Жақсыбекова Жанар,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
2-курс магистранты
(Қазақстан, Алматы қ.)
ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІКТІ
ҚАЛЫПТАСТЫРУ (ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ПӘНДЕРІН ОҚЫТУ БОЙЫНША)
Жаратылыстану пәндері жалпы
орта білім беру жүйесінде маңызды табиғат заңдарын,
қоғамның материалдық өмірін, әлемнің
қазіргі заманғы ғылыми бейнесін танып білудегі
географиялық, биологиялық, физикалық және
астрономиялық, химиялық білімдердің рөлі арқылы
анықталады.
Жалпы
оқушылардың ғылыми
жаратылыстану сауаттылығының негіздерін мектептің бастауыш
сатысында «Дүниетану» атты кіріктірілген пәні арқылы
қалыптастырылады да, мектептің негізгі және жоғары
сатыларында әлемнің ғылыми-жаратылыстану бейнесінің
мазмұны жеке пәндер арқылы жүйеленіп беріледі.
Қазіргі кездегі жаратылыстану пәндері теориялық
жағынан дами келе, география ғылымындағы ғаламдық
мәселелер, геоэкология, географиялық зерттеулердің
қазіргі тәсілдері (картография, геохимия, палеография,
геожүйелік мониторинг т.б.), әлеуметтік және
демографиялық жағдайлар, Жер және Дүниежүзілік мұхит
қойнауындағы құбылыстардың; биология
ғылымындағы тірі ағзаның тұқым
қуалаушылығы мен өзгергіштігінің генетикалық
негіздерін молекулалық және жасушалық деңгейде зерттеу,
медициналық генетика, молекулярлық биология, биожүйелеу,
өсімдік пен мал шаруашылығы, фармокология салаларының; химия
ғылымы бойынша Жер қойнауындағы химиялық
құбылыстар аумағындағы химия ғылымының
зерттеу объектілерінің елеулі түрде кеңейе түсуі; іргелі
физикалық жаңалықтар яғни, арнаулы және жалпы
салыстырмалық теориясының, кванттық
механиканың, элементар бөлшектер физикасының ашылуы дүниенің
ғылыми көрінісіне, негізгі зат, кеңістік және
уақыт заңдылықтарына
біздің көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге
әкелді.
Жаратылыстану
және оның нәтижелері мен әдістерін пайдаланатын
қолданбалы ғылыми білім ғылыми-техникалық
прогрестің негізі болып табылады. Жаратылыстану пәндерін зерделеу
барысында алынған білім адам
мүмкіндіктерін үздіксіз арттыра отырып, оның техникалық прогресс жолымен сенімді
алға басуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ
қоғамдық сананың дамуына ықпал етіп,
қоршаған ортамен жарастықта болуға әрі онымен
саналы қарым-қатынас
орнатуға тәрбиелейді. Ол адамды рухани дамытумен қатар,
оның дүниеге көзқарасын қалыптастырып,
мәдени құндылықтар айдынында дұрыс бағыт
алуға үйретеді.
Қоршаған ортаны
танып-білуде экологиялық білім мен тәрбие беру көкейкесті
бағыттардың біріне айналып отыр. «Қазақстан
Республикасында 2014-2015 жылдарға арналған экологиялық
қауіпсіздікті сақтау тұжырымдамасында» экологиялық
білім мен тәрбие беру қоғамымыздың мәдениетін қалыптастыратын
білім негізі екендігіне мән бере келе,
адамның табиғи ортаға шамадан тыс араласуына
байланысты туындаған шынайы экологиялық қауіп
қатердің алдын-алу қажеттігін көрсетіп беріп отыр,
бұл педагогика ғылымдарының алдына оны оңтайлы жолмен
шешу мәселелерін қоюда.
Жаратылыстану
пәндерінің мазмұнын дамытудағы маңызды
бағыттардың бірі оның іргелі ғылымдар қатарын
құрауында. Мұнда алдыңғы орынға іргелі
білім, іс-әрекет тәсілдері және оған талдау
жүргізе білудегі біліктер шығады. Жаратылыстану пәндерін
ізгілендіру «табиғат-адам» жүйесімен тығыз байланысты.
