Оңғаров М.Д.

Қазақстан, Ақтөбе облысы  Шалқар ауданы Ә. Жангелдин

орта мектебі

Электронды оқыту жүйесін білім беру саласына енгізу заман талабы

 

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі-білім беру ұйымдарына электронды оқыту жүйесін (е-Learning) енгізу. Электронды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты білім беру ұйымдары қызметкерлеріне үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге негізделген.

Елбасының 2010 жылғы 7 желтоқсанда № 1118 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы 2011 - 2020 жылдарға  арналған білім  беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі оқу үдерісін автоматтандыруды енгізудегі «білім беру ұйымдарының 90%-ы электрондық  оқыту жүйесін қолданылады» деген мақсаттық индикаторға негізделген болып табылады.Электрондық оқыту жүйесінің  2011-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы орта білім беру ұйымдарында ақпараттандыру үдерісінің ағымдағы жай-күйді талдауға баға береді, сонымен бірге электрондық оқытудың бірыңғай жүйесін енгізу бойынша процестерді жеделдету үшін қажетті шараларды анықтайды.  «E-learning» электрондық оқытудың Мақсаты: Білім беру процесінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстарымен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету. Міндеті: Оқу процесін автоматтандыруды енгізу үшін жағдай жасау. E - learning (ағылшын тілінен Electronic Learning қысқартылған) – электрондық оқыту жүйесі, қашықтан оқыту, компьютердің көмегімен оқыту, желілік оқыту, виртуалды оқыту, ақпараттық, электрондық технологиялардың көмегімен оқыту, синонимі. ЮНЕСКО мамандарының берген анықтамасы бойынша: «e - learning – интернет және мультимедиа көмегімен оқыту.
          E - learning – бұл оқу және оқыту, форматы, білім беру контенттерінің электрондық формасына электрондық құралдарды, компьютерді, ұялы телефонды, коммуникаторларды қолданып, білімді басқару жүйесі (LMS) және интерактивтік оқыту платформасына негізделген сабақ беру формаларының бірі.
Электрондық оқыту «ашық білім беру», «қашықтықтан білім беру» сияқты ұғымдардың қосындысын береді, яғни ЭО = компьютерлік оқыту + желілік оқыту+ онлайн оқыту + интернет оқыту+ қашықтықтан оқыту E - learning ұғымы – бір, бірнеше немесе барлық элементтерді қолданып жұмыс жасау мүмкіндігі ауқымды оқыту формаларының бірі ретінде LMS (Learning Management System) немесе қашықтықтан оқыту жүйесі (ҚОЖ) қарастырылады.Бұл жүйе оқытудың барлық үрдістері жүргізілетін және ұйымдастырылатын платформаны ұсынады. Қашықтан оқыту осы немесе басқа да желіде жұмыс істеуге қолайлы бірнеше құралдардың жиынтығынан тұрады: форумдар, чаттар, тестілеу жүйесі,файлдарды алмастыру жүйесі, электрондық тізім, виртуалды сынып бөлмелері, блогтар, виртуалды зертханалар және тағы басқалар. Электрондық  оқыту барлық білім беру ұйымдарының қызметкерлері үшін білімнің бірыңғай стандартын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «оқушы автоматтандырылған жүйеде жеке портфолиосын, күнтізбесін, күнделігін жүргізеді. Мұғалім күнтізбелік-тақырыптық жоспары бар электрондық дәптерді, сынып журналын хабарландыру қызметін (алда болатын жоспарлы және жоспардан тыс жиналыстармен кездесулер туралы оқушыларды ата-аналарына e-mail немесе sms-хабарламалар, есепті және т.б жіберу) атқара алады. Оқытушылық жүктемені, сабақ кестесін, үлгерім мониторингі мен оқушылардың сабаққа келуін, педагогтың қызметін, есепті, директордың орынбасары жүзеге асырады. Желі әкімшілігі жергілікті және ғаламдық желілерді, телефон немесе дауыс поштасы жүйесін қоса алғанда, көп қолданыстағы компьютерлік жүйенің жұмыс істеп тұруына жауапты болады», -деп көрсетілген. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан былай АКТ)- педагог құзырлылығын қамтамасыз етуді ұйымдастыру, электрондық оқыту жүйесін пайдаланушыларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру құралы болып табылады.  2011 жылдан бастап, педагогтардың электрондық оқыту жүйесін кәсіби қызметтеріне пайдалануы мен оны қолдану бойынша біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Педагогтардың электрондық оқыту жүйесін кәсіби қызметтеріне пайдалану мен оны қолдану бойынша біліктілігін арттыруда АКТ-құзырлылығын, ақпараттық білім ортасында жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру мақсатында Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институттың ақпараттық технологиялар кафедрасы «Білім беру ұйымдарының виртуалдық кабинетінің» әдістемесін жасады. «Білім беру ұйымдарының виртуалдық кабинеті»-оқу-тәрбие үдерісін біріңғай жүйеде басқаратын ақпараттық орта. Виртуалдық кабинет-жұмыс орнының қызметін балама ретінде атқаратын ақпараттық ортада орналасқан автоматтандырылған кешен. «Білім беру ұйымдарының виртуалдық кабинеті» 4 бөлімнен тұрады:

1.     Әкімшіліктің виртуалдық кабинеті.

2.     Сынып жетекшісінің виртуалдық кабинеті.

