Көркем
мәтінді зерттеудің психолингвистикасы туралы
А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ
Тілдік даярлау
орталығының
директоры,ф.ғ.к. Журсиналина Г. Қ.
Көркем мәтінді
зерттеудің психолингвистикасы соңғы кездерде
қарастырыла бастады. Қазіргі қазақ көркем
мәтіні арнайы психолингвистикалық зерттеу нысаны бола қоймаса
да, кейбіір зерттеулерде оның кейбір қырлары азды-көпті
айтылып жүр. Қазақ психолингвистикасы бір кездері М.Мұқановтың
еңбектерінде қолға алынған болатын. Оның кейбір
мәселелері Қ.Жұбановтың зерттеулерінде де
қарастырылды. «Сөйлеу кезіндегі іс-әрекеттің
созылыңқылығы мәселесі... Қ.Жұбанов
еңбектерінде алғаш сөз етілген» [1,26-16].
Қ.Жұбановтың пайымдауларына
сүйенетін болсақ, «Кітаптың сөзі қисық
болсын, дұрыс болсын, қалай жазылған болса, солай
оқылады, қалай оқылса, солай түсініледі немесе
түсініксіз күйімен қалып қояды. Мұнда
жазған кісіден қайта сұрап алу мүмкіншілігі болмайды.
Жазылған сөздің бөлшек-бөлшегін және тыныс
белгілерін өте сақтықпен өз орнына
қоймасаң, мұнда оның олқысын толтыратын ым да,
дыбыс әні де жоқ. Сондықтан, әсіресе, жазылатын
сөздің қалай құралу тетігін білу қажет»[2,581-148]. Мәтіннің
оқырманға әсері туралы Қ.Жұбановтың
бұл ойларының жалғасын М.Мұқановтың
зерттеулерінен көруге болады. Оның мәтінді адам ойының
айнасы, ол адамның ойын түзетеді дегенде ол сөздің
энергетикасы, ақпараттық күші, эстетикасы туралы
пайымдаған болатын. М.Мұқановтың берген
ақыл-кеңестерінің мәтін талдау әдістемесін
жасауда дидактикалық маңызы өте зор. Бұл орайда
көркем мәтіннің терапиялық және
энергетикалық әсері туралы арнайы зерттеуді қажет ететінін
айту керек. Мәтіннің жасалу механизмі мен моделі, әсері
Л.С.Выготский, М.М.Мұқанов, Т.М.Дридзе, А.А.Леонтьев, И.А.Зимняя,
Н.И.Жинкин, А.Р.Лурия, Л.В.Сахарный, А.М.Шахнарович т.б. еңбектерінде
біршама зерттелді. Осы зерттеулердің арқасында кез келгеннің
мәтіннің жасалу механизмі негізгі үш сатыдан тұратыны
анықтау мүмкін болды:
1) мотивация және ондағы негізгі ой;
2) оның жүзеге асу жоспары;
3) жүзеге асу жоспары мен негізгі
идеяның үйлесуі.
Кез келген
әрекеттің мотивациясы болатыны белгілі. Мотивация
мәтіннің жасалуының бастапқы сатысы әрі
алғышарты болып табылады. Адам сөйлеген кезде мәтін жасауды
көздемейді, мәтін танымдық мақсаттан туатын немесе өзгеге әсер етіп,
өзінің ішкі сезім толқынысын сыртқа шығару
мақсатынан жасалатын сөйлеу әрекетінің жемісі,
нәтижесі болып саналады. Мотив кейінгі сөйлеу механизмдерін іске
қосып, оған іштей серпін береді. Мотивация сатысында адамның
кімге және не айту керектігі жөніндегі ішкі жоспары
құрылады. Мәтіндегі негізгі ой автордың концепциясын
белгілейді. Сөйлеушінің мақсатына және негізгі
ойдың берілуіне қарай мәтіндер психолингвистикалық
тұрғыдан үш топқа жіктеледі:
-ақпаратты жеткізу
мақсатын көздейтін ақпараттық мақсаттағы
мәтіндер;
-мақсаты айқын –
практикалық, танымдық, қатысымдық әрекеттерге итермелейтін, соған
ықпал ететін мәтіндер;
-аффективті әсер ету
мақсатындағы эмоционалды мәтіндер.
