Молдахметова
Г.М.
А.
Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Арт-терапияның
мектеп жасына дейінгі балалардың эмоциялық өрісін дамытудағы мүмкіндіктері
Қазіргі
таңда әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жағдайында
жүріп жатқан жаңару үрдістері ықпалынан
қоғамда эмоциялық атмосфера тұрақтанбай келеді.
Елімізде нарықтық қатынастардың күшеюінен
тәлім-тәрбие бағдары болып табылатын жоғары сезімдер,
идеал, адамгершілік құндылықтар маңыздылығы
айтарлықтай еленбей келеді.
Бүгінгі
күнде қарыштап дамып жатқан түрлі
бұқаралық ақпараттар құралдары, соның
ішінде ғаламтор желілеріндегі агрессиялық сипаттағы алуан
түрлі компьютерлік ойындар, бейне фильмдер, мультфильмдер балаларда
эмоциялық-мінез-құлықтық
бұзылыстардың дамуына септігін тигізуде. Бұл бұзылыстар
балада тұрақсыз көңіл-күй (қызбалы немесе
депрессивті), мінез ерекшеліктері (ашушаң, ызақор, күйгелек
немесе тым жағымпаз, жарамсақ), кейбір жағдайларда
әлеуметтік қолайсыз күйлер (агрессия, қорқыныш,
фобия т.б.) түрінде көрінеді. Сондықтан, балада кездесетін
осындай эмоциялық бұзылыстарға дер кезінде диагностика
жүргізіп, оларды түзету бала денсаулығы және оның
келешек өмірі, отбасы мен біртұтас қоғам үшін аса
маңызды.
Эмоция
балада негізгі іс-әрекет түрлеріне деген түрткілердің,
анағұрлым жоғары деңгейдегі танымдық,
альтруистік, еңбек және т.б. түрткілерінің
қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Балалар сезімдері
мен эмоциялары мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің
тұлғалық мәдениетінің негізін қалайды.
Бала
сезімдерін қалыптастыру - психологиялық-педагогикалық
мәселе. Әсіресе, ересек мектепке дейінгі жаста балалар
қарым-қатынасында мейірімділікті, кішіпейілділікті дамытуға,
бір-біріне көмек көрсету, қамқор болу, жаман
қылықтарға қарсы тұру сияқты ізгі
қасиеттерді қалыптастыруға баса мән берілу қажет.
Мектепке
дейінгі кезеңде эмоциялық сфераны дамыту – баланың
үлкендермен және құрбы-құрдастарымен
қарым-қатынасы сипатына байланысты. Белгілі психолог және
педагогтар Запорожец А.В., Кошелев А.Д., Симонов В.П., Флерина Е.А., Чумичева Р.М.,
Выготский Л.С. және т.б. пікірінше, бала нормалар
мен талаптардың шын мәнін түсінуі үшін, оларды
эмоциялық тұрғыда бағалауы үшін үлкендер
мен тәрбиешілердің түсіндірмелері мен нұсқаулары
жеткіліксіз. Бұл түсіндірмелер баланың жеке практикалық
тәжірибесінде, оның іс-әрекетінде,
жүріс-тұрысында бекітілуі қажет [1].
Қазіргі мектеп
жасына дейінгі балалар күнделікті ана
қамқорлығындағы қатынастан басқа
өзіндік ерекшеліктері бар күрделі әлемге енеді. Баланың
балабақшаға баруы, қоғамдық ережелер, нормалармен
жүру міндеттері, коммуникативтік дағдыларды игеру
эмоционалдық депривацияға итермелейді. Өз тілегі мен
эмоциясын реттей және бақылай алмау салдарынан балаларда
әртүрлі қиындықтар, тұйықталу, агрессия,
ашушаңдық т.б. мінез-құлық пайда болады.
Балалар өз
эмоцияларын түсініп, оларды қадағалауға қабілетті
бола бермейді, бұл дегеніміз мінез-құлық
ырықсыздығына әкеледі. Оның үстіне балаларда
жоғары психикалық қызметтер,
эмоциялық-тұлғалық өрісі: эмоциялық
күйлер дифференциациясы, өзін-өзі басқару, реттеу,
ым-ишара тәсілдері (бет бұлшықеттері қимылдарының
мәнерлігі) және пантомимикалық тәсілдер (барлық дененің мәнерлі
қимылдары, артикуляция, ұсақ моторика) жеткілікті
дамымаған, мұның барлығы балалардың
коммуникативті мүмкіндіктерін төмендетеді.
