Жақсыбекова
Жанар,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
2-курс магистранты
(Қазақстан, Алматы қ.)
СТУДЕНТТЕРДІҢ КӘСІБИ ЛЕКСИКАСЫН
ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Қазіргі қоғам
талабына сай жаратылыстану бағытындағы мамандардың
кәсіби бағыттылығына бүгінгі өркениетті
қоғамның сұранысы мен оларды жоғары оқу
орындарында даярлауда жаңа технологияларды пайдаланып теориялық
және практикалық білім беруді жетілдіруде, кәсіби
ғылыми-техникалық жаратылыстану салаларында қазақ тілі
кеңінен сұранысқа ие болуда. Бұл бүгінгі студент
– ертеңгі маманның алдында жаңа міндет – кәсіби
лексиканы меңгеруді қажет етері айдан анық. Осындай
талаптарды іске асыру барысында
жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту ісінде
жаңа міндеттер туындайды. Бұл мәселені кәсіби
қазақ тілінде дұрыс сөйлей білетін, жоғары білімді
жаратылыстану саласындағы мамандарды даярлау және олардың
сөздік қорын кәсіби лексикамен дамытуды байланыстыруға
болады. Өйткені, қазіргі кезде жаратылыстану саласындағы
қызметкер қазақ тілінде сауатты сөйлеп қана
қоймай, бүкіл әлемнің ғылыми жаратылыстық
бейнесін, табиғаттың біртұтастығы мен даму
заңдылықтарын, қазіргі жаратылыстану концепцияларын
қазақ тілінде дұрыс түсіне білуі қажет. Осындай
дағдыларды қалыптастыруда студенттердің сөздік
қорын, кәсіби лексикасын дамыту ісі жақсы нәтиже берері
сөзсіз. Бұл қазақ тілін мамандыққа сай
оқытуды жақсартуды қажет етеді. Осы мәселе
түбегейлі зерттеуді қажет ететіндігі – тақырыптың
өзектілігін көрсетеді.
Кәсіби
бағыттылықты дамытудың маңызды міндеті – жастарды
әр кәсіптің ерекшелігімен, олардың мазмұны туралы
толық біліммен қаруландыру, әрбір кәсіптің
олардың жеке қасиеттеріне қоятын талаптарымен таныстырумен
қатар, таңдап алған кәсібіне деген терең
қызығушылығын ояту, маңыздылығын сезіндіру,
оның қоғамдық өмірдегі әлеуметтік беделін
түсіндіру болып табылады. Әсіресе білім алушылардың
болашақ кәсібіне байланысты мәселелерді шешу
барысындағы олардың шығармашылық ой
қабілеттерінің маңызы ерекше. Бастапқы кезеңде
бірқатар білім алушылар өз мамандықтары бойынша жұмыс
істеуді жоспарламайды, сондықтан олардың оқуға
жағымды көзқарасын тудыру арқылы болашақ
кәсібіне қызығушылығын қалыптастыру қажет.
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы
Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы.
Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты
Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада
белсенді пайдалана отырып дамыту... Тіл туралы жауапкершілігі жоғары
саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра
түсетін басты фактор болуға тиіс», – деген
болатын. Бұл қазақ тілін қоғамдағы
бірліктің күші ретінде таныту қажеттігімен қатар,
мемлекеттік тілді сауатты әрі кәсіби деңгейде оқыту
заман талабына айналғандығын айқындайды. Қазіргі
уақытта жоғары оқу орындарында қазақ тілін
оқытудағы негізгі мақсат мәселе болып отырғаны
анық. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кәсіби
лексиканы оқыту мәселесіне көп көңіл
бөлінеді.