Дәл осы жаратылыстану пәндері қоршаған табиғи
ортаны адамның тіршілік ортасы ретінде сипаттайды, адамның
іс-әрекетінің табиғатқа әсерін және
адамның антропогендік өзгерістерге тәуелділігін ашып көрсетеді.
Адамның
өзін-өзі танып білуі қазіргі экологиялық
жағдайдың күрт төмендеуіне байланысты ерекше
маңызға ие, яғни адамзаттың биологиялық түр
ретінде жойылып кету қауіптілігін көрсетеді.
Сондықтан
жаратылыстану
пәндерін ізгілендіру екі түрлі жолмен жүзеге асырылады:
·
адамның іс-әрекетінің табиғатқа тигізетін
әсерін, табиғатты тиімді пайдалануды;
·
табиғаттағы антропогендік өзгерістердің адам
организміне әсерін ашып көрсету арқылы.
Жеке оқу пәндерiне
логикалық-құрылымдық талдау жасау арқылы жаратылыстану
бiлiм мазмұнын құрайтын мынадай мазмұндық желiлер
(үзiліссiз тақырыптық жүйелер) ажыратылды:
- объектiлер туралы ұғымдар: жалпы
түсiнiктер, ұғымдарға бөлу, жiктеу,
неғұрлым ұсақ түрлерге бөлу;
объектiлердiң құрылымы; объектiлердiң қасиеттерi;
- объектiлердi сипаттайтын негiзгi заңдар мен
заңдылықтар;
- объектiлердiң қатысуымен өтетiн
процестер;
- объектiлердiң өзара әрекеттесуi;
- объектiлер мен
процестердi ғылыми тану әдiстерi.
Ғылыми-техникалық
революция және ғылымның қоғамдық
өндіргіш күштеріне айналу кезеңі жаңа бір ғылыми
дүниетаным туралы ұғымның туындауына себеп болып отыр.
Ғылыми дүниетаным ұғымы өз кезегінде жалпы
ғылыми, жаратылыстану-ғылыми, қоғамдық-ғылыми
дүниетаным ұғымдарын құрайды.
Қазіргі түсінік
бойынша жалпы ғылыми дүниетаным
табиғат, қоғам және адам туралы танымдық
білімді, сондай-ақ олардың бір-бірімен байланысы мен дамуын
философиялық, қоғамдық-саяси,
әлеуметтік-экономикалық, жаратылыстану-ғылыми,
техникалық және басқа да тұрғыда жоғары
деңгейде қорытындылап, жүйелейді. Әртүрлі
ғылым салаларын саралау нәтижесінде жалпы ғылыми
дүниетанымның тұжырымдамалық жүйесі
қалыптасады, мұнда басты рөлді философия атқарады.
Философ Д.Кішібековтың сөзімен айтқанда «...
адамзаттың, қоғамның пайда болып, қалыптасуы
қоршаған табиғи ортаның, қажетті алғы
шарттарының, жағдайларының болуына байланысты екені
белгілі...».
Философия мен жаратылыстану
ғылымдары қандай да бір объективтік шындыққа жетуге
бағытталған, ал жаратылыстану ғылымының
дәлелдемелері қандай да бір философиялық негіздемені болжайды.
Жаратылыстану пәндері
мазмұнының ғылыми негiзi – адам мен қоршаған
ортаның өзара байланысы, олардың бiрлiгi және
табиғаттың бiртұтастығы туралы ортақ идеялар.
Бұл объектiлердi кiрiктiрiп оқыту оқушылардың санасында
дүниенiң бiртұтастығы туралы түсiнiк
қалыптастырады және адам табиғаттың оған
ықпал ететiн саналы құраушысы ретiнде қарастырылады.
Кiрiктiрiлген объектiлердi
оқыту бүгiнгi таңда адамзат алдында тұрған
ғаламдық экологиялық мәселелердi шешудiң кешендi
тәсiлдерiн құру мүмкiндiктерiне қол жеткiзуге,
оқушылардың өмiрлiк маңызды практикалық
бiлiктерiн шыңдауға жағдай жасайды.
