ӘОЖ 347.41

 

АЗАМАТТАРДЫҢ ӨМІРІ МЕН ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЗИЯН КЕЛТІРУ САЛДАРЫНАН ТУЫНДАЙТЫН МІНДЕТТЕМЕЛЕРДІҢ МӘНІ ЖӘНЕ ТҮСІНІГІ

 

Нурманов Серик, магистрант

Байтерекова К.Б. аға оқытушы

Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті

Шымкент қ., Қазақстан

 

Қоғамда әрқашан адамдардың бір–бірімен және қоршаған ортаның заттарымен әсерлесуі байқалып отырады. Кейбір жағдайларда олар қарқынды жүріп отыратындықтан, олардың салдарын болжау мүмкін емес. Осындай әсерлесудің нәтижесінде азаматтардың мүліктік және мүліктік емес игіліктеріне зиян келтірілуі оқтын-оқтын кездесіп отырады. Ол сәтсіз жағдайдың немесе біреудің қасақана пиғылының, абайсыздығының немесе табиғаттың дүлей күштерінің нәтижесі болуы мүмкін. Осы жағдайда, зиянның орнын толтыру ауыртпалығын кім көтеру керек: зардап шеккен тұлға ма немесе зиян  келтіруші тұлға ма немесе зардап шегуші де, зиян келтіруші де  болып табылмайтын үшінші тұлға ма, осы мәселені анықтау қажеттігі туады.

       Келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін азаматтар сақтандыру жағдайы – науқастану, өлім, от т.с.с. туған сәтімен келтірілген зиянның болмағанда белгілі бір бөлігін сақтандырушыларға жүктеуге тырысады. Кейде жәбірленуші кеш болғанда, олардың көмегіне жүгіну қажеттілігі болмағанда яғни, зиян келтіліргенде есін жинайды. Сонымен қатар қандай болмасын есептеу әдістерін қолдану арқылы есептеп, болуы мүмкін барлық сақтандыру жағдайларын алдын алуға мүмкін емес және ол сақтанушы үшін материалдық жағынан қиын жағдайда әкеп соғуы мүмкін және егер тәуекел сақтандырылған жағдайда сақтандыру жағдайы туғаннан кейін сақтандырушы зиянның орнын толығымен толтырмайтын мысалдар көптеп кездеседі. Зейнетақылық жәрдемге де қол созу қазіргі Қазақстан Республикасының экономикалық жағдайын ескере отырып қажеттілігінің шамалылығын байқауға болады.

Жалпы қорыта айтқанда, зиян келттірілген жағдайда зиян кімге келтірілгені немесе зиян қандай сипатта болғанына қарамастан зиянның орны тек қана бір: сақтандыру немесе зейнетақылық қамсыздандыру институтымен  толтырылуы мүмкін емес. Сондықтан қойылған нәтижеге барынша жету үшін әр түрлі  құқықтық институттарды пайдалану керек. Олардың ішінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер институты ерекше орынды алады. 

Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 47-тарауы Зиян келтірудің салдарынан туындайтын міндеттемелер деп аталады. Бұл тарау 4 бөлімнен тұрады [1, 16 б]. 1-бөлімде жалпы ережелер көрсетілген, 2-бөлімде азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, 3-бөлімде тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің жеткіліксіздігі салдарынан келтірген зиянды өтеу, 4-бөлімде моральдық зиянды өтеу туралы нормалар көзделген.     

