«ЕДІГЕ»  ТАРИХИ-ҚАҺАРМАНДЫҚ ЭПОСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

                              Жұбаназар Асанов,

филология ғылымдарының докторы,                                                                                               

 

Түркі халықтарына ортақ «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосын тәуелсіздіктің арқасында ғана еркін зерттеуге қол жетіп отыр. Көп уақыт ақтаңдақ күйде жатқан бұл туындыны зерттеудің,  оқытудың толып жатқан мәселелері бар. «Едігені» тек қазақ тіліндегі нұсқалары бойынша зерттеу жартыкештік етеді, әйгілі эпостың ұлтық версияларын мейлінше мол қамту ғана ойдағыдай нәтижеге жеткізеді.

«Жаңа» шығарманың көркемдік кестесін зерделеудің ұтырлы жолдарының бір парасы –  бұрыннан мәлім жыраулар поэзиясымен салыстыра беру болып табылады. «Едіге» эпосының өзінен кейінгі түркілер поэзиясына зор ықпалы тиді. Мұны нақты мысалдар арқылы көрсету қиын емес. Эпостың ұлттық версияларының бірі, татар нұсқасында:

И Идел-йорт,  Идел-йорт,

Идел эче имин йорт,

Атам кияү булган йорт,

Иелеп тәзем кылган йорт,

Анам килен булган йорт,

Иелеп сәлам әйткән йорт,

Кендегемне кискән йорт,

Керем-коным юган йорт [1, 132-б.],

Қазтуған жырауда:

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ағала ордам қонған жұрт,

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт,

...Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт [2, 17-б.].

Ұлттық версиялардағы Кеңжанбаймен жауаптасу кезіндегі Едігенің аузынан шыққан кестелі сөздер өте айшықты болып келеді. Мұндағы :

Қарағайдан берік біткен терекпін,

Басымнан дауыл ұрса теңселмен.

Қарағайға қайнап біткен бұтақпын,

Балталасаң айрылман.

Еменге айыр біткен бұтақпын,

Еңкейіп келсем оңдырман, – деген бедерлі жолдар өзінен кейінгі жыраулар мен ақындарға үлгі-өнеге түрінде ықпал етті.  Мәселен, қазақтың  он жетінші ғасырда өмір кешкен ақыны Ақтанберді Сарыұлы:

Жапанға біткен терекпін,

Еңсемнен жел соқса да теңселмен.

Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,

Балталасаң да айрылман, –  дейді [3, 108-б.].

«Едігенің»ұлттық версияларының бірі, ноғай нұсқасында:

Кеселтек кара булытпан,

Уьстинъе бир явмайын ашылман.

Ак тенъиздинъ ашшысы ман,

Арбалап секер сепсенъ-шоршыман.

Боз агаштынъ бегимен,

Булытка етпей шорт сынман.

Куьлтиреп соккан ясынман,

Лавлап янган шыракпан,

Ашувлансам-шорт уьзилген болатпан  – делінсе [1, 51-б.],

Махамбетте:

Қайнаған қара бұлттай

Қарсы біткен жүрегім....

Боз ағаштан биік мен едім,

Бұлтқа жетпей шарт сынбан...

...Шамдансам жығар асаумын,

Шамырқансам сынар болатпын,

Кәр қылар деп тақсыр-ау,                         

Аяғыңа бас ұрман,  – деген жолдар бар [4, Б.51,56].

Эпостың туған уақыты мен Махамбеттің арасы төрт-бес ғасыр. Арадағы жыраулар поэзиясын қазбалай тексерсеңіз мұндай ұқсастық, дәстүр сабақтастығы іздері табыла береді.

Эпостың ұлттық версияларының қай-қайсысы да көркемдуіш құралдарға кенде емес.

Сұрай арнау:        

Төбеге шыққан төртеуге

Төре берер күндер туғай ма?

Арқада тұрған алтауға

Аға болар күндер туғай ма?

Арқада тұрған ала тау,

Ер артылар күндер туғай ма?

Төбедегі төрт жұлдыз,

Таң атар күндер туғай ма? [5, Б.58-59]               

Эпифора:

Шетіңнен қиқулап,

Ащы да сүрен салар-ды боғай құбаша ұғыл.

