CӨЙЛЕУ ӘРЕКЕТІНДЕГІ ҚАТЫСЫМДЫҚ МӘСЕЛЕСІ

                                                                                                                                             Гульмира Алмухаметова                                                                                                                  1 курс магистр

 

Қазіргі уақытта қазақ тілді қоғамның кез келген ұлтжанды азаматын «ана тілімнің қоғамдақ қызметі, келешегі қандай? Ол заманауи білім-ғылымды игеруде сенімді құрал болып отыр ма? Оның қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін арттыру үшін қоғамда қандай іс-шаралар, қандай жағдайлар жасалып жатыр?» деген сияқты сан алуан сұрақтар толғандырып, мазалап жүргені шындық. Ал осы мәселенің барлығы айналып келгенде адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауынан келіп шағады. Яғни тілдік коммуникация арқылы. Ал коммуникация термині (латын тілінен аударғанда Communicatio - байланыс, қатынас) – араласу, ойлармен, идеялармен, деректермен бөлісу т.б. деген мағынаны береді.
 Тіл үйретудегі қатысымдық (коммуникативтік) бағытты ұстанған әдіскерлер Е.И.Пассов, А.А.Леонтьев, В.Г.Костомаров, А.Н.Щукин, М.Н.Вятютнев, Г.А.Китайгородская, Г.В.Рогова, И.Зимняя, В.А.Скалкин, Б.А.Лапидус, Н.И.Гез, Э.П.Шубин, И.Л.Бим т.б. бұл әдістің ғылыми-теориялық және әдістемелік тұрғыдан ең тиімді екендігін дәлелдеп отыр.
Бұған қатысты Е.И.Пассов: «Оқу материалын коммуникативтік бағытта ұйымдастыру мәселесі әзірге теориялық тұрғыда және оның айтылым әрекетін үйретуге қатысты проблемалары ғана қарастырылған. Ал сөйлеу әрекетінің барлық түріне қатысты коммуникативтік әдістің барлық деңгейлерде жүзеге асырылуы әлі шешімін таппаған», - деп, аталмыш мәселенің өзектілігін баса көрсетеді [1]. Қатысымдылыққа бағытталған ұстаным - тіл үйренушінің ауызша және жазбаша түрде қарым-қатынас жасай алуы үшін қажетті коммуникативтік мүмкіндіктерін тудыруға бағытталған оқыту. Қатысымдық бағыттағы ұстаным оқу жұмысының алдына қойған мақсаттарын айқындауға септігін тигізеді.

Қазақ тіл білімінде қатысымдық әдістің алғаш ғылыми негіздемесін жасаған профессор Ф.Ш.Оразбаева оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім процестерінің сөйлеу және ойлау механизмдеріне байланысты аспектілерінің әдістемелік жүйесін қалады. Ғалым: «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларына тән басты белгілер мен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі», - деген анықтама береді [2].

Қатысымдық  бағыт әуел баста тілді жеделдете оқытудың негізгі әдісі ретінде қалыптасты. Ол дайын сөйлемдерді жаттатқызу, тілдік материалды саналы түрде меңгермей, көбінесе ойланбастан қайталауға негізделгенмен, бірте-бірте оқыту мазмұны, әдіс-тәсілдері өзгеріп, толығып отырды.
Қатысымдық әдістің сипаты:  Тіл үйренуші клиент ретінде, ал оқытушы кеңесші ретінде ұйымдастырылады;  Ана тілі мүлдем қолданылмайды;  Грамматика мен лексикалық минимум индуктивті түрде беріледі;  Тіл үйренушілер мәтінді таспаға жазып, қайта тыңдап, негізгі таспамен салыстыра отырып, айтылым дағдысын қалыптастырады; Белсенді өзара әрекет жаттығулары қолданылады.

Қатысымдық бағыттағы оқу үдерісіне басты қатысушылар – оқытушы мен тіл үйренуші. Оқытушы - тіл үйренушінің әрекетін бақылаушы, түсіндіруші, ақыл-кеңес беруші, реттеуші, ал тіл үйренуші – қарым-қатынасқа түсуге бар қарқынымен ұмтылушы, ізденуші, белсенді әрекет иесі. Олардың арасындағы субъект-субъектілік қатынастар ынтымақтастыққа және тең құқықты сөйлеу серіктестігіне негізделеді. Тіл үйренушінің іскерлік, белсенділік, өзіндік шығармашылығының негізгі факторы – оның мықты оқу уәждемесі, өзіндік терең пайымдауы мен дәлелі. Оқытушы ұйымдастыратын сөйлеу әрекетінің түрлері тіл үйренушінің қатысымдық қажеттілігіне қарай уәждеме туғызуға бағытталуы тиіс.

