Баялиев Рахым Жамбылбекұлы
оқытушы,магистр
Қазақстан Республикасы, Тараз қаласы,
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемелекеттік университеті
ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ – СЫМБАТТЫЛЫҚ БЕЛГІСІ
Білім мен тәрбие беру саласында дене тәрбиесі
маңызды орын алады. Ол балалардың денсаулығын
нығайтуға және өз беттерімен қимылдар жасай
білуді үйретуге бағытталған.
Бұл мақсатта
қазақ халқының бала денесін жетілдіру әдістері,
оларды қолдану жолдары және ғасырлар бойы сұраптылып
келген озық тәжіребелер де ескерілген.
Өйткені, ата -
бабаларымыз балаларын ат құлағында ойнатып, қырда
жарыстырып, шабандоздыққа үйреткен. Осындай мәнді де
мағыналы тіршілік пен еңбек түрлерін игеру әрекеттері
арқылы балалардың денесі шынығып, шымыр да
тұлғалы бітім қалыптасқан, алып күштің иесі
де шыққан. Осы ұлттық дәстүрді
ұрпақтан – ұрпаққа жалғастыру мақсатында
біздің қазақ халқының тіршілік әрекетіне
байланысты ұлттық нақыштағы қимыл –
қозғалысына арналған жаттығуларды әр
топтағы балаларға жасатып үйрету жұмыстары
жүргізілуде.
Жас ұрпақты
жан – жақты дамыған, ой - өрісі биік, тұлғасы
сымбатты азамат етіп өсіру үшін тәрбие жүйесінде дене
тәрбиесінің алар орны орасан зор. Ал оны неғұрлым ерте
кезінен бастап, дұрыс жолға қойып жүргізсе,
соғұрлым нәтижесі жемісті болатыны анық. Өйткені
болашақ азаматтың денсаулығы мықты, мүсін
тұлғасы дұрыс қалыптасқан, жігерлі де
қайратты болып өсуіне, көпшілдік дағдыларын бойына
терең сіңіруіне нақ осы мектепке дейінгі кезеңде
тереңірек көңіл бөлінсе, дұрыс негіз
қаланады. Қазақтың кемеңгер ақыны,
ұлтының бақыты үшін өз бойындағы бар дарыны
мен білгенін аямай, дене тәрбиесіне зор көңіл бөлген
Мағжан Жұмабаев: «Дене тәрбиесіне жеңіл
қарауға болмайды. Дене жанның қабы. Қап берік
болса ішіндегі заты берік болмақ. Дене жанның
құралы. Құралы мықты болса иесі де мықты.
Сау жан – сау денеде ғана болады» - деген. Сондықтан да
бүлдіршіндер ағзасының қызметін жетілдіру,
денсаулығын жақсарту, жүйкенің жұмысын
дұрыс қалыптастырып, ширақ, жігерлі, икемді, сымбатты етіп
өсіру, міне, осының барлығын ғылыми негізде
тәрбиенің басқа түрлерімен ұштастыра
жүргізу – балабақшалардың негізгі мақсаты мен
алға қойған үлкен міндетінің
бірі.
Спорттық жарыстар мен түрлі ойын – сауықтар
балалардың ой санасының қалыптасуына, өзін еркін
ұстап және жан – жақты жетілуіне әсер етеді.
Білім мен тәрбие беру саласының алғашқы
сатысы балабақшаларда дене тәрбиесі маңызды орын алады. Ол
мектеп жасына дейінгі балалардың денсаулығын нығайтуға
және өз беттерімен қимылдар жасай білуді үйретуге
бағытталған. Әр жастағы дене
тәрбиесінің міндеттері әр түрлі болады. І-ІV
сыныптағы мектеп оқушылары бұлшық ет сезімін -
қимылдың қарқыны мен ауқымын, бұлшық
еттің жиырылуы және босаңсу дәрежесін айыра білу
қабілетін жетілдіреді. Оқушылар дұрыс қимылдау
әдісін игереді, яғни жаттығуларды бұлшық
еттің тиісті жиырылуына сәйкес келетін бағытта,
ырғақта және қарқынды орындауға
үйренеді. Егер мектеп оқушылары негізгі қимыл
бөліктерін (секіру, лақтыру, гимнастикалық және
акробатикалық жаттығулар және т.б.) дұрыс
орындауға үйренбесе, қимылды аяғына дейін жетуге
тырыспаса, олар біріншіден - спортта ешқандай нәтижеге жетпейді,
екіншіден - оқушыларда тәртіптілік пен өзін-өзі
бақылау қабілеті жетілмейді.
V-IX сыныптың оқушылары бұрынғы үйренгендерін
бекітумен бірге, күрделенуіне қарай әр түрлі
жағдайларда орындалатын негізгі қимыл түрлерін және
спорттық әдістерді (шаңғы, коньки тебу, суда
жүзу, жеңіл атлетика, спорттық ойындар) игереді. Бұл
жаста үнемі дене шынықтыру жаттығуларымен
шұғылдану әдеті қалыптасып, нығая түседі.
