Филологические науки/8. Родной язык и литература 

Филогия ғылымдарының кандидаты Акатаева Ш.Б.,

І курс МЭ-12 тобының студенті Қасым Ф.

Қарағанды қ., Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті

Махамбет және ұлттық рух

Бұқарашылдық идеясын айқын танытып, қазақ қауымындағы таптың, қайшылықтың шиеленіскен кезін, хан - феодалдар мен еңбекші халық арасындағы кескілескен күресті нағыз шындық тұрғысында жырлаған Махамбет - езілген елдің жоғын жоқтап, ар - намысын қорғаған күрескер ақын, Исатай бастаған шаруалар қозғалысына қатысып, сол қозғалыстың ең бір табанды сарбазы, жалынды үгітшісі, еліне, халқына беріліп, шыбын - жанын пида еткен асыл ер.

« Ереуіл атқа ер салу, егеулі найза қолға алу, алты малтаны ас қылып, ат үстінде күн көріп, ашаршылық шөл көре жүріп, жаудан кек алу, халықтың арын, жерін қорғап, оған қызмет ету, ел өмірін ойлау Махамбеттің басты арманы.[1.6]

XIX ғасырдың орта шенінен бастап, күні бүгінге дейін баршамыздың қанымызға араласып, жігерлендіретін, әлдеқандай рухқа жетелейтін ғаламат нәрсе Махамбет поэзиясындағы рух. Ондағы өрлік пен ерлік. көмескіленбейтін  оптимизм.

Исатай көтерілісін бастан аяқ жырлау арқылы Махамбет сол тарихи оқиғаның шындық көрінісін түгел көз алдыңа елестетеді. Мысалы : «Соғыс» атты өлеңінде ақын көтерілісшілердің дүбірін, алғаш бас қосып, жауға қарсы аттанған сәттерін жырлағанын мына үзіндіден байқауымызға болады :

« Әскер жиып аттандық.

Бекетай еді тұрағым.

Айқайлап жауға тигенде,

«Ағатай беріш» ұраным

Жау қарасы көрінді,

Жиылған әскер бүлінді.

Исатай басшы, мен - қосшы ...» [2.12] деп ереуіл батырларының өжеттіктерін, батылдықтарын сонымен қатар Исатай басшының қайсарлығын, ерлігін өршіл үмітпен жырлайды.

Ақын « Ұлы арман » атты өлеңінде  көтеріліс туын қайта көтеріп, жауға қарсы аттанар   күш   көрсетер   күнді   аңсайды.   Халықтың   ар   -   намысын   оятып, көтеріліске үндеп, жаудан кек алуды алға қояды. « Әр айна »,  

« Мұңайма», « Нарын » атты өлеңдерінде де ақынның осы бір мақсаты айқын сезіледі. Алты алаш - қалың елді түгел көтеріп, олардың тізгінін өз қолына алар күн туса, хан ұлы мен нөкерлеріне көрсетері көп екенін жасырмайды :« Махамбеттей мұңдыға,

Енді келер күн қайда

Ханға құрған шатырды,

Сүңгімен   үртіп ашарға...»[3.21]

Махамбет ақындық мақсатын ел мүддесімен ұштастыра білді. Халық қамы үшін атқа мініп, жауына қарсы өзінің  жалынды сөзін оғымен қатар жұмсады. Ақынның өжет сөздері батырдың беліндегі ақ семсер, алмас қылыштай қиып  түсер өткір қарудан кем емес еді. Махамбеттің тілегі, ісі, жүрегі халықтан еш уақыт бөлінген емес. Керісінше, халықтың, көтерілісшілердің қалың қауымының мүддесімен ұштасып жатыр.

