ӘОЖ 347.41

 

АЗАМАТТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА КЕЛТІРІЛГЕН ЗИЯННЫҢ КӨЛЕМІН АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ОНЫ ӨТЕУ ТӘРТІБІ

 

Нурманов Серик, магистрант

Байтерекова К.Б. аға оқытушы

Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті

Шымкент қ., Қазақстан

 

Азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер азаматтардың мүліктік қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған әмбебап құрал мәртебесіне ие болу керек. Себебі, тек азаматтық құқық құқықтық қатынасқа қатысушылардың мүдделерінің үйлесімді балансын қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда шарттық және деликтілік жауапкершілік туралы нормаларын корреспонденциялау шектері кеңейтілген. Атап айтсақ Қазақ ССР АК-інде болмаған норма ҚР АК-нің 977-бабының 3-тармағында көзделген: “Осы бапқа сәйкес жәбірлеушіге тиесілі өтемнің көлемі мен мөлшері заң актілерімен немесе шартпен көбейтілуі мүмкін”.

Осылай Г.А.Жайлин келтірілген зиянды көбейтілген көлемде өтеу туралы келісімнің қазіргі таңда маңыздылығын атап өткен. Бұл келісімдер осы салада құқықты қолданудың тиімділігі дәрежесінің жоғарылауына септігін тигізетін еді, себебі, соттың қадағалауында жасалатын зиянды өтеу туралы келісімдер белгілі бір жағдайлардың ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік беретін еді. Аталған келісімдердің қажеттілігі тек қана зиянды өтеудің көлеміне байланысты емес. Ол сонымен қатар деликтілік құқықтық қатынастардың мазмұнымен қамтылатын шарттарды нақтылауға кейбір жағдайларда құқықтық қатынастардың мазмұнын нақтылауға септігін тигізеді. Мысалы, Римнің жеке құқығында кек сақтаушылық кезеңі оны зиянды өтеу туралы келісім кезеңімен алмасты, кейін міндетті өтемдер белгілеу яғни, (ХІІ тақта заңдарында көрініс тапқан) кектен бас тартуға міндетті болған жәбірленушіге төленетін айыппұлдар рәсімделе бастады [1, 73 б].

Қазіргі таңда зиян келтіру үшін мүліктік жауапкершіліктің көлемін белгілейтін нормаға белгілі бір шекте диспозитивтік сипат беруге болады. Қазақтың әдет-ғұрыптары тұлғаға зиян келтіргені үшін кейбір жағдайларда өлім жазасын айыппұлмен алмастыру мүмкіндігін көздеген. Жаза билер сотымен тағайындалатындығы зиянды өтеудің шарттық элементін жоққа шығармады. Бұл нормалардың тиімділігі жоғары болды және оларды қолдану деликтілердің санына кері ықпалын тигізді. Сондықтан заңға, жауапкершіліктің көлемі туралы келісім жасау мүмкіндігі туралы норманы еңгізу қазіргі уақытта өзінің оңды нәтижесін береді деп есептеуге болады. Жұмысшының біліктілік, іскерлік қабілетін пайдаланғаны үшін төленетін еңбек ақысы оның табысына айналады. Бұл тек жеке меншік нысанына негізделген кәсіпорындардың жұмысшыларына ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік кәсіпорындардың жұмысшыларына да қатысты. Зиянды өтеу туралы шарт жасасу жәбірленушінің жеке қасиеттерін ескеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл келісімдер несие берушінің мүддесін қорғауға негіз болады.

Азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бір қатар негіздер бойынша саралауымызға болады. Бұл жәбірленуші зиян келтірушімен еңбек немесе өзге шарттық қатынастарда тұрғандығы және тұрмағандығына байланысты қарастырылып отырған деликтілерді 2 топқа бөлуімізге болады. Олардың арасында маңызды ерекшеліктер болмағанымен олардың әрқайсысы заңды қолдануда ескеруге қажет өзіндік қасиеттерге ие. Жұмыс беруші жұмысшының өмірі мен денсаулығына зиян келтірген жағдайда жәбірленуші қосымша бір жолғы сипатта жәрдемақы алу құқығына ие болады, жұмысшы зиянды өтеу туралы арызын беру оны қарау тәртібінің ерекшелігі бар және өндірісте оқыс  жағдай фактісін ерекше тәртіп бойынша анықталады.