Мотивацияның
және негізгі ойдың жүзеге асу сатысында мәтіннің
іштей жасалу механизмдері енді сыртқа бағытталады. Бұл
сатының жүзеге асуына келесі факторлар әсер етеді:
сөйлеу әрекетінің мақсаты, рецепиенттің
қатысымдық портреті. Осы екі факторға байланысты әр
мәтіннің мазмұны мен формасы сұрыпталып, белгілі бір
түр, стильдік сипат алады.
А.И.Новиковтың ойынша,
мәтіндің қабылдануының өзіндік табиғаты
бар, мәтін ол мағыналардың бірізділігі және ол
адамның сезу мүшелерін тітіркендіру арқылы әсер етеді.
Ғалымның ойын жалғастырар болсақ, мәтінді
қабылдау негізгі сатыдан тұрады: «Первый из них связан с непосредственным
восприятием материальных знаков. На втором этапе осуществляется переход от
образа языкового знака как материального объекта к образу его содержания. Оба
эти этапа сопровождаются осмыслением, пониманием воспринимемого материала» [3,35].
Л.В.Сахарныйдың
зерттеулеріне сүйенетін болсақ, мәтіннің
қабылдануына ондағы тірек сөздер ұйытқы болады,
себебі тірек сөздер сананың қызметін іске қосатын
негізгі информатор, негізгі қоздырғыштар сияқты болады.
Негізгі тірек сөздердің ассоциативтік тұтастығын
құру мәтін мағынасын түсінуге жол ашады.
Мәтінді мазмұндағанда да айтушы оны сөзбе-сөз
емес, негізгі оқиғаның желісін керекті сөздермен
баяндап бере алады. Оқиғаны баяндауда айтушы өзі тірек
сөздерді іріктеп (ол санада автоматтанған түрде өтеді),
қажеттісін ғана қолданады. Л.В.Сахарный өзінің
жүргізген тәжірибелерінің нәтижесінде, мәтін
адамның санасында негізгі тірек сөздердің жиынтығы
түрінде сақталатынын дәлелдейді. Тірек сөздер
мәтінге қатысты негізгі ақпараттарды өз бойына
жинақтап, сыйдырып тұрады. Ол мәтін туралы
ақпараттардың сигналдары сияқты болады. Мәтін
мазмұнын баяндауда осы сигналдардың бойындағы
ақпараттар толыққанды сипат алып, тілде көрініс береді.
Бұл үдерістің нақты мәтін түрлеріндегі
көрініс әлі де арнайы зерттеуді қажет етеді. Көркем
мәтіндердің психолингвистикалық сипаты жалпы мәтінге
тән белгілерге ие болғанмен, оның тілдік болмысы бөлек.
Ендеше оның қоздырғыштары да, оған әсер ететін
факторлардың басқа да түрлері болуы хақ.
Сондай-ақ, сана қызметі мен түрлерінің өзіндік
ерекшеліктерін анықтау, санадағы көркем ойлау үдерісін
зерттеу де өзінің шешімін күтіп тұрған
мәселелердің бірі болып табылады. Дегенмен, мәтіннің
жасалуы мен қабылдану үдерісіне қатысты зерттеулердің
дидактикалық маңызы өте зор.
Мәтін
адамның сөйлеу әрекетінің жемісі болғандықтан,
оның анторопоцентрлік маңызы арта түседі. Адамның
танымына қатысты зерттеулерде «таным мен тіл адам проблемасының
өзегі – дара тұлға тұжырымдамасы» [4,140-160].