Есілдің екі жағы қызыл жар,

Аспадан суыт салар-ды боғай құбаша ұғыл.

Ертістің басы қара дөң,

Екі арасын қуыр-ды боғай құбаша ұғыл.

Алтыннан соққан ақ орданың

Күмістен соққан ақ есік,

Түсі суық шың болат,

Ұшыменен ашар-ды құбаша ұғыл [6, Б.19-20].

Күрделі метафоралар жиі ұшырасады.

Мысалы:

Булытка етпей шорт сынман.

Куьлтиреп соккан ясынман,

Лавлап янган шыракпан,

Ашувлансам –шорт уьзилген болатпан [51, 51-б.].

Бұл күрделі метафора айтпақ ойдың мазмұнын тереңдетіп, мағынасына үстеме қосып тұр. Батыр өзін біресе күтірлеп соққан жасынға, біресе лаулап жанған шыраққа, шамырқанса шарт үзілер болатқа балап, сыртқы күш-қуатынан ғана емес, ішкі жан дүниесінен де хабар беріп тұр. Себебі қара күш иесінің бәрі мұндай бола бермейді, өмірде физикалық күші көп болғанымен ішкі әлемі әлсіз, түнде тысқа шыққанында әйелін ертіп шығатын «батырлар» да болады.   

Қаһармандық эпостарға тән эпитеттер мен теңеулер мол.

Қара суға қан құйсам,

Суды сербет ұрттармын;

Қара арғымақ қатырсам,

Атта тұлпар мінермін,

Қара лашын қашырсам,

Құста сұңқар шүйермін,

Қаудан жерге өрт қойсам,

Шүйгін шөпте оттармын [5, 61-б.].

«Қара»сөзі шоғырдағы өлең жолдарының басында қайталанып келіп, басқы рифмаға айналып тұр. Екіншіден, «қара»сөзі су, арғымақ, лашын зат есімдері алдында келіп анықтауыш қызметін атқарып шоғырға (тирадаға) тым тәуір әсер дарытып, айрықша рең беріп тұр. «Қара» сөзін жеке алып қарағанда түркі фольклорында ғана емес, дүниежүзі фольклорында жамандыққа жақын тұратынын ескерсек, бұл жерде оған кері мәнге иелік етіп тұр. Жақсыдан айырылып қалған Нұраддин енді одан да жақсырақ су орнына сербет, арғымақ орнына тұлпар, лашын орнына сұңқар таппақ. Өлең жолдарының басында қара, құс, қау жалғаса тізбек құрып, көркемдік кестенің бір парасы аллитерация қызметін де атқарып тұр. Сөйтіп эпитет үшін мысалға алынған бұл шоғыр үзіндісі көркемдігі жоғары құрылымға айналып кеткен. 

Теңеу:

Маралы бар киіктей,

Балдырғаны білектей,

Алмасы бар жүректей [5, 54-б.]

«Едігедегі» егіздеулер мен инверциялар шығарманың көркемдік қуатын арттыруда үлкен орынға ие болған.

Мысалы, егіздеу:           

 

«Сен бекер тұрып тықырамашы, торыша ат,

Мен күн-күн қатсам тұрарсың;

Бекер тұрып дүрсілдеме, сұм жүрек,

Едігеде екеу, мен жалғыз

Сайысқан жерде тынарсың,

Солқылдама, ақ найза,

Сайысқан жерде сынарсың» [5, 57-б.] 

  Инверция:

«Бұ төреңе көнбейміз» – деп Тоқтамыс ханға барды. Төре тимеген қатын бірлән еркек айтты: «Біздер даулы болып сізге жүгінейік деп келдік». Нақ баланың шешесі айтты: «Бір төре болып еді?» – деп. Хан сұрады: «Қандай төре болып еді?» – деп. Қойшы баланың берген төресін айтты, ондай төре беріп еді деп. Хан айтты: «Соның төресі – төре, ондай төрені мен бере алман», – деп айтты [5, 28-б.].

Эпостағы анафора мен шендестірулер туындыға үстемелей көркемдік қуат берген:

Мен Баба Омар бабамды батамда көргенмін,

Баба Түкті Шашты Әзізге

Арқа беріп жүргенмін.