Зиян азаматтардың қандай игіліктеріне келтірілгеннің негізінде: а) азаматтардың денсаулығына  келтірілген зиянның көлемін анықтау және оны өтеу тәртібі және б) асыраушысының  қайтыс болуына байланысты келтірілген зиянның көлемін анықтау және оны өтеу тәртібі. Аталған түрлер зиянның сипаты мен көлемімен, субъектілік құрамымен ерекшеленеді. Келтірілген зиянды өтеу туралы ережелерді одан әрі қарастыру аталған топтарға байланысты жүргізіледі.

Азаматтың денсаулығына зиян келтіру біріншіден оның жеке мүліктік емес игіліктерінің кемсітілуі болып табылады, ол өз кезеңінде жәбірленушіге моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқығын береді. Бірақ көрсетілген жағдайда зиянды өтеудің негізгі объектісі болып денсаулықтың бұзылуы салдарынан туындаған мүліктік шығындар, атап айтсақ еңбек ақысын және өзге де табысын жоғалтуы, денсаулықты қалпына келтіруге кеткен шығындар т.с.с. жатады. Денсаулығына зиян келтіргенімен, егер жәбірленушінің ешқандай мүліктік шығыны болмаған жағдайда оның құқықтары физикалық, моральдық (тарығушылығы, қасіреті) қиналысы үшін өтемді талап ету мүмкіндігімен шектеледі.

Зақымның, кәсіптік аурудың немесе өзге де денсаулықтың бұзылуының нәтижесінде пайда болған азаматтық еңбекке қабілетінің жоғалтуына немесе оның азаюына, сонымен қатар, денсаулығының бұзылуына байланысты азаматтық мүліктік шығындары,оның табысын толық немесе ішінара жоғалтуында көрінеді. Денсаулыққа келтірілген зиянның жоғарыда аталған түрлерін жеке қарастырып көрейік. Жоғалтқан табыс (кіріс) түріндегі зиян екі факторды есепке алу арқылы: а) зақымдалған немесе өзге де денсаулықтың бұзылуына дейін немесе еңбекке қабілетін жоғалтқанға дейін жәбірленушінің орташа айлық табысы (кірісі); б) жәбірленушінің кәсіби еңбекке қабілетін жоғалтуының дәрежесін, ал ол болмаған жағдайда – жалпы еңбекке қабілетін жоғалтуы дәрежесіне сәйкес анықталады. Жәбірленушінің жоғалтқан табысының құрамына табыс салығы салынатын, негізгі жұмыс орны және  қоса атқаратын жұмысы бойынша еңбек және азаматтық-құқықтық шарттар негізінде еңбекке ақы төлеудің барлық түрі жатады. Салық инспекциясының мәліметтері негізінде кәсіпкерлік қызмет нәтижесінде түскен табыстар және авторлық қалам ақы табыстың құрамына енгізіледі. Бір жолғы сипаттағы төлемдер атап айтсақ, пайдаланылмаған демалыс үшін өтем ақылар, жұмыстан босатылған кездегі шығу жәрдемақы және т.б. есептелмейді. Бұл бір жолғы сипаттағы төлемдердің зақымдалған жәбірленушінің материалдық жағдайында салмағы білінбейді. Кейде оларды алу мүмкіндігі шартты болып келеді. Сондықтан, жоғалтқан табысты анықтауда олар ескерілмеуі қажет. Уақытша еңбекке қабілетсіздік және жүктілік пен босануға байланысты демалыс кезеңі үшін төленген жәрдемақы есептеледі. Табыстың (кірістің) барлық түрлері салықтар ұсталғанға дейін есептелген сомаларда есептелінеді. Премиялар және ынталандыру сипаттағы өзге де төлемдер, жылдық премиялар мен сыйақылар орташа айлық табысты анықтауда ескеру қажет.