мәселелерімен тығыз байланыста қарастырылып, жеке
адамға тән терең психикалық құрылымдарды
сөз мәтін арқылы анықтау көзделді. Адам болмысына
тән «қуат» - энергия көзі көркем мәтіндерде
айқын көрінетінін ғалымдар ежелден байқаған.
Іштегі қуаттың тіл арқылы сыртқа жол табуы
мәтіннің тек адамның сөйлеу әрекетінің
нәтижесі – салдары болып қана қоймай, оның себебі де
бола алатынын көрсетеді. Ю.В.Казарин бұл туралы ойын поэтикалық
мәтіндермен байланыстырып:
«поэтикалық мәтін – бұл сөйлеу
әрекетінің нәтижесі, жүзеге асуы емес, адамның
сөйлеу қабілеті мен әрекетінің жүзеге асуына
түрткі болған басты себебі» деген пікір айтады [5,5-43]. Поэтикалық
мәтінге тән «қуат көзінің», әсердің
көркем мәтіннің барлығында болатыны хақ. Ол
оның тілдік табиғатынан көрінеді. Әдеби
туындыдағы мәтіндердің көркемдік қызметі мен
жалпы тілдің эстетикалық қызметі туралы айтқанда,
оның тілдің жалпы жүйесімен салыстырғанда метаморфты
қасиетке ие болып келетінін ескеру керек. Адам болмысын сипаттайтын
оқырманға, авторға әсер етуші «қуат көздері»
тіл бірліктерінің барлығына тән, дегенмен олар мәтінде,
яғни сөйлеуде, сөйлеу әрекеті кезінде толығымен
іске асады. Оны Ф.де Соссюр тілдің әрі жеке, әрі
әлеуметтік санаға қатыстылығымен түсіндіреді:
«...речевая деятельность многообразна и разнообразна; протекая одновременно в
ряде областей, будучи одновременно физической, физиологияческой и психической,
она, помимо того, относится и к сфере индивидуального, и к сфере социального» [6,13]. Ал Бодуэен де Куртенэ жалпы тіл
құбылыстарын оның қоғамдық қызметімен
де біртұтастықта алып қарастыру керектігін айтады: «настоящей
причинной связи явлений языка... следует искать, с одной стороны, в
индивидуально-психических центрах отдельных людей как членов известным образом
оязыковленного общества, с другой же стороны, в социально-психическим общении
членов языкового общества» [7,62-73]. Ал Э.
Бенвенист кез келген тіл бөлшектеріне тән мағына тілде
жасырын, яғни статикалық күйде өмір сүреді де, ол
тек сөйлеуде ғана ашық көрінеді дейді[8,72]. Компаративтік лингвистиканың
өкілдері шығу тегі әр түрлі тілдердің
арасындағы грамматикалық жүйелердің
ұқсастығы барлық тілдерге тән «тілдік қуат
көздерінің» ортақтығымен бірге, оның антропологиялық
қасиетін де көрсетеді дейді. А. Мейе «тіл бұл зат емес, ол
әрекет» дегенде де тілге тән «қуат көздерінің»
таңбалық, антропологиялық, әлеуметтік қасиетінен
туындайтынын меңзеген.
Құрылымдық-семантикалық
зерттеуде мәтін автордың шығармашылық
әрекетінің жемісі, нәтижесі түрінде көрінсе,
психолингвистикалық зерттеуде автор мен рецепиенттің өзара
қатынасы, ал прагматикалық
зерттеуде автордың рецепиентке арнайы тіл құралдары
арқылы мақсатты түрде әсер етуіне
бағытталған сөйлеу әрекеті ретінде
ұғынылады. Белгілі прагматистердің еңбектеріне жүгінер
болсақ, тіпті кішкентай баланың айтқан бір сөзі
онтологиясы тұрғысынан қарастыратын болсақ,
әрекет болып табылады және оның адамға
қатысымдық әсер ету қасиеті бар. Кез келген
әрекеттің негізсіз, мақсатсыз болмайтыны сияқты,
прагматикалық зерттеуде адамға мақсатты түрде
жұмсалып, әсер етіп тұрған тіл бірліктерінің
қызметі мен сапа-қасиеттері зерделенеді. Осы жағынан
келгенде, ол стилистикамен үйлесіп прагмастилистикалық зерттеулерге
жол ашады.