Қатысым әрекеті арқылы сөйлеуші бір хабарды, ақпаратты ауызша баяндап, екінші біреуге түсінікті етіп жеткізеді. Оқушының қазақ тілінде ойын ауызша жеткізе білуге үйрету үшін, ең алдымен, өмірде оны екінші адаммен түсінісе біліп, ойын ауызша жеткізіп қана қоймай, оған жауап ала біліп, ұғынысып, тілдік қарым-қатынасқа түсе білуге үйрету керек. Өз ойларын ашық айта білетін  азамат тәрбиелеу [2].

Қатысым әрекетінің жүзеге асуы үшін маңызды шарт бұл – тіл мен сөздік қордың болуы, байланыстырып сөйлеу мәнері.[1] Қатысым әрекеті кезінде жазуда қарастырылмайтын  интонация, дикция, сөйлеу мәнері секілді тілдік амалдар ескеріледі. Сөйлесім әрекетінің бұл түрі көп жағдайда ым-ишара, бейвербалды амалдармен толықтырылады. Айтылымда сөйлем құрылысы, өрістетіп айтылу жақтарына қатаң талап қойылмайды. Яғни инверсия – айтылымға тән құбылыс. Айтылым монолог және диалог арқылы жүзеге асады.  Қарым-қатынас үдерісінде сөйлеушілер өздерінің ойларымен және сезімдерімен алмасады, бір-бірін жете танып, ашыла түседі, тілді одан әрі тереңірек меңгеріп, ойларын толығырақ жеткізсем деген қызығушылықтары артады. Сонымен қатар тілдік құралдарды есте сақтап, оларды қолдану заңдылықтарын меңгереді. Қарым-қатынас барысында адамдардың арасында өзара ақпарат алмасу жүзеге асырылады. Бұл жерде қарым-қатынасқа түсушілердің әрқайсысы үшін ақпараттың маңыздылығы үлкен рөл атқарады себебі «...адамдар өзара сөз алмасып қана қоймайды, сондай-ақ, ортақ мәмілеге келуге тырысады» [2]. Ал адамдардың ортақ мәмілеге келуі ақпарат жай қабылданып қана қоймай, терең сезілгенде ғана жүзеге асуы мүмкін. Сол себепті «кез-келген коммуникативтік үдеріске іс-әрекет, қарым-қатынас, таным үшеуі бірге кіреді» [3].