Тұтас алғанда, бастауыш сынып оқушыларына
қарағанда, жасөспірім шақтағы мектеп
оқушылары дене еңбегін көп атқарады, бірақ денеге
күш түсіретін жаттығулар шектелуге тиіс, өйткені
бұл жаста денеге көп күш түсіретін жұмыс
атқару - ағзаның қалыпты дамуына кедергі келтіруі
мүмкін. Мысалы: бастапқы спорттық дайындық топтарында
спорттық гимнастика, суда жүзу, мәнерлеп сырғанау,
теннис сабақтарына балалар - 7 жастан, футбол, хоккей, күреске -10
жастан, боксқа -12 жастан кірісетіні кездейсоқ емес. Негізгі сынып
оқушылары өздерінің дене мүмкіндіктерін асыра
бағалауға бейім келеді. Міне, осындай жағдайдағы
сәтсіздіктер, кемшіліктер, дене шынықтыру
жаттығуларының алуан түрінде төмен нәтижеге жету
- олардың өздеріне сенімсіздігін жойып, осымен қоса, дене шынықтыру
жаттығулары сабақтарына теріс көзқарас туғызуы
мүмкін.
Дене тәрбиесі ағзаға дамытушы, жетілдіруші және
оңдаушы түрінде әсер етеді. Ол омыртқа жотасының
қисаюы, бүкірлік секілді мүсін кемшіліктерін жоюға
мүмкіндік береді, дене шынықтыру жаттығуларының
жәрдемімен көкірек қабысыңқылығы, иық
қушықтығын, бұлшық ет әлсіздігін
оңдауға болады. Сонымен қатар, дене шынықтыру
жаттығулары адамның психикалық күйін, сыртқы
көрінісі мен көңіл-күйін жақсартып, жалпы
тіршілік әрекетін арттырады.
«Денсаулық
белгісі – толық болу» деп білетін адамдар «бала көп
қозғалып, арықтап кетеді» деп қарсы болады. Ал,
шындығында адамға, әсіресе мектеп оқушысына артық
семіздік емес, күшті, қатты созылғыш, мықты
бұлшық еттері қажет. Бала неғұрлым көп
қозғалса, оның бұлшық еттері соғұрлым
қызу жұмыс істейді де, қан оларға оттегі мен
қоректік заттарды соншалықты мол жеткізеді. Бұлшық
еттермен бірге оларда бекітілген сүйектер өсіп қатаяды.
Сондай-ақ бүкіл дененің бұлшық еттері
неғұрлым көп, әрі жақсы жұмыс істесе,
жүрек бұлшық еттері соғұрлым күшті
жиырылады, қанды көп шығарады. Бұл өкпенің
көлемін ұлғайтып, оны шынықтырады, әрі
жүректің өзін күштірек, төзімді етеді.
Дененің
жетіліп, мүсіннің дұрыс қалыптасуы үшін
күнделікті жаттығуларды неден бастап, қалай аяқтау
керек екендігін білгені абзал. Ұйқыдан оянғаннан кейін,
тіршіліктің бастамасы – таңертеңгі бой жазу
жаттығуларын орындау. Ертемен алғашқы рет бой жазғанда:
демді ішке алу, демді сыртқа шығару кезінде-ақ өкпе
кеңейіп, оттегімен толады да, көмір қышқылы
сыртқа шығарылады. Жүрек соғуы жиілеп, барлық
мүшелерге, олардың ішінде дене шынықтыру кезінде біртіндеп
қызу жұмысқа араласа бастаған бұлшық
еттерге де қан жүгіре бастайды. Кеудеге, аяққа,
қолға, мойынға арналған әр түрлі дене
жаттығулары барлық бұлшық еттерді созылғыш,
буындарды икемді етеді. Міне, сондықтан да ертеңгі дене
шынықтыру жаттығуларынан кейін, бүкіл дене икемді,
қозғалғыш келеді. Ертеңгі дене шынықтыру -
міндетті түрде салқын суға жуынумен аяқталуы керек.
Демек, дене
тәрбиесі, дене шынықтыру жаттығулары баланың ағзасын
тұтас қатайтады. Тек қана олар баланың жасына,
күш-қуатының шамасына, денсаулығына сәйкес болуы
және демалыспен алмасып отыруы жөн. Айқын жасалған
күн реттелімі денсаулықты сақтауға көмектеседі.
Тамақтану, ұйқы, гигиеналық тазалық және
басқаларын белгілі бір дағдыланған мезгілде орындау пайдалы.
Айқын жасалған күн реттелімінің арқасында
ағзаға түсетін ауырлық бірқалыпты болады,
жұмсалған күш тезірек, әрі толық қалпына
келтіріледі, ағза мезгілінен тез қажымайды.
Дене еңбегі
денсаулықты нығайтады. Қазіргі заманғы адам аз
қозғалады. Өнеркәсіп пен ауылшаруашылығында
механикаландырылмаған еңбектің үлесі үнемі кеміп,
көлік құралдары жетілген, адамның ойын-сауыққа
қажеттілігін теледидар айтарлықтай қанағаттандыруда.
Соңғы онжылдықта ғылыми әдебиеттер мен мерзімді
баспасөзде гиподинамия деген сөз айтарлықтай кең
таралуда. Ол гректің «гипо» - астында, төменде және «динамис»
- күш жиынтығы деген сөздерінен шыққан. Демек,
гиподинамия – бұл жеткіліксіз дене (күш) жұмысы дегенді
білдіреді. Бұл жағдай көптеген адамдардың өміріне
тән ерекшелікке айналып отыр. Қазіргі кезде негізінен
жүрек-тамыр аурулары дене еңбегін қажет етпейтін
жұмыспен айналысатын, аз қимылдайтын адамдар арасында аса көп
тараған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Өз бетімен жұмыс істеуге арналған
әдебиеттер:
1. В.К.Петров. Грация и сила. Москва. Советский спорт. 1989г. 2.
Ю.К.Сорокин. Сестры Афродиты. Москва. Советский спорт. 1989г. 3.
Ю.Телеуғалиев. Дене тәрбиесі. Оқу-әдістемелік
құрал. «Жазушы» Алматы. 2006ж.