Алипбаева Айгерим Жолбарыскызы
Қ.Жұбанова атындағы Ақтөбе
өңірлік мемлекеттік университетінің
студенті, филология факультеті
Ғылыми жетекші: филология
ғылымдарының кандидаты, доцент Қарағұлова Б.С
E-mail: aygera.a@bk.ru
Терминжасамдағы аударманың рөлі
Аударма
– ел мен елді, тіл мен тілді жақындастыратын,
ұғыстыратын, жұғыстыратын, бірін-бірі байытатын, толтыратын
алтын көпір. Ол — мәдениеттің, ғылым-білімнің,
әдебиеттің, адамдардың ауызекі сөйлесуінің
бөлінбес құралы. Аударма – қиын өнер. Оның
маңызын түсінген елдер бұл істі өздерінің төл мәдениетін дамытудың,
басқа елдермен саяси және рухани алмасуларын қуатты
құрал ретінде бағалайды. Аудармашы мамандарын үлкен
өнер иесі ретінде, басқа мәдениеттермен байланысты
қамтамасыз ететін еңбекккер
ретінде қадірлейді.
Тіл
– біреу. Қоғамдағы қолданылу саласына қарай
оның стильдік ерекшеліктері, өзіне тән терминологиясы болады
әрі оны ешкім жоққа шығара алмайды. Кез келген
нәрсенің сапалы жазылуы тілдің байлығына, сөздік
қорының молдығына, жетіктігіне, қалыптасу
деңгейіне, тұрақты терминологиясының болуына байланысты
екені даусыз.
Терминдер
белгілі бір кәсіппен мамандыққа тән ұғымды
білдіру үшін жасалады да, сол саланың мамандарының арасында
ғана қолданылады. Алайда терминдер сол өзі пайда болған
салада тұрақтанып, өзгерместей қатып қалатын
категория емес. Тіл дамуына байланысты қасиет оған да тән.
Бір ғылым саласының әжетіне жараған термин екінші бір
ғылым саласының да мұқтажын өтеуі мүмкін.
Тіпті керек десеңіз, бір кезде шектеулі шеңберде ғана
болған терминдердің жалпы әдеби тіл сөздігінің
құрамынан орын алып жататын да кезі жоқ емес. Бірақ ол
қай ғылымның саласында да тек терминдік сапада жұмсалуы
тиіс. Ең негізгі шарт осы. Терминнің негізгі ерекшелігі – ол
белгілі ғылым саласындағы қалыптасқан нақтылы
ұғымды өзінің шегінен әрі- бері асырмай дәл
танытады. Әдетте, сөз әр орайда әр қилы
мағына берер болса терминде тұрақты бір мағыналық
басым болады. Мұның өзі айтылған ойды дәлелдеп
жеткізу үшін аса қажет. Терминдер толық мәнінде сапалы
болуы үшін ол, мағынасы мейлінше нақты, айқын болуы
шарт және ғылыми терминология құрылымындағы
басқа ұғымдармен тығыз байланысты,
қолдануға ыңғайлы болуы керек. Терминдер белгілі бір
ғылыми пәннің аясында қалыптасып нақты
мағына алған, сол пәннің өзіне тән
ұғымын білдіретін сөздер. Сонымен бірге, қомақты,
күрделі ғылыми ұғымдар да немесе жекелеген атау
сөздерде де терминге жатқызылады.
Тіл
білімі саласында терминдер мен терминологияның алар орны ерекше екені
белгілі. Өмірдің қай саласы болмасын термин сөздермен
біте қайнасып жатады. Олар халықаралық деңгейден
бастап, белгілі бір тілдік ортадағы қолданыста уақыт
өткен сайын көнеріп не жаңадан
қосылып, толысып отырады. Жалпы белгілі бір саладағы
терминнің шығып, қолданысқа енуі өте
күрделі үдеріс. Оған қойылатын талаптар да аз емес.
