Айдарбекова К.А., Мухаметжанова А.О., Асетова Ж.Б.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті
Қазақ халық педагогикасы арқылы
бастауыш мектеп оқушыларын еңбекке тәрбиелеу
Қазақстан
Республикасының Конституциясына, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының
Заңына [1], «Қазақстан-2030 Жолдауына» [2], және т.б. құжаттар мен
бағдарламалар бойынша әзірленген Қазақстан
Республикасының 2011-2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасында: "... білікті жұмысшы кадрларын,
техникалық және қызмет көрсету еңбегінің
мамандарын даярлауда кәсіптік білім беру бағдарламаларының
құрылымы мен мазмұнын жаңарту" керектігі
көрсетілген [3].
Қазіргі
таңда әрбір тұлға өзінің тарихына
тереңірек үңіліп, ата-бабамыздың ғасырлар бойы
ұрпағына қалдырған мол тәжірибесі мен
өсиеттері, білім мен тәрбиесі, салт-дәстүрі,
әдет-ғұрпы жөніндегі өмір мектебін зерделеп,
оның қажеттерін қоғам, орта талаптарына сай
сұрыптап, мектептің оқу-тәрбие ісіне ендірудің
қажеттілігі туды. Ауыл мектептерінде оқушыларға
кәсіптік бағдар берудің бірі жеке бағытта фермерлік
шаруашылыққа дайындау кезек күттірмейтін мәселе болып
отыр. Осыған байланысты оны оқытуда, тәрбиелеуде
политехникалық білім беруді жүзеге асыру жалпы білім беретін мектеп
алдына қойылған міндет.
Олай болса,
бүгінгі нарықтық экономика жағдайында жалпы
адамзаттық құндылықтар мен тәрбие теорияларына
және озат тәжірибелерге сүйене отырып,
Қазақстанның ұлттық және
әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескеріп, қоғам
алдында өзінің дербестігі мен жауапкершілігін сезінетіндсй,
ұлттық сана-сезімі оянған биік парасатты, ар-ожданы мол
тұлға тәрбиелеу өмір талабы болып отыр.
Еңбек
тәрбиесі – қоғамда жасөспірімдер мен жастардың
еңбекке адамгершілік қатынастарын қалыптастыратын, белгілі
мақсатқа бағыттталған үдерісс. Жаңа
экономикалық қарым-қатынастар адам бойында жаңаша
еңбекке көзқарас тудырады. Қазір, әр адамзаттан
әр мамандыққа сәйкес келетін жоғары
төзімділікті, іскерлік пен біліктілікті және білімді іске асыра
білуді қажет етеді.
Бұл
оқушылардың жоғары сезімді, адамгершілігі мол, өнерлі,
еңбекті өмірде қажет етіп өсетін дәрежеде
тәрбиелеп өсіру, ауыл мектебінің жеке бағытта фермерлік
шаруашылыққа дайындаудағы маңызды міндеті. Себебі,
бүгінгі мектеп оқушылары-ғасырдың басындағы
орасан зор міндеттерді шешетін ұрпақ. Бұл елдің тарихи
тағдыры, нарықтық экономика заңдылығын
өмірге ендіріп, оның ілгерілеуі ұрпақ үшін
жауапты іс.
Еңбек –
материалдық және рухани байлықтардың көзі,
сонымен бірге ол адам
өмірінің ең бірінші шарты. Бір жағынан ол адамның
табиғатқа әсер ету үдерісін көрсетеді, екінші
жағынан, адамдардың өмір құралдарын
табудағы өзара әрекеттесу үдерісі. Адамдардың
бірге жүргізетін еңбек үдерісінде олардың еңбекке
көзқарасы қалыптасады.