Отандық әдіскер-ғалымдарымыз
қазақ тілін қарым-қатынас құралы ретінде
меңгертіп қана қоймай, болашақ маманның
кәсіби бағдарын ескере отырып игертудің тиімділігіне баса
назар аудартады. Қазақ тілін кәсіби лексикамен байланыстырып
оқытудың тиімді жақтары ретінде:
·
тіл үйренушілердің
қазақ тілін кәсіби қатынас құралы ретінде
қолдану;
·
болашақ кәсібіне байланысты
жинаған сөздік қорды жұмыс орнында пайдаланып, өз
мамандығына қатысты ой-пікірлерін нақты, анық жеткізу
дағдысын қалыптастыру;
·
қазақ халқының
рухани және тарихи-мәдени байлығын тіл арқылы таныту
негізінде тіл үйренушілерді туған елінің тарихымен,
мәдениетімен, әдебиетімен, халықтың салт-дәстүрімен
байланыстыра отырып, білімдерін арттыру; болашақ маманның
тұлға ретінде қалыптасуына, өсуіне және дамуына,
өз мамандығын саналы сезінуіне мүмкіндіктер береді.
Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне
оқыту әдістемесінде студенттерге кәсіби
лексиканы оқытуға байланысты оқу құралдары мен
зерттеу жұмыстары талданған. Әдістеме ғылымында жалпы
сөздік қорды дамыту мәселесі Т.Шонанов, Ш.Сарыбаев,
С.Жиенбаев, Ғ.Бегалиев т.б. ғалымдар еңбегінен бастау
алған. Кейініректе Ж.Адамбаева, Ы.Мамановтар өзге ұлт
өкілдеріне қазақ тілін оқыту барысында сөздік
қорды байыту мәселесі жөніндегі өзіндік ой-пікірлерін
айта келіп, тиімді әдіс-тәсілдерін ұсынды.
Бүгінгі күні бұл істі әрі қарай
жалғастырушы Н.Оралбай, Ф.Ш.Оразбаева, Қ.Қадашева, Р.Ә.Шаханова,
К.С.Ныязбекова, т.б. ғалымдар еңбектерінде орын тапқан.
Жоғары оқу орындарында барлық мамандықтар
бойынша мемлекеттік тілді үзіліссіз оқыту мәселесі
соңғы жылдары ғана көтеріліп, қолға алынды.
Соның нәтижесінде орыс тілді бөлім студенттеріне түрлі
мамандыққа арналған «Қазақ тілі» оқулықтары
Ф.Оразбаева, З.Күзекова, Г.Қарақұсова,
Ш.Құрманбайұлы, С.Жусанбаева, К.Сариева, Г.Ауқашева,
Г.Алдамбергенова, М.Мамаева, А.Сыбанбаева, К.Ныязбекова, т.б.
ғалымдардың құрастыруымен жарық көрді.
Әдістеме ілімінде қазірде қазақ тілін
студенттердің болашақ мамандықтарына сай оқытуда «сөздік қорды байыту» мәселесінің алатын орны ерекше.
Өйткені, оның мемлекеттік тілді терең меңгерген білікті
мамандарды даярлауда әлеуметтік міндеттерді шешудегі атқаратын
қызметі ерекше. Осы тұрғыдан алсақ практикалық
маңыздылығы белгілі. Орыс тілді бөлім студенттеріне
мемлекеттік тілді олардың болашақ мамандықтарына сай
оқыту мәселесі Р.Шаханова, Б.Ахметбекова, Г.Алдамбергенова,
М.Жороқпаева, А.Мұратбекова, Г.Тұрсынова,
Р.Әбдісүлейменова, С.Нұрғали, Ш.Абдиева,
Қ.Мұқанова, К.С.Ныязбековалардың ғылыми
еңбектерінде кеңінен қарастырылған.
Ғалым
Ш.Х.Сарыбаевтың өзге ұлт өкілдеріне қазақ
тілін оқыту әдістемесін қалыптастыруда еңбегі зор.
Оның «Методика преподавания казахского языка в русской школе» тақырыбындағы
жұмысы әдістеме ғылымында негізгі еңбектердің
бірі. Ғалымның пікірінше, ауызекі сөйлеуді
оқытудың 1-кезеңін тіл үйренушілердің
сөздік қорын толықтырудан бастау керек, мұны тағы
да сөздерді санамалап жинақтау кезеңі деп атауға
болады. Сөздерді білмей тұрып, ең қарапайым
пікірлесімнің өзін құрастыру мүмкін еместігі
мәлім. Сондықтан да сөздік қорды толықтыру
дұрыс жүру үшін оқытушы лексикалық
жадығаттарды алдын-ала өте мұқиятты түрде
дайындап қояды. Бастапқыда тіл үйренушілердің
өздеріне қажетті, жеңіл сөздер беріледі. Әдіскер,
бұған қоса, текті бір сөздерді ұсынған
дұрыс деп санайды. Бұл, біріншіден, оларды еске сақтау мен
қолдануды жеңілдетеді, екіншіден, бірінші кезеңде грамматикаға
енуден сақтандырады. Яғни Ш.Х.Сарыбаевтың ойынша, тіл
үйренушілер қажетті лексикалық жадығаттарды толық
үйреніп болғанда, жай және күрделі сөйлемдерді
және қарапайым мәтіндерді құрастыра алғанда
ғана, грамматиканы оқытуға, қазақ тілінде жазу
мен оқу жұмыстарын қатар жүргізіп отыруға болады
деп санайды.