Аталған
мәселелерді балабақшадағы жұмыс тәжірибемізде
байқау – балалардың эмоциялық өрісін дамытудың,
психикалық денсаулығын жақсартудың тиімді
әдіс-тәсілдерін іздестіру туралы сауалдар тудырды. Бұл
ізденісіміз мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыс жасауда
үлкен нәтижелілігімен ерекшеленетін арт-терапия әдісін
таңдауға мүмкіндік берді.
Арт-терапия (ағылшын
тілінен art, өнер, therapy – терапия, емдеу, күтім жасау,
қамқорлық) – өнер мен шығармашылыққа
негізделген психотерапия және психологиялық түзету
түрі.
Арт-терапия – бұл
өнерге, ең алдымен бейнелеу және шығармашылық
іс-әрекетке негізделген психотерапияның мамандандырылған
түрі. Шығармашылық үрдіс басты терапиялық механизм
болып табылады, ол айрықша символикалық түрде шиеленіскен
жарақаттаушы жағдаяттардан шығуға, оның шешімін
табуға мүмкіндік береді. Сурет, ертегі, ойындар арқылы
арт-терапия ішкі шиеленістерден және күшті эмоциялардан
шығуға, өз сезімдері мен толғаныстарын ұғынуға
көмектеседі, өзіндік бағалаудың артуына,
босаңсуға, еркінсуге және күштенулерді, қысымды
түсіруге мүмкіндік жасайды, шығармашылық
қабілеттердің дамуына да игі ықпалын тигізеді.
Арт-терапия –
әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық жұмыстарда
көркемдік шығармашылық сабақтары арқылы адам
психикасын үйлесімді дамыту құралы әрі өнер
арқылы психологиялық ықпал ету ретінде қарастырылады.
Өнер – білім беру жүйесінде көптеген жылдар бойы балаларды
эстетикалық дамыту және қалыптастыру құралы
ретінде қарастырылып келді.
Қазіргі
уақытта өнерді тұлғаны дамыту және
қалыптастыру факторы ғана емес, сонымен қатар
бұзылыстардың алдын алу және түзетудің, балалар
денсаулығын сақтаудың, бала психикасын қоршаған
ортаның агрессивті ықпалдарынан қорғаудың тиімді
құралы ретінде қарастыру қажеттігі туындайды.
Арт-терапиялық техникалар
мақсаты – баланы сурет
салуға үйрету емес, сурет салу арқылы балада белгілі бір
эмоциялар тудырып, сөзбен жеткізе алмайтын проблемаларды жеңуге,
шығармашылық энергияның шығуына көмектесу. Бала
үшін маңыздысы нәтиже емес, сурет салу үрдісі.
Сондықтан, арт-терапия балалармен жұмыс жасауда аса тиімді.
Зерттеуші ғалымдар
мектепке жасына дейінгі балалардың эмоциялық өрісінің
дамуына табиғат, өнер, музыка, көркемдік әдебиет,
бейнелеу іс-әрекеті сияқты факторлардың тиімді ықпал ететіндігін
анықтаған. Мәселен, оқыту үрдісінің мазмұнын
бейнелеу шығармашылығымен жаңарту мүмкіндігін
қарастыруда педагогикалық арт-терапия феномені зерттелген,
оның теориялық негіздері Л.А. Аметова, Е.Л.
Зеленина, Л.Д Лебедева еңбектерінде тұжырымдалған. Бейнелеу
іс-әрекетінің мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс жасауда
психотерапиялық түзету құралы бола алатындығы Казакова
Т.Г., Сакулина Н.П., Таджибаева Л.М., Копытин А.И. т.б.
еңбектерінде қарастырылған. Шығармашылықтың
тұлғаның эмоциялық, адамгершілік дамуына
психотерапевтік әсерін А.И.
Аржанова., И.П. Воропаева.,
В.Г. Нечаева, Р.В. Овчарова терең зерделеген. Дж. Аллан., М. Бурно., Л.Д. Лебедева.,
В.Ловенфельд., Е.Г. Макарова еңбектерінде
арт-терапия әдістері баланың жеке басын ізгілікпен
қолдауға, олардың өзін-өзі тану
қабілеттерін дамытуға мол мүмкіндік береді.
Бейнелеу іс-әрекеті
- қол жеткізген жетістіктеріне қуану, шабыттану,
құрбы-құрдастарын қолдау, өз
жұмысының нәтижелеріне қанағаттану немесе
қанағаттанбау сияқты эмоциялық
әсерленулердің қалыптасуына зор ықпалын тигізеді.