Алайда, тіліміз үшін маңызды болып саналатын мәселе
өзіміздің төл, ұлттық терминдеріміздің
қалыптасуы. Бұл тақырып
әр қилы уақытта лингвист ғалымдар арасында
түрлі пікірлер тудырып жүрді. Өзге тілдерден
қабылданған терминдерге деген көзқарас ерте кезде теріс
пікірде болса, бертін келе халықаралық терминдерді
қолданудың артықшылығын көрсету кең етек
алды. Бұл құбылыстың тілімізге қаншалықты
әсер ететіндігі туралы әлі де сараптау керек. Белгілі ғалым
Ш.Құрманбайұлы: «Өзге тілдерден сөз қабылдамай, сөз
алмасу, термин алмасу процесіне мүлде тосқауыл қойып тастау
мүмкін де, қажетте емес. Тілдер арасындағы өзара сөз алмасу қашан да
болған, бола да береді. Шет тілдері терминқор
қалыптастырудың сыртқы көзі ретінде орнымен пайдаланылса
дұрыс, ал ұлт тіліндегі термин шығармашылығын шектеп,
өзге тілдерден термин қабылдауға жаппай жол беріп қарап
отыру шарасыздық. Тілдің бағын байлайтын, мүмкіндігін
шектейтін ондай әрекетсіздіктің жалғаса беруіне
немқұрайлы қарауға болмайды» деген[1, 65б].
Әлемде әр
алуан тіл, әр алуан ұлт өмір сүріп отырған
бүгінгі жағдайда аударма мәселесінің қажетті іске
айналуы заңды. Аударма болғанда, адамзат қауымының алдымен
назарға ілгені - халықтың рухани жан дүниесінің
нәрленуіне айрықша әсері бар көркем дүниелер. Оны
аударудың жолдары, принциптері, амал, тәсілдері әрдайым
әңгімеге объект болып отырған. Кезеңіне, дәуіріне
лайықты өрбіген пікір таласы – аударма ғылымы дейтін саланы
қалыптастыра бастады. Аударма пайда болғалы ол жайында ғылыми
ой – пікірдің де қанаттаса өрби түскені мәлім.
Қай халықтың тарихын қарасаңыз да аударма жайында
жинақталған тәжірибе, тұрақтанған пайым –
түсінік бар. Аударма практикасымен шұғылданған
жұрт, оның ішкі сырына үңіліп, өзіне
лайықты заңдылықтарын да ашып беруге тырысқан. Сондай
жоба – жүйе бірден бірге ұласып, аударма проблемасының ереже
– қағидасы жасалды. Ол осылай
ғылыми пәнге айналды.
Баспасөз
бетінде соңғы кезде жарияланған, тіліміздің
тағдырына алаңдаушылық білдірген мақалаларда
тілдің тұралауының басты себебі ретінде аударма аталып отыр.
Мақалалар авторларының пікірінше, аудармадан бас тартпайынша, біз
туған тіліміздің жағдайын жақсарта алмайтын
көрінеміз. Шындығында да, аударма сондай құбыжық
па, тұралауымыздың түйіні аудармаға тіреліп тұр
ма?
Термин
шығармашылығында 90-жылдарға дейін басшылыққа
алынып келінген қағидаттардың орнына терминологияны
қалыптастыру мен дамытудың ғылыми негізделген жаңа
қағидаттары әлі орныға
қоймағандықтан, қазақ терминологиясы
күрделі кезеңді өткеріп жатыр[2, 13б].
Қалыптасқан
жағдайға әркім әр түрлі баға беруде.
Терминология мәселесіне бүгінде қайта оралудың
себептері туралы айта келіп, академик Ә.Қайдаров былай дейді: “
Қазақ тілі терминологиясы әр түрлі
жағдайларға байланысты бүгінде дағдарысқа
ұшырап отыр: оның ғылыми принциптері жаңа үрдіске
бағыт-бағдар беріп, алда жүріп отырудың орнына артта
қалып, термин практикасы аяқ асты болып жатыр. Осының
нәтижесінде әркімнің өз білгенінше термин жасауды немесе
оны ауыстыруы, алмастыру тәрізді бейберекет “бұқаралық”
әрекетке жол беріле бастады”.