Зиян келтіру, өзге де азаматтың денсаулығының бұзылуы және оны өмірінен айыру бір қатар ерекшеліктері мен сипатталатын зиянды өтеу бойынша міндеттемелер тудырады. Аталған жағдай әдетте Қазақстан Республикасының заңнамасында ерекше деликт қатарына жатқызылады және бұл қатынастар Азаматтық кодексінің нормаларымен қатар арнайы құқықтық актілерімен реттеледі. Бұл актілердің ішінде ерекше орынды – “Жұмысшылар мен қызметшілерге еңбек атқаруына байланысты мертігіп қалған жағдайда  немесе денсаулығына басқаша зақым келгенде, олардың шеккен зиянын меншіктің барлық нысанындағы кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың өтеуі жөнінде Ереже” 17 наурыз 1993 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер кабинетімен бекітілген Қаулысы және “Соттардың денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі республика заңдарын қолданудың кейбір мәселелері” туралы ҚР Жоғарғы  Сотының  Қаулысы алады.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелерді реттейтін КСРО, ҚазССР, Қазақстан Республикасының заңнамаларын қарастыра отырып, азаматтық құқықтық жауапкершіліктің тарихи кезеңдерді ескере отырып даму тенденциясын анықтап көрейік.
Қазақстан Республикасының 1995 жылы қабылданған Конституциясына сәйкес Қазақстан демократиялық мемлекет ретінде жарияланды. [2, 4 б].  Бұл Конституцияда мемлекеттің тікелей халық мүддесі үшін қызмет ететіні және құқықтық мемлекеттің қағидалары бекітілген. Тек осы Конституцияның қабылдануымен қоғамдық қатынастарда, заң салаларында нәтижелі реформалар жүргізіле бастады.
Мүліктік қатынастар өзгере бастады: тек қана жеке қажеттіліктер үшін пайдаланатын мүлік - табыс әкелетін кәсіпкерлік қызметтің құралы ретінде пайдалана бастады. Еңбек  қатынастары да өзге сипатқа ие болды. ҚСРО-ның “ҚСРО-да кооперация туралы” Заңында жалдамалы еңбекті пайдалану мүмкіндігі қарастырылған және кәсіпкерлік қызметті реттеу саласында заңдардың дамуы, нарықтық қатынастардың дамуы, жалдамалы жұмысшылардың пайда болуы, олардың кәсіптік, іскерлік мүмкіндіктерін пайдаланғаны үшін жалдамалы жұмысшыларға төленетін ақының кірістеріне айналуы зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер туралы бір қатар нормалардың өзгеруіне әкеп соқты [3, 26 б].
Алдымен, бұл КСРО-ның және одақтас республикалардың азаматтық заңнамаларында Қазақ ССР-ның Азаматтық кодексінде сонымен қатар, “Қылмыстық іс-әрекеттерден зиян шеккен азаматтарды емдеуге кеткен шығындардың орнын толтыру туралы” 1973 жылы 31 тамызда қабылданған КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығында, “Қылмыстық іс-әрекеттерден зиян шеккен азаматтарды стационарлық емдеуге кеткен шығындарды есептеу үшін ставкаларды бекіту туралы” 1973 жылы 31 тамызда қабылданған КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулысында азаматтардың өмірі мен денсаулығына қылмыстық іс-әрекетпен келтірілген зиянды өтеу туралы нормалар рәсімделген. КСРО Жоғары Сот Пленумының Қаулылары да осы салада бір қатар мәселелерді шешіп отырды. Атап айтсақ, “Денсаулықты зақымдау арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша сот практикасы туралы” 5 қыркүйек 1986 жылғы №13 КСРО Жоғарғы Сот Пленумының Қаулысы қызметтік еңбек міндеттерін атқару кезінде денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы мәселелер қарастырған.
         Қазақстан Республикасында азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мәселелері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының бірқатар қаулыларында қарастырылған. Оларға “Қылмыстардан зиян шеккен тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін заңдарды қолдану практикасы туралы” 24 сәуір 1992 жылғы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының №13 Қаулысы, “Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қол сұғушылық үшін жауапкершілікті белгілейтін заңдарды соттармен қолдану туралы” 23 желтоқсан 1994 жылғы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының №13 Қаулысы  және басқа актілер жатады. Жоғарыда көрсетілген актілерге қарамастан келтірілген зиянды өтеу аясында туындайтын қатынастарды реттейтін нормативтік база жеткіліксіз деп есептеуге болады.    
         “Жұмысшылар мен қызметшілерге еңбек атқаруына байланысты мертігіп қалған жағдайда немесе денсаулығына басқаша зақым келгенде олардың шеккен зиянын меншіктің барлық нысанындағы кәсіпорындардың, мекемелердің,  ұйымдардың  өтеуі  жөнінде Ереже” 17 наурыз 1993 жылғы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің №201  Қаулысы қойылған мәселелерді шешпейді, себебі жұмыс беруші мен жұмысшы бір-бірімен өзіндік құқықтар мен міндеттер арқылы байланысты, сондықтан бұл заңды ұқсастығы бойынша басқа қатынастарға қолданған жағдайда кемшіліктер пайда болуы мүмкін [4, 48 б].
 Зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелерді деликтілік міндеттемелер деп те атайды. Бірақ бұл атау дәл емес, себебі аталған міндеттемелер әрқашан құқық бұзушылықтың негізінде туындамайды. Бұл міндеттемелерді кейбір жағдайларда зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер пайда болатынына, ал екіншісінде міндеттеменің функционалдық мақсатына көңіл бөлінеді.  Егер міндеттеменің негізін анықтау қажеттігі туындаса, зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттеме термині қолданылады, ал егер міндеттеменің нысаналы мақсатын анықтау қажеттілігі туындаса зиянның орнын толтыру бойынша міндеттеме термині кеңірек қолданылады. Бірақ бұл екі терминдер тек бір ғана міндеттемені білдіреді. Дегенмен, бұл терминологиялық ерекшеліктерінде олардың шын мәнінде ерекшеліктері байқалады.    
