Ахметжанов М.А., Токтанаева К.С., Дуйсебаева Г.К.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты,

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

БІЛІМ БЕРУДЕГІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘДІСТЕРДІ ҚОЛДАНУДА МҰҒАЛІМНІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2030» жолдауында: «...Келер ұрпақты қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу аса қажет, ... бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкәппарлық, тектілік, білімділік, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыру керек» - деген болатын. Елбасымыздың алға қойған зор міндеттерін іске асырушылар – жастар. Жеке адамның құндылығын арттыру, оны дайындайтын ұстаз жауапкершілігінің өсуі, тынымсыз еңбек, сапалы нәтиже деген ұғыммен егіз. Қазіргі мектеп жағдайындағы білім берудің ұлттық моделіне өту оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс-тәсілдерін, жаңа инновациялық педагогикалық технологияны игерген, психологиялық-педагогикалық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан бұрынғы ескі сүрлеуден тез арада арылуға қабілетті және нақты тәжірибелік іс-әрекет үстінде өзіндік жол салуға икемді, шығармашыл педагог-зерттеуші, ойшыл ұстаз болуын қажет етеді. 

Мемлекеттік білім стандарты деңгейіне оқыту үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді. Сондықтан оқу-тәрбие үрдісіне жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу жастардың білімге деген қызығушылығын, талпынысын арттырып, өз бетімен ізденуге, шығармашылық еңбек етуге жол салуды көздейді.

Бүгінгі күнгі жоғары оқу орындарының басты міндеті – бәсекеге қабілетті білікті мамандарды дайындау екендігі даусыз. Заман талабы өзгерген сайын жоғары оқу орындарына қоғам тарапынан қойылатын талап та өзгереді. Сол талаптардың маңыздыларының бірі педагогикалық үдерісінде инновациялық іс-әрекет жүргізу қажеттілігі. Инновациялық процесс түсінігі, ол барлық динамикалық процестерді қамтып, жаңалық аймағында процесуалдық аспектілердің, барлық жаңалықтардың өзгеруіне байланысты.

Еліміздегі жоғары оқу орындарында білім мен ғылымдағы ең алуан түрлі және болашағы зор қазіргі заманғы білім беру технологиялары ендірілуде. Оқытудың кредиттік жүйесін, қашықтан оқыту формасын енгізуді, маман даярлаудың көпсатылы құрылымына көшуді, оқу үдерісінде қазіргі заманғы білім беру технологиялары мен сабақ берудің озық әдістерін қолдануды атап айтуға болады.

Инновациялық процесс осы жаңалықтардың ашылу жолдарын қарастырып қана қоймайды, сонымен бірге пайдалануын, оның практика жүзінде таралуын қамтамасыз етеді. Педагогика үшін жаңалықтың сапалық, сипаттамаларының маңызы зор. Бұл жаңалықты енгізу мәселелерімен тығыз байланысты. Кейде жаңалықты енгізу барысында мұғалімнің шығармашылық қабілетіне сәйкес жаңалықтар көпнұсқалығымен, кенеттен пайда болуымен сипатталады.

Қазіргі кезде педагогикалық инновацияның білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелерінің бірі – жаңалықтарды топтастыру. Мұғалім үшін ашылған жаңа әдісті жан-жақты түсіне білу үшін, бұл жаңалықтың басқа жаңалықтардан ерекшелігін, айырмашылығын, артықшылығын көре білу қажет.

Мұғалімдер күн сайын күрделі шешім қабылдайды. Бұл шешімдер түрлі білім мен пікірлерге сүйенеді және әрбір білім алушының не үйреніп, келешекте неге қол жеткізуге тиіс екендігіне бағытталған. Осыған байланысты мұғалімдер білім алушыларды олар өмір сүруге тиіс өзгермелі әлемге дайындауда маңызды рөл атқарады. Мысалы, бүкіл әлемдегі білім алушыларға айтарлықтай әсері болатын елеулі факторлардың бірі – инновациялық технологиялардың кең таралған түрін пайдалануға байланысты білімге оңай қол жеткізудің артып келе жатқандығы.

