Педагогические науки/Социальная педагогика
Закирова Карашаш Жорабековна
Т.Рысқұлов атындағы №20 орта мектебі,
Қазақстан
БАЛАЛАРДЫ ЖАН- ЖАҚТЫ
ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ОЙЫННЫҢ МАҢЫЗЫ
Қазіргі кезеңде республиканың білім
жүйесінің ең басты мәселесі – қазақ мектебі
түлегінің білім сапасының деңгейін
халықаралық дәрежеге жуықтату. Ол үшін мектепті
заман талабына сай мемлекеттік стандартқа сәйкес кәсіби
шеберлігі дамыған кадрлармен қамтамасыз ету, өркениетті
ғылыми-әдістемелік бағытқа ынталандыру, жаңа
базистік оқу жоспары мен жаңа буын оқулықтарына
көшу, орта білімді ақпараттандыру, т.с.с. білім беру саласында
жүйелі жұмыстар атқару еліміздегі ең маңызды
әрі кезек күттірмейтін ауқымды істер.
«Өткенге
қарап басымызды иеміз, ертеңге қарап білек сыбанамыз» демекші,
бүгінгі бала - ертеңгі жаңа әлем. Демек бұрыннан
қалыптасқан бағдарлама мен тәртіп ол үшін
ескірген, тозған. Ал қазір ол барлық тұлғасымен
жаңа тұрмысқа, жаңа оқуға, жаңа
қатынастарға бейімделуі тиіс. Сондықтан оған
жүйелі жәрдем беріп, ынта-ықыласын дұрыс
бағыттайтын, қабілет-қасиеттерін дамытатын мектеп
шаңырағы қажет.
Жалпы бiлiм
беретiн мектептегі білім мазмұнының
тұжырымдамасында атап көрсетiлген мәселелердiң бiрi – оқушылардың
бiлiм сапасын арттыру делiнген [1]. Мектеп педагогикасының басты проблемаларының қатарына
олардың танымдық қызметiн
қалыптастыру және жетiлдiру мiндеттерi қойылған. Кіші
мектеп жасындағы бала
психикасының дамуындағы негiзгi факторлардың
бiрi – оның өзiндiк танымын күшейту болып
табылады. Аталған фактордың әрекеттiк және әдiстемелiк мазмұнын балалардың
психофизикалық дамуына белсендi әсер ету арқылы анықтау кажет.
Осындай белсендi әрекетке ойын әрекетi жатады.
Ойын
баланың психикасында сапалы өзгерістер туғызады.
Балалардың ересектермен бірлесіп өмір сүруге ұмтылысы
бірлескен еңбек негізінде қанағаттандырылмайтыны белгілі.
Бұл қажеттілігін балалар
ойын арқылы өздеріне ересектер ролін алып, еңбектік
өмірді ғана емес, сол сияқты әлеуметтік
қарым-қатынасты да нақтылап көрсетеді. Ойында ең
алғаш баланың дүниеге әсер етуді қажетсінуі
қалыптасады және көрінеді, ойынның негізі, жалпы
мәні де осында [2].
В.А.Сухомлинскийдің
сөзімен: «Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ
және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай
ашылған үлкен терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани
сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған
дүние түралы түсінік алады [4]. Ойын – дегеніміз
ұшқын, білімге құмарлық пен еліктеудің
маздап жанар оты» - деп ойынның зор маңызын түйіндесек,
ұлттық ойындарды ойнату, сабақта пайдаланудың
маңызы сөзсіз зор. Ойын бар өнердің бастауы, шынында да
көне мәдениетпен әдеби туындылар сол халық
жиналған уақытта, ойын той үстінде дүниеге келіп,
көптің игілігіне айналған.
М.О.Әуезов:
«Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ
жылдарында, өздері қызықтаған алуан өнері бар
ғой. «Ойын» деген менің түсінуімше көңіл
көтеру, жұрттың көзін қуанту, көңіл
шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше мағыналары
болған» - дейді. Бұл пікір өзі өмір сүрген
ортаның шындығынан туындаса керек. Қазақтың
тарихи көне жылдарының эпостары мен
лироэпостарының қай-қайсысын
алып қарасақ та, оның өн бойына халықтың
ұлттық ойындарының, әдет-ғұрыптары
салттарының алуан түрлерін кездестіреміз. Негізгі кейіпкерлері –
баланың ел қорғаушы батыр, жауынгер, халық
қайраткері ойын үстінде көрінеді, сол ойын арқылы
шынығып, өзінің бойындағы табиғи дарынын
шыңдай түседі.
«Адам
ата-анадан туғанда есті болып тумайды. Естіп, көріп, татып ескерсе
дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сонадан білгені
көргені көп болған адам білімді болады», - дейді
А.Құнанбаев. Абайдың бұл сөздерінің де
ойынға қатысы бар.