Орташа айлық табыстың мөлшерін анықтаумен қатар, АК жәбірленушіге, егер оның табысында (кірісінде) оған жарақат келтірілген немесе денсаулығының өзге де зақымдануына дейін оның мүліктік жағдайын жақсартатын тұрақты өзгерістер болса, (атқаратын қызметі бойынша жалақысы арттырылса, оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа тұрса, және жәбірленушінің еңбегіне ақы төлеудің өзгертілуінің тұрақтылығы немесе өзгеру мүмкіндігі дәлелденген басқа жағдайларда) оның орташа айлық табысын (кірісін) белгілеу кезінде ол алған немесе тиісті өзгертуден кейін алуы тиіс болған табысты (кірісті) ғана ескеруді талап ету мүмкіндігін белгілеген [2, 8 б].

Сонымен қатар, егер жәбірленуші зиян келтірілген кезде жұмыс істемеген жағдайда оның қалауы бойынша жұмыстан босатылғанға дейінгі табысы не осы жердегі оның біліктілігіндегі қызметкер сыйақысының жай мөлшері ескеріледі, бірақ ол заң актілерімен белгіленген бір айлық есептік көрсеткіштің он еселенген мөлшерінен кем болмауға тиіс.

Жоғалтқан табыстың (кірістің) мөлшеріне әсер ететін екінші фактор бұл – жәбірленушінің кәсіби еңбекке қабілетін жоғалтуының дәрежесі болып табылады. Бұл орайда еңбекке қабілетін жоғалтуының тұрақты және уақытша түрлерін ажыратуға болады. Еңбекке қабілетін уақытша жоғалтқан жағдайда, азамат тұрақты еңбекке қабілетсіз деп танылады, демек, осы кезеңде өзінің табысын (кірісін) толық жоғалтады. Уақытша еңбекке қабілетсіздік – уақытша еңбекке қабілетсіз туралы қағазын азаматқа беру арқылы куәландырылады және емдеу мекемесімен анықталады.

Дене зақымы ауырлығының дәрежесін анықтаудың сот-медициналық ережелеріне сәйкес денеге жеңіл жарақаттар келтірудің жәбірленуші үшін әр түрлі салдары болуы мүмкін. Дененің жеңіл жарақаттануының бір түрі - 6 күннен аспайтын жедел өтімді сипатта болатын зақымдану болып табылады. Зақымдану немесе өзге де жағдайларда науқас адамның өзін еңбектік қызметін жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, жұмыс істеуге тиым салынған немесе ол жәбірленушінің емделуіне кедергі жасайтын болса еңбекке қабілетсіздігі туралы қағаз берілуі мүмкін.

Кәсіби еңбекке қабілетін толық тұрақты жоғалтқан жағдайда, зиянды өтеудің мөлшері жоғарыда көрсетілген орташа айлық табысты (кірісті) есептеу ережесіне сәйкес анықталады. Кәсіби еңбекке қабілетін ішінара тұрақты жоғалтқан жағдайда, зиянды өтеудің мөлшері азаматтың, оның кәсібі бойынша сақталған еңбекке қабілетінің пайызымен анықталады. Мысалы, сараптаманың қорытындысы бойынша, азаматтың кәсіби еңбекке қаблетінің 70%  сақталған болса, келтірілген зиянды өтеу мөлшері оның орташа айлық табысының (кірісінің) 30% құрайды. Бұл кәсіби еңбекке қабілетін жоғалтқан жағдайда азаматтың кәсіби емес еңбекке қабілеті есепке алынбайды. Егер жәбірленушінің белгілі бір кәсібі болмаған жағдайда,есеп оның жалпы еңбекке қабілетінің сақталу дәрежесіне байланысты жүргізіледі.