Бейнелеу
тәсілдері бала іс-әрекетін түрткілендіреді, оның
зейінін бағыттап, тұрақтандырады, сондай-ақ бала
айрықша тәжірибе алады. Бейнелеу іс-әрекетінде бала
өзін еркін көрсете алады. Бала үшін бастысы нәтиже
емес, сурет салу үрдісі маңызды. Сондықтан, арт-терапия
балалармен жұмыс жасауда осындай нәтижелерімен тиімді әрі
пайдалы.
Шығыс даналығы бойынша «сурет мың
сөзбен жеткізе алмайтынды жеткізеді». В.С.Мухина және басқа
да зерттеушілердің айтуынша сурет бала үшін өнер емес,
сөйлеу болып табылады. Суреттің әрбір сызығының,
әрбір түсінің өзіндік сипаты, өзіндік
көңіл-күйі бар. Олардың көмегімен бала
өзінің ішкі әлемінде болып жатқан барлық дүниені
жеткізеді. Мұның барлығы арт-терапияның баланың
эмоциялық өрісінің дамуымен тығыз байланысты екендігін
дәлелдейді. Бала сурет сала отырып, қуанышқа, өзара
түсіністікке, табыстарға толы ғажайып ертегі әлеміне
түседі [2,3].
Психолог
Эдит Крамердің айтуынша арт-терапия – бұл адамның
шығармашылық потенциалын ашумен және өзінің ішкі
әлемін танумен байланысты әдіс [4].
Копытин
А.И. және Свистовская Е.Е пікірінше, «...көп жағдайда
арт-терапияның психопрофилактикалық, әлеуметтендіруші
және дамытушы бағыттылығы басым, сондықтан оны білім
беру мекемелері іс-әрекетінде, реабилитациялық жобаларда және
әлеуметтік жұмыста қолданудың маңызы зор» [5].
Мектеп жасына дейінгі
балаларды эмоциялық дамытудың тиімді құралы
ретінде көркемдік шығарма
психологияда арт-терапия терминімен белгіленеді. Өнерді
қолданудың тиімділігі сол, баланың сезімдеріне тәжірибе
жүргізуге, сонымен қатар психологиялық көңіл-күйін
арттыруға негізделген. Мұның объективтілігі Л.Д. Лебедева мен
М.В. Киселеваның зерттеулерінде дәлелденеді. Ғалымдар
өз зерттеулерінде арт-терапияның баланың жалпы
психикалық күйінің жақсаруына ғана емес,
сондай-ақ ұнамсыз эмоциялардан, жағымсыз сезімдерден
арылуға зор ықпал ететіндігін көрсеткен.
Арт – әдістер
негізінде жұмыстарды қандай балалармен жүргізуге болады?
Мұндай сабақтар қандай балаларға арналған? Бұл балалардың өзі туралы
түсініктері бұрмаланған, ұнамсыз, өзін
дұрыс бағалай білмейді, тым мазасыз, жасқаншақ,
қорқады. Мұндай балалар айналасындағыларды агрессия,
қарым-қатынасқа түсуден бас тарту, демонстративтілік
сияқты қалыптасып қалған қорғану
механизмдері көмегімен қабылдайды. Сондықтан, мұндай
балалардың эмоциялық өрісін әртүрлі әдістер
көмегімен ерте жастан дамыту аса маңызды.
Сурет – балалар үшін
өнер емес, сөйлеу болып табылады. Бұл – шын объектілерді
көркемдік символдарға алмастырумен тәжірибе жасап көру.
Сурет салы арқылы тұлғаның өзін-өзі көрсету
қажеттілігі жүзеге асады.
Терапия сәтті,
нәтижелі болу үшін не қажет?
1.
Сіздің ашық қатысуыңыз және
қолдауыңыз керек, алайда
басшылық етіп, араласпау қажет.
2.
Арнайы таңдалған уақыт. Маңыздысы, сіздің
уақытыңыз шектелмеуі тиіс, балада да қалағанынша
жұмыс жасауға мүмкіндік болуы тиіс. Сабақты мынадай
шартпен бастау керек: балалар жарты сағаттан соң сендер
тамақтануларыңыз немесе ұйықтауларыңыз
қажет деп ескерткен жөн.
3.
Алдын ала дайындалған кеңістік. Жұмыс жасалатын орын
арнайы дайындалуы тиіс. Егер сурет салу жұмысы жасалатын болса, онда
еденге төсеніш төседуі керек, балалар бүлдіруге болатын киім
киюі қажет, ал бағалы заттарды жинап тастаған жөн.
4.
