Педагогические  науки / Социальная педагогика.

Аязбаева Меруерт Серікқызы, Алякбар Динара Бағланқызы

Тараз инновациялық –гуманитарлық университеті, Қазақстан

 

ДЕВИАНТТЫ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫҢ ПАЙДА БОЛУ СЕБЕПТЕРІ ЖӘНЕ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

Қоғам өмiрiнiң барлық салалары көптеген өзгерiстерге, бұрынғы мінез-құлық нормалары құлдырауға ұшырап жатқан кезде девиантты мінез-құлық мәселесі елiмiздегi ерекше өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан жасөспірімдердің жат мінез-құлықтарымен күресу мәселесі жас мемлекетіміздің алдында тұрған күрделі мәселе болып табылады. Мектептегі педагогтар, психологтар балаларды оқыту мен тәрбиелеуде сабақтан көп қалатын, тәртібі нашар, білім деңгейі төмен, ашуланшақ, ата-аналар мен ұстаздарды тыңдамайтын, бұзақылықтар жасайтын балалармен жиі кездеседі. Көбіне зерттеушілер мұндай оқушыларды «Қиын оқушылар», «Мінез-құлқында ауытқуы бар балалар», «Девиантты балалар» деп қарастырып жүр. Жалпы девиантты мінез-құлық және қиын балалар ұғымына келетін болсақ, ол 1920-1930 жылдары пайда бола бастады. Бастапқыда ғылым саласында емес, күнделікті өмірде қолданылып жүрді. Біраз уақыт ұмытылып, 1950-1960 жылдардың басында қайтадан қолданысқа енді. Ең алғаш бұл мәселе бойынша зерттеу жүргізген П.П. Блонский болды, ол өз зерттеулерінде девиантты деп мінез-құлқы шамасынан ауытқыған, кәмелетке толмаған балаларды қарастырды. Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлықты мәселесін Қазақстандық педагог-психологтар мен әлеуметтанушылар да қарастырып жүр (А.Жұмабаев, Л.К.Керімов, Э.И.Шыныбекова, Г.А.Уманов, Ш.Е.Жаманбалаева, Д.Қазымбетова, Т.М.Шалғымбаев, А.М.Қарабаева). Бұл зерттеушілердің пікірінше девиантты сияқты жағымсыз қасиеттің қалыптасуына әлеуметтік-педагогикалық факторлардың әсер ететінін зерттеген. Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлықтарын спорт, өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру, мектепке деген ықпалды күшейту, бойындағы белсенділікті арттыру, ұжымдағы әрекеттерге араластыру арқылы жеңудің әртүрлі жолдарын көрсетіп берген [1,36 б]. Девиантты мінез-құлық мәселесі психологиялық тұрғыдан Л.С.Выготскийдің еңбектерінде қарастырылады, сонымен қатар А.С.Макаренконың тәжірибелерінен де үлкен орын алады. Девиантты мінез-құлық деп әлеуметтік нормадан ауытқуды айтады. Оны қоғамда қабылданған нормаға қарама-қайшы әрекет жүйесі ретінде анықтайды. Девиантты мінез-құлық екі үлкен категорияға бөлінеді. Біріншіден бұл психологиялық денсаулық нормасынан ауытқу. Екіншіден, бұл қандайда бір әлеуметтік-мәдени нормаларды, әсіресе құқықтық норманы бұзатын антиәлеуметтік іс-әрекет [2, 256 б]. Дж.Смелзер девиантты мінез-құлықты изоляцияға емделуге, түрмеде қамалуына және басқада құқық бұзудың жазалауларына әкелетін топтық нормадан ауытқу деп санады. В.И.Добреньков және А.Н.Кравченко «қоғамдық көзқараста мақұлданбайтын әрбір қылықты девиантты мінез-құлық» деп атады. Әлеуметтік-психологиялық әдебиеттерде балалар мен жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін факторларды төмендегідей бөліп көрсетеді:

·               агрессивтілік;

·               өзін-өзі басқарудың төменділігі;

·               әлеуметтік нормаларды түсіну дәрежесінің төмендігі;

·               ата-аналардың бақылауының жетіспеушілігі;

·               ата-аналардың әсер етуінің тиімсіздігі;

·               физикалық жазалау;

·               жасөспірімнің отбасымен және құрдастарымен келіспеушілігі;

·               отбасының құлдырауы;

·               ерте ішімдікке салыну, таксикомания, нашақорлық;

·               әлеуметтік қанағатсыздану;

·               асоциальды топтарға қосылу.

Девиантты мінез-құлықты көбіне жасөспірімдер арасында кездестіреміз. Себебі жасөспірімдік кезең - ең қиын, әр түрлі бұзақылықтардың пайда болатын және сонымен қатар достық нормаларды игеруіне сәтті кезең болып табылады[3, 294 б]. Жасөспірімге тән қасиет - өзіндік тәуелсіздік, дербестік, басқаға бағынышты болмау. Сол себептен, өзінің күш-қуатын, жеке басының мән-мағынасын түсінуге ұмтылыс жасайды. Оны ұғынуға мүмкіндіктерді мектептегі оқу-тәрбие мен еңбек процесіне қатыстарынан байқалады. Себебі, девиантты мінез-құлықты балалар типтік ерекшеліктеріне байланысты тіршілік қиыншылықтарына кезігіп, оны жеңіп шығуға ішкі жай-күйі жол таба алмай әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан қорғалынбайды [4].

Қорыта айтқанды, девиантты мінез-құлықты балалармен тәрбиелік жұмыстарын жүргізуде римдік философ Сенеканың: «әрбір адам өмірінің тек кейбір жақтарын ойлап талдайды, бірақ ешкім жалпы өмір туралы ойланбайды» деген ой-пікіріне сүйене отырып, девиацияға коррекция жасаушы әрбір маман ұстаз, баланың тек кейбір мінездік кемшіліктерін түзетіп қана қоймай, оларды, қоғамдық өмірдің талаптарымен ұштасқан дұрыс қарым-қатынас жолына қайтып әкеліп, ары қарай қалыптаса дамуына, әлеуметтенуіне көмектесуі қажет. Бұл педагогикалық іс-әрекеттер мазмұны, қоғам өмірінде бекіген адамгершілік қадір-қасиеттер мәнімен, талаптарымен тікелей байланыстыра, адамдар арасындағы қарым-қатынастар (достық, жолдастық, туыстық, сүйіспеншілік, махаббат т.б.) нормаларымен ұштастырыла жүзеге асырылғанда, балалар бойында девиантты мінез-құлықтың өріс алмауына және оларды мектеп қабырғасынан бастап әлеуметтендіруге мүмкіндік жасалады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.       Кле М. Психология подростка. М.: Педагогика, 1991.

2.       Выготский Л.С. Собрание сочинений. Т. 4. Детская психология.-М., 1984.

3.       Смелзер.Н. Социология. Пер. с анг. – М: Феникс, 1994.

4.        Беличева С. Дети и семьи группы риска как объекты социальной профилактики. М., 1993.