Зиянды өтеудің мөлшерін анықтауда жарақаттануы немесе өзге де денсаулықтың бұзылуына байланысты жәбірленушіге  бекітілген мүгедектік бойынша зейнетақы, сондай-ақ зиян келтірілгенге дейін және кейін бекітілген өзге де зейнетақылар, төлемақылар және басқа да осы сипаттағы төлемдер есептелмейді және зиянды өтеу мөлшерінің азайтылуына әкеп соқпайды. Сонымен қатар зиян келтірілгеннен кейін жәбірленушінің алатын табысы (кірісі) зиянды өтеудің есебіне қосылмайды. Әрине, бұл жағдайда жәбірленуші,оның кәсіби еңбекке қаблеті дәрежесінің сақталғандығын есепке ала отырып,алуы мүмкін табысы (кірісі) емес, зиян келтірілгеннен кейін алатын нақты табысы туралы айтылып тұр. Былайша айтқында, егер жарақаттанғаннан немесе өзге де денсаулығының бұзылуынан  кейін азамат өзінің кәсібін ауыстырып, мысалы, кәсіпкерлікпен айналысып, оның табысы зиян келтіргенге дейін болған табысынан үлкен болса да,ол зиянды өтеудің мөлшеріне әсер етпейді. Табысты (кірісті) жоғалтуына байланысты бекітілген зиянды өтеудің мөлшері бірқалыпты болмайды. Заңда тікелей көзделген жағдайда, зиянды өтеудің мөлшері өзгертілуі мүмкін және бұл автоматты түрде немесе заңда көзелген негіздер болған жағдайда мүдделі тұлғалардың бастамасымен жүзеге асырылуы мүмкін. Жалақының ең төменгі мөлшерінде актілерімен белгіленген тәртіп бойынша артқан жағдайда жоғалтылған табысты (кірісті), жәбірленуші денсаулығының зақымдануына немесе оның қайтыс болуына байланысты тағайындалған өзге төлемдерді өтеу сомалары айлық есептік көрсеткіштің артуына бара-бар көбейтіледі. (АК 943-бабы). Бұл ереже АК 283-бабында көзделген ақшалай міндеттеме бойынша азаматты асырауға тікелей төленетін сома ең төменгі жалақының ресми түрде өсуіне қарай арттырылып отырады, деген ережеге сәйкес қолданылады. Өзге жағдайларда зиянды өтеу мөлшерінің азайтылуы немесе көбейтілуі туралы мәселе АК 942-бабында көзделген негіздер болған жағдайда мүдделі тұлғаның бастамасымен қойылуы мүмкін. Яғни, еңбекке қабілетін ішінара жоғалтқан жәбірленуші, егер оның еңбекке қабілеті оған өтем тағайындалған кезде, өзінде болған еңбекке қабілетіне қарағанда денсаулығына зақым келтірілуіне байланысты төмендеп кетсе, зиянды өтеу міндеті жүктелген адамнан өтем мөлшерін тиісінше көбейтуді кез келген уақытта талап етуге құқылы. Осыған ұқсас бірақ зиянды өтеу мөлшерінің азайтылуына байланысты жәбірленуші денсаулығының зақымдануына байланысты зиянды өтеу міндеті жүктелген адамдар, егер жәбірленушінің еңбекке қабілеті зиян үшін өтем тағайындалған кезде өзінде болған еңбекке қабілетіне қарағанда артып кетсе, өтем мөлшерін тиісінше талап етуге құқылы.