Сол себепті қатысымдық бағытта оқыту тіл үйренуші жеке тұлғаның әртүрлі сөйлеу жағдаяттарында қарым-қатынасқа түсуін, яғни қатысымдық құзыреттілікке ие болуын мақсат етеді. Осы мақсатқа сәйкес сөйлеу әрекетінің барлық түрі өзара байланыста қарастырыла келіп, үйренушінің тілді сапалы меңгеруіне бағытталады.  Тілді оқытудағы Е.И.Пассов қарым-қатынас жасауға қатысымдық жолмен оқытудың бес түрлі жолын көрсеткен: «Сөйлеу-ойлау белсенділігі ұстанымы; жекешелендіру ұстанымы; функционалдық ұстанымы; жағдаят ұстанымы; жаңашылдық ұстанымы» [1].  Ф.Оразбаева қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан оқытуда сүйенетін ұстанымдарға тұтастық (комплекстік); сөйлесімге қатысты басты ережелерді меңгеру; грамматикалық заңдылықтарды есте сақтауға, жазуға үйрету; сөйлесімнің түрлерін меңгеру; ынталандыру; тақырыпты игеру; сөйлеуге қатысты ішкі күшті пайдалану; орта мен жағдайды ескеруді жатқызады [2].  Кейбір ғалымдардың зерттеулеріне  қарасақ, біз қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретуде қолданылатын қатысымдық бағыттың төмендегі ұстанымдарын айқындаймыз: Бұл сөйлеуге бағыттап оқытудың тәжірибелік бағдарын айқындайды. Сабақта тіл жайында айтпау керек, сол тілдің өзін қолданысқа түсіру қажет. Яғни, алдымен грамматиканы оқытып, содан сөйлеуге көшу ең үлкен адасушылықтың белгісі. Ал біздің қазіргі дәстүрлі білім беру саласында осы қателік жіберілуде. Шет тілде сөйлеуге тек қана сөйлеу арқылы, тыңдауға тыңдай отырып, оқуға оқи отырып үйренуге болады.
        Бәрінен бұрын жаттығулар шынайы қарым-қатынас тудыруға бағытталуы тиіс. Нағыз қарым-қатынас сипаттау, мазмұндау, бір жақты монолог түріндегі айтылымда емес, топ мүшелері түгелдей қатысқан интерактивті полилогқа құрылған тілдесім кезінде жүзеге асады.
Сөйлеу әрекетінің лексикалық, грамматикалық, фонетикалық жағы болады. Бұл үшеуі сөйлеу үдерісінде өзара тығыз байланысты. Бұдан шығатын қорытынды - сөзді өзінің қолданылу формасынан бөлек игеруге болмайды. Шет тілдің лексикасын функционалдық тұрғыдан оқыту мәселесін арнайы зерттеген В.С.Коростелев: “Функционалдық – ауызша және жазбаша коммуникация процесінде не қызмет етсе, соны және қалай қызмет етсе солай меңгеру деген сөз”, - дей келіп: “Шет тілде қарым-қатынас жасауға үйретудің коммуникативтік әдісінде функционалдық принцип жетекші рөл атқарады”, - деп көрсетеді [4].  

Ұжымдық өзара әрекет ұстанымы – оқу үдерісін осындай жолмен құрған кезде тіл үйренушілер бір-бірімен белсенді қарым-қатынас жасайды, топ ішінде әркім өзін-өзі көрсетуге тырысады және әркімнің жеке жетістіктеріне басқалардың жетістіктері тікелей әсер етеді. Жеделдете оқытуда қатысым әрекетінің барлық түрлері (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім) параллель түрде кезектесіп жүріп отырады. Тілдесім - қатысым әрекетінің ең жоғары шарықтау шегі. «Тілдесім – адамдардың қоғамдық-әлеуметтік өмірде бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынасқа түсіп, өзара пікірлесуінің нәтижесінде бірінің ойын бірі ауызша да, жазбаша да түсінуі және оған жауап қайтаруы» [5]. Тіл үйренуші қатысым әрекетінің тыңдалым, жазылым, оқылым, айтылым түрлерін толық меңгерген кезде ғана өз дәрежесіндегі тілдесімге қол жеткізе алады. Қазақ тілін жеделдете үйрету тілдік тұлғаның қатысымдық құзыреттілігін дамытуды, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жоғары көтеріп, оның қолданылу аясын кеңейтуді, қарым-қатынас деңгейін көтеруді көздейді. Жеделдету жолымен тіл үйретуде ең тиімдісі - қатысымдық бағдармен оқыту екендігі бүгінгі күні дәлелденді, ендігі кезекте оқытушылардың алдына қойылатын міндет – осы бағыттағы әдістемелік шеберліктерін шыңдап, нақты нәтижелерге қол жеткізу.

Тіл үйренуші сөздік қорсыз грамматиканы қаншалықты жетік білсе де, өзінің айтайын деген ой-пікірін  тыңдаушыға ешқашан түсінікті етіп, толық жеткізе алмайды. Керісінше, сөздік қоры біршама толық кез келген өзге ұлттың өкілі өзі үйренгісі келетін тілдің грамматикасын жетік білмесе де, өз ана тілінің сөйлем құрылысына сәйкестендіріп сөздерді тізіп айтып, айтайын деген өзінің ой-пікірін әйтеуір бірдеңе қып жеткізеді.