Мен Әзірейіл періштеге

Алты күн арыз еткенмін,

Жәбірейіл періштеге

Жеті күн арыз еткенмін,

Мен Омар менен Оспанға,

Әбубәкір Сыздыққа,

Әзірет Әлі бабама

Арқа беріп жүргенмін,

Мен Мұхаммед атты піріме

Меке деген шәріңде

Барып арыз еткенмін [5, 44-б.].

Антитеза:

Сағынбақтан сарғайсын,

Салқын түспей барман-ды,

Ібін-сібін екі нақ

Сыбырласып сөйлесіп,

Сыңқылдасып күлісіп,

Ши түбінде сырласып,

Жең ұшында жалғасып,

Мен не дегенін білмен-ді –

Құлағым саңырау болған-ды.

Сенің тексіз иең Тоқтамыс

Енді еңкейіп барман-ды [5, 40-б.]

Ұлттық версияларда градацияларға ерекше мән берілген:

Якасы алтын кирәүкә,

Якалашып ертканмын!

Туксан баулы ак көбә,

Тунаган жирдә кигәнмен,

Якалашып, уклашып,

Күпләр башын игәнмен.

Моннан ары мактанмам,

Әгәр дә мин мактансам,

Унике тотам ук тарткан,

Тартканында өзә аткан

Борындагы Чыңгызның

Үзе белән тиңдермен! [6, 87-б.].

Айтпақ ойды бірте-бірте күшейтіп, градация жасап тұрған бұл жолдар ертканмын, кигәнмен, игәнмен, ук тарткан, өзә аткан аяққы ұйқастары арқылы ғана өлеңге айналып тұрған жоқ. Я дыбысы арқылы жасалған ассонанс, туксан, тунаган – басқы ұйқастары арқылы да көркемдік қуатын арттырып тұр.   

Эпос үшін ассонанс пен аллитерацияның жиі қолданылуы – қалыптасқан жағдай:

– Әй инәкәм, инәкәм,

Ике ташны култыклап,

Идел кичкән улыңмын;

Икедән яуга төшеп,

Исән чыккан улыңмын;

Идел дигән су булса,

Ике чумсам кичәрмен;

Итәгендә ил булса,

Ике орсам үтәрмен! [7, 201-б.]        

Аллитерация:

Көкірек жаулы өссін деп,

Қашқан жауды қудырттым.

Қарға қонбас қара ағаш

Қаз қондырдың, Нұралын.

Құзғын қонбас қу ағаш,

Қу қондырдың, Нұралын,

Қу қанатын сал етіп,

Еділден көктей өттің, Нұралын! [5, 60-б.]

Ал, классикалық қаһармандық эпостарға тән төмендегідей формулалар «Едігеге» тән құбылыс:

Қаласын қан қылып,

Қақпасын шаң қылып,

Көргендерді таң қылып,

Мылтықтарын атысып,

Қызыл қанға батысып,

Қылыштарын шабысып,

Найзаларын қағысты.

 

Немесе:

Айдарлысын құл қылып,

Тұлымдысын тұл қылып,

Күнікейдей көріктісін,

Тінікейдей тектісін,

Атқа салып жүн қылды,

Бұрынғы айтқан сөздерін,

Өтірік қылмай шын қылды [8, 126-б.]

         Қорытып айтқанда, «Едігені» тек қазақ тіліндегі нұсқалары бойынша зерттеу жартыкештік етеді, әйгілі эпостың ұлтық версияларын мейлінше мол қамту ғана дұрыс нәтижеге жеткізеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1 Ногайдынъ кырк баьтири. Эдиге. – Махачкала, 1991. – 158 б.

2 Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. Хрестоматия. – Алматы: Ана-тілі, 1993. – 176 б.

3 Алдаспан. Жинақ. – Алматы: Жазушы, 1971. – 278 б.

4 Махамбет. Өлеңдер жинағы. – Алматы: ҚМКӘБ, 1962. – 236 б.

5 Мағауин Е. Едіге. – Алматы: Айқап, 1993. – 76 б.

6 Бабалар сөзі: Батырлар жыры. Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2006. – Т.39. – 448 б.

 7 Идәгә. – Казан: Татарстан китап нәшрияты, 1988. – 254 б.

 8 Едіге батыр. Жинақ. – Алматы: Ы. Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының республикалық баспа кабинеті, 1999. – 363 б.