Жаратылыстану
пәндері оқыту объектiлерiнен, сонымен қатар объектiлердiң өзара
әрекеттесуi, процестер, ғылыми таным әдiстерi туралы
жаратылыс-ғылыми және экологиялық бiлiмдерден
құралады. Жаратылыстану бiлiм саласының зерттеу нысандары
ретiнде адам, қоршаған тiрi және өлi табиғат,
техника және технология алынады. Жаратылыстану объектiлерiн оқыту
барысында ғаламдық, ұлттық және өлкелiк
ұстанымдардың бiр-бiрiмен ұштастырылуы маңызды
рөл атқарады, ол тұлғаның қажеттiлiгi мен
қызығушылығын қалыптастыру оқушының жеке
тәжiрибесiн, өзi тұрған жердiң мәселелерi
туралы бiлiмдерiн, практикалық және зерттеу iс-әрекеттерiн
қолдану iскерлiктерiн, оқуға деген ынталарын арттырады.
Жаратылыстану цикліндегі бiлiм мазмұны біліктерді
қалыптастыруды қамтамасыз етуi тиiс. Білім мазмұны
ұлттық және әлемдiк мәдениеттiң негiзгi
құндылықтары мен жетiстiктерiн, адамның жалпы
дүниетанымдық ұстанымдарын анықтайтын және
оқушының интеллектуалдық және жалпымәдени
дамуына, олардың әлеуметтiк және функционалдық
сауаттылығын қалыптастыруға жағдай жасайтын iргелi
ғылыми идеялар мен фактiлердi қамти келе, ол жалпы бiлiм беру
сатылары мен оқу пәндерiнiң сабақтастығын
қамтамасыз етедi, оқушыларға бiлiмiн келесi деңгейлерде
жалғастыруға мүмкiндiк бередi.
Табиғат
құбылыстарының өзара бір-бірімен байланысы туралы
білімдері табиғаттың географиялық, химиялық,
физикалық және биологиялық бейнесін, олардың бірлігі
әлемнің жаратылыстану-ғылыми бейнесі ұғымын
құрайды.
Жалпы ғылыми дүниетанымның құрамдас бір бөлігі ретінде әлемнің
жаратылыстану-ғылыми бейнесі ұғымы ХІХ ғасырдың
екінші жартысында жаратылыстану ғылымдарының революциялық
қайта құрылу кезеңінде пайда болып, кейіннен
кеңейтіліп, толықтырылып, қазіргі кездегі қалыптасу
шегіне жетті. Әлемнің жаратылыстану-ғылыми бейнесі
жаратылыстану және философия ғылымдарының өзара
байланысы мен қоршаған орта және ондағы
экологиялық білімді жоғары деңгейде қорытындылап,
жүйелейді. Қоршаған
ортаға байланысты туындайтын экологиялық мәселелер, оны шешудің жолын зерттеу
география, химия, физика және астрономия, биология, геология, т.б.
жаратылыстану ғылымдарының салаларымен тығыз байланысты.
Білім оқушыға
қоршаған орта туралы түсінік қалыптастыра отырып,
оған бағыт беретін және іс-әрекет тәсілдеріне
үйрететін бірқатар
қызмет атқарады, осының барлығы
әлеуметтік-экологиялық білім беруге де қатысты.
Әлеуметтік-экологиялық
білім қоғамның табиғи ортамен өзара қатынасының
нәтижесін береді. Төмендегі суретте
әлеуметтік-экологиялық білімнің құрамы
келтірілген.
Әлеуметтік-экологиялық білімнің
құрамы
Оның негізгі компоненттері:
·
өзара қатынастар
туралы (процестер, табиғатты пайдалану, адамның іс-әрекеті),
·
объектілер туралы (табиғат,
қоғам, адам, техника)
·
теориялық және
эмпирикалық білім және таным құралы ретіндегі
жаратылыстану пәндеріндегі әртүрлі көрнекіліктер
(карта, кесте, практикалық құрал-жабдықтар, диаграмма
және т.б.).
Мұндағы басты
заңдылықтар ретінде жер қабықтарының өзара
байланысын, тірі организмдер мен адамның табиғат жағдайлары
мен ресурстарға тәуелділігін, адам мен қоғам
дамуының еңбек іс-әрекеттеріне тәуелділігін,
табиғи орта жағдайының
әлеуметтік күштің әсеріне тәуелділігін
айтамыз. Ал әлеуметтік-экологиялық білім берудегі
дүниетанымдық идеяларға табиғат, қоғам
және мәдениеттің өзара байланысы жатады.
