ҚҰЗЫРЕТТІЛІК МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ДЕҢГЕЙІНДЕ

Нұрмұқанова А.І.

БҚО, Орал қаласы,

№35 мектеп-лицейінің

 қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

       Жыл өткен сайын республикамызда мемле­кеттік тіл саясатын дамытуға баса назар аударылып келеді.  Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011- 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай туғызу қажет... Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз, өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға жететін болады...»  – деп атап көрсеткен болатын. Бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты – мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғам­дық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында батыл қолданысқа енгізіп, әрбір қазақстандықтың өмірлік қажетіне айналдыру болып табылады.  Осы мақсатта қазіргі кезде білім беру үрдісінің талаптары да өзге ұлт өкілдеріне  мемлекеттік тілді іс жүзінде қолдана білетіндей бағытта оқытуды көздейді. Оқытудың басты мақсаты – қазақ тілінен  алған білімдерін толықтыра отырып, сөздік қорларын қоршаған орта мен болашақ кәсібіне, мамандығына  қатысты жаңа сөздермен, сөз тіркестерімен байыту. Кәсіпке дайындау, мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асырушы негізгі фактор. Білімді, мәдениетті, кәсіби, білікті маман даярлауда мемлекеттік  тілдің атқарар ролі, яғни қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқытудың маңызы зор.

      «Құзыреттілік» терминіне алғаш анықтама беріп, лингвистикаға енгізген американдық ғалым Н.Хомский еді. Оның пайымдауынша, құзыреттілік термині грамматика білімдеріне негізделеді. Жалпы алғанда, құзыреттілік дегеніміз - жеке тұлғаның белгілі бір мәселені шешудегі өзара байланысты білім, білік дағдыларының жиынтығы және адамның жеке өзінің іс- әрекет, қызмет саласына сай құзыреттерді меңгеруі.
    Құзіреттілік  дегеніміз -   алған білімі мен дағдыларын тәжірибеде, күнделікті өмірде қандай да бір практикалық және теориялық проблемаларды шешу үшін қолдана алу қабілеттілігі. Қазақ тілі сабақтарында  тіл үйренушілердің коммуникативтік құзыреттіліктерін қалыптастыруда қатысымдық әдістің маңызы зор.
Әрбір кәсіптік мамандық иелерінің өзін-өзі тануына, кәсіби құзіреттілікті қалыптастыруына қазақ тілі мен әдебиет пәнінің үлкен ықпалы бар. Пәннің тағылымдық мәні, рухани әсер күші, эстетикалық талғамы ұрпақ тәрбиесі үшін айрықша мол. Әдебиет пәнінің тұтас ұлт, жалпы адамзат үшін осындай ерекше ортақ қажеттілігі тұрғысынан келгенде,оған басқа ешбір пән тең келмейтіні аян. Сондықтан ақындардың шығармашылығы бойынша мүмкіндігіне қарай мағлұмат беріп, олардың шығармаларының тарихи мәнін, дәуір тынысын көрсету сипатын аңғарту, сонымен қатар өнерлерімен өзектес болып жатқан өмірлеріндегі өнегелік үлгілерді шәкірт санасына сіңіре білу, құзіреттілікті қалыптастырудағы жұмыс бастауы. Осы орайда жаңа технологиялар сабақты әр түрлі формада өткізуге мүмкіндік береді, пәнді оқытудың тиімділігін арттырады. Пәнді оқытудың тиімділігін арттыру ең алдымен, күнделікті оқу үрдісін жақсартудан, сабақтың сапасын арттырудан туындайды.

       Еліміздегі қоғам дамуының барлық саласындағы өзгерістерге орай білім саласы да жаңаруда. Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты мақсаты – ұлттық және жалпыадамзаттық мәдени құндылықтар негізінде жеке тұлғаның қалыптасуына қажетті жағдай жасау» делінген. Осы міндеттерді жүзеге асыруда басты нысана – білім сапасы. Сапалы білім беру педагогтардың шеберлігі мен іскерлігіне байланысты. Ал педагогикалық шеберлік пен іскерлікті дамытуда жаңа технологияны қолданудың маңыздылығы зор.
      Оқытудың жаңа технологиясы – оқытудың тиімді әдіс – тәсілдерін қолдануды, оқытудың әр түрлі әдістері мен формаларын біріктіруді, оқу материалын тиімді пайдалануды, оқудың сапасына білім мен біліктілікті жүйелеуді жүзеге асырады.
       Оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, дамыту міндеттерін көздейді. Оқытушының жеке тұлғаны зерттеуіне, оны толық танып, білуге және оқытудың мақсатына жетуге тиімді, әрі нақты жол ашады. Болашақ маман иелерінің бойында білімділік, біліктілік, саналылық, жауапкершілік қасиеттерін сіңіруде, яғни кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруда жаңа технологияны қолданудың ролі зор. Сонымен қатар технологияны тиімді пайдалана білу оқытушының шеберлігі мен іскерлігін және кәсіби құзыреттілігін шыңдауға әсерін тигізеді.