Ғалым
Ә.Қайдаров терминдерді қалыптастыруға қатысты
қағидаттар ұсынады:
1.
Егеменді ел, тәуелсіз мемлекеттің басты белгілерінің бірі
– мемлекеттік тіл десек, оның негізгі тіректерінің бірі –
терминологияны жан-жақты дамытуға, реттеуге, қалыптастыруға,
кеңінен қолдануға сол мемлекеттің өзі
қамқорлық жасауы керек.
2.
Қазақ тілі терминологиясының жақсы
дәстүрлерін жаслғастыра, өскелең
өмірдің талап-талғамына сай келіп, отырған
бұқаралық үрдістің тіл үшін тиімді де
қажетті жақтарын саналы пайдалану.
3.
Салалық терминдер мен атауларды жаңадан жасауда,
өзгертуде, ауыстыруда, ең алдымен, қазақ тілінің
төл және бұрыннан қалыптасқан байырғы
лексикалық байлығын сарқа пайдалану.
4.
Термин шығармашылығында бұдан кейін тусқан
түркі тілдерінің озық тәжірибелерінен, терминдік
өрнек-үлгілерінен, оңтайлы да үйлесімді сөз жасау
модельдерінен мүмкіндігіне қарай пайдалану.
5.
Тіліміз үшін қажет, бірақ дәл баламасы жоқ,
аударуға келе бермейтін интернационалдық терминдер мен атауларды
қазақ тілінің өз ерекшеліктеріне икемдеп қолдану.
6.
Орыс тілінен енген термин-атауларды мүмкін болғаныша
қазақша аударып қолдану; аударуға келмейтіндерін
бұрынғыдай сол қалпында емес, қазақ тілінің
фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестірек қабылдау.
7.
Салалық күрделі терминдер мен атауларды қазақ тілінің
өз негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша
кеңестік-интернационалдық термин атаулардың үлгісімен
қысқартып қолдануды заңдастыру.
8.
Күн санап толассыз туындап жатқан терминдік
ұғымдарға тілімізден дәл балама іздеуде де, терминдерді
жаңадан жасауда да жалпы терминдерге тән талапты сақтай
отырып, дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау.
9.
Тілімізге қабылданатын терминдер мен атаулардың мағыналық,
тұлғалық жағынан өзара топтастырып, салыстыра
отырып, лексикалық байлығымызды салалық жүйе бойынша
жіктеп, саралап пайдалану.
10.
Тіліміздегі ұлттық жен интернационалдық
термин-атаулардың сандық және сапалық жолдарын
іздестіру.
11.
Терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу
дәстүріне сәйкес реттеу[3, 9б].
Шынында
да, жүз мыңдап саналатын термин-атаулардың емлесі – тіл мәдениетінің
ғана емес, жалпы тіл дамуының қалпын, сауаттылық
деңгейін көрсететін зор
фактор.
Аудармада
сөздерді екінші бір тілге жеткізудің көптеген
әдіс-тәсілдері (трансформациялық, гипонимиялық,
шендестіру, транслитерация, калька) бар. Термнжасамда калька әдісі тиімді
тәсіл болып табылады. Себебі терминнің терминдік негізгі
қасиеттері (қысқалық, жүйелілік,
нақтылық) сақталып жасалғанда немесе аударылғанда
ғана ол теминдік сипат ала алады. Ал калька дегеніміз кірме
сөздерді сөзбе-сөз аудару, яғни сөздің
мағыналық, тұлғалық жағын сақтай
отырып, басқа бір тілге жеткізу болып табылады. Жалпы калькалау
мәселесі бойынша тіліміздегі пікірлер әр алуан. Кейбір
ғалымдар кальканы шет тілінің құралдарымен
сөзбе-сөз аудару десе, екінші бір ғалымдар лексикалық
кірме сөздің бір түрі деп санайды. Калька кірме терминдерді ұлттық тілімізде
сөйлейтін аударма тәсілі. Оны С.Искаков: «Ана тіліміздің ішкі
мүмкіншіліктерінен жасалғандығын ескерсек,
сөзбе-сөз аудару жолымен жасалған терминдерді кірме
терминдердің қатарына жатқызу үлкен қателік» деп
көрсетіп, терминдерді аудару барысында оны аудармаға, ал жасалу
жолы мен әдісі жағынан сөзжасам тәсіліне жатқызады.
