Филологические науки /8. Родной язык и литература
Ф.ғ.к. М.Р. Балтымова
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университеті, Қазақстан
Араб жазушысы Әбд әл-Кәрим
Ғаллябтың «Мұғалім Әли» романының
көркемдік ерекшеліктері
Ұлт-азаттық күрес
және тәуелсіздікке ұмтылу мәселесі ХХ
ғасырдағы араб әдебиетінің негізгі мазмұнын
құрап, ұлттық сананың қалыптасуы басты
тақырыпқа айналды. Қаламгерлер ұлттық сана
қозғалысы, тәуелсіздік үшін күрес, жеке
тұлғаның рухани отарлық бұғауынан босануы,
отаршылдықта өткен өмірдің қалдықтарын
жеңіп шығу, артта қалушылықпен күрес, ескілікті
жойып, өзгертіп қана қоймай, қалыптасқан
жаңа қоғамдық қатынастар аясында жаңаша
өмір сүре алатын жаңа адам тәрбиелеу мәселесін
әдебиетке арқау етті.
ХХ ғасырдың
40-шы жылдары қалыптаса бастаған Марокконың араб тілді
романистикасының негізін қалаған жазушы Әбд
әл-Кәрим Ғаллябтың «Біз өткенімізді жерледік»,
«Мұғалім Әли» романдары оқиғаларының
ауқымдылығы, көркемдік құндылығы және
ұлттық дәстүр мен батыстық мәдениеттің
өзара қарым-қатынасын суреттеу шеберлігімен ерекшеленеді.
«Мұғалім Әли» романының оқиғасы 1950
жылдары Фес қаласында өтеді. Оның басты кейіпкері кедей
Әлидің өмірі халықтың ұлт-азаттық
қозғалысымен тікелей байланысты. Диірменші Тадлявидің жалшысы
Әли таң атқаннан кеш батқанша еңбектенсе де
жұмыссыз қалады. Жесір анасы Фатима екеуі көп
қиындықты бастан кешіріп, ақыры Әли Фестегі
атақты «Дәр әд-Дәбғ» тері өңдеу
орталығына жұмысқа орналасады, мұнда өзі секілді
жұмысшылармен достасады, кәсіподақ ұйымы туралы
хабардар болады. Бұл жұмысынан да көп ұзамай
босатылады, бірақ енді бұрынғыдай ешнәрсе
білмейтін бала Әли емес,
айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін
жалшы Әли емес, көзі ашық, қиындыққа
мойымайтын, әділетсіздікке төзбейтін азамат болып шығады. Ендігі кезекте кейіпкеріміз
мақта иіретін фабрикаға орналасады. Енді ол жұмысқа
белгіленген уақытта келіп-кетеді, күн батқанға дейін
жұмыс істемейді, тұрақты еңбекақысын алады. Әли
өз ісіне және туысқандарының өміріне
жауапкершілікпен қарай бастайды. Жазушы фабрикадағы
әл-Хайанимен және Әбд әл-Ғазизбен достығы
арқылы Әлидің бейнесін тереңірек аша түседі.
Әли олармен бірге Отанын азат ету жолындағы күрестің қиын
жолын жүріп өтеді. Бұл кейіпкерлердің кездесуі сюжет
дамуының қарқынын өзгертеді, ол жылдам дами бастайды.
Осы кезге шейін қиын тұрмыстың көлеңкесінде
адамдардың шаршаған, қажыған түрлерін суреттеп,
шабан қимылдап келе жатқан автордың қаламы осы үш
кейіпкердің кездесуінен күрт шабыт алып, шапшаңдап кетеді де,
жаңа өмірдің табалдырығына келіп тіреледі. Әли
өмірінің келесі
кезеңі дүрмекті оқиғаларға толы болып
келеді. Ол достарымен бірге
азаттық жолында күресіп, түрмеге қамалады,
бірақ мойымайды, оның табандылығы мен батылдығы жергілікті басшылық пен фабрика басшыларын
ойландыра бастайды. Мұнан кейін Әлидің жеке бас мүддесі
мен қоғамдық мүдделерінің арасы ажырамастай
бірігіп кетеді. Осы жерден сюжет үзіледі де, роман аяқталады. Бір
қарағанда туынды ортасынан үзіліп қалған секілді
көрінеді, бірақ басты кейіпкердің моральдық даму эволюциясы
аяқталғандықтан, жазушының басты міндеті орындалды.