Қоғам – қоршаған ортаның белсенді бөлігі,
адамның іс-әрекетінің нәтижесінде қоршаған
орта өзгеріске ұшырайды, ал табиғат – дара
құндылық, жер бетіндегі барлық тіршілік ол
жалпыадамзаттық құндылыққа жатады. Бұдан
біз табиғатты тиімді пайдалану әлеуметтік-экологиялық
қатынастарды сақтаудың, оның қызметі мен
дамуының негізі деген қорытынды жасаймыз.
Әлеуметтік-экологиялық білімді қалыптастыруда ғылымның пайда болуы, қоғамның
табиғи ортамен тығыз байланысы мәселелерімен айналысқан
зерттеушілер туралы мәліметтердің болуы тәрізді тарихи
мәселелер қарастырылуы қажет. Осы берілетін білімнің
барлығы да бір-бірімен өте тығыз байланысты, сондықтан
оларды оқушылардың игеруі үшін жүйелілік тәсілді
пайдалану керек. Дегенмен олар бір-бірімен байланыста бола тұра
әрқайсысының өзінің атқаратын қызметі
бар.
Қазіргі экологиялық
мәселелер тек қана биологиялық мазмұнмен шектеліп
отырған жоқ, соңғы онжылдықта экологиялық
зерттеулер әлеуметтік бағытқа
ие болып, «адам-табиғат-қоғам»
жүйесі арақатынастарын реттеп, басқарушы экологияның
жаңа бір саласы әлеуметтік экологияның туындап, дамуына
әкелді. Әлеуметтік экология идеяларын адамның және
адамзаттың барлық табиғат жүйелеріне араласуы;
антропогенді факторлардың әсерінен табиғат
жүйелерінің эволюциясы мен өзгеру жылдамдығы;
табиғат жүйелеріне геологиялық күштер мен адамның
салыстырмалы және сипатты әсері құрайды.
Жалпы әлеуметтік экология
ұғымы
әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тікелей байланысты
дамиды, сондықтан, оны шешу үшін жаратылыстану,
қоғамдық және техникалық ғылым
салаларының кіріктіру қажеттігі туындады. Бұндай кіріктіру
біріншіден, жаңа пәнаралық зерттеулердің
жүргізілуіне әсер етеді, екіншіден, қазіргі оқытылатын
пәндердің экологиялық мазмұны әдіснамалық
және әдістемелік жағынан қамтамасыз етіледі.
Қазіргі мектепте
оқытылатын география пәніндегі экологиялық сипаттағы
оқу материалдары 6 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін
сабақтастырыла жалғасын тауып беріліп келеді. Мысалы, 6
сыныпта экологиялық материалдар
«Адам және табиғат» тұрғысында сипатталса, ол 7 сыныпта
«Табиғат пен қоғамның өзара әсері.
Табиғат жағдайларының адам өміріндегі маңызы.
Адамның іс-әрекетінің әсерінен табиғатта болатын
өзгерістер» тақырыптарымен жалғасады. 8-9 сыныптарда «Адам
және табиғат», «Табиғатты тиімді пайдалану»,
«Қазақстанның табиғат жағдайы мен табиғат
ресурстары» тақырыптары еліміздің экологиялық
жағдайымен ұштастырыла беріледі.
Ал 10-11 бағдарлы
сыныптарда берілетін «Биосфера», «Табиғат ресурстары», «Дүние
жүзінің халқы» «Дүниежүзілік шаруашылық»,
«Адамзаттың ғаламдық проблемалары» тақырыптары бойынша
жоғары сынып оқушыларының әлеуметтік-экологиялық
білімін жетілдіруге мүмкіндік туады.