Зиянды өтеудің мөлшерін өзгеруге зиянды өтеу міндеті жүктелген адамның мүліктік жағдайының жақсаруы немесе нашарлауы негіз бола алады. (АК 941-баптың 3,4-тармақтары) Жәбірленуші зиянды өтеу мөлшерін көбейтуді талап етуге құқылы егер, біріншіден, жәбірленушінің пайдасына тағайындалған зиянды өтеу мөлшері сот АК 935-бабының 3-тармағына сәйкес азайтылған жағдайда және екіншіден, жауапкердің мүліктік жағдайы жақсарған жағдайда, демек зиянды өтеу мөлшерін азайту негіздері жойылған жағдайда. Зиян келтірген азамат керісінше,егер оның мүліктік жағдайы зиянды өтеу тағайындалған кездегі жағдайымен келтірушінің мүліктік жағдайының нашарлауы,оның мүгедектігіне немесе зейнет жасына толуына байланысты болғанда және АК 935-бабының 5-тармағында көзделген жағдайда, яғни қасақана жасалған әрекеттермен зиян келтірілген реттерді қоспағанда сот азаматтың мүліктік жағдайын ескере отырып, ол келтірілген зиянды өтеу мөлшерін азайта алады.

Денсаулығының зақымдануына байланысты жәбірленушіге келтірілуі мүмкін шығынның келесі түрі - қосымша шығындар танылады. Заңға сәйкес жәбірленушінің барлық қосымша шығындары негізделген және дәлелденген жағдайда және сәйкесінше көмек түрлері тегін көрсетілмеген жағдайда зиян келтірушімен өтелуге жатады. Заңда тек мүмкін болатын шығындардың кейбір түрлері ғана көрсетілген, оларға емделу, қосымша тамақтану, дәрі-дәрмектерді сатып алу, протез салдыру, бөгде адамның бағып күтуі, санатория, курорттық емделу, арнайы көлік құралдарын сатып алу басқа мамандыққа даярлау т.б. жатады [3, 143 б]. Қосымша шығындардың кейбір түрлерін өтеудің шарттары, мөлшері мен тәртібі зиянды өтеу туралы Ережелерімен және басқа да нормативтік актілермен реттелген. Яғни, қосымша тамақтануға кеткен шығындар медициналық мекеменің қосымша тамақтану рационы туралы анықтаманың негізінде және жәбірленуші осы шығындарды көрген аймақта қалыптасқан азық-түліктердің бағасы туралы анықтаманың негізінде анықталады. Арнайы бағып-күтуге мұқтаж жәбірленушінің қосымша шығындары жалақының екі еселенген ең төменгі мөлшері деңгейінде анықталады, ал басқа жәбірленушілерге – осы деңгейдің 60% мөлшерінде анықталады. Тұрмыстық бағып-күтуге кеткен қосымша шығындар ең төменгі жалақының 50% мөлшерінде анықталады. Арнайы көлік құралдарын сатып алуға немесе оны күрделі жөндеуден өткізуге кеткен шығындар олардың бағасы көлемінде өтеледі. Қосымша шығындарды өндіріп алу медициналық сараптама қорытындысының негізінде белгіленген мерзімдердің шегінде алдағы уақытта, сондай-ақ қызмет көрсету мен мүліктік құнына алдын ала ақы төлеу қажет болған жағдайда жүргізілуі мүмкін (АК 944-бабының 2-тармағы). Бұл тәртіпте мысалы, жолдама сатып алу, жол ақысын төлеу, арнайы көлік құралдарына ақы төлеу т.с.с. шығындар өтеледі. Қосымша шығындарды өндіріп алудың маңызды ерекшелігі, бұл жәбірленуші жоғалтқан табысқа (кіріске) қарағанда, олардың мөлшері жәбірленушінің өрескел абайсыздығына қарамастан мөлшері азайтылмайды.