Махамбеттің қай өлеңін алсақ та, жауының жанына жара, бетіне таңба салатын өткір тілді ақын бейнесі, найзасы жарқылдаған батыр келбеті көзге елестейді. Ақын : «Атадан туған аруақты ер, жауды көрсе жапырар», Үдей соққан дауылдай» , - деп, өзі тапқандай, «Асыл ердің баласы жауды көрсе шыдамай, көзін салар қияға» қаһарлы ер бейнесінде көрінеді. Махамбет Шалкиіз және оның алды - артында ғұмыр кешкен ұлы жыраулардың, онда да әлемдік поэзияда айрықша орынды еншілеген, адамзат баласы өмірінен жалпы адамзаттық құндылықтарға өлшеусіз үлес қосқан адами сананың кемелдікке ұмтылған кесектігін кескіндеген, ақсүйектік пен бекзаттыққа саф алтындай тазалыққа негізделген ғажайып толғау - жырларын өзі өмір кешкен ортада насихаттай білді. Ақын тек соларға еліктеп қана қойған жоқ олардағы өршіл рухты поэзияға арқау етті.

Махамбеттің өзі пір тұтқан ұлы жыраулар мұрасы оған қиын - қыстау күн туып, қалың жұрты біртін - біртін еркіндігінен айрыла бастаған тұста ұлттық рухты оятар сана сілкінісі мен сана серпілісіне бастар қасиетті тұмардай болды.

«Рухы төмен ел -жетім, тарихы жұтаң жұрт - жетім » демекші Махамбеттің мына өлең жолдарында елдің, рухын көтерер жалынды жырларына назар аударсақ :

« Би мен бектің сәні жоқ,

Елін  қорғай алмаса,

Тура жолға    салмаса

Ыстығына күймесе,

Суығына тоңбаса.

Батырлықтың сәні жоқ

Түн  ұйқысын төрт бөліп,

Елерген тұлпар ерттеліп,

Толғаулы найза қолға алып,

Тұйғын құстай толғанып,

Сары садақ асынып,

Егескен жауды қашырып,

Ұлын қорып   жауынан,

Ереулеген егер дауынан,

Тұтамдап   оқ жонбаса;

Бәрін айтпа бірін айт,

Ұғынар мұны ел қайда,

Елді  бастар ер қайда,

Аға –сұлтан абыздар,

Еліңді  қамап көрге айда,

Барса келмес жерге айда.

Күш  кеткен соң қолыңнан,

Зарлаудан сарнау не пайда ? »[3.23]деген өлең жолдарында халқын, ерлерді батырлыққа, өжеттілікке, қайсарлыққа үндейді. Бұдан біз Махамбеттің рухын, азаматтық рухын байқаймыз.

Қорыта айтқанда Махамбет өлеңдеріндегі ұлттық рух, ерлік, өжеттілік, қайсарлық күні бүгінге дейін  халық жадында. Мұхтар Әуезов:»Бүкіл ХІХ ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей көп жырлаған өзгеше ақын болған емес» [4.73],десе, Қ.Жұмалиев: «Махамбет өлеңдерінде қамшының өзегіндей тартылып жатқан идея –қанаушы тап өкілдеріне қарсы өзінің және халықтың өшпенділігін, олармен еш уақытта келісімге келмейтін жеріне жеткізе жырлаушылық. Сол дәуірде алсақ та бұл мәселеге бүкіл шығыс елінде Махамбетпен ешкім таласа алмайды»,-деп бағалайды. [5.21]

Махамбет поэзиясына тән өжеттік, өрлік, өткір сын, әр кезде де кейінгі жастарға үлгі. Ақынның бітім тұлға-тұрпаты, ісі, сөзі - бәрі ерліктің мәңгі символы деуге болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1 Мұхтар Мағауин. «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет».-Алматы:Ана тілі,  1992 ж.

2 Сүйіншәлиев X . XVIII – XІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті.-Алматы:Ана тілі, 1998 ж.

3 «Ұлы арман» (XV– XVІІІ ғасырдағы қазақ поэзиясы).-Алматы:Рауан, 1990 ж.

4 Әуезов. М. Жиырма томдық  шығармалар жинағы 15 том. Алматы. 1984.

5 Жұмалиев Қ. « XVIII - XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті ».- Алматы. 1967.