Ғалым әдістемесінде қарапайымнан күрделіге
қарай жүретін дидактикалық қағиданы
ұстанады. Әдіскердің өз тәжірибесіндегі бір
сабақ үстінде үйретілетін сөз саны 5-тен аспайды. Ал
егер сабақ үстінде өтілген лексикалық жадығатты
бекіту жүретінін ескерсек сөз саны өсе түседі. Сонымен
бір сабақтан екінші сабаққа өткен сайын сөздік
қорды толықтыруда олардың
саны өсе бастайды.
Сондай-ақ
Ш.Х.Сарыбаев ғалым әрі әдіскер ретінде өзге ұлт
өкілдерін қазақ тілінде оқытуды тіл
үйренушінің сөздік қорын толықтырудан бастап, соның
негізінде ауызекі сөйлеуге көшу керектігін айтады.
Т.Шонанов –
сөздік қорын жаңа лексикамен байыту жөнінде
көптеген құнды әдістемелік ой-пікірлерін
ұсынған әдіскер-ғалым. Өткен ғасырдың
отызыншы жылдарында бұл сала бойынша ғалымның «Самоучитель казахского языка для
русских: Практика и теория» (Кзыл-Орда, 1929), «Орыстар үшін
қазақша әліппе» (А., 1931), «Учебник казахского языка для
взрослых» (Кзыл-Орда, 1936), «Ведомстволық курстарға арналған
бағдарлама» деген еңбектері жарық көрген.
Ғалым бұл саланың
өзгешелігін ескере отырып, өз оқу құралында
сөйлеу тілін оқытуға басты назар аударады. Алдымен тіл
үйренушілердің тиісті мөлшерде сөздік қорын
қамтамасыз ету қажет. Сол себептен Т.Шонанов сөйлеу тілін
оқытуда шәкірттердің сөздік қорын жаңа
лексикамен молайту мен сол сөздерді ауызекі тілде қолдана білу
дағдыларын меңгерту деген екі негізгі бағытта жұмыс
жүргізген дұрыс деп санайды.
Т.Шонановтың
сөздік қорды байыту мәселесі жөніндегі
көзқарасы «Ведомстволық курстарға арналған
бағдарламасында» анық аңғарылады. Бағдарлама 240
сағатқа құрастырылған. Ғалым тіл дамыту
жұмыстарына төмендегідей жұмыс түрлерін енгізеді:
·
Тіл үйренушілердің
сөздік қорын байыту;
·
Тілдік жағдаятты
қоғамдық өндірістік өмірінде қолдана білу
дағдыларын меңгерту.
Тілді меңгертудің негізгі
мақсатына жету үшін тіл дамытуға, оның ішінде, сөздік
қорды байыту жұмысына, грамматика, орфоэпия, жазылым, оқылым
деген жұмыстар ілігіп жүруі тиіс. Жұмыстың бұл
түрлері өзара тығыз
байланыста, бірлікте жүргізілуі керек. Ғалымның ойынша,
ересектерге қазақ тілін оқытудағы барлық
жұмыстар негізінде ауызекі сөйлеу тілі болуы қажет.
Өйткені тек сөйлесім арқылы жинақталған белсенді
емес сөздік қор тілдік қатынастың белсенді тіл
құралына айналады.
Т.Шонановтың әдістемелік
пікірлері көп уақыт өткеніне қарамастан қазір де
өте құнды, әлі де маңызды, маңыздылығы
әдістемелік тәжірбиеде дәлелденген деп есептейміз.