Талжанов С.А.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 «Желтау» тауына тарихи-географиялық сипаттама

Желтаудың сай-саласы, жалама жартасы, таз қойтасы таңбаға толы.  Ай мүйізді арқарлар, аң қуған салт аттылар, ұрысқа ұрандай енген сарбаздар, біз көрмеген алып жануарлар... Тарихтың тасқа ауысқан келбеті тұтас ұлттың тағдыр-жазуы секілді. ХІХ ғасырда осы таудың бөктерін Арқадағы төре тұқымына еншілеп беріпті ел. Желтау бөктеріндегі Қасым қыстауында 1866 жылдың ерте көктемінде Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханов дүниеге келген.

Қызыларай тау жүйесінің оңтүстігіндегі оқшауланған тау жүйесі. Ақтоғай ауданы жерінде, Тоқырау өзенінің сол жағасында. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 11 км-ге созылып жатыр, ені 6 км. Ең биік жері 1016 м. Сай-жыралармен тілімденген бірнеше ұсақ шоқылардан тұрады. Тас көмір жүйесінің төменгі жыныстарынан түзілген. Қиыршықтасты қоңыр топырақ жамылғысында жусан, селеу, бетеге, қараған, арша өседі. Желтау өңірі қоғам қайраткері, ғалым Ә.Бөкейхановтың мекені болған.

Теңіз деңгейінен 1016 метр биік жатқан Желтау тауының бір бөктерінде Әлихан Бөкейхановтың аталары жерленген Талдыбейіт орналасса, бір бөктерінде Алаш көсемі дүниеге келген қара қыстаудың орны бар. Осынау ел қастерлеген таңбаларды Әлкей Марғұлан, Алан Медоевтар тарих ғылымының айналымына енгізіп кеткен болатын. Тас, қола дәуірі, түркі заманы, бертінгі Темір дәуірі жәдігерлеріне жататын петроглифтер арада 4-5 мың жылдай уақыт өтсе де, күн қақтаған қара жартастардан көшпей, бірге жасасып келеді. Тау басындағы Аспансудың тұмасынан атқылап жататын қасиетті бұлағы соңғы жылдары тартылып, жанарын балдыр басыпты. Ал тау жартасындағы таңбаларды санамалағандардың айтуынша, мұнда үлкенді-кішілі жүзден астам таңба бар. Петроглифтердің ерекшеліктері мен тасқа қашалу уақыты жайлы тарихшылар аз жазбағаны анық. Солтүстік Балқаш өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына шартты топтастырылатын осынау жәдігерлер әр дәуірдегі көшпелі тайпалардың танымы мен өмір сүру әдісінен мол хабар береді.

 

Сурет 1 Желтаудағы петроглифтер

Ғылыми ортадағы «Ұлы көш пен ұлы аңшылық қана ұлы өнерді дүниеге әкеледі» деген қағидатқа сүйенсек, Желтау бөктерінде үлкен тарихи-мәдени оқиғалар болғанына көз жеткіземіз. Мұндағы алып жануарлардың бейнелері осы өңірде мамонт немесе жүндес мүйізтұмсық тәрізді аң ауланғанының, арқарлар мен иттердің, найза білеген салт аттылардың суреттері үлкен аңшылық қарсаңында осы тау бөктерінде үлкен ырым-жоралары жасалғанын байқататындай. Доңғалақты күймелер мен салт аттылар легінен өңірдің ұлы көш бекетінің бірі болғанын да аңдаймыз.

Желтаудың тасындағы таңбасы мен бөктеріндегі тарихи орындар тарихи қорыққа, ашық аспан астындағы мұражайға өзі-ақ сұранып тұр. Соны баянды ете алсақ, қазақ мемлекеттік идеясының басында тұрған Алаш қозғалысының көшбасшысы, Алаш автономиясының негізін қалаушы, аса көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туған жері ретінде, ескі тарихи жәдігерлерді сақтауға қосар үлкен үлесіміз болар еді.

Ал қазір Желтауды, тау бөктерлей ағатын Жіңішке өзенінің сағасындағы Талдыбейітті арнайы іздеп келген тарихсүйгіш азаматтар болмаса, қалың ел жадынан шығарып бара жатқандай.

Бөкейхановтар әулетінен оннан астам адам жерленген Талдыбейіт басында Әлихан Бөкейханов Бразилиядан алдырып отырғызған көпжылдық ағаш әлі жайқалып өсіп тұр. Жүз жылдан астам уақыт бұтағы дарақтанып, діңі қалыңдап өскен ағаштың семіп, қураған бұтақтары да бір жанашыр қолдан күтім тілеп тұрғаны анық. Бұрнағы жылдары ақтоғайлық шенеуніктер аудан аумағындағы бұлақ-бастаулардың көзін ашып, маңын тазалап, сенбілік өткізетін жақсы бастама көтерген еді. Сондай бір сенбілік осы қорым маңына да қажет-ақ.

Сурет 2. Бөкейхановтар әулетінен оннан астам адам жерленген Талдыбейіт

Арқаның қатал табиғат жағдайы да қос ғасырдай уақыт бұрын салынған ескі молалардың шикі кірпішін мүжіп, жыл алмасқан сайын еңсесі төмен тартып барады. Енді бірер жылда орны ғана қалатын сыңайлы. Көне таңбаларды ғасырлар бойы көтеріп тұрған жартастар да жел жеміріп, күн қақтап, сөгітілген таспен топыраққа сіңіп кетсе, сақтай алмай қалатынымыз анық. Ал ежелгі тарих ескерткіші мен Алаш көсемінің туған топырағын ерекше қамқорлықта аялай күтсек, сырт ел үшін туристік таңғажайыпқа, өзіміз үшін аруақ разы болар, ұрпақ сүйінер абыройлы шаруа оңдар еді.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.                     Қазақстан Тарихы энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: «Аруана Ltd.» ЖШС, 2006.-768 б.

2.                     «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия /Бас ред. Ә.Нысанбаев.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы,1998.-720 бет.

3.                     Джаналиева К.М., Будникова Т.И., Виселов Е.Н., Давлеткалиева К.К., Давлятшин И.И.,Жапасбаев М.Ж., Науменко А.А., Уваров В.Н. «Физическая география Республики Казахстан» - Алматы: издательство «Қазақ университеті», 1998. 155-156 стр.

4.                     Ә.С. Бейсенова «Қазақстанның физикалық географиясы». Алматы: ҚР жоғары оқу орындарының қауымдастығы, 2014. – 392-396 бет.