Ғалляб басты
кейіпкерлерге жете тоқталып, олардың психологиялық
мінездемелерін жасамайды, бірақ оқырман Әлидің
балалық шағынан басталған қиын өмірі оны жастай
есейткенін аңғарады. Романда кейіпкерлердің психологиялық
характерінен гөрі әлеуметтік тұрмысы көбірек
қамтылған. Кейіпкерлердің қиын тұрмысынан
бірте-бірте қоғамда үстемдік алып тұрған
әлеуметтік әділетсіздіктің толық бейнесі
құралады. Әділетсіздік көрген Ғалляб
кейіпкерлерінің кеудесінде отаршылдыққа қарсылық,
өшпенділік сезімі, соған қарама-қарсы
халқының тұрмысын, келешегін жақсартуға деген
ұмтылыс күшейе түседі. «Егер тағы бір рет дұрыс
істемесең, бұл жердің маңынан жүрмейсің», -
деген диірмен қожайының сөздері арқылы қарапайым
адамдардың қиын өмірі және себепсіз жұмыстан
қуылу қаупі төніп тұрған еңбек
жағдайы көрінеді. Романның соңғы бөлімінде
оқиғалар басқаша ракурста бейнеленеді: оқырманның
көз алдына біресе қарсылық көрсетіп жатқан,
біресе зығырданы қайнаған, бірде соңын күткен
халықтың жағдайын көрсететін қаланың
панорамасы беріледі. Автор қаланың осы жағдайы арқылы
отаршылдыққа қарсылық білдіру қозғалысын
және оны реакцияшыл күштердің басуға тырысуын көрсететін
шынайы реалистік оқиғаларды суреттейді.
Құжаттық-тарихи бояуы қалыңдай түскеннен
кейін роман белгілі бір шамада өзінің көркемдік
тұтастығын жоғалтып алған, себебі шығарма
мазмұны жекелеген оқиғаларды жете суреттеу арқылы
көптеген үзінділерге бөлініп кетеді. Оқырманға
дәл фактілермен нақтыланған материал берілгенімен,
оқиғалардың ішкі байланысы жеткілікті көрсетілмеген.
Жазушы кейде натуралистік фактілерді «фотографиялық дәлдікпен»
бейнелеуге баса көңіл бөлетіні соншалық, шығарма
өзіне тән қарқыны мен салмағынан айырылып
қалады, сөйтіп көркемдік шындыққа
нұқсан келтіреді. Ғалляб елді тәуелсіздікке жеткізген
қоғамдық-саяси қозғалыс өзі мүше
болып табылатын «Истиқлял» партиясының қызметіне байланысты
екенін дәлелді түрде жазады. Автор «нәтижені» жасырмайды,
бірақ таза ұран түрінде келтіріп отырады, яғни романда
шегініс жасап, көркемдік тәсілдер арқылы оқиғаны
желісін бір-бірімен байланыстырғаннан гөрі, сюжеттің дамуын
аяқ астынан тоқтатпай, қорытындысын бірден жазғанды
жөн көреді. Роман идеологиялық жанрда
жазылғандықтан, оның тұла бойынан эмоциялық
«салқындық» білінеді, бұл конспект түрінде берілген эпизодтардың көптігінен көрінеді.
Бұған бажайлап қарасақ, роман кейіпкерлерінің
өздері де өтіп жатқан оқиғаларға
қызығып жатпағандай секілді, себебі қарбалас,
қиын шақтарда олар селсоқ көрінеді, олардан ішкі
күш, жалын жеткілікті сезілмей қалады, бұл баяндау
қарқынының баяулауынан
болып табылады.
Романдағы
Әлидің қиын да бақытсыз балалық шағынан жас
буын тәрбиелейтіндей «Мұғалім Әли»
деңгейіне дейін көтерілуі, сол аралықта жүріп
өткен соқтықпалы-соқпақсыз, адырлы белестері,
оған мойымай, ширыға түсіп, білім алып, алға
ұмтылуы – ХХ ғасырдың ІІ жартысындағы Марокко жастары
үшін үлгі боларлық жол. Америка жазушысы Д.Лондонның
«Мартин Иден» романындағы кедей суретші Мартиннің тығырықтан
шығатын жол – білім жинау мен күні-түні тынбай қызмет
ету екенін түсініп, қиындықты жеңіп шығып,
атақты жазушы болуы мен Әлидің қиындықты
жеңіп, биікке көтерілуінен ұқсастық
аңғарылады. Айырмашылығы – Әли атақты болуды
аңсамады, атақ-мансапқа құмартпады, ол
елінің патриоты ретінде халқына қызмет етуді мұрат
тұтты, барлық білімі мен күшін қоғам
құрылысына сарп етті. Ғаллябтың шығармасында
кейіпкердің психологиялық бейнесі терең жасалмаған,
оның ішкі жан-дүниесіне, жеке өміріне тереңдеуге орын
берілмеген, оның тығырықтан шығар жолды қалай
табатыны егжей-тегжейлі талданбаған, бұл Марокко әдебиетіне
модернизм сәулесінің түспегендігінен еді. Марокко жазушылары
оқиғаларды үлкен көлемде бейнелеп, кейіпкерлерін жеке
тұлға ретінде суреттеп, әрбір кейіпкерінен саналы қоғам
құрылысшысын шығарғысы келеді, себебі әдебиет
елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайында
жетекші рөл ойнады, сондықтан қаламгерлер өз
кейіпкерлері арқылы қоғам бейнесін жасап, халыққа
соны эталон ретінде ұсынды. Әдеби кейіпкерлер арқылы халықтың жігерін шыңдап,
жарқын болашақ бар екенін түсіндіру керек болды, сондықтан
Ғаллябтың бұл романы көркемдік әуезділіктен
гөрі фактілік құжаттық шығармаға
көбірек бейімделіп жазылған. Ағартушылық идеялардан
таратуды мұрат тұтқан араб ойшылдары мен әдебиетшілері
қиялға бейім, әдемілікке, нәзіктікке үйір
романтизмнен гөрі ұлт характерін шынайы көрсетуге
мүмкіндік беретін реалистік бағытты таңдады.
