Абдрахманова А.Т., Абдуллаева А.М.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,  Қазақстан

 

ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ЭТИКАЛЫҚ МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК НЕГІЗІ

 

Қазақ этикасы - қазақ халқының ұлттық әдеп жүйесін, моральдық адамгершілікті зерттейтін философиялық пән. Этика термині ежелгі грек тілінде «бірлесе өмір сүруші адамдар тобының мекен-жайы» дегенді білдіреді, кейін әдеп туралы ілім мағынасына ие болды.

Әдеп термині түрік халықтарының тіліне орта ғасырлардағы араб-мұсылман мәдениетінің ықпалымен енген. Көптеген мамандар этиканы әдептану деп аударып жүр. Этика ұлттық сипаты айкындалған ілімдер қатарына жатады. Өйткені, әр халықтың орналасу аймағына, тіршілік салтына, өмір сүру дағдыларына байланысты ортақ мінез-құлық ережелері, жүріс-тұрысы, тыныс-тіршілігі қалыптасады.

Қазақ этикасы өзінің көл-көсір молдығымен де, адамгершілік қуат-тегеурінімен де, тарихи айқындылығымен де халықтың рухани өмірінде ерекше орын алады. Қазақ этикасының ежелгі бастау қайнар көздері үш мың жылдай Еуразияның Ұлы даласында өркендеген скиф-сақ, үйсін, қаңлы мен түрік бірлестіктерінің мол мәдениетінен нәр алады. Осыдан 2600 жыл бұрын өмір сүрген скиф-сақ ойшылы, «ұлы жеті ғұламаның бірі» Анахарсис (Анарыс) өзінің әдеп және адамгершілік туралы терең пікірлерін айткан. Мысалы, маскүнемдік туралы ол былай деген: «Бірінші тостақты, әдетте, денсаулық үшін, екіншісін - рахатқа бату үшін, үшіншісін, - ардан таза болу үшін, төртіншісін - ақылдан алжасу үшін ішеді». Кіндік Азиядан табылған түріктердің атақты Күлтегін, Тоңыкөк жазуларында татулық, бақыт, дәулет секілді әдеп ұғымдары жиі кездеседі.

Қазақ этикасының қалыптасуына Қорқыт ата үлкен үлес қосты. Оның үлгі-өнеге, өсиет-нақыл сөздері қазақтармен қатар барша түрік халықтарында кең таралған. Қазақ топырағында әдептануды арнаулы ілім ретінде қарастырған ғұлама-философ, әмбебап ғалым - Әбу Насыр әл-Фараби. Ол этиканың жақсылық пен жамандықты айыруға мүмкіндік беретін ғылым деп қарастылды. Оның түсінігінше, адам жаратылыстағы ең қасиетті жан. Сондықтан оған үлкенге құрметпен қарау керек. Жақсылық дегеніміз білім, мейірбандық, сұлулық бірлігінде жатыр. «Бақытқа жол сілтеу» трактатында ойшыл баянды тіршіліктегі адами бақыт туралы сөз қозғайды.

Қ.Ш.Нұрланова қазақ этикасына тән әсемдік пен ізгіліктің синкретті бірлігіне назар аударып, қазақтың ұлттық идеясы ретінде жарық дүниедегі адами іштесуді атап өтеді. Ғ.Ғ.Ақма қазіргі өркениеттегі индивидуалистік ұстанымды маңыздылығына назар аударады.

Т.Ғабитов этиканың жақсылық пен жамандық, әділеттік, ар, бақыт сияқты категорияларына философиялық талдау береді және әдептілік-мәдени типтерге назар аударады. С.Мырзалы өз зерттеулерінде өтпелі қоғамдағы саяси моральдың ара-қатынасын зерделейді. Мектептерде «әдептану» пәні енгізілуі арнаулы оқу құралдарын қажет етеді. Бұл пәнге байланысты қазақ тілінде алғашқы оқу құралдары жарияланды (Қ.Жарықбаев, Т.Ғабитов, Ж.Базарбаев,    К.Оразбекова, т.б.).

Қазіргі халықтың сананың кайта жаңғырған кезінде ұлттық психология тарихын объективті түрғыдан зерттеудің қажеттілігі арта түсуде. Жастардың ұлттық психология тарихына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялата білу - педагог-тарихшылардың басты міндеттерінің бірі. Ұлттық бай мұрада «Қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан дүние» екендігі туралы елбасшысы Н.Ә.Назарбаев та атап көрсеткен. Осыған орай бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық кедергілерге байланысты бұл мәселенің көптеген салалары әлі де болса өзінің шешімін таппай отыр. Ал, мәселенің шегілуі қазақ халқының мәдени-рухани жетілуіне, ата-баба дәстүрін қадірлеуге зор еткен болар еді.

Психологияның ғылыми таным саласы - тәрбие. Психология қоғамдық өмірдегі тәрбиенің мәні мен ролін анықтайды. Сондықтан, психология жалпы адам тәрбиесі жайындағы ғылым. Ал, тәрбие - жастарды әлеуметтік өмірге және еңбекке даярлау, оларға қоғамдық-тарихи тәжірибені үйрету процесі.