Жоғары сынып
бағдарламаларының мазмұнына талдау жасай келе, «табиғатты пайдалану», «табиғат
жағдайлары», «табиғат ресурстары», «өндіріс
құралдары, өндіріс түрлері», «халықтар
географиясы», «табиғат ресурстарын тиімді пайдалану», «адамзат» және
т.б. әлеуметтік-экологиялық ұғымдардың ішінара
ретсіз берілгендігі байқалады. Осы оқу материалдарында кездесетін
ұғымдардың оқушылардың
әлеуметтік-экологиялық біліктерін қалыптастырудағы
күрделілігі мен жан-жақтылығы оны ары қарай дамытуды
қажет етеді. Табиғаттағы әлеуметтік аспектілер,
ғаламшардағы адам мен қоғамның ролі туралы білім
қалыптаспайынша оқушылардың экологиялық
мәдениеттілігі мен экологиялық сауаттылығын дамыту
мүмкін еместігіне көзімізді жеткізді, сондықтан географиядан
«Қоғам мен табиғаттың өзара әсері»
«Адамзаттың ғаламдық проблемалары», «Биосфера» және
т.б., биологиядан «Экология негіздері», «Биосфера туралы ілім негіздері», «Биосфера
және ғылыми-техникалық прогресс» тақырыптарына
әлеуметтік-экологиялық ұғымдарды ендіру қажеттігі
туындады.
Ұғымдарды
қалыптастыру биологиялық ұғымдардың
әлеуметтік-экологиялық аспектілері мен жеке
әлеуметтік-экологиялық ұғымдар ретінде
қарастырылатын, олардың мазмұнын тереңдете келе,
неғұрлым күрделі ұғымдарға ауысатын
«Өсімдіктер», «Жануарлар», «Адам және оның денсаулығы»
тарауларында берілетін экологиялық білімсіз мүмкін емес.
Бірақ бағдарламаларда пәнішілік және
пәнаралық негізде жетекші әлеуметтік-экологиялық
ұғымдарды қалыптастыратын сабақтастық
ескерілмеген.
Жаратылыстану
пәндері бойынша оқулық мазмұнына талдау жасауда
олардың әлеуметтік-экологиялық білімді
қалыптастыруға мүмкіндігі мол екендігі айқындалды.
Мысалы, 10 сыныптағы «Жалпы биология» оқулығының
«Кіріспе» бөлімінде оқушыларды табиғи ортаның ластануы,
табиғатты тиімді пайдалану, табиғи ресурстарды қайта
жаңғырту, қоршаған орта сапасына бақылау жасау,
адамның табиғи процестерді басқаруы сияқты
мәселелерді оқып үйренуге бағыттайды.
ХХ
ғасырдың соңында қоршаған ортаға
антропогендік тұрғыда, ең бастысы технологиялық
қысым көрсету күшейе түсті. Халық санының
өсуі, олардың материалдық-энергетикалық
сұраныстарын қанағаттандыру мен табиғи экожүйе
мүмкіндіктерінің шектеулілігі арасындағы
қарама-қайшылық биосферадағы өзгерістерге алып
келді, ол болашақта адамзаттың өмір сүруіне қауіп
төндіреді. Бұл жағдай қазіргі ғаламдық
мәселелердің ішінде экологиялық мәселелерді алға
шығаруға, оның ішінде әлеуметтік-экологиялық
білімнің алатын орны мен қызметін анықтап алуға
көмектеседі.
Адам мен
қоғам ара-қатынасының жаңа кезеңі
жүйелілік тәсілдерімен сипатталады, сондықтан мектепте білім
беруді қазіргі заманғы әлемнің ғылыми бейнесін
қалыптастыруға қайта бағдарлау қажет. Мұны
біз мектептегі жаратылыстану-ғылыми пәндерді бір-бірімен
байланыстыру арқылы экологияландырудан көреміз. Экологиялық
білім беру бүгінгі таңда мектеп бағдарламалдарына
толығынан еніп, оның жаңа бір құраушысы
әлеуметтік-экология көрініс таба бастады.
«Әлеуметтік-экология»
ұғымы қоғамның қоршаған тіршілік
ортасымен өзара қатынастары заңдылықтарын және
адамзаттың биологиялық, географиялық, әлеуметтік
және мәдени ортамен қатынастарын зерттейтін кешенді
ғылыми бағытты білдіреді.