Мәтінді когнитивтік зерттеу ХХІ ғасыр тіл білімінде
қарқын алып дамып жатқан сала деуге болады. Конитивтік
тұрғыдан келетін болсақ, көркем мәтін
ақын-жазушының жеке-авторлың өмірлік
көзқарасы мен дүниетаным картинасы ретінде
қарастырылады.
Прагмалингвистика
коммуникативтік іс-әрекет туралы ғылым ретінде тіл
ғылымының басқа салаларымен органикалық байланыста болады.
Прагмалингвистика шынайы қарым-қатынастың
субстанционалдық-функционалдық қасиеттерін, адамның коммуникативтік
іс-әрекетінің ауызша (дискурс), жазбаша (мәтін) екі формасын
қарастырады. Нақты қарым-қатынас
жағдайындағы тілдік және сөйлеу тұлғаларының,
бейвербалды амалдардың вербалдануын, өмірлік
жағдаяттарда адам таңбалар
арқылы өзінің ой-пікірін тыңдаушыларына немесе
оқырманына қалай жеткізе алатынын зерттейді. Ч.У.Моррис,
Р.Стольникер, Н.Д.Аруланова, Ч.Стивенсон, Ф.Кифер, В.Г.Гайа Е.В.Падучева т.б.
прагматика теориясын зерттеушілер тілдік таңбалардың әр
түрлі деңгейлерін ғана қарастырмайды, сөйлеу
қарым-қатынасының барлық параметрлерін, таңба мен
оны қолданушы адам арасындағы қарым-қатынасты
зерттейді. «Прагматиканы динамикадағы мәтін – дискурсты оны
дүниеге келтіруші адаммен байланыстыратын ғылым деп атауға
болады» [8,7]. Прагматикалық тұрғыдан
көркем мәтін жазба мәтін болса да,
әдеби-эстетикалық қарым-қатынасқа қатысушы
– автор мен оқырманды байланыстырушы әрекеттің бір түрі
болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Ж.Сұлтан. Тілтанымдағы
антропологиялық парадигманың Қ.Жұбанов
мұраларындағы көрінісі. Филол.ғ.канд.автореф. А, 2007.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе МемУ. 26б. 16-б.
2. Жұбанов Қ. Қазақ тілі
жөніндегі зерттеулер. А.: Ғылым, 1999. 581б. 148-б.
3
Новиков А.И. Семантика текста и ее формализация. М., 1983. 35-б.
4.Жаманбаева. Қ. Тіл қолданысының когнитивтік
негіздер: эмоция, символ, тілдік сана. А, Ғылым, 1998. 140б. 16-б
5.(Ю.В.Казарин. Филол.анализ поэт.текста.М.: Академический Проект;
Екатеринбург: Деловая книга, 2004. 432с. 5-беттен). (Ю.В.Казарин. Филол.анализ
поэт.текста.М.: Академический Проект; Екатеринбург: Деловая книга, 2004. 432с.
5-б
(Ф.де Соссюр. Курс общей лингвистики // Введение в языкознание.
Хрестом. М, 2000. 13-беттен).
6.Ф.де
Соссюр. Курс общей лингвистики // Введение в языкознание. Хрестом. М, 2000.
13-беттен.
7.Бодуэн де
Куртенэ И.А. Некоторые общие замечания о языковедении и языке // Введение в
языкознание: Хрестом. М., 2000а. 60-б
8.Ерназарова З.Ш «Қазақ сөйлеу тілі синтаксистік
бірліктерінің прагматикалық негіздері» 7-б