Біз бұны айтып, тіл үйретуде тілдің құрылымдық (грамматика) жүйесіне мүлдем көңіл аудармау керек дегенді айтып отырған жоқпыз. Сөз таптары мен олардың әрқайсына тән сан алуан сөздерді практикалық амал-тәсілдермен (сөйлету, мәтін оқыту, өлең, мақал-мәтел жаттатқызу, бір-бірлерімен сұхбаттастыру т.б.) оқытқанда грамматикаға сүйенбей, жақсы нәтижеге қол жеткізу, әрине, мүмкін емес және жеделдетіп тіл үйрететін арнайы тіл үйретудің қысқаша курстарын есепке алмағанда (міне, осындай курстар тілді грамматикаға сүйенбей үйретеді), еліміздегі мемлекеттік-мемлекеттік емес сан алуан оқу орындарындағы орыстілді дәрісханаларға арналған қазақ тілі пәні мемлекеттік стандартқа сәйкес арнайы бағдарламамен жүйелі түрде өтіп, толық курсы оқытылатан болған соң, осы пәнге қатысты барлық тілдік материалдар машықтық (практикалық) сабақтарда барынша қамтылып оқытылып-үйретілуі керек екенін де жоққа шығармаймыз.

Сөз таптары мен олардың әрқайсысына қатысты грамматикалық категорияларды оқытып-үйреткен кезде тіл үйренушілердің мектептен оқып-үйренген базалық біліміне, демек, олардың өз ана тілдерінің дыбыстық жүйесі мен лексика-морфологиялық және синтаксистік-стилистикалық, қысқасы, өз ана тілдерінің немесе тіл үйретуде тірек болатын тілдің барлық тілдік материалдарын қаншалықты дәрежеде білетіндіктері үлкен көмек болады. Себебі тіл үйренушілер өз ой-пікірлерін қазақша айтып жеткізу үшін өз ана тілінде ойлап, соның негізінде сөйлем құрайды.

Қазақ тілін елімізде оқытып-үйретуде қазіргі уақытта мұндай тіл орыс тілі екені белгілі. Өз ана тілін әрі екінші тілді үйренуге тірек ретінде орыс тілінің материалдарын тілүйренуші қаншалықты білуі керек болса, қазақ тілін оқытып-үйрететін мұғалім-оқытушылар да оны олардан артық білмесе, кем білмеуге тиіс.

Әлбетте, бұл – қазақ тілі материалдарын орысша түсіндіріп-үйретіп, сабақты тек орысша жүргізу керек дегендік емес. Бұндай біліктілік немесе әдістемелік амал-тәсіл – тілүйретуші мұғалім-оқытушының сабақ жүргізу барысында қазақ тілінің кейбір қиын материалдарын орыс тілімен салғастыра түсіндіру үшін қажет және ол жақсы нәтижеге қол жеткізуіне көмектеседі.

Осы мәселеге байланысты қазақ тілін орыс тілі арқылы оқытып-үйретудің негізін қалаушылардың бірі әрі жоғары оқу орындарының орыс бөлімі студенттеріне арналған алғашқы «Қазақ тілі» оқулығының авторы – Ы. Мамановтың аса мәнді бір пікірін мысалға келтірейік.

Қазақ тілінде ілік септік иелік мағына білдіреді, сөйлемде ылғи тәуелдік формамен тіркесте келеді, Орыс тіліндегі родительный падеж иелік мағына білдіргенде ғана ілік септікпен мағынасы сәй-кес келеді. Баланың кітабы – книга мальчика. Директордың кабинеті – кабинет директора. Ағаштың жапырағы – лист дерева т.б. Мальчик боятся собаки. Волга шире Оки. Нет книги деген сөйлемдердегі сабаки, Оки, книги сөздері де родительный падеж формасында. Осы сөйлемдер қазақ тіліне бала иттен қорқады, Волга Окадан кеңірек, кітап жоқ болып аударылады. Бұл сөйлем-дердегі собаки, Оки қазақ тілінде иттен, Окадан түрінде шығыс септік формасымен берілген. Соңғы книги сөзі атау септігімен (кітап) беріледі. Он был учителем деген сөйлемдегі учителем сөзі творительный падежде. Осы сөйлемді қазақ тіліне аударғанда ол мұғалім еді болып, атау септігінде айтылады» (Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Ал., 2007 жыл. 471-бет).

Бұл пікірден орыстілді дәрісханада қазақ тілі зат есімін оқытқан кезде оның септелуіне аса мән беріп, орыс тілімен салғастыра отырып оқытып-үйрету керек екенін жақсы аңғарамыз. Бірақ осы мәселе қазақ тілін орыстілді дәрісханаларда оқытып-үйретуге арналған қазақ тілі пәнінің қазіргі қолданыстағы оқулық, оқу құралдарында онша ескерілмей келеді.