Дамыта оқыту идеясы бойынша оқушыға оқу мақсаттарын
қоюда, шешуде ешқандай нәрсе дайын берілмейді. Мақсатты шешу іштей талқылау, сосын жинақтай арқылы
жүзеге асады. Мұғалім
– сабақ үдрісін ұйымдастырушы, бағыттаушы адам ретінде.
Шешім табылған кезде әркім
оның дұрыстығын
өзінше дәлелдей білуге үйретіледі. Әр оқушы
өз ойын білдіріп, пікір айтуға мүмкіндік беріледі, жауаптар
тыңдалады. Әрине жауаптар
барлық жағдайда дұрыс бола бермес. Дегенмен, әр бала жасаған еңбегінің
нәтижесін бөлісіп, дәлелдеуге талпыныс жасайды, жеке
тәжірибесін қорытындылауға
үйренеді [4].
Ойынның
атқаратын қызметі сан алуан болады. Атқарылатын
қызметіне қарай ойын жұмбақ, жаңылтпаш, ермек,
айтыс, құрақ, оралым, ою-өрнек, мозайка, шытырман,
жарыс, интермедия, тұзақ, қара есеп, сұрақ,
алмастыру, қозғалыс, жаттығу болып бөліне береді. Ойын
тек баланың дене күш-қуатын молайтып, оны
шапшаңдыққа, дәлдікке және т.б. тәрбиелеп
қоймай, оның ақыл-ойының толысуына, есейіп өсуіне
де пайдасын тигізеді. Баланың әртүрлі ойынмен ойнауы
және өзі туып өскен, өмір сүрген ортасына
байланысты алған әсерлері мен түйсіктері олардың
қиялын қозғап, шығармашылық шабытын оятып,
алғашқы іс-әрекетке жетелеуге, осы арқылы баланың
өзін қоршаған дүниені танып білуіне алғашқы
қадам жасауға мүмкіндік береді.
Ойынды педагогикалық үрдіске енгiзе отырып, мұғалiм
балаларды А.С.Макаренконың
сөзiмен айтқанда
«жақсы ойын» жасауға үйретедi. Сонда ғана ойын оқу-тәрбие құралына айналады.
Бастауыш
сынып оқушыларының білуге деген ынтасы мен мүмкіндіктерін
толық пайдалану, ойындарды оқыту
мен тәрбие құралына айналдыру үшін бір қатар
әдістемелік талаптардың қатаң сақталуы тиіс:
1. Тәрбиеші (ұстаз, мұғалім, педагог) ойындардың
неғұрлым көп түрін білуі тиіс.
2. Ойындарды балалардың жас ерекшеліктеріне және
қызығушылығына байланысты іріктей білу.
3. Ойын ережесін өзі жете біліп,
балаларға да түсінікті етіп жеткізе білу.
4. Барлық ойындардың
тәрбиелік мақсатын анықтап алу.
5. Ойын барысында ережені сақтауды қатаң түрде
қадағалау.
6. Ойынға арналған
құрал-саймандарды даярлау. Қажет болған жағдайда
өз қолымен даярлау немесе басқа құралдармен
алмастыру.
Оқу процесінде үздіксіз дамытып
отыру және сабақ барысында алған білімдерін практикада
қолдану дағдыларын қалыптастыру үшін ойындардың әр
түрін
пайдаланудың орны ерекше. Ойын
балалардың соған дейінгі білімдері мен түсініктерін баянды
етіп қана қоймайды, сонымен бірге танымды белсенді
іс-әрекетінің белсенді бір формасы болып табылады. Соның
барысында олар мұғалімнің басшылығымен жаңа білімді
меңгереді. Ойынды ұйымдастырып, оны басқара жүріп,
ұстаз балалар ұжымына және ұжым арқылы әр
балаға ықпал жасайды. Ойынға қатысушы бала
өзінің ниеті мен әрекетін басқалармен
үйлестіруге, ойында қалыптасқан ережелерге бағынуға
тиісті болады [4].
Әдебиеттер
1. ҚР жалпы білім беретін мектептегі білім мазмұнының тұжырымдамасы.-
Алматы: Республикалық баспа кабинеті. -1995.
2.Сағындықов
Е. Ұлттық ойындарды оқу- тәрбие ісінде пайдалану.-
Алматы: Рауан. – 1993.
3. Дайрабаева А.Е.
Қазақстанда дидактикалық ойындардың дамуы.
Пед.ғыл.кан. ...дисс. –Алматы.-1994.
4.
Бұзаубақова К.Ж. Оқытудың инновациялық
педагогикалық технологиясы бастауыш сынып оқушысын дамыту
құралы ретінде.Оқу - әдістемелік құрал. –
Алматы: Жазушы. -2006.