ШОҚАН УӘЛИХАНОВТЫҢ МУЗЫКАҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

Аға оқытушы Ж.О.Ахметова.,

к106-14 топ студенті Л.Оспан

Шымкент қаласы, Қазақстан

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

Шоқан Уәлиханов (шын аты - Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы (қараша, 1835, Құсмұрын бекінісі, қазіргі Қостанай облысы, сәуір, 1865, Алтынемел, қазіргі Алматы облысы) - қазақтың ұлы ғалымы, ориенталист, тарихшы, этнограф, географ, фольклорист, музыка танушы, ағартушы, демократ. Омбының кадет корпусын бітірген (1853), Петербург университетінің тарих-филология факультетінде лекция тыңдаған (1861-1862). Арғы атасы - Абылай. Оның үлкен ұлы Уәли (1741-1821) - Шоқанның туған атасы. Уәли өліп, әкенің бас мұрагері - оның үлкен ұлы Ғұбайдолла (Абайділда) Сібірге айдалып кеткендіктен, хан шаңырағы хандық, билік Уәлидің кіші әйелі Айғанымда қалды. «Уәлидің бәйбішеден туған балалары әкесінің Ресей қол астына қарағандығын мойындағысы келмей жатқанда, Айғаным мен оның балалары Ресейге адал ниетін сақтап қалды. Уәлиханның осы жесіріне Александр І аса бір ықылас білдірді. Сөйтіп, қазақ даласында оған сәулетті үй салып беруге әмір етті, сол үйде Шоқан Уәлиханов туып еді», - деп жазды П.П.Семенов-Тянь-Шанский. Балалық шағы әуелі Құсмұрында (әкесі аға сұлтан болғанда), кейін Көкшетаудағы ата мекені Сырымбетте халықтың қайнаған ортасында өткен. Уәлиханов жас күнінен тарихи өлең, жыр, аңыз, әңгімелерді қызықтап, соларға құлақ түріп өскен. Тіпті Құсмұрындағы шағының өзінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жазып алғаны бар. Сырымбетте аңыз, жырлар сюжетіне сурет салатын болған. Сөйтіп, табиғатынан алғыр, зерек баланың рухани бағыт-бағдары ерте қалыптаса бастайды.

Музыка зерттеуші ғалымдар мен музыка қайраткерлері Шоқан кезеңін қазақ халқы музыка мәдениетінің гүлдену шағы, халық музыка шығармашылығының профессионалды - (классикалық) деңгейге көтерілген дәуірі деп санайды. Алайда, ғалымдардың бір тобы ХІХ ғасырдың екінші жартысында музыка өнерінде демократиялық тенденцияның өрістеуін орыс мәдениетінің әсерінен қарастырса, екінші бір қатары төл топырағымызда ықылым замандардан келе жатқан уақыт пен табиғаттың, ел мен мекеннің өзі тікелей тұлғалаған дәстүрлі өнер түрінде таниды.

 Қазақтардың музыкалық қабілетінің аса биіктігін көрсететін Шоқан айтқан аңызды жазып алдырған Потанин қазақтардың поэзиясы мен музыкасының байланысы жайлы Гелграфия қоғамы мәжілісінде тиянақты тұжырым білдірген . Жарты ғасырдан соң Потанин жаңғыртқан қазақтарға ән қонған халық екендігі жайлы осы аңыз бен музыканың поэзиямен сабақтастығы төңірегіндегі Шоқанның пікірін шамамен 1855-1856 жылдары жазған («Қазақ халық поэзиясының формалары») атты еңбегінен ұшыратамыз. Бізге толық жетпеген бұл зерттеуінде Шоқан «Ер Көкше - Ер Қосай» мен «Орақ батыр» жырларынан мысал келтіре отырып, жырдың жалпы сипаттамасын қара сөзбен әңгімелей келіп, бас кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен ой-пікірі өлеңмен яки қобыздың сүйемелінде әнмен айтылатындығын жіктеп жазған. Мұнан туатын қорытынды, поэзияның музыкамен ұштастығын Потанин мен Затаевичтен бұрын байқап, тарқатқан Шоқан.