Қазақ тілінде терминжасамда калькалаудың бірнеше
түрлері бар:
1.
семантикалық калька; 2. сөзжасамдық калька; 3.
фразеологиялық калька. Сонымен бірге толық калькалар мен жартылай
калькалар болып қарастырылады. Толық калькалар дегеніміз – кірме
сөздерді толық сөзбе-сөз аудару, ал жартылай калька
сөздің жарты бөлігі аударылып, жартылай кірме тілдің
элементі сақталып аудару. Ал семантикалық тәсілде кірме
сөздің мағынасының сақтап аударылуын
көңіл бөлінсе, ал сөз
тудырушы тәсілде
сөздің құрылымдық жағы сақталып
аударылады. Қазақ тілінде бұл тәсілдермен аударылып,
тілімізде термин ретіндде қабылданып жатқан терминдер жеткілікті.
Мысалы, распоряжение–жарлық, приказ–бұйрық,
тренер–жаттықтырушы, проводник–жолсерік, пенсионер–зейнеткер, подлинник–
түпнұсқа, рынок–нарық, зарплата–жалақы.
Сонымен бірге автодорога– автожол, агенство–агенттік, авторучка–
автоқалам сөздері жартылай калкаға жатады[4, 59б].
Қазақ терминологиясын
реттеудің тұжырымдамасында былай делінген:
«
– терминдер мен атауларды жаңадан
жасауда, өзгертуде, ауыстыруды ең алдымен қазақ
тілінің төл және бұрыннан қалыптасқан
байырға лексикалық байлығын сарқа пайдалану;
-
қазақ тілінде дәл баламасы жоқ, аударуға
қолайсыз шет тілдік терминдер мен атауларды мүмкіндігінше
қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктеріне икемдеп
қабылдау».
Тілмен
жүмыс жасайтын адам қашанда қаперінен шығармауға
тиіс қағидаттар. Демек, ең алдымен, төл
сөздерімізді барынша пайдалануға тырысуымыз керек екен, ондай
сөзді таба алмаған күнде кірмені тіліміздің
заңдылықтарына қапысыз бағындырып, тяжбаны –
тәжікеге, пустякиді – бостекіге, обиданы – әбіжінге, подданы –
боданға айналдырғанымыздай етіп, өз сөзіміздей
естілетіндей етіп, қазақ сөзінің әуезділігіне, ырғағына
салқынын тигізбей, сіңістіре пайдалану жағын естен
шығармауымыз қажет[2, 23б]
– дейді ғалым.
Қазақ
терминологиясы дамуының соңғы он-он бес жылды
құрайтын жаңа кезеңінде бұрын ұзақ
жылдары бойы қолданылып, тілімізге сіңіп кеткен орыс сөздері
мен терминдерінің
көпшілігіне қазақша баламалар ұсынылды.
Мәселен, клетка, ткань, белок, председатель, совет сияқты
атауларды еш жатырқамай
қолданып келген болсақ, бір-екі ұрпақтың санасына
сіңісті болып қалған осы терминдерді жасуша, ұлпа,
ақуыз, төраға, кеңес тәрізді төл
баламаларымызбен алмастырдық. Бұл соңғы баламалар
электронды бұқаралық ақпарат құралдарында,
мерзімді басылымдарда жаппай қолданылып, көптеген
оқулықтар мен оқу құралдарында,
терминологиялық сөздіктерге енді. Орыс тіліне сол тілдің
дыбыстық-құрылымдық ерекшеліктеріне сәйкес қабылданып, ал өзге
ұлт тілдеріне дәл орыс
тіліндегі қалпын сақтап енгізілген өзге тілдер
сөздерінің де бірқатары ұлт тілдеріне аударылды.