Тәрбие арқылы жеке адамның дүниеге ғылыми-материалистік көзқарасы, мінез-құлықтық, эстетикалық және осы сияқты қасиеттері қалыптасады, ол еңбек етуге ынталы қоғамның белсенді мүшесіне айналады. Педагогикалық ұғымдардың бірі -тәрбие. Тәрбие жайында осы уақытқа дейін әртүрлі теориялар мен пікірлер айтылып келеді. Тәрбиені ересек адамдардың балаларға  ықпал жасауы деп түсіндірушілер де бар. Бұл жағдайда бала пассивті объект түрінде қарастырылады. Ол педагогикалық процестің субъектісің бола алмайды, яғни, өздігінен ойланып, белсенді іс-әрекет жасау рөлін атқармайды. Бұдан тәрбиеге бір жақты анықтама беру байқалады.

Тәрбие баланың өздігінен табиғи және еркін дамуы үшін жасалатын жағдай деп анықтама берушілер  де кездеседі. Бұл жерде балаға толық ерік беру мәселесіне ерекше көңіл аударылып, ал тәрбиенің  рөлі бүркемеленіп, елеусіз қалып отыр. Кейбіреулер тәрбиені практикалық тұрғыдан бір жақты жалаң тәжірибеге сүйеніп түсіндірмекші. Мұндай пікірді қуаттаушылар прагматистер. Олардың айтуынша, тәрбие баланы тұрмыс қалпына бейімдейді, сондықтан олөзінің күнін көруге пайдасы бар білімді, іскерлікті және дағдыны меңгеруі қажет. Осы жағдайда бала жеке басының қамын ойлап, өзімділік мүддесін қанағаттандырады деп дәлелдейді.

Тар мағынада, тәрбие деп мұғалімнің және тәрбиешінің ата-аналарымен бірігіп, мақсатты түрде жүргізетін тәрбие жұмыстарын айтады. Әрине, тәрбие жұмыстарымен бір ғана мұғалім және ата-аналар шұғылданып қоймайды. Тәрбие- көптің ісі. Сондықтан тәрбие мәселелерімен кәсіподақ ұйымдары, қоғамдық мекемелер, еңбек ұжымдары және бүкіл жұртшылық болып айналысады. Олай болса, кең мағынада табиғат және әлеуметтік ортаның, мектеп пен ата-аналардың, бүкіл бұқараның тұлғаның дамуы мен қалыптасуына ететін ықпалы деп түсіну керек.

Тәрбие жүйесін құру әуелі нақты мақсатты белгілеу, оны іске асыруға қажетті алғы шарттар жасаудан бастау алады. Олай болса, мектептің алғашқы қадамдарына көз жіберейік. Мұнда «Ізгілікке бағдарланған, әсемдікпен қаруланған, ұлттық тәлім нәрімен сусындаған халық игілігін жасаушы болашақ азаматты тәрбиелеу» деген мақсатты көздей отырып, мынадай міндеттер белгіленген:

қушылардың танымдық қабілетін дамыта отырып, ойлау, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру;

-ұлттық мұра негізінде оқушылардың рухани байлығының дамуына жағдай жасау;

-ұлттық қағидалар негізінде оқушыларды салауатты өмірге баулу;

-нақты әрекеттер арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Осы міндеттерді шешу арқылы жетуге тиісті түпкі мақсат: Ойы әсем, жаны әсем, тәні әсем тұлға алу. Өмірде кім-кімнің де кісілігі ең әуелі оның іс-әрекетінің, мінез-қылығының әдептілікке жататын - жатпайтындығына қарай бағаланады. Әдепті адамдар әдетте арлы да иманды, қайырымды да мейірімді келеді, айналасымен, ел-жұртпен сыйластықта, ынтымақ-бірлікпен татулықта өмір сүреді.

Әдептілік - аға ұрпақтан жеткіншек ұрпақ оқып-тоқып, үйреніп бойына сіңіретін, дамытып, кемелдендіретін рухани ынта мен еңбекті қажет ететін қасиет. Адамның қандай болмағы, кім болмағы тек жағдайға байланысты яғни, жеке адам өз-өзінен әдепті кісі шыға келмейді. Әдептілік адамның өзімен бірге өсіп, жетіледі. Оған айналасындағы адамдар қоғамдық институттар, отбасы, мектебі, т.б. әсер етеді. Сондықтан, адамның әдептілігі де оның адамдар арасындағы жүріс-тұрысынан, басқалармен қарым-қатынас көрінеді.

 

Әдебиет:

1.            Бегалиев Т.  Педагогика.-Тараз., 2000

2.            Қоянбаев Ж.Б. Педагогика. –Алматы.,1993

3.            Сәбет Бап-Баба.Жалпы психология.-Алматы.,2005

4.             Немов Р.С. Психологическое консультирование:Учеб. для вузов. 2000.-528с.