Сондықтан өзгермелі өмірде мұғалімдер күрделі үдеріс болып табылатын оқыту шеберлігін толық игеріп шығу. Осыған орай, Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасының негізінде әзірленген педагог кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарының бітіруші курс студенттеріне қосымша кәсіби білім беру бағдарламасы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың қазіргі заманғы озық үлгісі болып табылады.

Бағдарламаның өзектілігі Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаттарымен және міндеттерімен үйлеседі, ал мемлекеттік бағдарламаның басымдықтары, өз кезегінде білім беру саласында көш басында келетін Финляндия, Сингапур және Ұлыбритания секілді прогресшіл елдерге тән заманауи мақсаттармен және құндылықтар жүйесімен барабар [1].

Білім беру саласында жүргізілген әлемдік зерттеулердің нәтижелері тиісті кәсіптік қасиеттерге ие, оқыту және оқу үдерістерінің қажетті дағдылары мен терең түсініктерін игерген мұғалімдер жастардың білімін сапалық тұрғыдан өзгерте алатынын көрсетіп отыр (Barber & Mourshеd, 2007).

2011 жылғы 22–26 шілде күндері Кейптаунда (Оңтүстік Африка) өткен Білім беру интернационалының VI Дүниежүзілік конгресіне қатысушы мұғалімдердің 80 пайызынан астамы дәл бүгін білім беруге инвестиция құюдың қажеттігі ерекше маңызды екендігін ресми түрде мәлімдеді, себебі білім беру арқылы адам факторына капитал құю үздіксіз экономикалық дамуға апаратын жол болып табылады.

Конгреске қатысушылар әлемдік білім беру қоғамдастығында қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мұғалім кадрлардың сапалылығы проблемасы әлі күнге дейін өзекті екендігін атап өтті [2].

5Болашақ мұғалімдерге қосымша кәсіби білім беруге бағытталған осы Бағдарлама заманауи ғылыми зерттеулердің шынайы нәтижелерінің және оқытудың озық практикалық тәжірибесінің ықпалдасуын көрсете отырып, қазақстандық білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық жоспарларының мақсаттарына сәйкес келеді. Осыған байланысты, аталған қағидаттарды ұстана отырып, Бағдарламаны меңгеру кәсіби ынтымақтастық пен өзара білім алудың үнемі жұмыс істеп тұратын режімін құруға мүмкіндік беретін «бетпе-бет» оқыту кезеңін қамтиды.

Бағдарламаның жеті модулі мәнмәтінінде білім беруде табысты қолдануға ықпал ететін әдістемелік сипаттағы бірқатар жалпы ұсыныстардан тұрады:

• оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер;

• сын тұрғысынан ойлауға үйрету;

• оқу үшін бағалау және оқуды бағалау;

• оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану;

• талантты және дарынды балаларды оқыту;

• оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу;

• оқытуды басқару және көшбасшылық.

Бағдарламаның мақсаты:

• Болашақ педагогтердің қосымша білім мен дағдылар көлемін алудағы білімдік қажеттіліктерін қанағаттандыру, қазақстандық мұғалімдерге қарқынды өзгеріп жатқан өмір жағдайында үздіксіз кәсіби дамуға дайын болуға көмектесу.

• Әдістемелік жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ететін білім берудегі инновациялық үдерістерге қолдау көрсету.

• Болашақ мұғалімдерді оқушылардың бойында өз бетімен білім алу, өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастыруға; түрлі адамдармен тиімді диалог жүргізе алатын, қазіргі заманда табысты өмір сүруге дайын, сандық технологияларда құзырлылық танытатын белсенді азамат, болашақ маман ретінде қалыптасуға көмектесетін оқу үдерісін ұйымдастыру үшін қажетті біліммен және практикалық дайындықпен қамтамасыз етуге жағдай жасау.

Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер

Жеті модульдің барлығында қарастырылатын идеяларды оқыту мен оқудың жаңа тәсілдері деп санауға болатынына қарамастан, біз жаңа әдістер ретінде «Диалог арқылы оқыту» мен «Қалай оқу керектігін үйретуді» ғана қарастырамыз, себебі олар әлеуметтік-сындарлылық көзқарасымен тығыз байланысты. Диалог негізінде оқыту мен оқу оқушылардың өзара сұхбаттасуы және мұғалім мен білім алушының арасындағы диалогтің шәкірттердің өзіндік ой-пікірін жүйелеуі мен дамытуына көмектесетін амал екенін меңзейді.

1. Сын тұрғысынан ойлауға үйрету

Сын тұрғысынан ойлау бағдарламаның өн бойында екі мағынада қарастырылады: білім алушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамыту және мұғалімдердің сын тұрғысынан ойлауын дамыту. Бағдарлама өзара байланысты бұл үдерістердің екеуін де дамытуды көздейді. Білім алушыларға қатысты сын тұрғысынан ойлау ақпарат пен идеяларды синтездеу қабілеті, ақпарат пен идеяның шынайылығы мен салыстырмалы түрде маңыздылығы туралы ойлана білу қабілеті. Мұғалімдердің сын тұрғысынан ойлауы өзінің жұмыс тәжірибесін, жаңа тәсілдерді қолдану және бағалау әрекеттерін сын тұрғысынан бағалауды қамтиды.

2. Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау

Оқудың тиімді бағасын және оқыту үшін тиімді бағаны түсіну оқыту мен оқудағы барлық жаңа тәсілдермен тығыз байланысты. Балалар өздерінің түсініктерін құра алатын белсенді студент болатын болса, онда мұғалімдер үшін де, студент үшін де осы түсініктің мәнін білу қажет, өйткені ол оқуда алға қадам басуға және оған қолдау көрсету үшін керек.

Оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану

Бағдарламаны игеру нәтижесінде мұғалімдер сандық технологияларды және АКТ-ны сабақ беруде тиімді пайдалануды білетін болады. Осылайша, олар жұмыс, демалыс және қарым-қатынас үшін АКТ-ны сенімді және сын тұрғысынан пайдаланушыларға айналады.

Талантты және дарынды балаларды оқыту

Қазақстанның көркеюі үшін студенттердің таланты мен қабілетін ашып, оларды оқыту барысында дамыту өте маңызды. Қазіргі уақытта білім беру саласында жоғары жетістіктерді анықтайтын және ынталандыратын бірқатар өңірлік, ұлттық, халықаралық сайыстар мен бағдарламалар жүргізіледі. Осы бағдарлама аясында талантты және дарынды балаларды оқытуды дамыту үшін анағұрлым инклюзивті тәсіл пайдаланылатын болады. Талантты және дарынды балаларға білім беруді дамытудың инклюзивті тәсілі негізінде осындай балаларды анықтау туралы ой-пікірлер мен зерттеулер жатыр.

Оқытуды басқару және көшбасшылық

Бағдарламаның негізгі идеясы сын тұрғысынан бағалау, өзгерту және тәжірибе мен білім саясатын қайта бағалау нәтижесінде мұғалімдер бастамасымен барлық деңгейлерде өзгерістердің іске асырылатынына негізделеді. Көшбасшылық бағдарламаның өн бойында мұғалім енгізетін өзгерістер тарапынан қарастырылады. Сондықтан мұғалім көшбасшылығын әр деңгей қырынан қарастыру мақсатында осы бағдарламада жеке модуль ретінде белгіленген.

Сондықтан да, әрбір білім алушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру инновациялық технологияны ендіруді міндеттейді.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

2. Barber, М., Mourshed, М. & McKinsey., (2007). Report «Consistently high performance: Lessonsfrom the world’s top performing school systems». [Мектепте орнықты жоғары сапалы оқытуға қалай қол жеткізуге болады].

3. Harris, J. R., (1998). The nurture assumption: Why children turn out the way they do. [Тәрбие туралы ойлар: неліктен балалар бұндай болады]. Free Press. OECD (2000). Literacy in the information age: final report of the international adult literacy.[Ақпараттық дәуірдегі сауаттылық: ересек адамдардың халықаралық сауаттылығы мәселелері бойынша қорытынды баяндама]. Paris: OECD.