Ғалляб Марокко жазушыларының
жаңа толқынына жатады. Әдебиетте түңілген,
шаршаған кейіпкерлердің пайда болуы, өткір,
қарама-қайшылыққа толы жағдайларға тап
болуы, қарсылық пен бүлік атмосферасы, күрделі, шешімі
табылуы қиын мәселелерді көлденең тарту секілді
оралымдар бұл әдебиеттің өзіндік стилін жасады. Жазушы
қажет деп санаған жерінен
сюжетті үзіп те тастайды, мысалы Әбд әл-Ғазиздің
аяқ астынан пайда болуы, көптеген жаңа
оқиғалардың сюжет желісіне еріп кетуі, күтпеген жерден
бұрқ ете қалған оқиғалар
шығарманың ішкі
композициясындағы олқылық емес, сыртқы
динамикасына өң беріп тұрғандай. Құбылмалы
уақытта адамдар да, олардың өмірі де құбылмалы
суреттелген, сондықтан бұл шығарманы оқығанда
оқырман көңілі босап, сезімге берілмейді немесе шаршап,
түңіліп кетпейді, қайта ашынып, ширығып, сәтті
аяқталған
оқиғаға көңілденіп, серпіле
түседі.
Роман араб тілінде
жазылған. Тәуелсіздік әдебиетінде араб тілінің
үш формасы:
классикалық араб тілі, араб әдеби тілі, араб диалектілері
және отаршыл елдердің тілі
қатар қолданылды.
Ғаллябтың
шығармалары негізінен көзі ашық қоғам
жастарына арналғандықтан, әрі шығармалары
саяси-әлеуметтік тақырыптарға жазылғандықтан,
араб әдеби тілін қолданды, ал кейіпкерлері үй
жағдайында әңгімелесер болса, оларға ойын диалектіде
жеткізуге мүмкіндік берді. Роман саяси
және тәрбиелік мәні бар шығарма.
Ғаллябтың
«Мұғалім Әли» романында және қазақ жазушысы
Дулат Исабековтың «Қарғын» повесінде жеке
тұлғаның қоғам қайшылықтарымен
күресі бейнеленген. Мұғалім Әли француз
отаршылығындағы араб қоғамының егемендік алуын
мақсат тұтып, ұлттық сананы ояту үшін
күрессе, суреткер Жасын кеңес идеологиясы үстемдік еткен
Қазақстанда демократиялық қоғам орнауын
көксеп, халқының рухани өмірін байытып, рухани сананы
ояту үшін күреседі. Екі туындының идеясы бір –
халықтың санасын ояту:
бұл ретте Ғалляб жұмысшы кейіпкерінің нақты әрекетін,
ал Д.Исабеков жазушы кейіпкерінің әдемі ойларын қару
қылады, себебі екі халықтың да мойнында бұғау бар, Марокко халқының
мойнында отаршылдық бұғауы, ал қазақ
халқының мойнында
бейғамдық, селқостық қарғысы бар, екі халықтың
да бойынан қарғын жүріп өткенде , олар серпіледі,
оянады.
Әдебиеттегі
рухани үндестік қай кезде, қай қоғамда, қай
мекенде болса да толассыз жүріп жататын құбылыс. Адамдар
әрқашан да бір нәрсенің тұтқынында жүреді, бұл
тұтқыннан босату ойы озық интеллигенцияның міндеті болып қала береді.
Әдебиеттер:
1.
Ғалляб
Әбд әл-Карим. Мұғалім Әли (араб тілінде). –
Әд-Дар әл-Байда, 1984