Өсімдіктер физиологиясы пәні бойынша білім нәтижесін бақылаудың тесттік формалары

 

Оңғарбаева Г.Р., Избасарова Ж.Ж

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Қазақстан

 

Білім сапасын тексеруде ең оңтайлы әдіс – тест жүйесі.  Тест – ағылшын сөзі, аударғанда «үлгі», «сынақ», «зерттеу» деген ұғымдарды қамтиды. Бұл термин физиологияда, медицинада және психологияда әртүрлі тұрғыда қолданылады. Педагогикалық тесттер арқылы білім алушылардың оқу үлгерімі тексеріледі. Тесттер білім, білік, дағдының тек жекелеген элементтерін ғана ескереді және осы элементтердің объективті өлшемі болып табылып, соның негізінде оқушылардың жалпы білімі жөнінде белгілі бір пікір қалыптастыруға болады. Тесттік әдіспен білімді тексеру білім алушы мен оқытушының көп уақытын алмайды, нәтижесінде аз уақыттың ішінде үлкен көлемді материалды тексеруге мүмкіндік береді [1].

Бүгінге дейін тест тапсырмалары оқыту емес, бақылау үшін жасалады деген пікірлер болды. Тест әдісін қолданушыларға тапсырмалардың формасы таныс, әрі түсінікті сияқты болып көрінеді. Сондықтан олар тесттік тапсырмалардың формасын өзгертуге, жаңа формалы тапсырмалар ойлап шығаруға мән бермейді. Осындай позициялардан тестілеу деградацияға ұшырап бара жатыр. Сондықтан қазіргі қолданыстағы тест тапсырмалары формаларының артықшылығы мен кемшілігіне назар аударып, білімді нақтырақ, толығырақ, тереңірек, тезірек және тиімдірек тексеретін жаңа формаларын жасап шығару жолдары қарастырылуда[2 ].   

Тесттік тапсырмалардың формалары туралы В.С.Аванесов, А.М.Майоров, С.К. Челышков, т.б. еңбектерінде баяндалған. Олар шетелдік әдебиеттерге сүйеніп тесттік тапсырмалардың классификациясын ұсынады. Қалыптасқан классификация бойынша тест тапсырмаларының негізгі төрт  формасын бөліп көрсетуге болады:

·         жабық формалы тапсырмалар, мұнда білім алушы жауаптардың ішінен дұрыс жауапты таңдайды;

·         ашық формалы тапсырмалар, мұнда білім алушы жауабын өзі іздеуі (табуы)  керек;

·         сәйкестігін табуға арналған тапсырмалар, екі немесе одан да көп элементтердің арасындағы сәйкестікті табуға бағытталған;

·         дұрыс реттілікті табуға арналған тапсырмалар, әрекет немесе процестің дұрыс реттілігін көрсететуді талап ететін тапсырмалар

Жалпы  ережелер:

·         әрбір тапсырманың реттік нөмірі болады;

·         бір формадағы тапсырмалар стандартты нұсқаулықпен басталады;

·         әрбір тапсырмада дұрыс жауаптың  эталоны болады;

·         тапсырмадағы барлық элементтер таңдалған формаға сәйкес орналасады;

·         тапсырмалар қысқа, нақты болып, орындалуға ұзақ уақыт алмайтын болуы керек.

Оқу процесінде аталған тест тапсырмаларының арасынан жабық формалы тапсырмалар көбірек қолданылады. Жабық  формалы тапсырмалардың үш түрі бар:
1. бір жауабы дұрыс тапсырмалар (бірнеше жауап ұсынылады, дұрыс жауап-біреу);
2.  неғұрлым дұрыс жауабын табуға арналған тапсырмалар (бірнеше жауап ұсынылады, олардың арасында дұрыс та, дұрыс емес те жауаптар болуы мүмкін. Білім алушы ең дұрыс жауабын табуы тиіс);
3. бірнеше жауабы дұрыс тапсырмалар (бірнеше жауап ұсынылады, олардың арасында бірнеше жауап дұрыс болады. 
Бір  жауабы дұрыс тапсырмалар 
Артықшылығы: 
- мазмұны бойынша ауқымдылығы (біріншіден, осы тапсырмаларды барлық пәннен дерлік құрастыруға болады, екіншіден, бұл тапсырмалар тексерілетін оқу пәнінің мазмұнын түгел қамтуға мүмкіндік береді)
- оқу әрекетінің тексерілетін деңгейінің толық қамтылуы- қарапайым жаттап алудан бастап анализ, білімді стандартты емес жағдайларда қолдана алу сияқты күрделі деңгейді толық қамтуы.
- тиімділігі (тестілеудің жылдамдығы бір уақыт ішінде  көбірек тапсырмаларды ұсынуға  мүмкіндік береді)
- технологиялылығы (тексеру оңай немесе компьютерлік бағдарламаға келтіруге болады)
- объективтілігі (дұрыс жауаптардың эталоны болғандықтан,  эксперттердің қажеті жоқ)
- кері байланыс мүмкіндігі: білім алушылар таңдаған дистракторлар оқытушыға оқытудағы проблема туралы ақпарат беруі мүмкін
- тапсырмаларды құрастыру мен талдау теориясы жақсы дамыған
- сауатты құрастырылған тапсырмалар валидті және сенімді. 
Кемшіліктері:
- тауып қою мүмкіндігі.
- қолданудың шектеулілігі  (кейбір білім мақсаттарын тексеруге келмейтіндігі, мәселен, мысал келтіру, қорытынды жасау, логикасын көрсетуге мүмкіндік жоқ)
- құрастырудың қиындығы (жабық формалы тапсырмаларды құрастыруға басқа формалы тапсырмаларға қарағанда көп уақыт пен күш жұмсалады. Шындыққа жақын дистракторларды табу арнайы біліктіліктерді қажет етеді) 
Бір жауабы дұрыс тапсырмаларға қойылатын талаптар