Бір есептен, бұл мәселе оқулық-оқу құралдарының міндетіне де жатпайды. Сондықтан да қазақ тілін өзге тілділерге оқытып-үйретуді жетілдіре түсу үшін және оның оқулық, оқу құралдарына қосымша ретінде әрі мұғалім-оқытушыларға көмекші құрал бола алатын және білім беру сапасы мен көптілді білімді дамытуды негіздейтін, сондай-ақ қазақ тілі құрылымын нақты мысалдар арқылы орыс тілі құрылымымен салғастыра сипаттап, екі тілдің құрылымдық (грамматикалық) ерекшеліктері мен ұқсастықтарын орыстілділердің өз ана тілінің көмегімен түсіндіретін оқу құрал-дарын немесе ғылыми-теориялық әдістемеліктерін дайындау қажет  екенін қазіргі заман талабы аңғартып отыр.

Осыны ескермегендіктен, біздің кейбір оқыту бағдарламаларымызда артық-ауыс материалдар әлі де болсын жүр. Мысалы, зат есімнің сөз тудырушы жұрнақтарын немесе кез келген туынды сөздердің қандай жұрнақтардың қатысуымен жасалатынын түсіндіру тілүйренушіге тіптен қажет емес деген ойдамыз. Тілүйренушіге сөздің қандай түбір мен қосымшадан жасалғандығын білуден гөрі, сөзді тұтастай қабылдап, әсіресе, оның тура мағынасын біліп, іс жүзінде орнымен қолдана білуі әлдеқайда пайдалы.

Сын есімнің шырай категориясы туралы да осыны айтуға болады, «анадай жұрнақтан сын есімнің мынадай шырайы жасалады» деп үйреткеннен гөрі, «қызылырақ – красноваты», «қызғылт – алый», «сарғыш – желтоватый», «көгілдір – голубой», «қаралау – почерней», «қоңырқай – коричноваты» деп, сөз мағынасын тікелей үйретіп және оларды жиі-жиі айтқызып, оларды әр сөйлемінде қолдануын қадағалап, өз ой-пікірін дұрыс айтып-жеткізуге машықтандыру әлдеқайда тиімді.

Кез келген тіл үйренушінің айтайын деген өз ой-пікірін тыңдаушыға емін-еркін жеткізуі үшін жеткілікті мөлшерде іс-қимыл атауларын, яғни етістіктерді көп білуі және оларды өмірде (практикада) пайдалана алуы маңызды. Сол себептен тіл үйрету сабақ-тарында етістікке және оның сан алуан категорияларына мол орын беріледі.

Бір қарағанда оның қай категориясы болмасын, тілүйренуші үшін аса қажетті сияқты болып көрінеді. Бірақ осы етістікті оқытуда да артық-ауыс материалдар бар екені аңғарылады. Әсіресе, етіс тудыратын жұрнақтарды және туынды етістіктердің жасалуын оқытып-үйрету, біздің ойымызша, артық. Одан да, кемінде жүз етістік жаттатып, солар бойынша түрлі машықтық жұмыстар жүргізіп, сол етістіктерді түрлі жағдайда (көсемше, есімше т.б тұлғада) жеке-ше-көпше, жақтық-шақтық тұрғыдан талдату жақсы нәтиже бере-тіні сөзсіз.

Тіл үйренушілерге тілдік материалдарды дұрыс игерту үшін көрнекілікті пайдаланудың тиімділігі ерекше. Бұған үлкен мән беріп, грамматиканы оқытуға арналған түрлі схемалар мен кестелерді сабақ тақырыбына барынша сай етіп, сауатты жасап, көмекші құрал ретінде пайдалану жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Тілі үйрету сабағы оқытып-жазғызу, тыңдатып-сөйлету, грамматикалық ережелерді меңгерту сияқты бөлімдерден құралатыны анық. Сондықтан өзге ұлт өкілдері мен өз тілін білмейтін қандастарымызға арналған қазақ тілін оқыту әдістемесінің жаттығулары жаңағы аталған заңдылықтарға сәйкес жүргізілуі тиіс.