Сіздің жүргізілетін жұмыстардың балалардың
қиындықтарын жеңеді деген сеніміңіз. Балалар оның
шынымен де көмектесетініне сенеді. Сондықтан, балалардан
өзіңіздің үйренгеніңіз жөн.
Арт-терапияда қолданылатын бейнелеу
іс-әрекеті:
1)
Баланың эмоциялық өрісі
күйіне диагностика жасауға мүмкіндік береді.
2)
Сурет салу үрдісі баланың
физикалық, психикалық және эмоциялық
қасиеттерінің ішкі күйін теңестіре отырып,
профилактикалық және терапевтік қызмет атқарады,
бұл үрдісте бала «жетекші» болады.
3)
Сурет салу кезінде балада қол
буындарының күрделі (соның ішінде, айналмалы) қимылы
және тактильді сезгіштік (сипап сезу), өндірістік ойлау,
көру-моторлық координация, көзбен өлшеу т.б. дами
түседі.
4)
Сурет салу баланың сол жақ, бейнелі
жарты шарының (бейнелі ойлаудың) дамуын арттырады.
5)
Өз жұмысының жемісін
көрсету (мысалы, барлығы көру үшін
қабырғана суретті іліп қою) баланың өз
шығармашылығын, өз туындысының бірегейлігін
ұғындыру, өзін автор ретінде сезіндіру арқылы жан
дүниесін қуанышқа, жағымды сезімдерге толтырады.
Осылайша, арт-терапия балада өзін-өзі
жағымды бағалауының қалыптасуына, қоршаған
ортаға ұнамды қатынастарының дамуына мүмкіндік
береді, сенсорлық қабілеттерді шыңдайды, эстетикалық
дамуға игі ықпалын тигізеді. Балалармен өзара
әрекеттесуде эмоциялық-тұлғалық сфера
«қалыптасады» [5].
Қазіргі таңда
шетелдік және отандық мамандардың арт-терапияны балалармен,
соның ішінде мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыс
жасауда қолдану тәжірибесі жетіп артылады. Алайда, біз
отандық білім беру жүйесінде, мектепке дейінгі білім беру
мекемелерінде арт-терапияны қолдану тәжірибесі туралы зерттеу
нәтижелерінің, ғылыми жарияланымдардың жеткіліксіздігін
байқадық.
Зерттеу
тақырыбымыздың өзектілігі отандық мектепке дейінгі
психология және педагогика теориясы мен практикасында мектеп жасына
дейінгі балалардың эмоциялық-мінез-құлықтық
даму мәселелері мен оны түзету әзірлемелерінің
жеткіліксіздігімен, сонымен қатар соңғы уақытта
қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсуді
қиындататын, танымдық іс-әрекеттің қалыптасуына
жағымсыз ықпалын тигізіп, болашақта мектеп бағдарламасын
меңгеруге кедергі келтіретін
эмоциялық-мінез-құлықтық бұзылыстары бар
балалардың тым көбеюімен байланысты.
Елімізде
мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде арт-терапияны енгізу деңгейі
төмен болғандықтан, оның мүмкіндіктерін
толыққанды жүзеге асыруға жағдай тудырмайды.
Мектепке
дейінгі білім беру мекемелерінде педагогтар көбіне балалардың
танымдық өрісін дамытуға баса назар аударады. Бұл
жағдайда арт-терапияны қолдану – интеллектуалды дамудың
артуына септігін тигізеді. Арт-терапия әдістері білім беру
жүйесінде айрықша денсаулық сақтау потенциалы бар
әдіс болып табылады. Сондықтан, мектеп жасына дейінгі
балалардың эмоциялық өрісін дамытуға жағдай
тудырып, тиімді психологиялық жұмыс жасау практикалық
психологияның міндеті деп білеміз.
Әдебиет:
1. Урунтаева Г.А. Дошкольная
психология: Учебное пособие – 5-е изд., – М.: Издательский центр «Академия»,
2001. – 336 с.
2.
Сидоренко М.Н. Возможности
арт-терапии в развитии и коррекции эмоционально-поведенческой сферы детей
дошкольного возраста // Интернет ресурс: http://sibac.info/index.php. Социальная сеть
работников образования nsportal.ru
3.
Алиева С.А. Арт-терапия
в коррекции эмоциональных проблем дошкольников. // Интернет-журнал «Талантливый
педагог» № 4 (2013)
4.
Эдит Крамер. Арт-терапия
с детьми. Издательство: «Генезис», 2013. – 320 с.
5.
Копытин
А.И., Свистовская Е.Е. Арт-терапия детей и подростков. – М.: «Когито-Центр»,
2007. – 197 с.