Кожаханова А.Ш., Ахметова Р.А., Онгарбаева М.Б.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

АҚПАРАТТЫҚ – КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ОҚУ

ҮРДІСІНДЕ ҚОЛДАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

          Бүгінгі күні білім беру жүйесін ақпараттандыру ісінің басты мақсаты – заман талабына байланысты ақпараттық қоғамның шарттарына сәйкес білім алушыларды тұрмыстық, қоғамдық және кәсіптік өмір салаларына толық әрі тиімді түрде араластыру болып табылады. Ақпараттандыру ісінде білім жүйесінің адамзат тіршілігінің барлық әлеуметтік аймақтармен әрекеттесуі және олардың бір – біріне әсер етуі толық бейнеленеді. Мұнда білім беру ісінің өзі де күрделі құрылымнан тұратын жүйе ретінде қарастырылады. Ақпарат алмасу істеріндегі компьютерлік технологиялар рөлі қарқын өсіп келе жатыр, соңғы кезде телефон, радио, теледидар сияқты құралдар орнына электрондық телекоммуникациялық құрылғылар пайдаланыла бастады, олар - өндірістік, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерге кеңінен араласып келе жатқан электрондық пошта мен Интернет жүйелері болып табылады.

     Бүгінгі күні ақпараттық – коммуникациялық технологиялар (АКТ) жоғары оқу орындарының оқу үрдісінде кеңінен қолдануда. Оларды қолдану электрондық есептеуіш техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электрондық оқулықтарды, интерактивті құралдарды қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді. Ақпараттық әдістемелік материалдар коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беруді жетілдіруді көздейді. Ақпараттық – коммуникациялық технологиялардың білім алушыларға жан – жақты білім алуына, іскер әрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын педагогикалық, психологиялық жағдай жасау үшін де тигізер пайдасы мол.   

     АКТ құралдарына жататындар: ЭЕМ, арнайы ЭЕМ, барлық аудиторияда орнатылатын ЭЕМ-ге қажетті жабдықтардың жиынтығы, жергілікті есептегіш желісі, ақпараттың кіріс-шығысын құру, мәтіндік және графикалық ақпаратты қосу, әрі манипуляция жасау амалы, кейінгі үлгідегі ЭЕМ-нің басқаша жабдықталуы және үлкен көлемдегі ақпараттың архивке сақталу тәсілі, графикалық және дыбыстық түрде мәліметтерді көрсетуді сандық түрге аудару немесе керісінше, мәліметтерді жаңарту үшін құру, аудиовизуальді ақпаратты манипуляциялау құралдары (виртуальды және мультимедия технологиясының базасында) жасанды интеллект жүйелері, кестелер жүйесі, бағдарламалық кешенді (бағдарламаны жасау тілдері, таратушылар, операциялық жүйелер, қолданбалы бағдарламалар) үлгідегі байланыс құралдары, жергілікті, аумақты деңгейдегі қолданушылардың мүмкіндігін қамтамасыз етудің өзара ақпараттық әрекеті. 

АКТ құралдардың  көмегімен оқу-әдістемелік, ғылыми ақпараттар және консультациялы көмек беруді жылдам ұйымдастыруға, ғылыми зерттеу жұмыстарын модельдеуге, виртуальды сабақтар  жүргізуге мүмкіндіктер береді.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияны оқу–тәрбие процесінде пайдалану келесі педагогикалық мүмкіндіктерді жүзеге асыруға мүмкіндіктер береді:

-оқу үрдісінде жаңа ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін пайдалану:

-зерттеу, аналитикалық және модельдеу әдістерін қолдану арқылы классикалық әдістерге жетілдіру;

-жаңа ақпараттық технология құралдарын (телекоммуникация, виртуалды орта және мультимедиа - технология) пайдалану арқылы оқу үрдісінің материалдық базасын жетілдіру;

-ақпараттық және желілік технологиялар саласы бойынша жаңа білімдер алу;

-оқу үрдісі мен ғылыми-әдістемелік жұмыстарға жаңа ақпараттық технологияны қолдану және озық тәжірибелерін тарату.

          Ақпараттық – коммуникациялық технологиялар  педагогтың мүмкіндігін күшейтетін құрал, компьютер мүмкіндіктері психология мен дидактика тұрғысынан талданып, керек кезінде педагогикалык талаптарға сай қолданылуы керек. Окыту  бағдарламасының тек сыртқы емес, ішкі тиімділігіне көп көңіл бөлген жөн. Компьютердің сызбалық мүмкіндігінің молдығы дәрістік сабақтарды кестелермен формулалар  мен  бояулы суреттермен, сызбалармен    байыта түсуге жол ашады, оларды есеп шарттарына да пайдалануға болады.