Жоғарыда көрсетілген ережелер, зиян жұмыс берушімен келтірілген жағдай және бөтен өзге бір тұлғамен келтірілген жағдайда қолданылады. Егер зиян, жұмыс берушінің әрекеттері (әрекетсіздігі) нәтижесінде келтірілсе, жұмысшыға оның денсаулығының зақымдануына байланысты оған тиесілі зиянды өтеудің көлемі мен сипаты заңмен немесе келісім - шартпен көбейтілуі мүмкін. Яғни, зиянды өтеу сомасы еңбектік немесе шарттық қатынастарды орнатуда жұмыс беруші мен жұмысшының келісімімен көбейтілуі мүмкін. Зиянды өтеудің көбейтілген мөлшері сонымен қатар ұжымдық шартпен немесе салалық тарифтік келісіммен орнатылуы мүмкін.
Бұған қоса жұмысшының жоғалтқан табысын (кірісін) және денсаулығының зақымдануына байланысты көрген қосымша шығындарды жұмыс беруші өтеумен қоса, ол жәбірленушіге бір жолғы сипаттағы жәрдемақы төлеу міндетті (Зиянды өтеу Ережесінің 8, 24-бабтары). Бұл жәрдемақының мөлшері кәсіби еңбекке қабілетін жоғалтуының дәрежесіне сәйкес, бес жылдағы жалақының ең төменгі мөлшері негізінде анықталады. Жәрдемақыны төлеу күні болып әкімшіліктің бұйрығы немесе соттың шешімі бойынша, бір жолғы сипаттағы жәрдемақыны нақты төлеу күні танылады. Егер сот шешімін атқару күніне жалақының ең төменгі мөлшері заңда көзделген тәртіп бойынша өзгертілген болса, бір жолғы сипаттағы жәрдемақының жаңа ең төменгі мөлшері негізінде анықталады. Бұл жағдайда, сот жәбірленушінің пайдасына тағайындалатын бір жолғы сипаттағы жәрдемақының мөлшерін шешімді атқару тәртібі бойынша өзгертеді (АІЖК 234-бабы) [4, 148 б].
Кәмелетке толмаған адамның денсаулығы зақымдалған кезде зиянды өтеу тәртібін қарастырып көрейік. Жасы он төртке жетпеген және табысы жоқ кәмелетке толмаған адам жарақат алған немесе денсаулығы өзге де зақымдалған жағдайда зиян үшін жауапты адамдар денсаулықтың зақымдалуына байланысты шығындарды өтеуге міндетті, себебі бұл азаматтардың табысы болмайды. Егер зиян он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі табысы жоқ кәмелетке толмағанға келтірілсе, оның денсаулығының зақымдалуынан туындаған шығындардан басқа,еңбекке ақы төлеудің заң актілерімен белгіленген он еселенген айлық есептік көрсеткішті негізге ала отырып, оның еңбек қабілетін жоғалтуына және еңбек қабілетінің төмендеуіне байланысты зиянды да жәбірленушіге өтеуге міндетті. Бұл ереженің негізінде жәбірленуші осы жас аралығында жұмыс істеп, соған сәйкес жалақы алуының мүмкіндігі есепке алынып отыр. Мұндай зиянды өтеу, зиян он төртке толмағанда келтірілсе, бірақ кейін жасы он төртке толған кезде тағайындалуы мүмкін. Егер денсаулығы зақымдалған кезде кәмелетке толмаған адамның табысы болса, зиян осы табыстың мөлшері негізінде, еңбекке ақы төлеудің заң актілерімен белгіленген кемінде он еселенген айлық есептің көрсеткіш мөлшерінде өтеледі. Кейін зиянды өтеу мөлшері қайта қаралуы мүмкін. Еңбек қызметі басталғаннан кейін жәбірленуші өзі алатын табысты негізге ала отырып, бірақ кемінде өзі атқаратын қызмет бойынша белгіленген сыйақының немесе өзінің жұмыс орны бойынша сол біліктіліктегі қызметкер табысының мөлшерінде зиян өтемінің көбейтілуін талап етуге құқылы.

 

Әдебиеттер

 

1  А.Жайлин. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы. Алматы, 2003ж.- 73 б.

2  Жауапкершілік ұғымының тәрбиелік мәні туралы. Заң газеті 19 қаңтар 2000 ж.-8 б.

3  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 6 қаулысы «Азаматтардың және ұйымдардың ар – намысын және абыройын қорғау» 18 желтоқсан 1992 ж.- 143 б.

4   ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексі. Алматы, 2003 ж. - 148 б.