Осыған орай, оқыту, тіл үйрету үрдісімізде дәстүрлі әдіске айналған амал-тәсілдерді үнемі пайдалана отырып, ең бірінші кезекте: тілдік амал-тәсілдердің ережелерін айту, түсіндіру, оларға мысал келтіріп, тақтаға жазып көрсету, содан соң тілдік материалдар барынша қамтылған мәтінді ауызша дауыстап оқытып, орысшаға аударту, оның мазмұнын қазақша айтқызу, мәтін мазмұнына орай сұрақ қойғызу, оған жауап дайындату т.б. жұмыстарды басшылыққа алындады. Сонымен қатар жаңа мәтіндегі бейтаныс сөздердің орысша аудармасын үнемі таныстырып, сөздік жұмысын жүргізіп отыру керек.

Тіл үйретуде мәтіннің алар орны ерекше. Тіл үйренушінің білім деңгейіне лайықталған мәтін арқылы олардың сөздік қорын одан әрі дамытуға болады. Сөздік қорсыз грамматиканы қаншалықты жетік білсе де, тілүйренуші өз ойын тыңдаушыға толық жеткізе алмайды. Жаңадан үйретілетін сөздер мен сөз тіркестері тілүйренушінің алдағы өміріне қажетті болуы керек. Мәселен, күнделікті сөйлеу тіліне  (қарым-қатынас тіліне, кәсібіне, мамандығына).

Қазір біз тіліміздің табиғи болмысына жат, бөгде тілдік дыбыстар мен дыбыс тіркесімдерінен тұратын сөздерге қазақша қосымшаны қиналып жалғап, не орысша, не қазақша емес, дүбәра сөзге айналдырып, тілімізді бұрап сөйлеп-жазумен қоймай, қазақ сөздеріне де орыс тілінің қосымшаларын жалғауды дәстүрге енгіздік. Бұған көп мысал келтіріп жатпай-ақ, аты-жөнімізге, яғни тегімізге жалғанып жүрген орыстың «ов», «ев», «ин» қосымшаларын ғана мысалға келтірсек жеткілікті болар. Тек осы қосымша-лардың өздерінің ғана тіліміздің ұлы заңдарын ала тайдай бүлдіріп, ойран салып жүргенін көпшілік сезе бермейді-ау!

Мәселен, Алматы қаласы көліктерінің билет тексерушулері: «Келесі аялдама Сейфуллина, Байтұрсынова, Әуезова» немесе «Мұратбаева, Жарокова, Қалдаяқова бар ма?» деп хабарлап-сұрап жататындарына мән бердік пе? Біздің ойымызша, бұл – мысалға келтірілген жаңағы қосымшалардың психолингвистикалық әсерінен туындап жатыр. Қазақ сөзіне жалғанған орысша қосымша өзінен кейін міндетті түрде орысша қосымшаның келуін қажет етіп, қазақтілді билет тексерушілерге «Келесі аялдама Сейфуллин көшесі» немесе «Сейфуллиннен түсетін бар ма?» дегізбей тұр. Осы секілді тағы басқа да орыс тілінің сан алуан жағымсыз ықпалы ауызекі тілімізге  ғана емес, жазба тілімізге де әсер етіп жатыр.

Осы секілді қате қолданыстар қазіргі жай сөйлемдеріміздің синтаксистік құрылымынан да жиі көрініп қап жүр. Соңғы кезде көшелердегі жарнамалар мен газет-журналдар, қайсыбір кітап беттерінен қате жазылған сөздерді, орынсыз сөз қолданыстарды, дұрыс құрылмаған сөйлемдерді жиі ұшырастыратын болдық. Мүмкін, бұның бір себебі – тіліміздің ереже-қағидаларын, заңдылықтарын жетік білмейтін аудармашылардың орашолақтығынан болар, бәлкім, тілдің дұрыс жазылуын қадағалайтындардың өз міндеттеріне салғырт қарайтынынан ба екен, кім білсін, әйтеуір бұрын кеңестік дәуірде көзге онша шалына бермейтін қателіктер кейінгі кезде тым өрбіп кетті.


 
Пйдаланылған ә
дебиеттер тізімі:

1. Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному говорению. – М., 1985.
1988. 
2. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі.-Алматы, 2000.– М., 1989.
3. Коростелев В.С. Основы функционального обучения иноязычной лексике. – Воронеж, 1990.
4.  Китайгородская Г.А. Мосты доверия. Интенсивный курс русского языка. - Книга для преподавателя. - Москва, 1993.
5. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас. – Алматы, 2005.