Әлеуметтік
экология басқа да ғылым салалары сияқты өз заңдарына
бағынады. Н.Ф.Реймерс әлеуметтік-экологияны:
·
әлеуметтік-экологиялық тепе-теңдік заңы
(қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтау,
табиғи және жасанды қоршаған ортаны қалпына
келтіру);
·
дамуды мәдени басқару ұстанымы (қарқынды
дамуға шек қою, экологиялық шек қоюды есепке алу);
·
әлеуметтік-экологиялық орын басу ережелері (адами
сұраныстардың алмастыру жолдарын айқындау қажеттігі);
·
әлеуметтік-экологиялық заңдардың
қайтымсыздығы (әлеуметтік қозғалысты
күрделі формадан барынша қарапайым формаға кері
қайтарудың мүмкін еместігі);
·
В.И.Вернадскийдің ноосфералық заңы (адам-табиғат
жүйесінің дамуындағы ақыл-ой мен еңбектің
басымдылығы), – деп жіктейді.
Ал А.В.Лосев
пен Г.Г.Провадкиннің еңбектеріне талдау жасауда олар
әлеуметтік-экологиялық білім берудің төмендегідей:
·
рухани-адамгершілік және эстетикалық тұрғыдан
экологиялық-дүниетанымдық білім беруді күшейту;
·
түрлі ғылым салаларының
әлеуметтік-экологиялық қырларын бөліп көрсету;
·
аймақтық-салалық ерекшеліктермен байланысты
қоршаған ортаны зерттеудегі жаңа жетістіктерді
экологиялық білім беруге қосу сияқты бағыттарын
бөліп көрсеткен.
Қазіргі кезеңде
қоғам мен биосфераның, адамның табиғатпен
теңдігін қайтадан орнына келтіру мақсатында философтар
жаңа коэволюциялық зерттеу тәсілдерін қолдануда. Ол ХХІ
ғасыр өркениетінің жаңа парадигмасы ретінде
қарастырылады.
Адамдардың
экологиялық белсенділігі мен жауапкершілігін арттыруда ұлттық
және мемлекетаралық экологиялық-саяси бағдарламалар мен
жобалар жасау үлкен мәдени және саяси маңызға ие.
Экологиялық мәселелерге әлеуметтік тұрғыда
баға беру, оның қазіргі ғаламдық
проблемалардың ішінде басымдылығын танытты.
Экологиялық
мәселелердің мұндай көкейкестілігі мен әлеуметтік
маңыздылығы оқушылардың экологиялық білімін
жетілдіруді, сондай-ақ жаратылыстану пәндері бойынша
бағдарлама мазмұнына әлеуметтік экология мәселелерін
енгізуді талап етті. Бұл әрине бағдарламадағы
экологиялық оқу материалдарын жаңа мазмұнмен
толықтырды, дегенмен, бағдарламаларда жаратылыстану пәндерін
оқытудағы әлеуметтік-экологиялық білімнің алатын
орны мен қызметі нақтыланбағандықтан, әлеуметтік-экологиялық
ұғымдар жүйесіз, шашыраңқы түрде
берілгендіктен ол оқушылардың экологиялық сауаттылығын
арттыруға және олардың әлеуметтік-экологиялық
біліктерін қалыптастыруға мүмкіндік бермеді.
Қоғам тарихы мен табиғаттың өзара байланысы
мектепте оқытылатын жаратылыстану
пәндерінде жеткілікті түрде ашылмаған. Физиканы зерделеу
барысында физикалық теориялар уақыт пен тарихтан тысқары
карастырылатын әлдебір тұйық жүйелер түрінде беріліп келген.
Мәселен, Галилей-Ньютонның
таным әдістері табиғат құбылыстарын басқа
табиғаттан оқшау қарастырады.
Бұдан шығатын қорытынды жаратылыстану
заңдылықтары нақты тарихи жағдайларға
сәйкес өзгеріске ұшырауына байланысты жаңа
мазмұнмен толықтырылып отыруы, яғни оқу материалында
табиғатты пайдаланудағы жетістіктер мен кемшіліктердің,
қоршаған табиғи ортаны қорғауға байланысты
шаралардың кең ауқымды бағдарламасының
көрсетілуі қажет деп санаймыз.