Зиян келтіргені үшін туындайтын міндеттемелер шарттық емес міндеттемелер қатарына жатады, себебі олар келісім-шарттың негізінде емес, бір тұлғаның басқа бір тұлғаға зиян келтіру фактісі негізінде пайда болады. Шарттық емес міндеттемелер жақтардың келісімі негізінде емес, заңда көзделген фактілер негізінде, яғни азаматтардың мүліктік емес игіліктеріне зиян келтірілген жағдайда туындайды. Сонымен бірге бұл міндеттемелер заңда көзделген азаматтық құқықтық міндеттемелерге қойылатын талаптарға  жауап береді себебі, біріншіден, Азаматтық кодекстің 268-бабында көрсетілген міндеттеменің анықтамасына сәйкес келеді, яғни бұл міндеттемелерде борышкер болып табылатын тұлға, яғни зиян келтіруші келтірген зиянның орнын толтыруға міндеттенеді, ал жәбірленуші келтірілген зиянның орнын толтыруын талап етуге құқылы. Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелерге Азаматтық кодекстің 47-тарауында көзделген нормаларға қайшы келмейтін міндеттемелер  туралы  жалпы ережелер қолданылуы мүмкін.
Шарттық емес міндеттемелерге тән қасиет олар қатысушылардың еріктерінің келісімінсіз пайда болады, сондықтан шарттық емес міндеттеменің сипаты мен мазмұны көбіне нормативтік құқықтық актілермен немесе бұл міндеттеменің субъектісінің еркімен кейбір жағдайларда бұл шарттық емес міндеттемелердің қатысушысы болады.
Бұл міндеттемелердің субъектілік құрамы несие беруші, яғни зиян шегушіден және борышкер яғни зиян келтірушіден тұрады. Бұл міндеттемелік қатынасқа қатысушылар ретінде жеке азаматтар, заңды тұлғалар және мемлекет болуы мүмкін. Аталған субъектілік құрамда несие беруші мен борышкердің орны ауысуы мүмкін, яғни регресс тәртібінде негізгі міндеттеме бойынша борышкер болып табылатын тұлға регрестік міндеттемеде несие беруші болып табылады. Мысалы, зиян бірлесіп келтірілгенде бірлесіп зиян келтірушілер жалпы ереже бойынша жәбірленушінің алдында үлестік жауапкершілікте болады. Егер олардың біреуі келтірген зиянның орнын толтырса, басқа зиян келтірушілерге қатысты ол несие беруші болып табылады. 
Міндеттемелерде жақтары ретінде заңды тұлғалар болып табылатын құқықтық қатынастарда зиянның орнын толтыру тәртібін ерекше атап өту қажет. Заңды  тұлғалардың қызметі әр түрлі сипатта болады. Ол жедел шаруашылық, әлеуметтік-мәдени, біліктік, айналасындағыларға жоғары қауіп туғызатын қызметте көрінуі мүмкін. Бірақ заңды тұлғалардың қызметі қандай сипатта болмасын, ол әр қашан жұмысшыларының, мүшелерінің, қызметкерлерінің т.с.с. мінез-құлқында көрініс табады. Демек аталған тұлғаларға белгілі бір әрекеттерді жүзеге асыру міндеті жүктелген болса, бірақ бұл міндеттер атқарылмаса, мысалы, азаматтардың өміріне денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіретін кәсіпорынды эксплуатациялауды тоқтатуға шаралар қолданбаған жағдайда қозғалуы қажет.
Сондықтан, заңды тұлғаны келтірілген зиянды өтеуге міндетті деп тану үшін оның жұмысшыларының, қызметкерлерінің, мүшелерінің әрекеттерінде заңды тұлғаның қызметі көрініс табатынын анықтау қажет. Азаматтық кодекстің 921 – бабында, заңды тұлға немесе азамат өзінің қызметкері еңбек (қызметтік, лауазымдық) міндеттерін атқару кезінде келтірілген зиянды өтейді, деп көрсетілген. 921 бапта көзделген құқықтық норма бұрынғы заңнамада көзделген болатын, атап айтқанда КСРО-ның Азаматтық кодекстің 443- бабының 3 - бөлігінде, мекеме оның жұмысшыларының кінәсімен өздерінің еңбек міндеттерін жүзеге асыру барысында келтірілген зиянды өтеу тиіс, деп көрсетілген. Аталған нормамен салыстырғанда Азаматтық Кодекстің 921 бабында көрсетілген жауапкершіліктің субъектілік құрамы кеңейтілген себебі онда тек заңды тұлғаның ғана емес, сонымен қатар азаматтардың жауапкершілігі туралы айтылып тұр. Бұрынғы және жаңа нормалардың негізгі мазмұны өзінің еңбек міндеттерін атқаруда көрінетін жұмысшының зиянды әрекеттері жұмыс берушінің (заңды тұлғаның немесе азаматтың) әрекеттері ретінде есептеледі. Демек, аталған ереже сақталғанда заңды тұлға немесе азамат басқа біреудің емес өзінің әрекеттері үшін жауап береді.
         Кеңестік заңнаманың әрекет етуі кезінде сот практикасы зиянның орнын толтыру міндеттемесін жұмысшы зиянды мекеменің аумағында, жұмыс уақытында келтірілгеннің негізінде мекемеге жүктейтін. Қазір де бұл практика қолданылып келе жатыр.
         Бұрынғы Азаматтық Кодекске қарағанда жаңа Азаматтық Кодекс қызметкердің ресми түсінігін береді. Азаматтық Кодекстің 921-бабының 2-тармағына сәйкес, қызметкерлер деп жұмысты еңбек шартының (келісім-шарттың) негізінде, сондай-ақ азаматтық-құқықтық шарттың негізінде орындаған, егер бұл ретте жұмыстарды қауіпсіз жүргізу үшін жауапты тиісті заңды тұлғаның немесе азаматтың тапсырмасымен және бақылаумен іс-әрекет жасауға міндетті болған азаматтар танылады.
         Сонымен қатар, аталған түсінікке кірмейтін тұлғалардың жауапкершілік негіздері көрсетілген, яғни, шаруашылық серіктестіктері, акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтің өздерінің қатысушылары (мүшелері) серіктестік, акционерлік қоғамның немесе кооперативтің кәсіпкерлік-өндірістік немесе өзге де қызметін жүзеге асыруы кезінде соңғылары келтірілген зиянды өтейді.

