Құрылыс-монтаждау өндірісі жұмысшыларының еңбек жағдайының негізгі сипаттамалары.

 

         Құрылыс-монтаждау индустриясының өндіріс процессінің дамуы интенсивті технологияларға жедел көшумен тікелей байланысты. Құрылыс-монтаждау өндірісін интенсификациялауды тежейтін басты себептердің біріқұрылыс-монтаждаудағы жұмысшылардың жарақат алу деңгейінің жоғары екендігі болып тұр. Еңбек ету жағдайына байланысты құрылыс-монтаждау өндірістің қауіпті саласының бірі болып саналады. Құрылыс-монтаждау алаңдарында жұмыс істейтін құрылысшылардың 80%-ға жуығы қауіпті және зиянды еңбек ету жағдайларында жұмыс істейді. Зиянды еңбек ету жағдайларындағы өндіріс факторларының әсері жұмысшылардың ауруға ұшырауына немесе еңбек ету қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғады. Қауіпті еңбек ету жағдайындағы өндіріс факторларының әсерінен және еңбекті қорғау ережелерін сақтамаудың әсерінен жұмысшылардың денсаулығының нашарлауы немесе жарақат алуы мүмкін. Еңбек ету жағдайына көптеген факторлар әсер етеді. Қазіргі кездері әсер ету факторларына байланысты еңбек ету жағдайы классификацияланған, ол факторларға жататындар:

                    өндіріс процессі факторлары;

                    еңбекті ұйымдастыру факторы:  

                    санитарлық-гигиеналық нормалар факторлары.

          Өндіріс процессінің факторлары құрылыс-монтаждау өндірісінің ерекшеліктерімен тікелей байланысты және олар санитарлық-гигиеналық нормалар факторларымен бір жүйеге біріктірілген. Зиянды өндіріс факторлары физикалық, химиялық, биологиялық және психофизиологиялық болып бөлінеді.

         Физикалық факторларға қоршаған орта мен өндіріс ортасы жатады, химиялық факторлар жалпытоксикалық, тітіркендіргіш және концерогендік болып бөлінеді. Биологиялық факторлар тобына ауру қоздыратын биологиялық объектілер жатады. Психофизиологиялық факторларды организмге физикалық артық күш түсіру және жүйке-психикалық артық күштену деп жіктеуге болады. Құрылыстың өндірістік ортасын зерттеу нәтижесінде құрылысшылардың еңбек ету жағдайын түгел қамтитын жіктеу жасалды, ол 2 суретте көрсетілген.

    2 суретте көрсетілгендей, құрылысшылардың еңбек ету жағдайы зиянды өндіріс факторларының әсер етуі бойынша төмендегідей болып жіктеледі:

                    оптималды;

                    шекті;

                    зиянды.

Еңбек етудің оптималды жағдайында жұмысшылардың денсаулығын сақтау және еңбек ету қабілетін жоғары дәрежеде ұстап тұру мүмкіндігі жасалады. Микроклиматтық параметрлер мен еңбек процессі факторлары үшін өндіріс факторларының оптималды нормативтері белгіленеді. Еңбек етудің шекті  жағдайында бекітілген гигиеналық нормативтері мен өндіріс факторлары тең жағдайда болады. Зиянды еңбек ету жағдайында өндірістік факторлар гигиеналық нормативтерден басым болады және құрылысшылардың организміне зиян келтіреді. Зиянды еңбек ету жағдайлары гигиеналық нормативтерден басым болу дәрежесіне және құрылысшылардың организміндегі өзгерістерге қарай төмендегідей сатыдарға бөлінеді:

                     бірінші стадия – зиянды факторлармен ұзақ уақыт контакт жасамағанда қалпына келетін функционалдық бұзылулар.

                     екінші стадия – зиянды факторлардың әсері өндіріске байланысты пайда болған аурудың өршуіне әкеліп соғады;

                     үшінші стадия – еңбек ету жағдайлары кәсіби еңбек ету қабілетін жоғалтуға және қайталамалы паталогияның өсуіне әкеліп соғады;

                     төртінші стадия – еңбек ету қабілетін жоғалтатын аурудың ауыр түрін қоздыратын еңбек ету жағдайы.