       Қазақ тілін үйретуде тіл үйренушілерге тек қана қазақ тілін меңгеру дағдысы мен шеберлігін қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар елтанымдық,  мәдени құндылықтарды игертудің маңызы зор. Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын таныту елтанымдық компоненттердің құрамына кіреді.

       Елімізде болып жатқан саяси, экономикалық, мәдени, халықаралық байланыстар қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қатысымдық бағытта  оқытудың  түрлі жолдарын қарастыруды талап етеді. Тіл үйренушілердің  қатысымдық құзіреттілігін қалыптастыру тек қана олардың тілді меңгеру техникасын қалыптастырып қана қоймай, сонымен бірге өзін қоршаған әлем, орта туралы шындықтарды білу, тану қажеттілігінен туындайды.  Қазақ халқының тарихи, мәдени, қоғамдық-саяси, саяси жүйесі туралы ерекшеліктерді үйрене отырып, өз халқының, елінің ерекшеліктерімен салыстыра алады. Сондықтан үйреніп отырған халықтың  өзіне тән ерекшеліктерін елтанымдық бағытта үйрену қазақ тілін оқытудың басты ұстанымдарының бірі болып есептеледі.

     Тілді оқыту арқылы сол елдің мәдениетін үйрету екі: қоғамдық және философиялық  тәсіл арқылы жүзеге асады. Бірінші тәсіл пән негізіне сүйенеді. Елтану үйреніп отырған ел туралы түрлі мәліметтер жиынтығына негізделген кешенді оқу пәні ретінде түсіндіріледі. Елтанудың негізгі пәндерден ерекшелігі: ірі мемлекеттер мен аудандарды қарастыратын кешенді материалдармен қамтылған география ғылымдарының  жүйесіндегі пән ретінде қарастырылады.

      Елтану  –  тіл үйретуді негізге ала отырып, сол үйреніп отырған ел туралы деректер беру бағыты.  Елтанымның басты мақсаты – түпнұсқа мәтіндерді және серіктесінің сөзін қабылдай отырып, мәдениаралық қатысым актісіндегі коммуникативтік құзіреттілікті қамтамасыз ету. Елтанымдық бағытта тіл үйретудің негізгі тапсырмасы үйреніп отырған халықтың ұлттық мәдени ерекшеліктерінен нақты көрініс беретін тілдік бірліктерді меңгерту болып табылады.

      Демек, елтаным, бір жағынан, тілді үйретуге бағытталса, екінші жағынан, үйреніп отырған ел туралы мәліметтер береді. Елтанымның негізгі объектісі сол ел емес, үйреніп отырған елдің аялық білімі, яғни жинақталған түрде мәдениеті, мәдениетанымы қарастырылады. Фразеологизмдер немесе сөздердің мағынасы негізінде пайда болатын бейне арқылы тіл үйренуші тілдік және қатысымдық тұлғалардың  мағынасын түсінеді.  Сөздердің мағынасын және ұлттық-мәдени компоненттердің мағынасын түсіндірумен жұмыс  істеуде тілді үйретудің жетекші орнына мәдениет емес, керісінше тіл шығады. Сол арқылы  елтанымдық құзіреттілік  қатысымдық құзіреттілікті қамтамасыз етуге қызмет етеді.

      Сонымен, елтанымның басты мақсаты – мәдениаралық қатысым актісінде қатысымдық құзіреттілікті қамтамасыз ету,  ең бастысы сөйлеушінің негізгі ойды және түпнұсқа мәтіндерді қабылдауы. Елтаным көптеген проблемаларды, соның ішінде мәтіндердің ерекшелігін  шешуді қамтамасыз етеді.