         Зиян келтіруші тұлға заңда көзделген ретте заңды тұлғаның алдында регресс тәртібінде жауапты болады. Бірақ, егер зиян келтірушінің әрекетінде заңды тұлғаның қызметі көрінбесе, зиянды өтеу міндеті тікелей зиян келтірушіге жүктеледі, заңды тұлғаға бұл міндет жүктелмейді. Демек, жұмысшы жеке еңбек шартында көзделген міндеттерін атқару керек. Егер ол бұл шектен асып кететін болса, яғни, міндеттерін атқаруына байланысты емес өзге әрекеттерді жасаса, жұмыс берушінің бұл жағдайда жауапкершілігі туындамайды мысалы, егер жұмысшы өзінің жұмыс орнына өндіріске қатысы жоқ жарылғыш затты әкеліп оны жарып алды. Нәтижесінде жарылғыш заттың бөлшегі басқа жұмысшының денесіне тиіп оның денсаулығына зиян келтірілді. Бұл мысалда жұмыс берушінің қызметі жұмысшының әрекеттерінде көрінбегендіктен, жұмысшының еңбек міндеттемелерін атқаруына байланысты емес әрекеттерді жасағаны үшін өзі жеке жауап береді. Көп жағдайларда азматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелердің субъектілік құрамында, яғни несие берушінің немесе борышкердің жағында тұлғалардың көптігі орын алуы мүмкін.  Тұлғалардың көптігі орын алған міндеттеме зиян егер бірнеше тұлғамен келтірілсе,  және бір әрекетпен немесе әректсіздікпен.