·         тапсырма мәтінінде екіойлылық немесе түсініксіздік болмауы тиіс;

·        тапсырманың негізгі бөлімі қысқа (7-8 сөзден құралған сөйлем) әрі қарапайым синтаксистік құрылымды   болғаны жөн;

·        бір тапсырманың жауаптарының барлығы шамалас (бір сөз) болғаны дұрыс;

·        әдетте тапсырманың негізгі бөлімі тұжырымдау формасында болғаны дұрыс;

·        жауаптардан барлық қайталанатын сөздерді алып тастау керек, оларды тапсырманың негізгі мәтініне қосқан дұрыс;

·        дистракторларды дайындағанда барлығы, ешқайсысы, ешқашан, аталғандардың барлығы, т.б. сөздерді қоспаған дұрыс, себебі олар дұрыс жауапты тауып алуға көмектеседі; 

·        бір тапсырманың жауабы келесі тапсырмалардың дұрыс жауаптарының кілті болмауы тиіс;

Бірнеше дұрыс жауабы бар тапсырмалар
Олар екі  типті болады:

1.     Дұрыс жауаптың саны білім алушыға белгісіз. Мұндай тапсырмаларға нұсқаулық былай құрастырылады: «Барлық дұрыс жауапты белгіле». 

2.     Дұрыс жауаптың саны білім алушыға белгілі. Мұндай тапсырмаларға нұсқаулық былай құрастырылады: «екі/үш жауапты белгіле» [3].

Жабық  формалы тесттік тапсырмаларға қойылатын талаптарды негізге ала отырып, Өсімдіктер физиологиясы пәні бойынша тесттік тапсырмалардың  үлгісін ұсынамыз.

Дұрыс бір жауапты белгілеңіз:

1. ФОТОСИНТЕЗ ХЛОРОПЛАСТА

1) жүреді

2) жүрмейді

2. ЕГЕР ЛЕПТЕСІК АШЫҚ БОЛСА, ОНДА ТРАНСПИРАЦИЯ ҚАРҚЫНДЫЛЫҒЫ

1) артады

2) төмендейді

3) өзгермейді

3. ӨСІМДІКТЕГІ СУ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖЫЛДАМДЫҒЫН ЗЕРТТЕГЕН

1) Н.Курсанов                            4) Д.И.Сабинин

2) А.И.Ахромейко                     5) Д.Н.Прянишников

3) С.Гейльс                                 6) Г.Х.Молотковский

4. ҒЫЛЫМҒА {протоплазма} ТЕРМИНІН ЕНГІЗДІ

1) Р. Гук                                      3) Р.Броун

2) Я.Пуркинье                            4) Т.Шванн

5) М.Шлейден

5. ЦИТОПЛАЗМАНЫҢ БАСТЫ КОМПОНЕНТІ

1) минералды тұздар                  3) су

2) ақуыз                                       4) көмірсулар

 

Назарларыңызға екі, үш, одан да көп жауапты тапсырмалар ұсынылады. Дұрыс жауапты белгілеңіз:

1. ПЛАЗМОЛИЗДІҢ ТҮРЛЕРІ

1) ойыс

6) қалпақты

2) дөңес

7) дөңгелек

3) жалпақ

8) ашық

4) бұрыштық

9) мөлдір

5) төбелік

10) призмалы

 

 

 

 

 

2.ҒЫЛЫМҒА {Өсімдіктер физиологиясы } ТЕРМИНІН ЕНГІЗДІ

     1) В.Пфеффер

     2) Д.Присли

     3) Н.Соссюр

     4) Ж.Сенебье

     5) Р.Дютроше

     ОЛ МЫНА ЕЛДІҢ ҒАЛЫМЫ

                       1) Португалия

                       2) Германия

                       3) Нидерланды

                       4) Швейцария

                       5) Франция [4]

3. ӨСІМДІКТІҢ ДАМУЫНА {белсендіруші, тежеуші} ӘСЕР ЕТЕДІ

1) гиббереллин

6) десиканттар

2) цитокинин

7) витаминдер

3) токсин

8) су

4) дефолианттар

9) микроэлементтер

5) гербицид

10) абсциз қышқылы

 

 

 

 

 

 

4. ӨСІМДІК КЛЕТКАСЫНДАҒЫ {макро-, микро және ультрамикро}ЭЛЕМЕНТТЕР

1) азот

6) темір

2) никель

7) калий

3) көміртегі

8) күміс

4) молибден

9) бор

5) селен

10) мыс

 

 

 

 

 

 

Сонымен, тест тапсырмаларын тек қана білімді бақылау құралы деп  қабылдау  қате пікір. Тест түріндегі тапсырмаларды оқу процесінде студенттердің өз бетінше білім алу мен өзін-өзі тексеру құралы ретінде пайдалануға болады.

        

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Кемелқызы Т., Оңғарбаева Г.Р. Биологияны оқыту әдістемесі.ОӘК.-А.:Інжу-маржан, 2011.-123б

2.     Аванесов В. С. Теоретические основы разработки заданий в тестовой форме: Учебное пособие. М.: Исследовательский центр проблем качества подготовки специалистов, 1995. – 96 с.

3.     Аванесов В.С. Форма тестовых заданий. С.8. М.: Центр тестирования, 2005.- 155с.

4.     Қалекенұлы Ж. Өсімдіктер физиологиясы. Алматы, «Қазақ университеті» 2004ж