Екіншіден, музыка зерттеушілерінің ән жайлы аңыздың Шоқан нұсқаларын алмай, үнемі ғалымның әңгімелеуі бойынша жазылған Потанин вариантын ұсынуы арнайы қарастыруды қажет етеді. Бір нұсқасында Шоқан: «Ән әлемді шарлап жүріп, бірде Сырдың арғы бетіне (сағасын),қарақалпақтар қонысына аялдапты. Өмірі (құлақ) естімеген, (көз) көрмеген қонақтың түскендігі жайлы (жылы) хабар жай оғындай жылдамдықпен шар-тарапқа мәлім болып, бақыт қонған ауылға сансыз қарақалпақ ел-жұрты бас қосып, ғажайып қонақты күн батқаннан таң атқанша, әбден қалжырап, әннің көзіне ұйқы тығылғанша тыңдапты», деп тарқатады да түйініде: «Сыр өзенінің жоғары жағында алысырақ қоныстанған қырғыздар мен түркімендер (туыстас тайпалар ол кездері қатар қоныстанған) түн ауа ғана жетіп, керемет әуеннің тек соңын тыңдап үлгірген», - деп тұжырымдайды. Мұнымен қатар, Шоқан пікірлерінің ішінде күні бүгінге дейін өз жоқшысын таппай, кезеңін күткен қуатты пікірлер де бар. Мысалы, қобызды, домбыраның ығыстырып шығарғандығын көзімен көрген әрі қазақ музыкасына ене бастаған түбірлі өзгерістерді жазып қалдырған Шоқан ысқылы музыкалық аспап-қобызды «ойналуы өте күрделі, тартымды да әсерлі аспап» , -деп жоғары бағалайды. Әрі қобыз сүйемелімен айтылатын ескілікті жырлардың қалып бар жатқандығына, жыр орындау өнерінің бұл үлгісі де, тіпті, көне музыкалық аспап қылқобыздың өзі де бақсының меншігіне айналып, әйгілі суырып салма ақын Жанақ әншіден кейін ата дәстүрдің тұлдырсыз қала бастағандығына қынжылады. 
Осы орайда бір еске сала кететін жай, Шоқан бақсылық шаман дінінің жұрағаты екендігін ашып жаза тұра, «бақсылық болмысын» сыңар жақ қарастырмай, бақсы «ойынына» халықтың музыкалық мәдениетінің көне түрінің бірі ретінде қарайды. Бақсылық «ойынындағы» әншілік, бишілік, театрлық элементтерді жан-жақты талдап түсіндіріп, бітім-болмысын толық ашуды ниет етеді. Өлімді өнерімен жеңген күй атасы Қорқыт Шоқанның «Тәңір (Құдай)» атты еңбегінде қобызға алғаш тіл бітірген ақыл-ой алыбы тұрғысында танылып, өнер атаулының өрісі, бүкіл өнерпаздың пірі түрінде көрінеді. Осы секілді «ойынның» әсерлік қуатын арттыру мақсатымен қолданылатын бақсы биі мен халықтық би де Шоқан назарынан тыс қалмаған. Бұл жөнінде ғалым Қойлыбай бақсыға берген анықтамасында кеңінен сөз етеді.

 Шоқанның жаңа әндер, жыршылық өнерді көмескілей бастағандығын тоқтала жазуы және замандастары Ақан сері, Жаяу Мұса, Біржан сал, Тәттімбет, тағы басқалармен шығармашылық қарым-қатынасы арнайы қарастыруды қажет етеді. 