         Құрылыс-монтаждау жұмысшыларының еңбегінің қиындығы организмге динамикалық күш түсумен, көтеретін және орнынан жылжытатын заттардың салмағымен, стереотиптік жұмыс қимылдарының жалпы санымен, статикалық күш түсудің мөлшерімен, жұмыс істеу қалыбынан, дененің еңкейіп, иілу дәрежесімен, кеңістіктегі орын ауыстыруымен сипатталады. Жұмыс орнының уақытша болуы, жұмыстың басым бөлігінің биіктікте орындалуы, күрделі климаттық және технологиялық жағдайда еңбек етуі, қауіпті және зиянды факторлардың көп болуы – осының бәрі құрылысшының өмірі мен денсаулығына қатер туғызады. Құрылысшыларға қауіпсіз жағдай жасау үшін ұйымдастырушылық және технологиялық іс-шараларды жұмысшыларды қорғау құралдарын пайдалана отырып жүргізу қажет. Қазіргі кездері құрылысшылардың жарақат алуын азайтуға бағытталған ұйымдастырушылық – техникалық шешімдер өте көп, сондықтан олардың тиімдісін қазіргі бағалау критерийлері бойынша таңдап алу қиынға соғады. Оптималды  амалды таңдау үшін нақты өндіріс жағдайларын есепке алу қажет. Құрылыс өндірісінің факторлары жиынтығының өзара іс-әрекет етуі, ашық аспан астындағы және жабық жайлардағы еңбек процесстеріне қауіпті және зиянды өндіріс факторларының әсер етуімен жүреді.  Олардың арасынан біз төмендегілерді бөліп қарастырдық:

                    құрылғының ашық ток жүретін бөліктері;

                    машиналар мен механизмдердің қозғалатын детальдары;

                    ыстық заттар;

                    қысылған немесе зиянды заттары бар ыдыстар;

                    ауадағы химиялық заттар;

                    сәулелі жылу;

                    жеткіліксіз жарық;

                    вибрациялар;

                    иондайтын және лазер сәулелері;

                    электромагниттік өріс;

                    санитарлық нормадан артық шу деңгейі.

          Құрылыс-монтаждау объектілерінде өндірістік жарақат алу жағдайына жүргізілген талдау нәтижесінде құрылысшы мамандықтарының иелері алатын жарақаттардың негізгі түрлері, сонымен қатар жазатайым оқиғалардың туындау себептері анықталды, олар 2 кестеде көрсетілген.

2  кесте – Құрылыстағы жарақаат алудың себептері мен түрлері

 

Оқиға түрі 

Себептері

Биіктіктен құлау

Материалдардың және топырақтың құлап, басып қалуы

Жол – көлік оқиғалары

Электр тогынан зақымдану

 

Өндіріс жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмауы

Еңбек және өндіріс тәртібінің бұзылуы

Жұмыскерлерді еңбекті қорғауға дайындауды өткізу мен ұйымдастырудағы кемшіліктер

Жеке қорғаныс құралдарының жеткіліксіздігінен қолданылмауы

        

2 кестеде көрсетілгендей, жазатайым оқиғалардың көпшілігі қате деп айтуға болатын іс-әрекеттер мен қимылдардың нәтижесінде болады. Қате іс-қимылдардың себептері көп, олардың ішінде бәріне ортақ себептер мыналар: қажығандық және шаршағандық, білім мен біліктіліктің жеткіліксіздігі, еңбек талаптарына жеке психологиялық қасиеттерінің сай келмеуі, құрылғының дұрыс орнатылмауы, апатты жағдайдың туындауы, санитарлық-гигиеналық ортаның қанағаттандырарлық болмауы. Құрылысшылар арасында жарақат алу мен жазатайым оқиғалардың көбеюіне еңбектің артық күшпен жұмсалуы әсер етеді, оған интеллектуалдық, сенсорлық, эмоционалдық күш-қуаттар, еңбектің бірсарындылығы мен еңбек режимі әсер етеді.

        Осыған байланысты жеке қорғаныс құралдарын, арнайы киімдерді қолдану – өндірісті дұрыс ұйымдастырудың орнын баса алмайды. Жеке қорғаныс құралдары жазатайым оқиға орын алған жағдайда оның салдарын тек «жеңілдете» алады.

         Бірақ, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау Агенттігінің мәліметтері бойынша, құрылыс-монтаждау жұмысшылары арасында тері ауруларының көбейгені анықталған, оған жұмысшылардың еңбек ету жағдайлары кінәлі. Құрылыс-монтаждау өнеркәсібі жұмысшыларының тері аурулары мен тері асты клетчаткаларының ауруы техникалық прогресспен тікелей байланысты және барлық индустриалды дамыған елдерге тән. Қолайсыз экологиялық жағдайда антропогендік физикалық факторлардың интенсивтілігінің артуы, жұмысшыға техногендік артық салмақтың түсуі, жоғарытоксикалық химиялық қоспалардың шоғырлануы – құрылыс-монтаждау жұмысшыларының денсаулығы  нашарлауына, тері ауруларының пайда болуына әкеліп соғады.