         Ал егер химиялық өндірісте жұмысшы қауіпсіздік шараларын сақтамауы нәтижесінде белгілі бір химиялық буланатын улы затты оны сақтау ережелерін бұзу арқылы арнайы қоймаға сақтамай ашық бөлмеде тастап кетті. Бұл әрекетсіздіктің нәтижесінде асырауында 2 жас баласы болған бір жұмысшы улы заттан уланып қайтыс болды. Осы екі баланың мүддесін қорғау мақсатында, кәсіпорынға асыраушының қайтыс болуына байланысты  келтірілген зиянды өтеу туралы талап арыз қойылды. Бұл жағдайда, зиян келтіруші жұмысшының әрекеттерінде кәсіпорынның қызметі көрінетіндіктен, зиянды өтеу міндеттемесі кәсіпорындарға жүктелді. Қауіпсіздік шараларын бұзған жұмысшы кәсіпорынның алдында регресс тәртібі бойынша жауап береді. Заңды тұлғаның өзінің әрекетсіздігі туралы сөз бірнеше тұлғаларға зиян келтірілген жағдайларда пайда болуы бірнеше тұлғаларға зиян келтірілген жағдайларда пайда болуы мүмкін. Кейде тұлғалар көптігі аралас түрінде пайда болуы мүмкін. Сондықтан міндеттеме үлестік немесе ынтымақты болып табылатындығын анықтау үшін бірнеше несие беруші немесе бірнеше борышқор қатысатын міндеттемелерге қатысты жалпы ережелерді, (АК 286-бап, 287-бап, 288-бап) азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелерге қатысты нормаларды қолдана отырып сот практикасын есепке алып отыру керек. Мысалы, егер зиянды бірнеше кәмелетке толмағандар келтірсе, зиянды өтеу міндеттемесі жүктелетін ұйымдар мен азаматтар жәбірленушінің алдында ынтымақты емес үлестік қатынаста жауап береді деген ереже сот практикасымен қалыптастырылған. Бұл ереже кәмелетке толмағандардың өздері келтірілген зиян үшін жауап бермейтін жағдайда (АК 925-бап, 1-3 т.), және олардың өздері жауап беретін жағдайда, бірақ Азаматтық кодекстің 926-бабының 2-тармағында көзделген тұлғаларға субсидиарлы жауапкершілік жүктелгенде қолданылады.

         Азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелердің мазмұны болып табылатын тараптардың құқықтары мен міндеттері 3-тарауда ашылатын болады. Аталған міндеттеменің пәні болып зиян келтірілген жәбірленушінің мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктерін қалпына келтіруге бағытталған, зиянның толық өтелуін қамтамасыз ететін зиян келтірушінің әрекеті табылады. Сонымен, азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер дегеніміз жәбірленушінің абсолюттік сипаттағы жеке мүліктік емес құқықтарын бұзу нәтижесінде туындайтын, заң мен зиянды өтеу міндеті жүктелген зиян келтірушінің немесе өзге де тұлғалардың бұл құқықтарды толық қалпына келтіруді қамтамасыз етуге бағытталған шарттық емес міндеттемелерді айтамыз.

 

Әдебиеттер

 

1  ҚР Азаматтық кодексі, Жалпы және Ерекше бөлім. Алматы, 2002 ж.

2  Қазақстан Республикасының Конституциясы. 30 тамыз 1995 ж.

3  “ҚСРО-да кооперация туралы” Заңы 1973 ж.

4   17 наурыз 1993 жылғы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің №201  Қаулысы