Тарих магистрі Альдибаева А.Б.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстандағы әкімшілік-саяси жағдай .

 

Жетісу әскери губернаторы өзінің 1868 жылғы есебінде «Комиссиялар өз міндетін абыройлы және қанағаттанарлықтай дәрежеде орындап шықты. Соның нәтижесінде 16 шілдеге қарай облыстың көшпелі жұрты Жетісу және Сырдария облыстарын басқарудың уақытша Ережесінде көрсетілген жаңа негіздегі құрылым алды» - деп жазды. Облыс губернаторы есебінде сондай- ақ жаңа құрылым «Қазақтардың тұрмысын мұқият зерттеу нәтижесінде жасалған, халық оны ризашылықпен қабыл алуда, сөйтіп әлгінде ғана еңгізіле бастағанына қарамастан ол игі жемісін бере бастады» - деп те көрсетті.

Орыс әкімшілігі үшін ең негізгі және біраз күрделілігі бар іс, әрине, қазақ және қырғыз ауылдарын әкімшілік бөліктерге (ауыл және болыс) бөлу, сондай-ақ олар үшін жергілікті билік аппаратын құру болғандығы айқын. Отаршыл әкімшілік құжаттарында жергілікті ауылдарды басқару ісін жүргізетін орындарды «туземная администрация», яғни «бұратаналар әкімшілігі» атады.

Уездердің ашылуымен бір мезгілде жергілікті халық арасында болыстық және ауылдық басқару ұйымдарын қалыптастыру мақсатында бірнеше қайта құру комиссиялары құрылып, оларды уез бастықтары басқарды.

Түркiстан өлкесiн, оның iшiнде Сырдария облысын әкiмшiлiк-территориялық жағынан бөлшектеу тәртiбi отарлаушы жүйенiң мақсат-мүдделерiне бағындырылды. Патша үкiметi тағайындаған чиновниктер уезд бастықтарына дейiн метрополияның мүдделерiн қорғау мен өздерiнiң жеке бастарының мақсаттарын орындау үшiн шексiз құқықтарға ие болып, ешкiмнен қаймықпай, ойларына келгендерiн iстедi. Олар өздерiнiң тiкелей бастықтарынан басқа ешкiмнiң алдында жауап бермедi.

Жергiлiктi билеу мен басқару жүйесiнде «бұратаналық әкiмшiлiк» («Туземная администрация») дейтiнге қосымша ғана роль берiлдi: қазақ ауылын басқаратын әкiмшiлiк жүйе – болыс басшылары мен ауыл старшындары – көп жағдайда патша үкiметiнiң отарлау-әкiмшiлiк аппаратымен бiте қайнасып кеткен бай-шонжарлар өкiлдерiнiң қолдарында болды.

Патша билігі Сырдария мен Жетісу облыстарында өзі ұйымдастырып жатқан басқару жүйесінің маңызын түсіне отырып, генерал-губернатор нұсқау – хатында комиссия мүшелеріне негізінен Жетісу мен Сырдария облыстарын басқару Ережесінің жобасымен және оған жасалған түсіндірумен танысып, өздерінің қазақ даласында жасайтын әрбір қадамын осы құжаттармен әрдайым үйлестіріп, сол негізінде жүргізуді тапсырды.

Жетісу облыстарының уез басшыларының қызметтік тізбелерін сұрыптау барысында, олардың көпшілігі ішкі Ресейдің – Санкт-Петербор, Москва, Минск, Екатеринославск, Самара, Пенза және т.б. губернияларының дворяндар әулиетінен шыққандарын көруге болады. Олардың дерлік бәрі де орта әскери білімі барлар еді.

Жергілікті халықпен етене араласу және оларды бақылау міндеті тікелей учаскелік приставтарға тапсырылды, соңымен қатар уез көлеміндегі істер туралы ақпарат жинап, дер кезінде «қажетті шаралар» қолдану тапсырылды.

         Жетісу облысының уездерінің жер көлемі мынадай көрсеткіштермен сипатталды: Верный уезінің жер көлемі 30770 кв. верст, Пішпек уезінің – 41759 кв. верст, Пржевальскі уезінің – 52228 кв. верст, Қапал уезінің – 53150 кв. верст, Лепсі уезінің – 56171 кв. верст және Жаркент уезінің жер көлемі – 39000 кв верст болды. * 1 верст тең 1,06 километрге

1867-1868 жылдары қабылданған уақытша «Ереже» негізінде Сырдария және Жетісу облыстарында жергілікті халықты басқару мақсатында жаңа әкімшілік басқару жүйесі еңгізілді. Басқару жүйесі негізінде әрбір ауылда жүз шаңырақтан екі жүз шаңыраққа дейін болып, ауылды басқарушыны ауылнай деп атады, ал болыстықтарда бір мыңнан екі мыңға дейін шаңырақ болып, оны болыс басқарушы (волостный) басқарды.

Бұрын адамдар өздерінің дауларын шешу үшін кез келген атақты биге жүгіне алатын. Ол кезде би атақ пен құрметке даулы істерді әділетті және ақылмен шешу арқылы ие бола алатын. Мұндай жағдай ХІХ ғасырдың ортасына дейін сақталды. Өзінің Тянь-Шань сапарында Ұлы жүз жерін аралаған П.П. Семенов-Тянь-Шанский былай деп көрсетті: «ХІХ ғасырдың ортасында Үлкен Ордада билерді ешкім сайламағандығы және тағайындамағандығы белгілі болды. Олар халықтың әдет құқығын жетік білетін, құрметті, даулы мәселелерді шешу үшін адамдар жүгінетін тұлғалар болған».

 Қазақ халқы мойындайтын жалғыз сот болғандықтан халық сотының өкілеттігін кеңейту қажеттілігіне сәйкес, патша өкіметі тағы да халық сотының екі органын енгізуге мәжбүр болды. Бұлар - билердің болыстық және төтенше съездері. Билер сотында шешімін таппаған істер билердің болыстық съезінде қаралатын болды, ал шешілмеген істер көп болғанда төтенше съезд шақырылды. Негізінен, бұл съездерде әртүрлі рулардың арасындағы істер қаралды. Осылайша ресми билік орындары жергілікті халық арасында басшылық орындарға таза, әрі әділ, дұрыс адамдарды сайлап алуға мүдделік артады деп түсінді.

 

Әдебиеттер:

1  Костенко А.Ф. Туркестанский край. Т.1. СПб., 1880.452с.

2 Иванов А.И. Русская колонизация в Туркестанском крае. СПб., 1890. -224 с.

5 Қойгелдиев М.Қ. Жетісудағы Ресей билігі (ХІХ ғ.-1917 ж.). Астана: Елорда, 2004.216 б.