      Компьютерді оқытушы косымша материалдар, әртүрлі анықтамалық  мәліметтерден ақпараттар беру үшін көрнекі құрал ретінде пайдалана алады. Мұндай мәліметтерге физикалык, химиялық, математикалық  формулалар, шамалардың өлшем бірліктері, графиктер, схемалар, иллюстрациялар, физикалық және химиялық кұбылыстардың динамикалык бейнесі, тәжірибеге арналған құрылғылардың тізімі, аспаптардың сипаттамалары және т.б. жатқызуға болады. Оқытушы араласпай-ақ, студенттер өздері меңгеруге тиісті ақпараттар беріледі. Қажетті ақпараттарды жинақтауда электрондық техникаларды енгізу уақыт үнемдейді, қарастырып отырған кезеңде ақпараттың толықтығын көтеріп, ақпараттык-анықтамалық жүйе құрамында электрондық құрылғылармен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік туғызады.

      АКТ құралдарын оқу үрдісінде  пайдалану, студенттердің шығармашылық, интеллектуалдық қабілетінің дамуына, өз білімін өмірде пайдалана білу дағдыларының қалыптасуына әкеледі. Компьютерлік техниканың дидактикалық мүмкіндіктерін педагогикалық мақсаттарға қолдану, білім мазмұнын анықтауда, оқыту формалары мен әдістерін жетілдіруде жақсы әсерін тигізеді. Есептеу техникасымен жұмыс жасау студенттердің алгоритмдік дүниетанымын қалыптастырады: өз әрекетін саналы түрде жоспарлайды және құбылыстарға модельдер құра біледі.

          Ақпараттандыру құралымен ұсынылған, жақсы рәсімделген, түсінікті, иллюстрацияларға мол оқу материалы оқушының жалпы жағдайына әсер етеді, білім алушыда пәнге деген қызығушылық тудырады және белгілі  жағымды эмоцияларды пайда етеді. Мысалы, математиканы оқып үйренудегі күрделі есептерді шешуге мүмкіндік бере  отырып,  психологиялық тосқауылды жойып оқу үрдісін қызықтыра  түседі.  Компьютерлік технологиялар арқылы дайындалған электрондық оқулық теориялық, анықтамалы–ақпаратты, практикалық материалдар және тапсырмалар жиынтығы ретінде қарастырылады. 

Қазіргі ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалану негізінде жаңа педагогикалық әдістерді қалыптастыруға бағытталған білім беру жүйесін ақпараттандыруды зерттеу істері оқулықтар шығарумен қатарласа немесе оның алдында атқарылуы керек.

Заман ағымына сай күнделікті сабаққа видео, аудио қондырғыларды, электрондық оқулықтар мен оқытушы бағдарламаларды, Интернет-сервистерді қолдану айтарлықтай нәтижелер беруде. Бұндай әдістер  білім алушылардың қызығушылығын арттырып, зейін қойып тыңдаумен қатар, түсінбей қалған сәттерін қайталап көруге, тыңдауға және алған мағлұматты нақтылауға мүмкіндік береді. Студенттердің  өздері де алынған ақпаратты көшіріп алып (дискетке, бейне таспаға) онымен өз ыңғайына қарай жұмыс істей алады. Әсіресе, олардың тиімділігі:

- қашықтықтан білім алу мүмкінділігінің туындауы;

- қажетті ақпаратты жедел түрде алу мүмкінділігі;

- экономикалық тиімділігі (бару, келу, т.с.с. материалдық шығынды қажет етпеу);

- білім сапасына әсері зор, әсіресе, кез-келген сабақтарын игеруге айқын сезіледі;

- іс - әрекет, қимылды қажет ететін пәндер мен тапсырмаларды оқып үйренуге;
- қарапайым көзбен көріп, қолмен ұстап сезіну немесе құлақпен есту мүмкіндіктер болмайтын табиғаттың таңғажайып үрдістері мен әртүрлі физикалық, химиялық, биологиялық тәжірибе нәтижелерін көріп, сезінуге мүмкіндік береді;

- білім алушылардың ой - өрісін, дүниетанымын кеңейтуге де ықпалы зор (видео арқылы ғылыми – көпшілік, рухани, тарихи танымдық хабарлар мен компьютерлік жүйедегі шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ т.с.с логикалық ойындар).

Қазіргі таңда білім беру жүйесінде электрондық байланыс жүйелерінде ақпарат алмасу

интернет, электрондық пошта, телеконференция, видеоконференция, телекоммуникациялық жүйелер арқылы іске асырылуда. Ақпараттық – коммуникациялық технологиялар  қазіргі ақпараттық әлемде ерекше орын алды. Компьютерді иелену дағдылары, күнделікті жұмыста АКТ пайдалана білуі, Интернетте жұмыс істеу, теориялық информатика негіздерін білу, ЖОО студенттерінің  ақпараттық мәдениеті, адамзат қолындағы электрондық ақпараттық ресустарды жасау және пайдалана білу міндетті болып қалды .