Филогия ғылымдарының кандидаты Акатаева
Ш.Б.,
филогия
ғылымдарының кандидаты Ахметжанова Ж.Б.
Қарағанды
қ.,Қазтұтынуодағы Қарағанды
экономикалық университеті
ТЕМІРБЕК
ЖҮРГЕНОВ - МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ
Т.Жүргенов - ұлттық
мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп
көңіл бөліп, қазақ жастарының
КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында
білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин,
Ә.Қастеев, т.б. қайраткерлердің
шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады.
Т.Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка
театрын (қазіргі Қазақ опера және балет театры)
ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ
әндері туралы А.В.Затаевичке көптеген мәліметтер берді. 1937
жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат
ретінде ұсынылды. Т.Жүргенов 30-жылдардың басында әдеби
сын мақалалар жазуға, соның ішінде театр сынына көбірек
көңіл бөлген. Бұл өреде Б.Майлиннің
«Шұға» пьесасының алғашқы қойылымына
арналған «Ушуга» рецензиясын («Казахстанская правда», 1934, 21 маусым)
атап айту жөн. Автордың пайымдауынша, ендігі жерде әдебиетке
Меруерт тәрізді шарасыз бейнелер емес, Шұға сынды сындарлы,
рухты, кесек образдар қажет. Халық Ағарту комиссары екі тілде
бірдей жазған алғашқы
қайраткер-қаламгерлеріміздің бірі болды. Тілді жазушы
еңбегінің құрылыс материалы ғана емес,
мәдениеттің, білімнің іргетасы деп білген ол тіл туралы
айтыстан шет қалмай, сол өредегі білікті де салмақты
пікірлерін көп талқысына салып, ең бастысы, практикалық
басшылық саласына көшіріп отырған[1,92].
Қайраткердің қазақ тілінің түсініктілігі,
мәдениеттілігі, тазалығы туралы ойлары, әсіресе
терминологияға қатысты ұсыныс-пікірлері әлі күнге
маңызын жойған жоқ. Жүргенов тіл қолданушыларды,
әсіресе зиялы қауымды қазақ әдеби тілінің
бұзылып көпшілікке түсініксіз болуынан сақтандырды. Осы
тақырыпты «Қазақ тіліндегі терминология мәселелері»,
«Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар» атты
мақалаларында өрбіткен ол 20 жылдары А.Байтұрсынов бастаған
термин жасаудың ғылыми принциптерінен ауытқымауды, яғни
термин сөздерді метаморфалау, морфологиялық және синтаксистік
тәсілмен қазақтың төл сөздері мен
ұғымдарынан жасау әдісін жалғастыруды, сонымен бірге
аударуға келмейтін, қазақша барабар (адекват) мағынасы
жоқ халықаралық аталымдарды өзгеріссіз алуды
ұсынды. Т.Жүргеновтың ана тілге деген сүйіспеншілігі
мен қамқор көзқарасын белгілі композитор Е.Брусиловский
өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық
кітабында төмендегідей сүйсіне еске алады: «Жүргенов өз
кабинетінде мәжіліс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз
шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам - қарағандылық
Б.Н.Орлов және мен - орыс жұртынан едік. Наркомның өзі
де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп
отыр. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрды да, Жүргеновтен
қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында
әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай
отырғанын, сөйлеушілерді ол түсінетіндей болуы үшін
орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтің
қара көздері ұшқындап кетті... Жұрттың
бәрі бүкшие түсіп, тым-тырыс бола қалды. «Сіз
қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Ашу найзағайы үрейлене
бүгжиген қайраткерлердің үстінен ойқастай
шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз!» деп Жүргенов
дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз
Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда
жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін
білуге міндеттісіз! ...Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде
зерттемекшісіз бе?» деп өзге ұлттан қазақ тілін
құрметтеуді талап етті»[2,167].
Апырым-ай, ұлт намысы дегенде жанып кетер сондай батылдық
бүгінгі қандас шенеуніктердің бойында болса ғой деп
ойлайсың. Өкініштісі, басқа ұлттың бірлі-жарым
өкілі отырса болды-ақ: «Бәрімізге түсінікті тілде
сөйлейін» деп, орысша сайрай жөнелетін дерттен біз әлі де
арыла алмай жүрміз. Жүргеновтың қылышы жалаңдап
тұрған сол 30-жылдардағы мәрттігі осы
ұрпаққа зор тағылым. «Бүкіл дүниежүзілік
мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны
үйренгенде ғана жетуге болады»[3,10]
деген Темірбек Қараұлының сөзі бүгін өз
көкейкестілігін жоғалтқан жоқ.
Темірбек Жүргенов - ойы
ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның
көсемсөз мұрасы бастауын үш нәрседен: жеке
басының лидерлік, саясаткерлік және ұйымдастырушылық
үздік қабілетінен алады. Бұған оның
«Қазақстандағы мәдениет революциясы»,
«Қазақстандағы сауатсыздықты жою» кітаптары, «Саяси
экономия» оқулығы, «Орта Азиядағы қазақ
халқының күйлері», «Қазақ педагогикалық
институтын құру», «Қазақ халқының
ақындары мен жыршылары», тағы басқа очерктер мен
мақалалары жатады. Қазақстандағы мәдениет,
әдебиет, өнер саласының талантты
ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті
мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов
өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақ
халқына, еліне адал қызмет етті, қалың
жұртшылық арасында үлкен құрметке, зор беделге ие
болды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 Темірбек Жүргенов. Қазақстан ұлттық
энциклопедиясы. ІУ том. Алматы, 2011.
2
Брусиловский Е. Дүйім дүлдүлдер.
–Алматы: Ана тілі, 1995. 222б.
3 Жүргенов
Т. О чуждых явлениях в казахском литературном языке // Казахстанская правда,
1935. 17 мая.