      Лингвоелтаным – бұл қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыта отырып, еліміздің қоғамдық және мәдени өмірінен хабардар ететін әлеуметтік лингвистиканың дидактикалық аналогы деуге болады.

Лингвоелтанымның басты мақсаты – тіл үйренушінің түпнұсқа мәтіндер негізінде ақпараттарды қабылдай отырып, қатысымдық құзіреттілігін қамтамасыз етуі. Лингвоелтаным тілдік тұлғалардың көмегі арқылы қазақ халқының ұлттық ерекшелігін, ұлттық мәдениетін үйренуге жол ашады.  Ұлттық ерекшеліктер мен ұлттық мәдениет ерекшеліктерінен хабардар беретін тілдік бірліктерді үйрету және әлеуметтік сұрыптаудың қажеттілігі көркем шығармаларды оқуда, баспасөз құралдарынан, кино және видеокөріністерді көруден, ән тыңдаудан және т.б. байқалады.  Көптеген ғалымдар лингвоелтанымның басты нысаны ретінде аялық білімді ұсынады.

      Сондай-ақ лингвоелтанымдық бағытта тіл үйретуде қанатты сөздер, мақал-мәтелдердің де алатын орны ерекше. Өмірде адамдар тек тілмен сөйлесу арқылы ғана бір-бірімен түсініспейді, кейде әр түрлі жағдайларға байланысты олар бір-бірін тілсіз-ақ ұғып, соған қарай іс-әрекет жасайды. Мәселен, көшеде келе жатқанда адамдар түрлі жарық көздеріне, естілген дыбыстарға назар аударып, соған өздерінше жауап қатады, соған сай әрекет жасайды. Сол сияқты жол белгілерінің әр түрлі үлгілері немесе таңбалары адамға белгілі бір жайдан хабар береді де, адам оны қабылдап, түсініп, осыған байланысты қозғалуы әр халықта әр түрлі жүзеге асады. Соған байланысты лингвоелтанымдық бағытта тіл үйретуде төмендегідей ерекшеліктерге мән берген маңызды:

      Тіл үйренушілерге қазақ тілін лингвоелтанымдық бағытта оқытуда жоғарыда айтылғандарды есте сақтаған дұрыс. Себебі   қазақ тілін оқу арқылы сол халықтың салт-дәстүрімен, тілімен, ділімен танысады. Сол арқылы қазақ халқының лингвоелтанымдық ерекшеліктерін ұғынады, тереңінен түсінеді.

      Қазіргі буын қазақ тілі оқулықтарына халық педагогикасы бойынша тақырыптар енгізілген. Олар: қазақ халқының салт-дәстүрлері, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар, ұлттық киімдер және мейрамдар, отбасы тәрбиесінің дәстүрлері және қазақ халқының қонақжайлылығы т.б. Қазақ тілін оқытуда халық педагогикасын коммуникативтік құзіреттіліктермен байланыстырудың ерекше маңызы бар, өйткені мәселе мемлекеттік тілде болып отыр. Себебі оқушылар алған білім, біліктілік және дағдыларын еш қиындықсыз күнделікті өмірде қолданып, белгілі бір білім саласындағы өз құзіреттіліктерін анықтай алуы қажет.
      Құзіреттіліктерді қолдану  - оқушының жан-жақты қабілеттілігі, немесе оның нақты тілдік қарым- қатынас жасаудың барлық түріне қатысуға дайындығының белгісі.[

       Құзіреттілік – кәсіби әрекет тәсілдерді жан – жақты игеруінен көрінетін білім нәтижесі.  

      Қорыта айтқанда, мемлекеттік тілдің қолданылу аясының кеңеюі, мемлекеттік және жеке кәсіпкерлік жүйедегі мекемелерде іс жүргізу мен құжат айналымының мемлекеттік тілде жүзеге асырылуы, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне оң көзқараспен қарап, тілді игеруге ынталана бастауы, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тіліндегі материалдарға басымдылық берілуі - ана тіліміз  қазақ тілінің, мемлекеттік тіліміздің құзіреттілігінің қалыптасуы, оның өркен жайып келе жатқанының айқын дәлелі.

  Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

1.     Оразбаева Ф. Тіл әлемі. –Алматы: Ан Арыс.

2.     Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңы.

3.      «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасы

4.      Құдайбергенова Қ.С. Құзырлылық амалының негізгі ұғымдары. Алматы «Егемен Қазақстан» газеті, 14 қазан  2009 жыл