3.     Оқушының виртуалдық кабинеті.

4.     Мұғалімнің виртуалдық кабинеті.

1. «Білім беру ұйымдары әкімшілігінің виртуалдық кабинетінде» мектепті басқару жүйесінен (SMS – School Management System) жұмыс жасау әрекеттері орындалады. Бұл жүйеде білім беру ұйымының басшысы, мектеп басшысының орынбасарлары өз қызметтерін автоматтандырылған ортада жүргізе алады. Білім беру ұйымының басшысы педагог мамандарды қабылдап, олардың қызметін айқындап, өз кабинетіне енуіне логин мен пароль береді. Ол сыныпты бекітеді, қай сыныпта қанша оқушы оқитындығын, сынып жетекшісінің кім екендігін белгілейді. Әр сыныпта оқытылатын пән атауларын белгілейді. Бұл жүйеде мектеп басшылары электронды сабақ кестесін құрады, оған өзгерістер енгізеді, қажет жағдайда оны бақылап отырады, сонымен бірге бұл жүйеде педагогтардың апталық жүктемесі автоматты түрде есептеледі. Ал электрондық журналдан сынып жетекшісінің немесе пән мұғалімдерінің сынып, пән, сабақтың өткізілу уақытына сәйкес мұғалімнің оқушыларға қойған бағаларын көруге болады. Мектеп басшысы кез келген мұғалімге, ата – анаға және оқушыға хабарлама жібере алады. Бұндай жүйенің болуы білім беру ұйымының әкімшілігіне, сынып жетекшісіне, пән мұғалімдеріне оқушылармен виртуалды түрде байланыс жасауға мүмкіндік береді.

2. «Сынып жетекшісінің виртуалдық кабинеті» - сыныпты басқару жүйесі (CRMS – Classroom Management System) болып саналады. Бұл жүйеде сынып жетекшісі білім беру ұйымының әкімшілігі бекіткен сыныптағы оқушылардың санына сәйкес оқушыларды қабылдайды және «Оқушының виртуалдық кабинеті» енуіне логин мен пароль береді, сонымен бірге сабақ кестесін көре алады. Сынып жетекшісі электрондық журналды пайдалана алады: сыныптағы әр оқушыға пәні, мерзімі бойынша баға қояды. Әр оқушының орташа ұпайы автоматты түрде есептеленеді. Сынып жетекшісі сыныптағы кез келген оқушыға хабарлама жібере алады. Ол сынып жетекшісінің білім беру ұйымының әкімшілігімен, мұғалімдермен және оқушылармен виртуалды түрде байланыс жасауына мүмкіндік береді.

3.«Оқушының виртуалдық кабинеті» - оқушы сынып жетекшісінің берген логин мен паролі арқылы өзінің виртуалды кабинетіне еніп, сабақ кестесін, күнделігін көре алады. Күнделіктен мұғалімдердің қойған бағасын, пәні, мерзімі бойынша көруге болады. Жүйе бағалардың орташа ұпайын автоматты түрде есептейді. Сонымен бірге оқушы мектеп басшысынан, пән мұғалімінен және сынып жетекшісінен келген хабарламаларды оқып, жауаптарын жаза алады.

4.«Мұғалімнің виртуалдық кабинеті», мұнда кез келген пән мұғалімдері өздерінің қызметтеріне қажетті әрекеттерді автоматты түрде орындай алады. Атап айтқанда күнтізбелік-тақырыптық жоспары, сабақ жоспары және оқушылардың білімін автоматты түрде тексере алатындай тест сұрақтарын өздігінен енгізіп, тексере алады. Пән мұғалімдері бұл ортада электрондық журналмен және күнделікпен жұмыс жасай алады. Оған ақпараттарды енгізіп, оны өзгертіп, қажет емес ақпараттарды өшіре алады. Мұндай әрекеттерді орындау арқылы педагогтар өздерінің қызметтерін біртіндеп сандық форматқа аудара алады. Оқушылардың пән бойынша сұрақтарына мұғалім жауап беріп, жібере алады. Ата-аналарға өздерінің пәні бойынша үлгерім көрсеткіші туралы хабарлама жіберіп, одан кері жауап алатындай мүмкіндіктері бар.

    Электронды  оқытуға  қол  жеткізу -  оқу сапасын, білімді  басқаруды тиімділігін, сыртқы  ортамен  ақпаратқа  кіруін   арттырады. 

         XXІ ғасырда оқытудың білім үдерісінде компьютерлік технологияларды қолданудың маңызы зор, өйткені күнделікті өмірде және педагогикалық үдерісте компьютерді қолданбау мүмкін емес. Қоғамда ақпараттық ағымдардың өте тез жылдамдықта тарайтындықтан, ауқымды ақпараттық орта қалыптасады. Сондықтан қазір Қазақстанда әлемдік ақпараттық білім кеңістігіне енуге жаңа білім жүйесі қалыптасу үстінде.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     «Білім беру ұйымдарына электрондық оқыту жүйесін енгізу жағдайында педагогтардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру әдістемесі» Алматы 2013 жыл

2.     «Білім беру ұйымдары педагогтарының виртуалдық ортасын құру бойынша жұмыс жасау технологиясы» Алматы 2012 жыл

3.     «Білім беру мекемесі басшыларының анықтамалығы» №8,12 2014 жыл