Үшінші
мыңжылдықтың табалдырығын аттаған бүгінгі
қазақ халқының мақсаты – қазіргі
ғаламдану процесіндегі өзінің ұлттық мектебін
халық педагогикасы дәстүрлерінде құру,
ғылым-білім пәндерін бүкіл әлемдік стандартқа
сәйкестендіру барысында тек қазақ тілі құнарында
өркендету, дәстүрлі еңбек тәрбиесінің
дербестігіне кепілдік беру. Бұл бүгінгі
мәдени-әлеуметтік ортадағы жеткіншектердің дәстүрлі
еңбекке деген құндылық бағдарын
қалыптастыруды, ата-бабалар тәжірибесін меңгертуді міндет етеді.
Халық
педагогикасынан орын алған еңбек және еңбекке
тәрбиелеу қазіргі педагогика теориясы принциптерімен ұштасып
жатыр. Еркін еңбек барысында өзінің және бүкіл
қоғам мүшелерінің қажеттілігін
қанағаттандыру үшін адам материалдық және рухани
құндылық жасайды. Шығармашылық еңбек
барысында адам өз күшінің шамасын және қабілетін
анықтайды. Қоғамның басты талаптарының бірі -
әр азаматтың өмірде өз орнында толық
күш-жігерін жұмсап, қоғамдағы байлықты
еселей түсуге еңбек үлесін қосуы, еңбекке адал,
саналы қатынасу болып табылады.
Мектептегі
еңбек тәрбиесі жұмысын ұйымдастыруда әлеуметтік
ортаның, қоғамдық мәдени орындардың
ықпалын ескере отырып, ата-аналар және қамқоршы
кәсіпорындардың ұжымдарымен бірігіп төмендегі негізгі
шараларды іске асыру көзделеді: қазақ
халқының
дәстүрлі еңбек
түрлерінің тарихи, әлеуметтік-экономикалық даму
негіздерін зерделеу, қазіргі нарықтық экономикадағы
дәстүрлі шаруашылықтардың жетістіктерімен таныстыру; дәстүрлі
ұлттық сәулет, бейнелеу, қолөнерінің ішкі
мазмұнымен, жетістіктерімен таныстыру; оқушылар еңбегімен
дайындалған шығармашылық жұмыстарынан көрме
ұйымдастыруды дәстүрге айналдыру; еңбек
тәрбиесінде отбасы және мектепке дейінгі тәлім-тәрбиені
сабақтастыра отырып, жаңа мазмұнды «Қолөнері»,
«Ұлттық ойындар», «Саятшы», «Зергер», «Ұста», «Шежіре», т.б. дәстүрлі еңбек
тәрбиесіне бағытталған үйірмелер, клубтар
ұйымдастыру; оқушылардың техникалық
қызығушылығын арттыруға баса назар аудару; үй
шаруасы сабағын ұлттық еңбек тәрбиесі
көзіне айналдыру; халқымыздың ертеден келе жатқан
еңбек мерекелерін («Уыз той», «Бие бау», «Ерулік» «Наурыз», т.б.)
өткізуді дәстүрге айналдыру, оларға жеткіншектерді
қатыстыру; Қазақстанда тұратын басқа да
халықтардың ұлттық еңбек
дәстүрлерімен таныстыру, тәлім-тәрбиесінен
үлгі-өнеге алуды ескеру.
Мектептегі
және мектептен тыс балалар мекемелеріндегі еңбек
тәрбиесінің мазмұнында, жеткіншектердің жас
ерекшеліктерін ескере отырып, ұлттық негізде
құралған «Дәстүр», «Атамекен», «Атакәсіп
пен Анакәсіп» және т.б. тәрбие бағдаламаларын тиімді
қолдану қажет.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.
Қазақстан Республикасындағы «Білім
туралы» заңы. – Алматы: Юрист, 2007. – 11 б.
2.
Назарбаев Н.Ә.
Қазақстан – 2030: Барлық
Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі,
қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы: Ел Президентінің
Қазақстан халқына Жолдауы. –Алматы: Білім, 1997. –176 б.
3.
Қазақстан Республикасында білім беруді
дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік
бағдарламасын бекіту туралы - http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1000001118