Әр маман өз бетінше термин жасап,
оны қалауынша қолданатын болса немесе термин
шығармашылығы жылпыхалықтық,
бұқаралық сипат алып термин жасау ісі үйлестірілмей,
кәсіби тұрғыдан қолға алынбай ырқына
жіберілсе, онда терминқор қылыптастыруда жүйесіздік,
ретсіздік, жарыспалылық, тілдік нормадан ауытқушылық
сияқты көптеген кемшіліктер орын алады. Сондықтан да кез
келген тілдің ұлттық
терминологиялық қорын қалыптастыру – кәсіби
мамандардың белгілі бір жоспарлы жұмыстарды жүргізу арқылы жүзеге
асырылады. Терминология қойылатын талаптар туралы айтылғанда
терминология стандартталған, біріздендірілген, реттелген, жетілдірілген
болуы қажет деген талаптар да қойылып жатады.
Терминологиядағы жүйелілікке қол жеткізіп, аталған
талаптардың орындалуы үшін мақстатты түрде
үнемі жүргізіліп отыратын
жұмыстар бар. Терминтануда ондай жұмыстардың басын
қосып, жинақтай отырып терминологиялық жұмыстар деп
атайды. Терминологиялық жұмыстардың қатарына біріздендіру, стандарттау, реттеу,
жетілдіру, жүйелеу, нормалау сияқты жұмыс түрлері
жатқызылып келді.
Сондай-ақ
аудармадағы көптеген терминдердің терминология комиссиясы
бекіткен қазақша баламалары бола тұра, тұрақты
қолданылмайды немесе бұрынғысынша шет тіліндегі
нұсқалары жарыса қолданылып жатады. Мысалы, әлеует – потенциал, мәртебе –
статус, көлік – транспорт, мәтін – текст, бағдаршам – светофор тәрізді терминдерді осы
топқа жатқызуға болады[3, 40б].
Бұдан
шығатын қорытынды: толық балама болатын төл
сөзіміз тұрғанда, кірме сөзге артықшылық
беруіміз – ағаттық, ал ұғымның дәл
мағынасын бере алмайтын ойдан шығарылған екіұшты
сөздерді енгізбек болып әурелену –
әбестік.
Термин
түзу – бір күндік емес, мың күндік, тіл барда,
халық барда толастамайтын, тоқталмайтын жұмыс.
Көнермейтін игілікті жұмыс. Мәселен, көне
латынның қаншама сөздерінің бүгінгі күні де
талай тілдердің лексикасының төрінен орын алып,
қағаз бетінен түспей, игілікке жарап жүргені –
баршаға аян. Демек,
көненің жаңадан бетер жарқырайтын, ал
жаңаның көнеден алғысыз болып қалатын
тұстары бар. Термин түзуде мұның бәрін де ескеру
қажет.
Ұлттық терминологиямызды қалыптастыруда жалпы
қолданыстағы
аударманың алатын орны зор. Бұл арқылы біз
терминологиямызды төл тілімізде қалыптастырамыз, ғылыми
тіліміз ұлт тілінде сөйлейді, сырттан енген элементтер азаяды.
Терминологияның ұлт тілінде қалыптасуы - елдің саяси,
әлеуметтік-мәдени жағдайына да әсер ететіні белгілі.
Сондықтан терминжасам тәсілдерінде жаңа терминдер жасаумен
қатар, тіліміздегі бар дүнииені орынды қолданып, көнені
жаңартудың маңызы зор.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Құрманбайұлы Ш. Терминтану: Оқу құралы.
– Алматы: «Атлас баспасы – 2001», 2006.
2.
Юсуп К. Ресми мәтіндер аудармасы: сипаты мен ерекшелігі. – Астана: Фолиант, 2011.
3.
Қайдаров Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша
көзқарас. – Алматы: Рауан,
1993.
4.
Қарағұлова Б.С., Көшкімбаева А.С Ұлттық
терминология: қалыптасуы мен даму жолдары. Ақтөбе, 2012.