды.
Сол себептен жыр қуғынға ұшырады: қара тізімге
ілігіп, бұрмаланды, басылым көруден, зерттелуден қағажу
көрді. Бұл жырлардың жаңа дәуірі ел тәуелсіздігімен келді.
Бес
томдық “Батылар жырына” кіргені бар, енбей қалғаны бар
халқы-мыздың бұл мол мұрасын біз жеке рулар дәуіріне және ноғайлы циклына
қатысты бірнеше талданған жырлар бойынша мынадай түйіндерге
келдік.
Біріншіден, біз зерттеу нысанына алып отырған
мәселенің кез келген батырлық жырда, бірінде
үстүрттеу, кейбірінде едәуір көлемде, бас кейіпкер
батырдың елін қорғау қызметінің қалайда
қоғамдық билік құрылымымен, ол билік
басындағы әміршімен байланысы, кейде хандық биліктің
өзіне де тікелей, не жанамалай қатысы бары анықталады.
Екіншіден, жеке рулар дәуіріне
қатысты батырлық жырларында ел билігі, мемлекеттік мәселелер екінші
қатарда тұратыны, тікелей хандық билікке бағынбай
батырдың ел қорғау іс-әрекеттері маңыздырақ
көрінетіні аңғарылады. Біз оны “Алпамыс” жырын
талдағанда көз жеткіздік.
Төртіншіден, жеке рулар және ноғайлы кезеңіндегі жырларды
өз кезеңі бойынша алып қарағанда сол тізбектегі хандар
бейнесінің ашылуында әжептәу-ір өзгерістер
байқалмайды. “Қырымның қырық батырының”
екінші бөлімінің ең бастапқы жырындағы хандар
(Аты аталмайтын ноғайлы ханы, Қарадөң) мен
соңғы “Нәрік”, “Шора батыр” жырларындағы хандар тұлғасының бейнелену-інде
процестік (даму, өрістеу) белгілер айта қаларлықтай
көзге түспейді.
Бесіншіден, ал егер жеке рулар дәуіріндегі хандардан ноғайлы циклі тізбегіндегі
хандарға иек артып жалғастырып, әміршілер (мысалы, Алпамыс –
Нәрік хан) бейнесінің ашылу, даму жолына көз салсақ,
біршама өзгерістер-дің, өрістеулердің, эволюциялық
дамудың нышаны байқалады. Бұндай процесс бір жеке жыр
ішіндегі хандар бейнесінен көрініс беріп жарымайды.
Әдебиет
1. Батырлар жыры. Бесінші том. Алматы. «Жазушы», 1989, 382 бет.
2. Радлов В.В. Обрзцы народной литературы северных тюркских племен. Спб.,1896, ч. ҮІІ.
3. Ыбыраев Ш. Батырлық жырлар. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т. Алматы. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. 1999.
4. Бердібай Р. Эпос – ел қазынасы. Алматы. «Рауан». 1995, 352 бет.
5. Қорғанбеков Б. «Шора батыр» эпосы және оның ұлттық варианттары. Автореферат. Алматы, 1998, 25 б.
6.
33. Шора батыр.
(Б.Ердәулетұлы нұсқасы). Сөз соңы
С.Дәуітұлынікі. Алматы, «Жалын», 1993, 224 б.
7.
Қорғанбеков
Б. «Шора батыр» эпосы және оның ұлттық
варианттары. Автореферат. Алматы,
1998, 25 б.
8.
Мамытов А.
«Шора батыр» жырының поэтикасы. Автореферат. Алматы, 1998, 26 б.
9.
Қоңыратбай
Ә. «Ноғайлы жыры» туралы. // Қазақ эпосы және
түркология. Алматы, «Ғылым», 1987, 188-200 бб.
10.
Жүгенбаева
Г. «Қырымның қырық батыры» және Мұрын
жырау. «Қазақ тарихы», № 1, 2005.