Қазақ халқының дәстүрлі музыка өнері мен музыкалық қабілетіне қатысты Уәлиханов көзқарасының басы ашық. Шоқан қазақтардың музыкаға деген ынта-ықыласы мен үлкен сүйіспеншілігін бірнеше дүркін толғана, тебірене жазған. Шоқанның «Қазақ музыканттары» атты суретті туындысының жұмбақтығы басым. Араб алфавитімен ана тілімізде жазылған түсініктемелеріне қарағанда, қазақ музыкасының тарихын зерттеушілерге бұл қызықты да құнды мағлұмат бере алады. Мұнда ХІХ ғасырдың орта шенінде өмір сүрген алты бірдей қазақ музыка өнері шеберлерінің суреттері(қаламұшпен) салынған. Олардың арасында Шоқанға көптеген күй орындап берген, әйгілі қобызшы Қанқожа Уәлиханов бар. 

ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғұмыр кешкен даңқты музыкант, оның «Балбырауын», «Ала байрақ», «Суға кетті Ер Қотан» және тағы басқа күйлері белгілі. Досжаннан төменірек, орындықта, қобыз тартып отырған күйшінің бейнесі салынған. Үстінде алабажақ шапан, басында Қарқаралы қазақтарына тән үш құлақты тымақ. Айтылмыш белгілер мұны әйгілі әнші Жанақ деп топшылауымызға мүмкіндік тудырады. Уәлиханов онымен бірнеше рет жолыққан әрі айрықша қадір тұтқан. Ортада дөңгелек телпегін шекеше түсіре киген ат жақты, қаба сақалды, беймәлім музыкант бейнеленген. Ол құдды бір қобыз арынын тыңдап отырған тәрізді. Әңгімеленіп өткен өнер шеберлерінің оңқапталында етек-жеңі кең пішілген жібек көйлекті келіншек тұтас тұлғасымен кескінделген. Басына тартқан салы орамалының ашық жерінен ойлы да тартымды жүзі көзге шалынады. Мүмкін, бұл аты шулы қобызшы-күйшілердің өнеріне сусындап тұрған ақын қыз Ажар шығар... 

Аз өмірінде Ш.Уәлиханов Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихына, географиясы, этнографиясы, фольклорына және қоғамдық-саяси құрылысына арналған көптеген құнды еңбектер қалдырды. Қазақстан географиясында - Балқаш пен Алакөлдің бұрын бір тұтас су айдыны болғандығы және Жоңғар қақпасынан соғатын Ебі желі туралы ғылыми деректерді алғашқы келтіруші де сол. Ол Березиннің «Хан жарлығына» рецензиядан кейін Жалайыридің «Жәми-ат-тауарихын» зерттеп, оның негізгі тарауларын алғаш рет орысшаға аударды, ондағы Шығыс терминдерінің сөздігін жасады. «Шайбани-наме», «Шежре-и түрік» Абулғазы туындылары негізінде теориялық мәні зор «Қазақтың шежіресі» атты еңбек берді. «Жәми-ат-тауарихты» Шоқан сирек кездесетін тарихи шығарма, қазақтың XV-XVI-XVII-ғасырдағы тарихи аңыздарының жиынтығы деп таниды. Кейін «Бабур-наме», «Тарих-и-Рашидиге» терең үңілген ол өз еңбектерінде солардың деректерін орынды пайдаланды. Заманында дүние жүзі ғылымына елеулі үлес қосқан Ш. Уәлихановтың барлық саладағы еңбектері әр кезеңде де жоғары бағаланды.

Пайдаланылған әдебиеттер

  
1. Тасмағанбетов И.Т., Құдабаев А., Дүйсебайұлы Е. Дала даналары. -Алматы, 2001. Қазақстан даму институты. 

2.С.Мұқтарұлы. Шоқан және өнер. -Алматы, 1985. 
3.«Әлемдік биікке шарықтаған жас Шоқан» -А., 2005, №6, 3бет. 
4. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. Алматы. Қазақ Университеті 2001.