Энергетиканың, транспорттың,
өнеркәсіптің дамуы биосфераның өте күшті
ластануына, оның негізгі параметрлерінің қалыпты
мөлшерден ауытқуына әкелуде, бұл өз кезегінде
жеке биологиялық жүйелердің, жалпы биосфераның
әрекет ету заңдылықтарының өзгеруіне,
өзін-өзі реттеу қабілеттіліктерінің, жойылуына, қалыптасқан
динамикалық тепе-теңдіктің бұзылуына әкеледі.
Антропогендік фактордың биосфераға әсері артып келе
жатқандықтан, алдағы уақытта бұл фактордың
мұқият қадағаланбауы жағдайында,
температуралық режимді, атмосфераның газ құрамын
және де тіршілікке қажетті басқа да параметрлерді
қамтамасыз етіп отырған өзін-өзі реттейтін
ауқымды атмосфералық тетіктер «істен шығуы» мүмкін.
Сондықтан да адамдардың негізгі биосфералық зандылықтарды
білуі және өздерінің практикалық әрекетін
өмір сүріп отырған ортамызды жақсарта түсуге
бағыттаулары тиіс. Жаратылыстану пәндері мазмұнындағы
нақты оқу материалдарын келтіре отырып, ластану – адам мен табиғат
арасындағы «зат айналымының» бұзылу көрсеткіші екенін,
табиғаттан алынған және пайдаланылған заттардың
орнына, егер олар қалыпты жағдайда белгіленген орнына қажетті
мөлшерде түспеген жағдайда, табиғатты ластайтын заттар
түзілуі мүмкін екендігін түсіндіруге болады. Мектепте жаратылыстану пәндерінің
оқушыларды ластандырғыштармен,
ауа, су, топырақтың ластану салдарымен және олардан
қалай қорғану қажет екендігін көрсететін
әдістермен таныстыру мүмкіндігі өте жоғары.
Сонымен, адамның
өмір сүру ортасы
организмнің бейімделу функциясының бұзылуына әкелетін радиацияның
жоғары деңгейінде, электромагниттік өрістің,
вибрацияның, шудың және т.б. жоғары шегінде өтіп
жатыр. Сондықтан да қоршаған өндіріс ортасының
ерекшеліктерін қарастыру кезінде
қауіпсіздік техникасының
ұстанымдарына сүйену және физикалық параметрлердің
мүмкін болатын шегін көрсету оның адам
денсаулығына тигізетін түрлі әсерін айқындауға
мүмкіндік береді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың
«Қазақстан жолы– 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір
болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 17 қаңтар,
2014 ж.
2.
ҚР-ның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты.
Жоғары білім. Негізгі ережелер. ҚР МЖМБС 5.04.019-2008. ҚР
БжҒМ. – 2008 . – 52 б.
3.
Ожегов С.И. Словарь русского языка.М.: «Оникс 21 век», 2004.
4.
Қазақстан Республикасы 2015
жылға дейiнгi бiлiм берудi дамыту тұжырымдамасы. Егемен
Қазақстан, 2010.
5.
Дәулетбекова Ж.Т. Жалпы білім
беретін орта мектептерде қазақ тілінен сөз мәдениетін
оқытудың
ғылыми-әдістемелік негіздері. Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты, Алматы, 2008.
6.
Фрумин И.Д. Компетентностный подход как эстественный этап обновления
содержания образования Педагогика развития: ключевые компетентности и их
становление: материалы 9-й научно-практической конференции. – Красноярск, 2003.
– С.36
7.
Оразбаева Ф., Қосымова Г., Дәулетбекова Ж. “Қазақ
тілі” оқу пәнінің білім беру бағдарламасы
(6-12-сыныптар). – Астана, 2007. – 68 б.
8.
Ныязбекова К.С. Кәсіби қазақ тілі. Әдістемелік
оқу құралы (Жоғары оқу орындарының
география-экология,химия-биология факультеттері үшін әдістемелік
оқу құралы). – Алматы: 2011. – 80 б.
9.
Кенжебеков Б.Т. Университет студенттерінің кәсіби
құзыреттілігін қалыптастырудың теориясы мен практикасы.
(монография). – Астана, 2001. – 275 б.